НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫНА

Қол бұлғап Шығыс Түркістан,
Тарбағатайдың таулары.
Жүректі шым-шым мұң қысқан,
Дариға дәурен ән бәрі!

Шәуешек, Еміл, Қараүңгір,
Мөп-мөлдір – Айттың бұлағы.
Туған Жер–Кие, табындыр,
Сағыныш қана сыңары!

Қарайлап ескі жұртына,
Кіндігін кескен мекен мен.
Сол сағыныштың бұлты ма,
Шыңына Сөздің көтерген?!

Туған жер кірсе түсіне,
Жырлады талмай Несағаң.
Тәңірдің жазған ісіне,
Қасарысардай не шараң?!

Өткенге қайтар жол мұнар,
Шапсаң да қанша сарқып тер.
Оймақтай үйдің орны бар,
Жеткізбей қойды-ау Барқытбел.

Жұбатсам деді жырымен,
Өксіген бала күнімді.
Тапқан жан бар ма шынымен,
Сағыныш, сенің қыбыңды?!

Жат елде қалған ардағын,
Ұлы аңсау қандай сезгенге!
Тарбағатайдай салмағы,
Сала алсаң егер безбенге.

Мәңгілігінен Тәңірдің,
Жетпіс үш жылға енші алып.
Қалықтай берді дәуір-мұң,
Ақбоз атына ер салып.

Асықтың, бәлкім, зиратқа,
Астына жердің жөнелдің.
Құмырсқа балын құймаққа,
Таңдайына әкеп өлеңнің.

Болашақ ол да – сендік Күн,
Ненің де уақыт – сыншысы.
Шежірешісі Ерліктің!
Тәуелсіздіктің жыршысы!

Ажал кеп құшақ жайғанда,
Ер Қазымбеттей ықпаған.
Әдебиет деген майданда,
Өлеңнің туын жықпаған!
…Несаға!!!

 

Қуаныш Оспан 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *