2016 жыл
Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атты әдеби-музыкалық кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Елбасымыз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Басқа мемлекет сияқты біздің де Астанамыздың бар екенін, керемет екенін таныта білді. Әнұранымыз бүкіл әлемде шырқалды.
Әнұран ойналады.
Әр елдің баласы өз Отанын, туған жерін қадірлей білу керек. Астана – еліміздің бас қаласы. Тәуелсіз Қазақстан – байтақ еліміздің астанасы. Астана – Еуразияның нағыз географиялық кіндігінде орналасқан. Қаланың астана ретінде тұсауы кесілген күн – 1998 жылы 10 маусым. Қаланың негізі 1932 жылы қаланған. Ол Ақмола деп аталған. 1968 жылы Целиноград болып өзгертілді. 1992 жылы қалаға тарихи атауы қайтарылды. Астана – Қазақстанның жаңа қаласы. Оның шекарасы 710 шаршы шақырым. Тоғыз жолдың торабында, Республика территориясының төрінен орын тепкен.
1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Қаланың Республика орталығында геосаяси тұрғыда тиімді орналасуы; ірі өндірістік әлеуеті; құрылыс индустриясының болашақ дамуына қажетті база; ірі көлік торабында орналасуы мен қажетті көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылымының болуы; жоғары білікті кадрлық әлеуеті мен арзан жұмыс күші; кәсіпкерлікті дамытуға қажетті елеулі жеке сектордың және әлеуметтік мүмкіндіктердің болуы; аймақтың саяси және әлеуметтік тұрақтылығы; қаланы дамытуға қажетті бос жердің болуы және т.б. ел астанасын Алматыдан Сарыарқа төріне көшіруге себеп болған негізгі жағдайлар еді.
Астана күн сайын, сағат сайын өркендеп өсіп келеді. Шетелдік қонақтар оны дүниенің сегізінші кереметіне теңеп «інжу маржан» деп бағалауда.
Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр. Жасампаздық істерде жасқанбай, ата-баба аманатына адалдығын танытты.
Алдарыңызда «Дархан жерім» әнін орындаушы өнер мектебінің оқушысы Жалғас Ерасыл.
Кезек Елордамыз Астана туралы жыр-өлең оқушысы орындауында.
1-оқушы: Ертегідей елорда
Нұрғожа Ораз, ақын
Бала қиял баяғы ғажап екен
Кимелейтін киелі маза бөтен —
Көз алдымда шынылы шаһар салып
Жер жаһанда кезікпес бағалы етем…
Сол қиялды өңімде көргендеймін,
Өзім жырдан жайнағып өргендеймін.
Таңғажайып бір қала келеді өсіп.
Қалайша мен лапылдап өртенбеймін.
Бұқар жырау жырындай әр ғимарат,
Құйылып кеп түскендей ән ғибадат.
Енді келіп Еуропа елеңдейді,
Жүрген бұрын біздерге қалғи қарап.
2-оқушы: Астана болған 13 жылда 647 тұрғын үй кешені, 87 әкімшілік ғимарат, 30-дан аса денсаулық сақтау нысаны салынды. 37 мектеп пен балабақша, 18 мәдениет ошағы, 24 спорт сарайы пайдалануға берілді. 51 өндірістік кешен тұрғызылып, 20 саябақ ел игілігіне жарауда. 20-дан астам көпір іске қосылған.
3-оқушы: Астанадағы «Хан шатыры» — Елбасының идеясы бойынша ағылшын сәулетшісі Норман Фостердің сызған жобасы. Кешеннің төбесінде үлкен антенна бар. Бұл антенна — сәукеленің үкі тағатын жері, эстетикалық жағынан сымбаттылық береді. Бұл-100 метрлік ғимараты «Sembol» деген түрік фирмасы салған.
4-оқушы: Күмбездерін күн нұры сүйіп жатыр,
Көре алмаған жат дұшпан күйіп пақыр.
Ай-жұлдыздар қарап ап сіңлісіне,
Түннің сәнін үйреніп түйіп атыр.
Бір күнінен бір күні салтанатты.
Керек қылмас көпір ме жалған атты,
Көз қуаныш сыйлады келгендерге,
Сүйсіндіре санатып сан қабаты.
Сән-салтанат айналам бүгіндегі,
Мақтанышым — жүректің түбіндегі!
Ұлы дала ұлағат тұтып келіп
«Астанам!»- деп ардақтап жүгінеді.
5-оқушы: Есіл өзенінің сол жағында, Қазақстанның жаңа астанасына жарқырай енген, жаңа астананың символы алып «Бәйтерек» монументі (биіктігі 97 метр) рухы жағынан да, мағынасы жағынан да бізге, яғни қазақ халқына барынша жақын. Бәйтерек – Астананы құс ұшатын биіктіктен көрсетеді. Шардың ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оң қолының таңбасы бар үшбұрышты күміс бойтұмар орналасқан. Ал «Думан» ойын — сауық орталығында әлемде теңдесі жоқ, ішінде акула, сегіз аяқ, жайын, скат, қылышбалық, бекіре сияқты неше түрлі балықтар жүзіп жүрген мұхиттық аквариум. Кешенде «Джунгли» аттракционы, интерактивті ойындар зонасы, аквапарк бар. Қалада Ұлттық академиялық кітапхана, оқу орындары, Елбасы отыратын Ақ Орда, Тәуелсіздік сарайы бар. Сүйікті Елордамыз Астана қаласы болашақтың қаласы көз алдымызда өсіп келеді.
6-оқушы: Елімнің алтын шаңырағы,
Егінді, малды, кенді алып жазық.
Толағай толғауларды жатыр жазып
Айсыз түнде жол сілтеп адастырмас,
Астана –ел көгінде Темірқазық.
Қабыл боп ата-баба, ел тілегі,
Биіктен нұры шалқып Күн күледі.
Қан беріп халқымыздың тамырына,
Астана – соғып тұрған нұр жүрегі!
Есілдің ақ тұмасы ағылады,
Тамшылар күміс сырға тағынады.
Кереге, уығынан кие қонған,
Астана – елдің алтын Шаңырағы!
Кезек Әкімжанова Жансаяның орындауындағы «Тәуелсіз елім Қазақстан» әнін қабыл алыңыздар
7-оқушы: Нұр Астана» мешіті. Есілдің сол жағалауындағы еліміздің бас мешітінің алтынмен апталған негізгі күмбезінің биіктігі-43 метр, одан өзге 25 кіші күмбездері бар, биіктігі 63 метрлік төрт мұнарасы бар. Имандылық үйінің сәулеті қызықтыра көз тартады. Мұнда бір мезгілде 10 мың адам намаз оқи алады.
8-оқушы: Ақ нұры аппақ Айдың ақтарылған,
Басына «Бәйтеректің» құт дарыған
Шапағат шам шырағы тарап жатыр,
Алыстан шырай шашқан оттарынан
Көк ту ұстап ұлы ғасыр көшінде,
Құйылғандай мұхит суы Есілге
Қазақ елін кең әлемге танытып,
Астана тұр Сарыарқаның төсінде.
9-оқушы: «Тәуелсіздік Сарайы» 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта ескі мен жаңаның үйлесімділігі бойынша жасалған бірнеше зал бар. Мәселен, 3082 адамға арналған Конгресс-залы, 268 орындық Рәсімдеу залы, 220 орындық Баспасөз орталығы мен 678 адамға арналған сахна мен мейрамхана орналасқан. Екінші қабат қолөнер және этнография, археология және антропология галереясына арналған. Оның ішіндегі археология залында Алтын адам, Сармат батыр, Барел аттары, құпия жазулары бар тастар сияқты сирек кездесетін ежелгі жәдігерлермен таныс боласыз. Үшінші қабатта Астана қаласы тарихының мұражайы орналасқан. «Астана-2030» макет залы елорданың 2030 жылға дейінгі даму көріністерін көресіздер.
10-оқушы: Астанам –бағы биік асқарымсың,
Астанам-мәңгі жарық аспанымсың,
Астанам-періштелер мекенісің
Астанам махабаттың тұрағындай.
Астана атың қандай нақ та әсем,
Аңызақтан айналыпсың баққа сен
Таң ұзаққа таңдайымда түнеткен
Жырларымды айтарымсың жатқа сен!
Енді Астана тақрыбындағы сөзжұмбақты шешіп көрейік:
1.Қазақтың ұлы, ақыны.
2.Қазақтың ұлттық балалар ойыны
3. Қазақстан мемлекеттік рәміздерінің бірі
4.Европа мен Азияның аралығында орналасқан үлкен теңіз
5. Көктем мерекесі
6. Космодром
А б А й
а с ы Қ
т у
к а с п и й
н а у р ы з
Б а й қ о ң ы р
Әкімжанов Наурызханның орындауында «Туған жер» әні.
Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен ел орда – егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана — тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі.
Кітап көрмесі: «Еліміздің жүрегі Астана»!
Құрметті оқушылар, бүгінгі әдеби музыкалық кеш барысында Егемен еліміздегі Астанамыздың 18 жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріне куә болдық. Қазақстанның болашағы сендер, сондықтан да саналы, білімді, адами қасиеттерің зор болып, ел сеніміне ие бола беріңдер.