Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Соңғы жылдары ұлттық әдебиетімізге өзіндік үнімен, суреткерлік қолтаңбасымен, соны формалық ізденісімен жаңа сипаттар әкелген қаламгерлер Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық (автобиографиялық) роман жанрына қалам тартуы әдебиеттану ғылымы үшін жаңа бір арнаның бастау көзіндей болып табылады.
Ғұмырнамалық шығармалар қазіргі қазақ әдебиетінде өз алдына бір жүйе болып, қатар түзе бастады. Көркем әдебиет саласында ғұмырнамалық (автобиографиялық) роман жанры бұрыннан қалыптасқан, методологиясы мен теориясы бар жанрдың бірі болып табылады. Қазақ әдебиетінде де бұл жанр ерте дамыды. Мәселен, М.Х. Дулатидің «Тарихи-Рашиди» т.б. шығармаларды алуға бола болады. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде сөз еркіндігі, ой бостандығы күшейгеннен кейін жазушылар өмірлік дерек негізінде ғұмырнамалық жанрда шығармалар жаза бастады. Олардың көтерген тақырыптары, пайдаланған формасы, айтар идеялары, ұстанар концепциялары әр түрлі болғанымен, шығармаларын жазатын жанры біреу ғана – ғұмырнама (автобиография). Әсіресе, қазақ ғұмырнамалық романдарының ішінде көлем мен көркемдігі тұрғысынан ерекше деп танылатын Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» романдарының қоғамдағы тарихи кезең ақиқатын бейнелеудегі шеберлік қырлары ерекше. Оқырман қауымға суреткерлік ғұмырдың болмысын танытатын бұл туындылар әдебиет ғылымы үшін ғана емес, жалпы адамзаттық мәселелерді қозғаумен де құнды дүниелер болып табылады. Міне, сол себепті де бұл жазушылардың ғұмырнамалық шығармаларындағы өмірлік деректерді зерттеудегі әдебиетімізде көркемдік таным мәселелерінің оң шешімін табуына зор септігін тигізеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты –
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің ғұмырнамалық (автобиографиялық) романдарына арқау болған өмірлік шындықтар мен идеяларды, характерлерді талдай отырып, заман шындығы мен көркем шындық арақатынасын таразылау және осы авторлардың шығармашылық зертханасында өмірге келген тың көркемдік ізденістердің табиғатын ашып көрсету. Осы мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды:
– ғұмырнамалық романдардағы авторлар ұстанған концепциялардың арақатынасын талдау;
– авторлардың суреткерлік қолтаңбаларының өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін айқындау;
– шығармалардағы көркем тұлға мен тарихи кезеңнің, өмір шындығының өзара сабақтастығын бір-біріне әсер-ықпалын көрсету;
– өмірлік деректі көркемдік әдіс-тәсіл арқылы көркем шындыққа көтеру бейнелеу процесін автордың қалай жүзеге асырғанын анықтау;
– ғұмырнамалық романға авторлардың қандай шығармашылық жолмен ізденіспен және тарихи деректердің қаншалықты деңгейде игерілу деңгейімен келгендігін пайымдау;
– өмірлік шындықтың негізгі деректерін сұрыптау, жинақтау және соны көркемдік шығармада бейнелеу мақсатындағы танымның рөлін ажырату.
Зерттеу жұмысының әдістері. Ғұмырнамалық романдарды талдау барысында объективті – аналитикалық, салғастырмалы – салыстырмалы, кешенді талдау тәсілдері пайдаланылды. Жұмыс барысында ретіне орай хранологиялық жүйелеу салыстырмалы тәсілдермен де қабаттаса келіп отырады.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.