Хат жазып тұршы, сағынғанымда

Құрметті оқырман,  назарларыңызға ақын Балғын Раштың лирикалық өлеңдерінен топтама ұсынамыз. 

Жанымды мұздатып алдым,
Жауынды сүйгенім үшін…
Күркіреп барады аспаным.
Келгенін сездіріп күздің.
Иә сіз…
Құшағын құп көріп өзгенің.
Мен сол…
Қоштасқан қызбын.


Қара көк қосылып жылайтын,
Қара дақ бұлт жиып…
Тамшысы темірдей,
Жендетім аяусыз.
Жоғалып кетсемші жанымды кемірмей!
Күнде осы тірліктің құлымын.
Күндесі секілді бай қыздың.
Қалатын мүрдесі көмілмей.


Сезімім садаға,
Ішімді өртейді бір үміт.
Кенеттен керіге бұрылып.
«Кешірші»-  демей ме?!
Ал менің сонда, тәкаппарлығым тіріліп.
Құлып салса ше көмейге?
Өксітіп өкініш.


Сезсем ші бұл жауын өтпелі екенін.
Сенбес ем,сүйер ем бірақ.
Бәрінің шегі бар…
Тұру жоқ тақты да босатпай.
Азғындық жасағандарға да,
Адал ғой ұлылар!
Жауыннан кейінгі кемпірқосақтай…

***

Көбелегінің қанаты сынған,
Сезімі сөнген ләйлімін.
Құшағы суып қабырғалардың,
Ұсағы қалды қайғының…


Теріп жеп оны,
теңбіл доп өмір өтіп барады доңғалап.
Қарсыласым кім,
Қақпасын ардың,
Соққыдан қалай қорғамақ?

Бұрыннан аяз жүрек бөлмесі,
Жүдеп барады тым әрі,
Түнек түрмеге,
кірер келесі,
Сүйгені үшін кінәлі!

Жазасы ауыр,күрмеуге келмес.
Жасауға болмас келісім.
Мекен жайына  махаббатымның,
Хат жазып тұршы мен үшін…


Хат жазып тұршы,
Сағынғанымда.
Сұрақсыз!Үтір,нүктесіз…
Жанарымызда жалын барында,
Бәрін баянда бүкпесіз.

Алайда менің қимайтынымды,
Қинайтынымды білмесін,
Ол емес сенің ұнайтыныңды,
Ұғынып қойып жүрмесін….

***

Ғашығың барма?-дейді жұрт
Естіледі ол!
Жендетің қайда?-
деп маған.
Білсемші алда дар барын.
Уа, сезім!
Арқан үзіліп кешірім етші
Тістесін ол да бармағын.
Үкімім ауыр
Сүйдім де,
сүйікті бола алмадым!


Тарылып жатыр дем неге…
Бұлдырап кетті, бұлғап жатырма қолын ел?
Сол жақ тұсымның бейбағы-ау,
Дүрсілдей көрме, үндеме!
Қиналып жатыр демейді,
Қимағаның боп көрінер…


Шайырым!
Шылымыңыздың шырпысы,
Шырағымызды жаққан жоқ!
Шалғынымызды өртеді
Бір әттең!
Барлығыныкі сияқты
Бақытты ғұмыр кешті деп
Бітпейді біздің ертегі…

***

Көңілге күдіктің ұялап тұрғаны,
Көзіңнен көргелі өзгені…
Сезімнің жойылып тынғаны,
Суықты сезгелі,
Ы расым)))
Тым ұзақ уақыт,
Мендегі махаббат өлгелі.
Сенбесе серілер,
Өмірден алынған өлеңдерімнен сұрасын!
Дегенмен,
Бастасам төменнен,
Қимағанымды шимайлағанда тізімге,
Ең соңғы тұрасың…

Сонда да,
Айтуға ақырғы сөзіңді үлгерген едің ғой,
Ақымақтығымды дәлелдеп тағы да,
«Айыбың ақылдылығыңда!»-дедің ғой!
Еске алшы…
Шешушісіз жұмбағым,
Шекарасынан қарашығымның,
Құлады қос тамшы.
Бірінде жауабың

Бірінде сұрағым…
Жақсылығымның жапасын шеккен ше,
Жамандығыма жаза алып жатсамшы.
Құдайым…
Жұдырық жүрекке, жылынып аларлық,
Жақсы адам жасаса қадам нық,
Жоғалтып алам деп алаңдап,
Жарамдылығына жалтақтап тұрамын…

Содан бері…

***

«Жарықсың✨» дегенді,
«Жалықтым!» деп естіп.
Жылай беретінімді СҮЙ!
Көздегі күбірге мән бермей
Сүйдің бе өзгені дәл мендей?
-деп жиі сұрай беретінімді СҮЙ!
Мені сүйме!

Мендігінің бәрін де,
Менмендігімді,
Кейді кетуге таяулығымды,
Кейде енді келгендігімді СҮЙ!
Жырақтап әріге.
Азарда-безерлігімді
Ұйқылы ояулығымды.
Бірде тез, бірте тежеулігімді СҮЙ!
Мені сүйме…

Аңғалдығымды,
Ой, тоқта аярлығымды.
Әр оққа жауапқа даярлығымды, СҮЙ!
Даулассам,
Кішкентай балалығымды,..
Жау басса даналығымды СҮЙ!
Мені сүйме…

***

Асыққым келеді,
Масыққым келеді жұмыспен.
Адамдай туылған сәтінен,
Амалға кіріскен.
Күнімді сүрлігіп аяқтап.
Бүгінді бастайтын бір іспен.

Соғылса қоңырау…
—уақытым тығыз!-деп.
Тастай сап.
Желпініп жүгірсем.
Кеш кірсе өзімді таппай қап,
Таң ата тірілсем.


…. ғой осы


Түскіге ұласып таңғы асым,
Түгелдеп шаршасам,
Ғаламның шаруасын…
Бір мезет бос қалып,
Жаңыла,
«мұң» дейтін дарақы досты алып жаныма
Арқалап дорбасын.
«Ол мені сүймейді екен»-деп,
Ойлауға,
уақытым болмасын.

***

Бұл біздің көше,
Таныдың ба оны.
Көршім едің ғой сен менің.
Тарықты әкең,
Талықты шеше.
Тарауыхына да келмедің…

Иті өлді үйдің,
Өртенді отыны.
Шағылды терезе тас атпай.
Атыңды сенің атап  оқыдым,
Досыңа таба жасатпай.

Қара көрем деп, қараймын ауық.
Салынған құлып боз үйге
Елеңдеп бағып есігін,
Алысқа әкеткен адам тағдырын,
Айыптап алам о кейде.
Сұрапыл дауыл еңкейткен емен
Сұрап тұрғандай кешірім.


Бала шақтағы кегің бе әлде,
Жетімек жеңге тығулы,
Күлшеңнің көздеп түйірін.
Жақсы көруші ет жұрттың ұлдары,
Жолыңды бөгеп тұруды.
Солардың бәлкім,
Қолында кетті ау көңіліңдегі мейірім.

Жігітке тәлім береді деуші ед,
Жиыла жүріп жүріп жеті ауыл.
Шайнады шалдар бармағын.
Адамның бірақ таңы рауан да,
Түсі өткінші,кеші ауыр.
Өмірден емес,өкінішім сол.
Өзіңнен қорғай алмадым»..

 

Хабарласпайық,
Хат алмаспайық…
Босасын қала,көшелер.
Менмендік жеңсін мейлі енді.
Махаббатыңнан кеш өлер.
Кеңшілік кетсін садаға
Кешіре алмаса сүйгенді.
Мейірім қалып әдіре .
Мендегі жүрек
….оған да бірақ үйренді
«Кетем»-деймісің?
-кете бер….?

Шағылыстыма көзіме нұрың,
Жарық тым…
Жаңылыстыма санам да.
Тағы бір мұңлық қосылсын,
Жығылсаң жоққа жұтатын
Қанағаты жоқ қоғамға.
Сенуден мен де жалықтым,
Сүюден сен де жалықтың…
Ай күндей жақын әрі алыс.
Айрылды десін олар да!!!


Кім едік?
Жазылыппеді дастан біз жайлы,
Қойылыппеді мүсіндер.
Сондықтан сөнсін өкініш.
…сыйланған солсын гүлдер де.
Біз жиі барған бақтарға,
Ескеріп келіп суретке,
Естелік үшін түсіңдер.
Көңілім қалып күрмеуде.
Қабірімізді жағалап,
Қалмасақ болды өксіп іш .
Қадірімізді білгенде.

Ақын,  Балғын Раш

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *