Жоспар
1. Шылаулардың басқа сөз таптарынан ерекшелігі
2. Шылаулардың дәнекерлік қызметінің және атаушы сөздермен тіркесу қаблетінің олардың қалыптасқан грамматикалық мағыналарының сипаттарына қарай жалғаулықтар, спетеуліктер, демеуліктер болып бөлінетіндігі
3. Жалғаулықтар, олардың өздеріне тән грамматикалық қызметі
4. Септеуліктер, олардың өзі қатысты сөздің белгілі тұлғада тұруын талап ететіндігі
5. Демеуліктер, олардың өздері тіркесетін сөздерге түрлі қосымша реңктер үстейтіндігі
Шылаулардың о баста толық мағыналы сөздер болғандығы туралы барлы қғылыми еңбектерде жазылып келеді. А.Байтұрсынов шылауларды былайша үшке бөледі: 1. Үстеу. 2. Демеу. 3. Жалғаулық. Ғалым шылаулардың қатарына үстеулерді де жатқызады. Демеуліктерге да, де, ма, ме, әлде не, немесе, әйтпесе де т.б. жалғаулықтарды жатқызады. Ал жалғаулықтарға қазіргі күнде септеулік шылау делініп жүрген біраз сөздер енгізілген. Ол туралы А.Байтұрсынов былайша түсінік береді: «Кей сөздер жалғау орнына жүреді жаңа жалғаулар сияқты басқа сөздердің шылауында турмаса, өз алдына мағына шықпайды. Сондай сөздерді жалғаулық дейміз. Жалғаулық сөздер қазақ тілінде тіпті аз, мәселен: мен, үшін, арқылы, тақырыпты, туралы»
Шылаулардың тарихына мән беріп, арнайы тоқталған — М.Балақаев. Ол 1941 жылы жарық көрген «Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері» атты еңбегінің «Шылау сөздер тарихы» тарауында шылауларды шығу тегі, дамуы турасында ғалымдар пікірлеріне шолу жасай келіп, былай деп жазады:«… шылау сөздердің кейбірі бастапқы сөзінен онша өзгере қоймаған, кейбірі көптеген өзгеріске ұшырап, бұрынғы сөзінен мүлдем қашықтап кеткен…
Профессор С.Аманжолов шылауларға: «Сөйлемдегі сөздердің басын қосуда ерекше орны бар дәнекерлік қызмет атқаратын нәрсе…» — деп анықтама береді де, бөлінуін екі түрлі деп көрсетеді: жалғаулық, демеулік. Жалғаулықтарға «сөз бен сөз, сөйлем мен сөйлем арасын біріктіретін, бірақ өз алды жеке жазылатын сөз сымақтар» деп да, де, не, немесе, бірақ, яки, және, әлде т.б. атайды. Бұлардың өзін іштей қолданылуына қарай екіге бөледі: екі сөйлем ортасында я бір сөйлем ортасында я екі сөз ортасында қолданылатындар (не, бірақ, алайда, кейде) және бір сөйлем ортасында қолданылатындар (және, мен, да, де). Демеулікті де екі түрге бөледі: а) сұрау-тілек демеулігі (ма, ме, шы, ші, ә, сірә); ә) құрау демеулігі (құсап, ары, бері, соң, кейін, сияқты, ішінде, астында, үстінде, арқасында, қасында, арқылы, үшін, дейін, шейін, таман, қарай, ақ, ғана т.б.). Ғалым құрау демеулігінің барлығы тек белгілі бір сөздің артынан айтылатынын атап, демеулікгердің құрау түрлері жеке тұрғанда, мәнді (ішінде, астында), мәнсіз (ақ, мыс) болып бөлінетінін айтады. Ғалым бөлінісінде жалғаулықтардың тобы қазіргімен бірдей болып келсе, демеуліктер ажыратылмай, септеуліктермен араласып кеткен яғни септеулік шылаулар деген сөз қолданылмайды. Профессор Қ.Жұбанов шылауларды қосалқылар, жалғауыштар деп атаған. Қосалқыларға: «Түбірше, оңаша жұмсала алмай, басқа бір түбір сөз, үстеулі сөз, жалғаулы сөздердің біріне қосалқы болып ғана жүре алады. Ондай сөздерге жаңадан көбінесе үстеу де, жалғау да жалғанбайды. Осындай сөздерді қосалқы сөз дейміз»-деп анықтама береді. Қосалқылардың өзін дәйек және аяқ қосалқы деп екіге бөліп, дәйек қосалқыға тым, бек, қас, ең деген қазіргі күшейткіш үстеулерді, ал аяқ қосалқыларға шейін, сайын, мен, да, ақ, ғой шылауларын жатқызады.
Шылаулардың бір жағынан, жеке сөз тәрізді дербес тұлғада болуы, екінші жағынан, мағынасының дерексіз, абстрактылы болып, көмекшілік қызметте қолданылуы ғалымдардың біразының оларды дербес сөз деп, ал кейбір зерттеушілердің оларды жалғау мен жұрнақтарға теңеуіне себеп болды. Профессор Р.Әміров 1959 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі жалғаулықтар» деген еңбегінде былай деп жазады: «Шылау сөздер өздерінің мағынасы, қызметі жағынан грамматикалық категорияға жуық болғанымен, олар сөз қатарына жатуға тиіс. Өйткені, біріншіден, шылаулар басқа сөздер сияқты дара тұлғаға ие. Сөйлем ішінде бөлек тұрады. Екіншіден, грамматикапық мағыналар да, басқа сөздер сияқты, дүниедегі құбылыстарды танудан туады….шылау сөздер де белгілі бір ұғымға ие. Ол ұғым — атаулы сөздер білдіретін ұғымнан абстрактылау, дерексіз, дегенмен, ол — адамның дүние тану, ойлау жұмысы негізінде туған ұғым» .
Қазақ тілінің грамматикаларында А.Ысқақовтың еңбектерінде шылау сипаты толық ашылған деуге болады.
Шылаудың жекелеген түрлеріне қатысты еңбектер де баршылық. Олардың қатарынан септеуліктер мен дөмеуліктер жайында еңбек жазған Ф.Кенжебаеваны, Қ.Әміралиевті, Қ.Қадашеваны, Ғ.Иманғалиеваны және демеулік шылаулардың функционалды негізін танытуға арналған Ы.Шақаманның зерттеу еңбегін атауға болады. Әйтсе де шылаудың функциялық аясы, кейбір семантикалық ерекшеліктері, олардың қалыптасу жолдары сияқты зерттеуді қажет ететін тұстары да жоқ емес.
Толық лексикалық мағынасы жоқ, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын, белгілі бір сөздердің жетегінде қолданылып, түрлі грамматикалық мағына үстейтін көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Мысалы, Мың ақын жырласа тіл жетпейтін, Бұл қыздар жаралған тек сүю үшін (Ж.Баязитов). Профессор Александров, тәсілінде, қазақ операларына би қоюға шақыртылған-ды, бірақ Жүргеновтың арнайы табыстауымен маған хореографияның жүйе-жүйесін, техникасын үйретіп, би білімімді ұштауды қолға алды (Ш.Жиенқұлова). Қасыңа бара алмадым, Сездің бе жан арманым, Еріксіз, қалқам, саған ән арнадым (Т.Рахымов). Берілген сөйлемдердегі үшін, бірақ, бе — шылау сөздер. Бұл сөздер өздері тіркескен сөзге, салаласа, сабақтаса байланысатын сөйлемдерге әр түрлі мағыналық реңқ жамайды.
Шылаулардың өздеріне тән мынадай белгілері бар:
Біріншіден, шылаулар абстрактылы грамматикалық мағына білдіреді, олардың толық лексикалық мағынасы болмайды.
Екіншіден, шылаулар грамматикалық қызмет атқарады. Олар тең дәрежедегі сөз бен сезді, сөйлем мен сөйлемді салаластыра және сабақтастыра байланыстырады.
Үшіншіден, шылаулар сөйлемде жеке сөйлем мүшесі бола алмайды.
Төртіншіден, шылаулар өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды, түрленбейді.
Шылаулардың білдіретін грамматикалық мағынасы мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.
Жалғаулықтар
Өзара тең дәрежедегі сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстыратын көмекші сөздердің бір тобын жалғаулықтар дейміз. Мысалы, Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім (М.Әуезов). Әрі роль ойнайсыз, әрі белгілі балериналардан үйренесіз, — деді (Ш.Жиенқұлова). Берілген мысалдардағы пен, мен жалғаулықтары тең дәрежедегі сөз бен сөзді ыңғайластық мәнде байланыстырып тұрса, әрі жалғаулығы сөйлем мен сөйлемді ыңғайластық мәнде байланыстырып тұр. Жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді, сөйлемнің бірыңғай мүшелерін әр түрлі мағыналық қатынаста жалғастыру үшін қолданылады.
Мағынасына қарай жалғаулықтар алты топқа бөлінеді:
1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі.
2. Талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки, кейде, мейлі.
3. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен.
4. Себептік жалғаулықтар: себебі, өйткені, неге десең.
5. Салдарлық жалғаулықтар: сондықтан, сол үшін, сол себепті.
6. Шарттық жалғаулықтар: егер, онда.
1. Ыңғайластық жалғаулықтары бірыңғай сөйлем мүшелерін байланыстырады. Ыңғайластық жалғауларының ішінде тілде аса жиі қолданылатыны -және жалғаулығы. Және жалғаулығы ыңғайлас келген екі немесе одан да көп бірыңғай мүшелерді, сөйлемдерді байланысқа түсіреді. Және жалғаулығы сөз табын талғамайды. Мысалы, Меніңше адамның ең бір үлкен бақыты — күресе білу, қуана білу, жұмыс істей білу және басқалардан қалыспай, өмірге ілесе білу (В.Н.Терешкова).
Және жалғаулығы салалас қурмалас сөйлемдер құрамындағы жай сөйлемдерді де ыңғайластыра байланыстырады. Мысалы, Жомарттың бүгін жүре қоярлық ниеті жоқ еді және оның ниетіне қарай даяр көлік те болмады (Ғ.Мұстафин).
Және жалғаулығы ойды айқындай, нақтылай, толықтыра түсу мақсатында жұмсалады. Мәселен, Әйелдің өз перзентін үйретіп, өсіруге ұмтылуы қанында бар және оның мұнымен бірге осыған сай қабілеті бар (К.Д.Ушинский).
Мен (6ен,пен) жалғаулықтар тек зат есімнен немесе субстантивтенген басқа сөздерден болған сөйлем мүшелерін байланыстырады.Тілде өте жиі кездеседі. Мысалы,… ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр (М.Әуезов). Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән ментәтті күй (Абай).
Мен жалғаулығы арқылы сөздер байланысқанда жалғау соңғы сыңарға жалғанады. Мысалы,… халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе-білім (М.Әуезов). Өлең халық көңіліндегі қайғы мен қасіреттің, қуаныш пен шаттықтың серігі (П.Лафарг).
Әрі жалғаулығы заттың, нәрсенің, қимылдың сапасын, қасиетін білдіретін мүшелерді байланыстырады. Мысалы,… олар кеніштегі қым-қуыт жұмыстарды мінсіз әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік әпереді (Д.Қонаев).
Әрі жалғаулығы кейде салалас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жеке сөйлемдерді де ыңғайластыра байланыстырады. Мысалы, Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеңберлік бар, әрі Семейдің үркек қорқақ чиновниктерін сескендіру де бар (М.Әуезов).
Да, де, та, те шылаулары жалғаулықта, демеулік те болады. Бұл жалғаулықтардың ең басты қызметі — сөз бен сөзді, сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстыру. Мысалы. Бар дүние жансыз да, ажарсыз (Ғ.Мүсірепов).
2. Талғаулықты жалғаулыктарға әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки, кейде, мейлі шылаулары жатады. Мысапы, Не жылуы, не ыстық суы жоқ ескі үйде тұрады екен, соны жаңа үйге ауыстырып беруін өтінді (Д.Қонаев).
Әлде жалғаулығы талғау мәнін білдіреді, бірақ кейде бір нәрсеге күдіктену, күмән келтіру тәрізді реңкті білдіреді. Мысалы, Жылқыға қасқыр шапты ма, жоқ әлде Әзімбайлар қашаға, қуғызып жүр ме? (М.Әуезов).
Бірде, біресе жалғаулықтары амал-әрекеттің кезекпен бірінен соң бірінің алма-кезек ауысып отыратынын білдіреді. Мысалы, Біресе жаңбыр себелейді, біресе қар ұшқындайды (Ғ.Мүсірепов). Қосқа бір кірдім, бір шықтым (С.Мұқанов).
3. Қарсылықты жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдер арасындағы қарсылық мәнді білдіреді. Мысалы, Ақырында ұрыспақ болған адамдай оңтайланып та көріп еді, бірақ алғашқы қақтығыста Абайдан шайлығып қапты (М.Әуезов). Түн ол күні бұлтты, көзге түртсе көрінбейтін қараңғы еді, әйткенмен Ботагөз қайда келе жатқанын шамалайды (С.Мұқанов). -Әлжан аға, өзіңізге қатысты мәселе туралы айтыңызшы, — деп Ержан сөзге араласты. Әлжан бірақ оның дауысын естімеді (Б.Мұқаев). Әрине, істің орайы келе бермейді, әйтпесе алдыңа келген адам өтінішін аяқ асты етпегенге не жетсін (Д.Қонаев).
Бұл топтағы жалғаулықтардың қатарына бірақ, алайда, әйтсе де, әпткенмен, сонда да, дегенмен, әйтпесе, әйтпегенде жалғаулықтары жатады. Олардың ішінде ең жиі қолданылатыны — бірақ жалғаулығы. Бірақ жалғаулығы сапаласа байланысқан сөйлемдер арасындағы қарсылықты қатынасты білдіру үшін жұмсалады.
Әйтседе, әйткенмен, сөйтсе де, дегенмен, сонда да жалғаулықтары кейде сөйлемдердің арасындағы қарсылықты қатынасқа күшейткіш мағына да қосады. Бұл жалғаулықтардың бірақ жалғаулығына қарағанда қолданылу өрісі тарлау. Бұл күшейткіш мағына туралы 1967 жылы шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» атты академиялық грамматикада былай делінген: «Бойындағы осы экспрессивтік мағына бұл жалғаулықтардың жұмсалу өрісін өлшеп, белгілейді. Сондықтан бұлар бірақ (жалғаулығына қарағанда кем жұмсалады» . Көп қолданылатын қарсылықты жалғаулықтардың бірі — әйтпесе жалғаулығы. Әйтпесе жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдердің екіншісі алғашқысында айтылған уақиға, іс-қимыл болмаған жағдайда соның болмауының нәтижесінде болған уақиғаны, іс-қимылды айтады. Мәселен, Шылбырым үзіліп абырой болды, әйтпесе атымды көтеріп кетер ме еді, қайтер еді (С.Мұқанов).
4. Себептік жалғаулықтарға себебі, өйткені шылаулары жатады. Бул жалғаулықтар тілде аса көп кездеседі. Себептік жалғаулықтар салалас құрмалас құрамындағы жай сөйлемдерді байланыстырып, соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдегі айтылатын ойдың себебін білдіреді. Мысалы,… бойдағы аз кемшіліктің өзін жою үшін де күресе білу керек, өйткені, жамандық, кемшілік деген итжанды келеді, бойға ұялампаз (Е.Букетов).
5. Салдарлық жалғаулықтар құрмалас сөйлемнің басыңқы сыңарындағы болған іс-әрекеттің нәтижесін, салдарын білдіру қызметін атқарады. Жалғаулықтардың бұл түріне сондықтан, сол себепті, сонан соң шылаулары жатады. Мысалы, Мен қорықпаймын, әжем кеше сурап алған, Түйебайдың сылтауы шамалы, сондықтан оның таяқ жейтініне меніңде, өзініңде көзі жетеді (Б.Майлин). Жер жақын болып екеуіңіз жеңісе алмадыңыз, содан соң алысқа айдап отырмын (Ғ.Мұстафин).
6. Шарттық жалғаулықтар сөйлемдер арасындағы шарттық қатынасты білдіру үшін жұмсалады. Жалғаулықтардың бұл түріне егер, онда шылаулары жатады. Көбінесе егер жалғаулығы бағыныңқы сөйлемнің бас позициясында қолданылады. Ал онда жалғаулығы кәбінше басыңқы сөйлемнің басында тұрады. Егер мен онда жалғаулықгары бір сөйлемнің ішінде екеуі де қатар келетін кездері де болады. Мысалы, Егер алдамшы сезімнің арбауына түспесем Ажарға жолар ма едім (Б.Мұқаев). Ал, Әбіш, жаңағы сөзің мен Долгов сөзі анық дұрыс сөз болса, онда мен де кеше Құнанбай жазықсыз қанын төккен Қодардың ұлы ұрпағы болсам не деді (М.Әуезов).
Септеуліктер
Объекті мен объектінің арасындағы әр қилы грамматикалық қатынасты білдіріп, белгілі бір септік жалғауын керек етіп тұратын сөздерді септеуліктер деп атаймыз.
Септеулік шылаулар мағынасы мен қызметіне қарай септік жалғауларына ұқсайды. Сондықтан да олар өзі тіркескен сөзінің белгілі бір септікте тұруын қажет етеді. Септеуліктер өздері тіркескен сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, мезгілдік, болжалдық, бірлестік, талғау, таңцау т.б. мағыналар үстейді. Мысалы, Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек (М.Әуезов). Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі ушін ең алдымен азаттық пен білім қажет (Ш.Уәлиханов). Анатілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі (Ж.Аймауытов). Қабілеттілік те бұлшық ет тәрізді жаттығумен жетіледі (В.Обручев). Таптырмайтын ең асыл нәрселер: өнеріміз жайлы, жеткен, жетпеген жақтарымыз жайлы айтылған, дуалы ауыздан шыққан құнды пікірлер болды (Ш.Жиенқұлова).
Септеулік шылауларды зерттеген ғаламдардың бірі — Ф.Кенжебаева. Ол септеуліктердің негізгі қызметі мен мағыналық түрлерін, басқа шылаулармен ұқсастығы мен айырмашылығын көрсетеді. Ғалым Ф.Кенжебаева септеулік шылаулардың негізгі бірнеше ерекшеліктерін атайды: «Септеуліктердің бірінші ерекшеліктері — септік жалғауларындағы сөздерді меңгеріп, өздерінің әрбір септікті меңгеруіне қарай топталуы болса, екінші ерекшелігі — сол меңгерген септікгеріне үстеме мағына қосып, олардың ұғымын нақтылауы. Үшіншіден, септеулік шылаулар септік жалғауындағы сөздердің құрамына еніп, сол сөздерді келесі сездерге септестіре байланыстырады да, олардың сөйлемдегі қызметін нақтылайды» .
Көптеген еңбектерде септеулік шылаулардың қандай септікпен тіркесетіндігі туралы ғана айтылып жүргені мәлім. Кейбір зерттеушілер мәселеге тереңірек барады. Септеулік шылаулардың белгілі бір септік формасындағы сөзбен тіркесетіндігі жайында ғылымда бірізді пікір қалыптасқан деуге болады. Мәселен, профессор Н.Оралбаева: «Септеулік шылаулар белгілі септік формасына байлаулы, әр септік формамен қолданылатын тілде түрлі септеуліктер бар. Септеуліктер өзі тіркескен сездің белгілі септікте тұруын қажет етеді» — дейді . Ғалым септеуліктер сөйлемде дербес сөзбен бірге бір мағынаны білдіреді, сөйтіп олар біртұтас элемент кызметін атқарып, сөйлемнің мағыналы бір бөлшегі қызметінде жұмсалады деп санайды. Ғалым Н.Оралбаева септеулік шылауларды аналитикалық септікке жатқызады: «Әрине, септеулік шылаулардың заттардың арасындағы апуан түрлі қатысты білдіретіні сөзсіз және олардың септеулік аталуы да белгілі дерекке негізделген. Олардың тіркесетін тұрақты септіктері бар. Басқаша айтқанда, олар белгілі септіктердің мағынасын ғана толықтырады. Осы тұрақтылық тегін емес. Сондықтан қазақ тілінде де аналитикалық септік нақтылы арнайы зерттеуді керек етеді» .
Септеулік шылаулар дербес сөз формасын таңдап, талғап тіркесетіндіктен, олар барлық септік жалғауларымен қолданыла бермейді. Септеуліктер атау, барыс, шығыс және көмектес септікте тұрған дербес сөздерге ғана тіркеседі. Септеуліктердің дербес сөз тұлғасын таңдауы, сол септеуліктің өзінің мағынасы мен тіркесетін септіктің мағынасының жақындығына байланысты.
Септеуліктер де басқа шылаулар сияқты өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды, яғни түрленбейді.
Септеуліктер зат есімдерге, заттанған басқа сөз таптарына, қимыл атауына (есіміне) тіркеседі. Оларға септеуліктер мынадай тұлғалардан кейін барып тіркеседі:
1. Атау септігін меңгеретін септеуліктер: үшін, сайын, сияқты, секілді, тәрізді, туралы, арқылы, бойы, бойымен, бойынша, жайлы, жайында, шамалы, шақты, қаралы.
2. Барыс септігін меңгеретін септеуліктер: шейін, дейін, таман, жуық, тарта, қарай, таяу, салым.
3. Шығыс септігін меңгеретін септеуліктер: гері, кейін, соң, бері, әрі, бұрын, бетер.
4. Көмектес септігін меңгеретін септеуліктер: қатар, бірге, қабат.
Атау септігін меңгеретін септеуліктер
Атау септіктұлғасындағы сөзбен тіркесетін септеулікгер, негізінен, есім сөзден соң жұмсалады.
Үшін септеулігі есім сөздермен, қимыл атауымен және -мақ (-мек), -ған (-қан, -кен,-ген) формалы есімшелермен тіркесіп, оларға себептік, мақсаттық мағына үстейді. Мысапы, Екі анасын қөңілдендіріп тағы аптқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен: «Жүсіп-Зылиха» сияқты қиссаларды оқып берді (М.Әуезов).
Сайын септеулігі зат есімдермен, есімшемен тіркескенде, ол сөздерге даралау мағынасын береді немесе белгілі бір істің қайталануын білдіреді. Мысалы, Көше бойының шыныланып қойған қалыңқары көк аттың тағасы тиген сайын сықырлай түсіп, кірш-кірш етеді (М.Әуезов).
Туралы септеулігі бір құбылыс туралы, сол хақында, сол турасында, сол жайында деген сияқты мәнде жұмсалады. Мысалы, Құнанбай Жидебайдағы істер туралы Жұмабай мен Тәкежан сөздерін түгел тыңдап алды да, Абайларға енді ыза болды (М.Әуезов). Осы туралы септеулігімен мағыналас жайында, жөніндегі, жөнінен, турасында, турасынан деген шылаулар да бар. Желқұйын туралы өз ауылындағы бір үлкен аңшының айтқан сөзі еді (М.Әуезов). Ол осы іс жөніндегі арам ойды ерте ойлаған. Кәмшат турасында күйзелтіп күңірентіп отырсыңдар сендер бізді. Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты (Бұл да).
Арқылы септеулігі зат есіммен, тұйық етістікпен тіркесіп, іс-әрекеттің не арқылы іске асқанын білдіреді. Мысалы, Абайдың байлауын тілмаштар арқылы енді түгел түсініп болған екі ояз күлісіп, бір-бірімен келісе жарасқандай. Жиренше арқылы Абайға пара ұсынған Барақ, қазір көтеріңкі отыр (М.Әуезов).
Шамалы, шақты, қаралы септеуліктері негізінен сан есімдерге тіркесіп оларға болжалдық мән үстейді. Мәселен, Осы көштердің алдында Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі, жастан жиырма шақты кісі оқшауырақ келеді. Қазірде Бөжей қорасының алдында тұрған қырық шамалы кісі бар (М.Әуезов).
Бойы, бойымен, бойынша септеуліктері зат есімдермен, есімдіктермен және -ған, (-қан, -кен, -ген) тұлғалы есімшелермен тіркесіп, белгілі бір мерзімді толық қамтитындай мағынаны береді. Мәселен, Күндегі машық бойынша келіп жатқан атқамінер, даугер, арызшылар (М.Әуезов).
Барыс септігін меңгеретін септеуліктер
Шейін (дейін) септеулігі зат есімге, сан есімге, есімдікке және есімшелерге тіркесіп, мезгіл-мекен мағынасын білдіреді. Мәселен, Осы жасына шейін өз қасиетін жоятын жаман аттан да аулақ (М.Әуезов). Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады (Сонда). Ол қазір шешесіне қарай тарпылдап жүгіріп, дәл от басынан Абайдың төсегіне дейін бір-ақ секіріп, ¥лжанның тізесін соға дүрс етіп кеп түсті (Сонда). Бұл мысалдардың «шейін» септеулігі қатысқан алғашқы екеуінде мезгілдік мағына болса, соңғы үшінші сөйлемде «дейін» септеулігі тіркескен «төсегіне дейін» тіркесте мекен мәні бары байқалады.
Қарай, таман септеуліктері зат есімдерге, көмекші есімдерге, есімдіктерге және үстеулерге тіркеседі. Мысалы, Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында, жағада бір жалғыз төбе бар еді (М.Әуезов). Балалар аттарына мінісіп, беттерін ауыл жаққа бұрғанда, жаңағы асқан белден асып, ойға таман түсіп келе жатқан қалың көш көрінді (Сонда).
Салым, тарта, жуық септеуліктері зат есім мен сан есімге тіркесіп, мезгілдік мәнді білдіреді. Мысалы, мыңға тарта, күзге салым, отызға жуық.
Шығыс септігін меңгеретін септеуліктер
Гөрі септеулігі зат есіммен, есімдікпен және -қан (-ған) -кен (-ген) формалы есімшелермен тіркесіп таңдау, талғау мәнінде жұмсалады. Мысалы, Желі бойындағы жылқылардың биелерінен гөрі жарау семіз, саяқ аттары көп (М.Әуезов). Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты (Бұл да).
Бері септеулігі есімдіктерге, -қан (-ған, -кен, -геи) формалы өткен шақ есімшеге тіркесіп, мезгілдің басталу шегін білдіреді. Мысалы, Аңнан Абай қайтып келгеннен бері Баймағамбет қалаға үш рет барып қоржын толтыра кітап апарып, толтыра ала қайтып, Абайдың ендігі ой-азығын жиі-жиі ауыстырумен жүр (М.Әуезов). Түннен бері, дәл таңатып, ел тұрғанша тыныш таппаған (Сонда).
Кейін, соң септеуліктер зат есімдерге, есімдіктерге, қимыл атауына және есімшеге тіркесіп, мезгілдік мағынаны білдіргенде бір істің не нәрсенің орындалу шегінен соңғы жағдайды нақтылайды. Мысалы, Осыдан кейін тағы үш күндей Салиқа дауының, Керей-Найман ылаңының тынымсыз тергеуі өтті (М.Әуезов). Алты күннен соң, осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бір мол көштер келе жатты (Сонда).
Соң септеулігі кейде мезгілдік мағынадан басқа реттік, яғни, бір нәрседен немесе біреуден кейін деген мағына да береді. Мысалы, Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, керші үйлердің қатындары, бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң ауылдың барлық үйлерінен шығып, жүгірісіп келе жатқан балалар бар (М.Әуезов).
Бұрын септеулік шылауы зат есімдермен, тұйық етістіктермен тіркесіп, іс-әрекеттің істелген мезгілін басқа бір іс-қимылдың алдында болғандығын білдіреді. Мысалы, Ол Абайдан бұрын үйленіп, сол жылы енші алып, бөлініп шыққан (М.Әуезов). Оған кетуден бұрын, әуелі өзімде бармен сенде барды ортаға шығарып, үлеске салып кетемін (Бұл да).
Бетер септеулік шылауы іс-әрекеттің бұрын істелген іс-әрекеттен неғұрлым күшті болғанын білдіреді. Мысалы, менен бетер, одан бетер.
Көмектес септігін меңгеретін септеуліктер
Көмектес септікті меңгеретін септеуліктерге қатар, бірге септеуліктері жатады. Бұл септеуліктер іс-әрекетті бірнеше субъектінің бірігіп жасағанын білдіру үшін қолданылады. Мысалы, Сол жаймен қатар Мырзахандар айтып келген ерлік ертегісі де бұл өңірдің жас баласына дейін түгел жетті (М.Әуезов). Ол тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі жора тапқан емес (Абай).
Демеуліктер
Демеуліктер — шылаулардың құрамына енетін көмекші сөз таптары. Өздері тіркескен сөздерге әр алуан грамматикалық мағына қосатын сөздерді демеулік шылаулар деп атаймыз. Демеуліктер — грамматикаланудың нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, тек көмекші қызметке көшкен сөздер.
Ғалым Ы.Шақаман демеуліктердің морфологиялық ерекшеліпнің бірі ретінде олардың сөзге жалпылама тіркесе беретін қасиетін айта келіп, оларды үш топқа бөледі: «1) еліктеуіш, одағай сөздерден басқа барлық сөз табына тіркесетін демеулік шылаулар: да/де, ма/ме, ғана/қана, қой/ғой, -ақ, -ды/-ді, -тын/-тін және одағайға да тіркесетін демеуліктер: -ай, -ау; 2) есім сөздер таптарына, есімдерше түрленетін етістіктерге тіркесетін демеулік шылаулар: екеш, түгіл, түрсын, тұрмақ; 3) жіктелген етістікке ғана тіркесетін демеулік шылау; -мыс/-міс» . Демеулік шылаулардың мағыналары тек сөйлемде, контексте көрінеді. Мысалы, Қой асығы демеңдер, қолына жақсы сақа қой, жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға ғой (Қазақтың би-шешеңцері). Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсүгінгі де тағдыры (Б.Момышұлы). Берілген мысалдардағы қой, ғой шылаулары нақтылау, тұжырымдау мәндерін білдірсе, ғана демеулігі шектеу мәнін білдіру мақсатында қолданылған. Демеулік шылаулардың білдіретін мағыналары алуан түрлі. Олардың тілдік жүйедегі қалыптасқан негізгі мағыналары мынадай:
1. Күшейткіш демеуліктер: -ақ, -ай, -ау, да/де, та/те;
2. Сұраулық демеуліктер: ма/ме, ба/бе, па/пе, ше;
3. Нақтылау демеуліктері: ды/ді, ты/ті, тын/тін, қой/ғой;
4. Шектеу демеуліктері: ғана/қана, тек;
5. Болжалдық демеуліктері: мыс/міс;
6. Қомсыну демеулігі: екеш;
7. Салыстыру демеуліктері: түгел, тұрсын, тұрмақ;
1. Күшейткіш демеуліктердің қатарына -ақ, -ай, -ау, да/де, та/те шылаулары жатады. Бұл топтағы демеуліктер сөйлемде айтылған ойға күшейту реңін қосу үшін қолданылады. Да/де, та/те демеуліктері күшейткіш мәндерін үнемі сақтайды. Мысалы, Қызметін істесе де қарайласқысы келмегені ғой! (М.Әуезов). Көше сондай қараңғы да емес қой (Н.Ғабдуллин). Сөйлемдерде демеуліктер етістікпен, сын есіммен келіп, оларға күшейту мәнін үстеген. Бұл демеуліктер жалғаулық, септеуліктермен тіркесе береді және өзінің күшейту мағынасынан айырылмайды. Мәселен, Егер де маған сенбесеңіздер ояздың өзінен сұраңыздар (Ә.Әбішов).
-ақ демеулік шылауы өзі тіркескен сөздерге күшейткіш реңін қосады. Мысалы, Амантай өз ойын Қайырға әлдеқашан-ақ айтып қойған ғой (Ғ.Мүсірепов).
-ау демеулігі көбінесе сөйлемге эмоциялық реңк береді. Мысалы, Көп күн жүріп жеттік-ау (Ш.Жиенқұлова). -Айтыңыздаршы, Жұртым-ау Құрманбектірі ме?- дедім үнім дірілдеп (Ш.Жиенқұлова).
-ай демеулік шылауы толық мағыналық сөздерге тіркескенде оның күшейткіш мәні басымырақ болады. Ал -ай шылауы зат есімнен болған сөздерге тіркескенде ол сөздерге ой екпінін түсіріп ерекшелеп тұрады. Мысалы, Қайран ер көңілді аналар-ай!-дедім менде ішімнен (Ш.Жиенқұлова). Жарықтық-ай, бұл күнді де жұрттың көретін күні бар екен-ау (Б.Майлин). Мүнда әрі таңдану, әрі таңырқау мәні бар.
2. Сұраулық демеуліктері ма/ме, ба/бе, па/пе қандай сөз табымен келгеніне, қандай тұлғада тұрғанына қарамастан үнемі сұрау мәнінде жұмсалады, Олар үнемі баяндауышпен қатар жүреді. Мысалы, Құлын тайға өтпей ме? Тай құнанға жетпей ме? Құнан ат боп құлдырап, Қырдан асып кетпей ме? (Д.Әлімжанов). «Гәккудің» авторы Ыбырай ма, Құлмағамбет пе, әлде Иса ма? (Е.Брусиловский). Сағынып, аңсап барғанда, сағына күткен жан бар ма? (М.Мақатаев).
Ше демеулігі зат есім, етістік, үстеу сөздерге тіркесіп, ойды толықгыру үшін қайталай сұрау мақсатында сөйлемнің соңында қолданылады. Мысалы, Ей, әлгі Мәскеуде Мұқаңның бізді ұялтатыны ше?…(Ш.Жиенқұлова).
3. Нақтылау демеуліктері -ды/ді, -ты/ті өткен шақтағы сөздерді нақтылайды. Мәселен, Осының алдында Құрманбек екеуіміздің басымызға күн туып жас шаңырақтың уықтарын солқылдатқандай ауыр жағдай өткен-ді (Ш.Жиенқұлова).
-Тын/тін демеулігі -ды/ді демеулігімен мағыналас өткен уақыттағы ойды нақтылау мағынасын береді. Мысалы, Болымсыз нәрседен шатақ шығаратын жайсыздау кісі-тін (Б.Нұржекеев). Үрия мінезге бай әйел еді, тек жалғыз ғана осал жері — ерке-тін (Е.Брусиловский).
4. Шектеу демеуліктері ғана/қана үнемі шектеу мағынасын үстейді. Мысалы, Кімде-кім өзін билеп, ілім мен өнер үйренген жагдайда ғана баянды бақытқа қолы жетеді . Халық тәжірибесі тек бізге ғана емес, біздің келер ұрпақтарымыз үшін де қымбат қасиет (Б.Момышұлы). Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады (М.Әуезов). Ғана/қана демеуліктері тек демеулігімен қатар айтылып, сөздерге күшейту, шектеу мағынасын қосады. Мәселен, Тек қана оқуменен өнер білінбек (С.Торайғыров).
5. Болжалдық демеуліктері -мыс/міс өзі тіркескен сөзге тек болжалдық мағына жамайды. Ол көбінесе етістіктермен тіркесіп, болжалдық мәнді береді. Мысалы, Ойратқа сонау дүрбіт, торғауыт, төлеуіт тайпалары жатады-мыс (Ә.Кекілбаев).
6. Қомсыну демеулігіне тек қана екеш демеулігі жатады. Екеш демеулігі үнемі қомсыну мәнінде жұмсалады. Мысалы, Жан рахатын құс екеш құста біледі (Ш.Мұртаза).
7. Салыстыру демеуліктеріне жататын түгел, тұрсын, тұрмақ демеуліктері сөз таптарына қалай бірдей тіркессе, сөзге үстейтін мағыналары да сондай ұқсас. Мысалы, Мұны естігенде, Күләштің қалтырағаны былай тұрсын, зәрем зәр түбіне жеткендей жүректен жүрек қалмады (Ш.Жиенқұлова).
1. Көмекші сөздердің түрлері
2. Шылаулар, олардың мағынасы, тілдегі қызметі, қолданылуы
3. Септеуліктер, демеуліктер, жалғаулықтар
4. Жалғаулықтар, семантикалық мағыналары мен абстрактілі грамматикалық қызметтері
5. Септеуліктердің септік жалғауларын меңгеретін көмекші сөздер екендігі
6. Демеуліктер, олардың лексика-грамматикалық сипаты, түрлері.
Әдебиеттер:
1. Әміров Р. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. Алматы, 1959.
2. Кенжебаева Ф. Шылау сөздер. «Қазақстан мектебі», №9, 1962.
3. Шақаман Ы. Демеулік шылаулардың зат есімге тіркесі мен қолданылу аясы. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, 1967, №9, 77-80б.