УЛЬТРАКҮЛГІН СӘУЛЕЛЕНУ(УК) КӨЗДЕРІ-ТӨМЕНГІ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ҚЫСЫМДЫ ЭРИТЕМДІК ЖӘНЕ БАКТЕРИЦИДТІК ШАМДАР.

              10-Дәріс. УЛЬТРАКҮЛГІН СӘУЛЕЛЕНУ(УК) КӨЗДЕРІ-ТӨМЕНГІ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ҚЫСЫМДЫ ЭРИТЕМДІК ЖӘНЕ БАКТЕРИЦИДТІК ШАМДАР.

Ауыл шаруашылығы өндірісінде газ-разрядтық сәулелену көздері негізінде мал мен құстарды ультракүлгін сәулелендіруге және жылыжайлар мен көшетжайларда көкөніс пен гүлдерді және олардың көшеттерін қосымша жарықтандыруға пайдаланылады.

ТӨМЕН ҚЫСЫМДЫ ГАЗ-РАЗРЯДТЫҚ УЛЬТРАКҮЛГІН СӘУЛЕЛЕНУ КӨЗДЕРІ

УК-С облысына жататын сәулелену микроорганизмдерді өлтіреді, яғни бактерицидтік әсер етеді. Осы сәулеленуді алуға ДБ типті төмен қысымды доғалық газ-разрядтық шамдар пайдаланылады. ДБ бактерицидтік шамдарының жарықтандыратын люминесценттік шамдардан айырмашылығы — олардың түтігінің арнайы увиол шыныдан дайындалуы және түтіктің ішкі бетінде люминофордың жоқтығы. Қолданылатын арнайы увиол шыны УК-С облысына жататын ультракүлгін сәулелерді өте жақсы өткізеді. ДБ шамдарының сәулелену спектрі сызықша болады. Әрі сәулелену ағынының 80 процентке дейіні толқын ұзындығы 254 нм ультракүлгін сәулелерден тұрады.

УК-В облысына жататын ультракүлгін сәулелену адамға және ауыл шаруашылығы малдарына рахитке қарсы және эритемдік әсер етеді. УК-А облысына жататын сәулелену зерттелетін заттардың жарық шығаруын қоздырады, сондықтан люминесценттік анализ тәсілімен заттардың сапасын анықтауға пайдаланылады. УК-А және УК-В облыстарына жататын сәулеленуді алуға ЛЭ типті люминесценттік эритемдік шамдар қолданылады.

Сырттай қарағанда ЛЭ шамдардың жарықтандыратын люминесценттік шамдардан айырмашылығы жоқ, бірақ олардың түтігі увиол шыныдан дайындалады. Бұл шынының толқын ұзындығы 280 … 380 нм диапазонында болатын сәулеленуді өткізу коэффициенті жоғары болады. Түтіктің ішкі бетіне арнайы құрамды люминофор жалғатылған.

ЛЭ шамдары сәулелену энергиясының 37%-і УК-В сәулелеріне, 33%-і УК-А сәулелеріне және 30%-і көрінерлік сәулелерге жатады.

ЛЭР типті эритемдік (рефлекторлы) шамдар өте шаңды үйжайларда қолданылуға арналған. Бұл шамдарда түтік периметрінің жоғарғы 1/3 бөлігінде люминофордың астында сәулелену ағынынын төмен бағыттайтын шағылыстырғыш болады.

Қызмет ету мерзімінде люминофордың жарық шығаруының төмендеуінен және ультракүлгін сәулелердің әсерінен колбаның мөлдірлігінің жойылуынан төмен қысымды газ-разрядтық ультракүлгін шамдарының сәулелену ағыны бастапқы мәнінің 60 процентіне дейін төмендейді.

Электр торабы кернеуі ауытқуы және қоршаған орта жағдайлары осы шамдардың қызмет ету мерзіміне, тұтану сенімділігіне және сәулелену ағынының мәніне жарықтандыратын Люминесценттік шамдарға сияқты әсер етеді.

ЖОҒАРЫ ҚЫСЫМДЫ ГАЗ-РАЗРЯДТЫҚ СӘУЛЕЛЕНУ КӨЗДЕРІ

ДРТ типті жоғары қысымды сынапты түтікті шамдар қуатты ультракүлгін сәулелену көздері болып саналады. ДРТ шамының құрылысы 1- суретте көрсетілген.

Шамның колбасы 1 ультракүлгін сәулелерді өткізу коэффициенті жоғары болатын баяу балқитын кварц шыныдан дайындалады.

Түтік колбаның екі ұшына активтелген вольфрам электродтар 2 бекітілген. Колбаның ішіне аргон және белгілі бір мөлшерде сынап енгізілген. Түтік сәулелендіретін арматураға метал ұстағыштар 3 көмегімен бекітіледі.

1- сурет. ДРТ шамының құрылысы: 1-кварц түтік; 2- электрод; 3- шамды ұстағыштар; 4- мыс фольгадан таспа.

Түтіктің сыртқы бойына жұқа мыс таспа 4 ұстағыштарымен бекітілген. Ол разрядтың тұтануын жеңілдетуге арналған. Шам электр торабына токты шектеуге және разрядты тұрақтандыруға арналған дроссельмен тізбектеп қосылады (2-сурет). Шамға бастырма ЖБ және конденсатор С1 параллель жалғанған. Олар дроссель мен конденсатордың өзара әрекеттесу нәтижесінде разрядты тұтандыруға жеткілікті жоғары кернеу импульсін алуға арналған.

Тұтанғаннан кейінгі бастапқы 5 …10 минут ішінде шам қызады. Шамның ішіндегі қысым жоғарылайды, түтіктің осі бойында температурасы 6000 … 8000 К болатын разрядтың жарқыраған баусымы пайда болады. Шамның электрлік және жарық-техникалық сипаттамалары өзгереді (10.3-сурет). Сөнгеннен кейін 5 … 10 минут ішінде шам салқындағаннан соң оны қайта тұтандыруға болады.

2-сурет. ДРТ шамын электр торабына қосу сұлбасы.

3-сурет. ДРТ шамының негізгі параметрлерінің өзгеруі.

ДРТ шамының сәулеленуі сынап буларында өтетін разрядқа тән сызықтардан тұрады. Ол сызықтар көрінерлік сәулелер аймағында, сондай-ақ ультракүлгін сәулелер аймағында да орналасқан.

ДРТ шамдар ауыл шаруашылығы өндірісінде мал мен құстарды ультракүлгін сәулелендіруге арналған жылжымалы қондырғыларда пайдаланылады.

Қызмет ету мерзімінде ДРТ шамының сәулелену ағыны колбаның мөлдірлігінің біртіндеп төмендеуінен азаяды. Қызмет ету мерзімінің соңында сәулелену ағыны екі есе төмендейді. Шамның жарық-техникалық және электрлік сипаттамаларына электр торабы кернеуінің ауытқуы айтарлықтай әсер етеді. Сәулелену ағыны сан жағынын да, сондай-ақ сапа жағынан да өзгереді. Қоректендіру кернеуі 1 %-ке ауытқығанда шамның эритемдік ағыны сәулелену ағынының спектрлік құрамы мен мәнінің өзгеруіне байланысты 4 %-ке өзгереді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *