ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВТЫҢ БИІКТІГІ НЕДЕ?

ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВТЫҢ БИІКТІГІ НЕДЕ?

Таудың тау екенмін деп асып-таспайтыны сияқты ІРІЛІГІ ме? Әлде ІРІ болу үшін ғажап шығарма жазу аздық ететінін, оған қоса ПАРАСАТ, МЕЙІРІМ, КЕШІРІМ, тағы не, ТОЛЫҚ АДАМҒА тән қасиеттің бәрі болуы керек екенін паш ететін ДАРА ДЕГДАРЛЫҚ пен АСЫЛ ҚАСИЕТ пе?

***

Шыңғыс Айтматовтың өміріндегі лауазымдары мен оның әлемдік әдебиеттің төрінен алған орнына қарап, ешкімнен қысастық, жаулық көрмеген бір жаны тыныш адам екен деп ойлап қалуыңыз кәдік. Әсіресе, біздің әдебиеттегі «бас жаққа» барысқан бақастықтар фонында (осы «фонында» дегенге қазақтың қандай сөзі дәл келеді, тапсам кейінірек түзетермін, әзірге іркілмей жаза берейін), Шыңыс феномені еске түседі.

Шынында, ол «Шыңғыс Айтматов» атанып, өзі етегінде өскен Манас шыңының ұшарына ұя салып алғандай орасан зор бедел жинаған кезінде неге Қоқан жылғыны еске алып, бәле қумады? Әлде басынан ондай дауға татырлық оқиғалар өткен жоқ па?

Өмірбаяны туралы кітабын оқығанға дейін мен де Шықаңның шығармаларының барлығы да қырғыз халқы мен қырғыз жазушыларының ойынан шыққандай көріп жүруші ем.

Сөйтсем қатты қателесіппін. Өзі жазып кетпесе, ол туралы ешкім білместей де екен. Бірақ қалай жазған десеңші?! Міне, осы тұста Шыңғыстың Шыңғысқа тән кеңдігі, кесек мінезі, тау тұлғасы өзінің өміршең шығармасы сияқты биіктеп, Манас шыңындай даралана түседі. Кезінде «қырғыз халқын қорлады», «ұлтын ұятқа қалдырды» деген тұрғыда тіл безеп, саусақ кезеп, «отыз жетінші жыл» болса «халық жауы» деп, түрмеге қаматып жібергісі келгендердің әңгімесін күле отырып баяндайды. Тіпті, аты-жөндерін де айтпаған ғой сабазың. Құдай өзі кешірсін, егер Шықаң өзін сынаған сол қарт қаламгердің (Шықаң ол кезде жас жазушы, ал сынаған қария кісі) аты-жөнін айтса, онда мен бүгін сіздерден сүйінші сұрағандай жазып та жіберер ме ем, кім білсін. Бірақ Шыңғыс Айтматов әлгі кісінің аты-жөнін де айтпайды, шығармасын да сынамайды, «Мен кім, ол кім?» деп те асып-таспайды, жәй бір айтуға тұрмайтын нәрсені шығармасының тағдырына қатысты болған соң амал жоқ баяндаған сияқты еске алады. Шықаңның Шықаңдығы да, бәлкім, осы мәрт мінезінде шығар. Естелігін оқиықшы.

«Жазушылар одағында жиі-жиі партиялық жиындар өтіп тұратын. Партияның рұқсатынсыз бұл одаққа ешкім де мүше бола алмаушы еді. Сондықтан да қолына қалам ұстағанның бәрі алдымен партияға мүшелікке өтіп барып, соның жолдамасымен Жазушылар одағына алынатын. Ол кезде жазушылардың партиялық жиналысына ірі-ірі мемлекет қайраткерлері келетін. Олар еңбекші елді социалистік рухта қалай тәрбиелеу керек, оларға арнап қандай шығарма жазу керек, социалистік реализм тұрғысында қалай сын айту керек деген сияқты мәселелерді талқыға салатын.

Осындай бір жиналыс өтіп жатқан кезде «классиктеріміздің» бірі мінбеге көтерілді. Мен де осы жиналыста отырғанмын.

-Манадан бері жас жазушыларды еңбекшілер рухында тәрбиелеу жөнінде пікір алмастық қой. Бірақ олар теріс жолға түсіп алып, өздеріне содан пайда көздеп, әдебиетті уландырып жатса қайтіп тәрбиелемекпіз? Өткенде Ыстықкөл жаққа іс-сапармен бара қалдым. Бір колхозға бұрылып, еңбекші елдің далада қалай еңбек етіп жатқанын көріп, пікір алысып, жақынырақ танысқым келген. Сөйтіп, жол-жөнекей келе жатқанымда бір атарбалы кісі қуып жетті. Мен оған жол бердім. Соған қарамай ол ат тізгінін тартты. Арбаға жарамды аттар жегілген екен. «Бұл колхоздың құрметті адамдарының бірі-ау» деп топшыладым. Ол менен: «Оу, байке, қайда барасың?» — деп сұрады. Мен болсам: «Колхозшылардың тіршілігімен жақынырақ танысу үшін дала қосына бара жатырмын» — дедім. «А-а, мен сізді енді таныдым. Сіз баяғы бәленше деген атақты жазушы боласыз ба?». Ал мен «Иә, соның дәл өзімін» — деймін. «Келіңіз, арбаға отырыңыз! Қайда барамын десеңіз де жеткізіп салам. Айтқан жеріңіздің бәрін көрсетем» дегеннен кейін әлгі арбакештің жанына отырдым. Бір кезде ол маған қарап «Сіз жазушысыз ғой, Айтматовты танисыз ба?» — деп қалды. «Әлбетте, танимын», — дедім мен оған. «Олай болса, қолыма түскен жерде оны бір аямай төмпештеп алатынымды айтып қойыңызшы!» — дейді. «Неге?» — десем, ол айтады: «Жәмила жөнінде бірдемелерді тантыпты. Күйеуі майданда жүрген келіншек басқа біреумен қашып кетеді-міш. Осындай кітапты дәті барып қалай жазған?!» — дейді. Міне, елдің пікірі осылай, — деп жосылтты «классик» жазушымыз. Содан соң: «Мен елден естігенімді айтып тұрмын. Қазір осы жазушы біздің арамызда отыр. Әттең, қолымда қамшы жоқ. Әйтпесе, оның «Жәмила» үшін алатын сыбағасын қазір-ақ берер ем!» — деп әңгімесін тәмамдады.

Жан дүниемді өртеп өткен мұндай сөздерді амалсыз тыңдап, не істерімді білмей отыра бердім. Үлкен-кішінің бәрі маған қарап, келеке қылып күліп жатыр. Кейбіреулері тіпті түрткілеп, шымшылап та жіберді. Ал енді біреулері:

-Дұрыс! Мұндайларды төмпештеу керек! Елді бұзатын осылар! Буржуазияның қалдығы! Тап дұшпаны боп бас көтереді! — деп айқайлады.

Мен оларға жауап қатпай, үнсіз күліп қана құтылдым. Бірақ, шындығында, мұндай оқиғалар менің көңілімде өмір бойы өшпейтін дақ боп қалды…».

Ал енді бұған не дейсіздер? «Бірақ, шындығында, мұндай оқиғалар менің көңілімде өмір бойы өшпейтін дақ боп қалды…» деген Айтматов әлгі «классиктен» неге кек алмады? Кейін болса да кегін қайтаруға, күллі қаламгерлер жиынында өзін масқара қылған жазушының кітабын да, өзін де тас-талқанын шығарып, түкке алғысыз ғып сынап тастауына да болтын еді ғой.

Бірақ, Шықаң өйтпеді. Тіпті, естелігінде де аты-жөнін айтуды, «міне, мені сынған адамның кім екенін біліп жүріңдер!» дегендей, табалау сарынын да байқатпады. Бар болғаны екі-үш жерде ғана «классик» деп тырнақшаға алыпты. Берген бар «жазасының» түрі осы ғана.

Бұл не сонда? Таудың тау екенмін деп асып-таспайтыны сияқты ІРІЛІК пе? Әлде ІРІ болу үшін ғажап шығарма жазу аздық ететінін, оған қоса ПАРАСАТ, МЕЙІРІМ, КЕШІРІМ, тағы не, ТОЛЫҚ АДАМҒА тән қасиеттің бәрі болуы керек екенін паш ететін ДАРА ДЕГДАРЛЫҚ пен АСЫЛ ҚАСИЕТ пе?

Шықаңның шығармалары хақындағы «шырғалаң оқиғалар» мұнымен де бітпейді. Айтматовты ары қарай оқиық.

«…Ысмайыл мен оның әйелі Сейденің трагедиялы тағдырына да әрқилы сын айтқан өзімнің жерлес қаламдастарым, «өз ортамыздан шыққан жат бауырларым» болғанына қынжыламын. Әйткенмен оның бәрін жүрегіме жақын қабылдап, жанымды жабырқатқан жоқпын.

«Бетпе-бет» қырғыз драма театрында сахналанып, өнердің басқа саласында көрінген кезде де қырғыз сыншылары оны өзара тепкіге салды. «Біздің типтік қаһармандарымыз, соғыста жеңіске жеткен батырларымыз қайда? Дзертирлерді ол кезде тез ұстап әкетіп, атып тастамаушы ма еді? Ал бұл Айтматов дегенің қайдағы бір қашқынды трагедиялық тұлға етіп көрсетті. Жаңылыспасақ, оның ісін бізге дұрыс түсіндіріп, жағымды қаһарман етіп көрсеткісі келеді. Егер жазушының іші осындай идеялармен уланып қалған болса, мұндай антисоветтік ой-пікірлерменен бізді қайда алып барғысы келетінін осы бастан-ақ жақсылап ойланғанымыз абзал» десті.

Шықаң бұл жерде де сын авторларының аты-жөндерін айтпайды. Бірақ айтып керегі не? Керек адамдар — әдебиет тарихын зерттеушілер болса, архивті ақтарсын да, өздері іздеп, еңбектеніп тауып алсын. Сосын басалқалы байлам жасап, «кезінде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс болғанына тарихтың өзі төреші болды» деп әділін айтсын. Шықаң ұстанған принцип осы.

Дегенмен…

Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ келетін жазушы үшін, оның үстіне әкесі «халық жауы» деген жаламен сотталып, атылап кеткен қаламгер үшін Ысмайыл образына қатысты әлгіндей ауыр сынның аяғы ол кезде не «статьямен», не «партиялық жазамен» аяқталатын еді. Бірақ Мәскеудегі көзі ашық, көкірегі ояу жазушылардың, редакторлардың арқасында ШЫҚАҢ аман-сау жүріп жатты.

Ешкімге кек те сақтамады, ешкімнен кек те қайтармады, тіпті, кек алып, «ал, әйтпесе» деп масаттануды да ойламады.

 

Көсемәлі Сәттібайұлының фейсбук парақшасынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *