1. Сын есім заттың түрлі сындық белгілерін, салмағын, сапасын басқа да сан алуан түрлі қаиеттірен білдіретін сөз табы екендігі.
2. Сын есімнің мағыналық жағынан үлкен екі топқа бөлінетіндігі: сапалық сын есімдер, қатыстық сын есімдер.
3. Сапалық сын есімдерсын есімдерді зат есімдерден, үстеулерден ажырату тәсілдері
4. Қатыстық сын есімдер
5. Сын есімдердің құрылымына қарай ерекшелігі: жалаң және күрделі түрлері бары.
6. Шырай категориясы.
Сын есім-өзіндік мағынасы, морфологиялық белгілері, синтаксистік қызметі бар жеке сөз табы. Сын есім жеке сөз табы ретінде А. Байтұрсыновтың Тіл-құрал» оқулығында танылған. Оқулықта сын есімге», — Сөздің кейбіреулері нәрсенің сынын атайды. Осындай нәрселердің сынын көрсететін сөздер сын есімдер деп аталады. Сын есімнің сұрауы: қандай? деген қысқаша анықтама берілген.
Ғалымның қазақ тілді пән ретінде үйрететін оқулығындағы жеке сөз табы ретінде танылған сын есім туралы пікір кейінгі еңбектерде де жалғасын тапты. Қ.Жұбанов»Қазақ емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері»атты мақаласында заттың не істің сипат белгісін көрсететін, шырай үстеулері мен үстеуіштерін ертетін, зат есімге де, етістікке де анықтауыш бола алатын түбірді сын есім деп атаған. Кейінгі қазақ тіл білімінің жетілу, даму кезеңінде жарық көрген оқулықтарда сын есімге «заттың сапасын, сипатын қасиетін, көлемін.салмағын, түсін(түр-реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табы,» «Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіруі», — деген анықтамалар берілген. Олай болса, сын есім зат есімнің сын-сипатын білдіріп, зат есімді ғана анықтайды. Мысалы, терең көл, қатты ағаш, ұзы нарқан, тұны қсу, сұлу қыз, ақылды жігіт, биік тау т.б. Бірақ сын есім кейде етістікті де анықтайды Мысалы, Қайтып кірер есікті қатты серіппе. Жасы өзгелерден кішірек аласа бойлы, жұқа жүзді Айтқазы болыс, өзгенің бәрінен бұрын, Базаралымен жақсы амандасты (М.Әуезов). Осы сөйлемдердегі қатты, жақсы деген сөздер-сын есімдер. Олар сөйлемдердегі етістіктерге қатысты болып, олардың сындық сапасын айқындап, пысықтауыш қызметінде тұр. Бұл жөнінде проф. М.Балақаев еңбегінде анық айтылған: «Сын есімдердің етістіктермен тіркесуі сирек кездесетін құбылыс. Барлық сын есім етістікке тіркесе бермейді, барлық етістікке сын есім бірдей қатысты бола бермейді. Сын есімдер етістіктермен тіркескенде қимылға не күйге тән қасиетті, сапаны білдіреді. Сын есімді сөз тіркестерін құрайтын етістіктер сан жағынан көп емес тек кісінің (не заттың) ішкі сезімін, күйін, қабылдау қабілетін білдіретін сөйлеу, түсіну, оқу, жазу, секіру, ойнау сияқты және кейде қимылды, қозғалысты білдіретін кес, піш, байла, тура тәрізді сабақты етістіктер бірқатар сын есімдермен мағыналық байланысты бола алады,»-дей келіп, бұл пікірін одан әрі «олардың (сын есімдер-Ж.Б.) лексикалық мағыналары етістіктердің мағыналарымен үйлесімді, солармен тіркесе алады,»-деп нақтылаған, есім болса, аз ғана сын есімнің санаулы етістікпен тіркесіп келуі сын есімнің негізгі табиғи қызметін-зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі сындық белгісін білдіруден өзгертпейді.
Сондықтан да «Қазақ тілінің грамматикасында»(1967) «Бір қатар сын есімдердің зат есімдерді анықтаулармен бірге, етістікті де анықтап, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарып, үстеу ретінде қолданылуына қарап оларды бірде сын есім, бірде үстеуге жатқызуға болмайды… үстеу қызметінде жұмсала отырып, өз мағынасын жоймайды, яғни соның өзінде де сын есім болып тұрады «, — деп көрсетілген.
Сын есімдерді басқа сөз табынан ерекшелейтін белгісі-бір түрлі сындық белгінің ақиқат өмірде түрлі дәрежеде болуын білдіретін, оның шырай категориясы. Осы категорияны жан-жақты зерттеген- Ғ.Мұсабаев.Ғалым бұл еңбегінде шырай категориясының зерттелуіне қысқаша сипаттама беріп, шырайлардың түрлері және олардың жасалу жолдарына тоқталған. Ал Ж. Шакенов қазақ тіліндегі сын есім категориясын жан-жақты қарастырған еңбек жазды.Ғалымның еңбегінде түркі тілдерінде сын есім категориясының XIX ғасырдан бастап зерттеле басталғандығы айтылған. Автор сын есім мәселесін алғаш сөз еткен проф. А. Казембек екендігін оның еңбектерінен үзінділер келтіре отырып дәлелдеген. Бұдан кейін А.К. Боровков, И.А. Батманов, Н.К. Дыренкова, А.Н. Кононов, А. Баскаков, Н.К. Дмитриев, М. Терентьев, П.М. Мелиоранский, В.В. Катаринский секілді түркологтар еңбектеріндегі сын есімге қатысты пікірлерге талдау жасаған. Сондай- ақ қазақ тіл біліміндегі сын есім мәселесіне байланысты көзқарастарға тоқтала келіп, автордың бұл еңбекті жазудағы негізгі мақсаты- «сын есім мәселесінде айтылтан бұрын-соңды пікірлерді қамти отырып, бүтіндей қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясын белгілі жүйеге түсіріп айтып беру » болған. Ғалым осы мақсатына сай сын есімнің түркологияда, қазақ тіл білімінде зерттелуіне шолу жасай отырып, сын есімнің мағыналық түрлеріне, шырайларына және олардың жасалу жолдарына, сын есімнің тұлғасына және құрылысына қарай бөлінуіне, сын есімнің сөйлемдегі қызметі, сын есімнің зат есім, етістік, үстеумен байланысы, сын есімнің қызметінде жұмсалатын тұрақты сөз тіркестерін де қамти отырып, белгілі бір жүйеде сипаттаған.
Тіліміздегі заттың түрлі сындық белгілерін, салмағын, сапасын, сипатын, түсін, түрін, көлемін, аумағын сан алуан қасиеттерін білдіретін сөздер үлкен бір топ құрайды. Осы топқа жататын сөздердің лексикапық мағыналарының жалпылануы, абстракциялануы нәтижесінде оларда заттың сындық белгісін білдіретін жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Заттың сындық белгісін байқататын жалпы грамматикалық мағына сын есім деген жеке сөз табын тануға мүмкіндік береді. Сондықтан ғылымдағы сөздерді таптастырудың бірінші белгісіне, яғни семантикалық ұстанымға сәйкес — «сын есім неше алуан сыр-сипатпен байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы әрі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы» болып табылады.
Сөз таптарының морфологиялық сипатын сөз еткенде, алдымен олардың құрылымы, екінші жасалу тәсілі, одан соң түрлену жүйесі ескерілуі керек. Осы тұрғыдан келгенде сын есім құрылымы жағынан жалаң және күрделі болып бөлінеді. Ал жалаң сын есімдер өз ішінде негізгі сын есімдер және туынды сын есімдер болып бөлінсе, күрделі сын есімдер біріккен, қосарланған, тіркескен сын есімдер болып бөлінеді.
Сын есімдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады. бірақ бұл мәселе сөзжасамда қаралатындықтан, бұған тоқталмаймыз.
Сөздерді топтарға бөлгенде олардың грамматикалық сипатын ашатын белгілердің бірі ретінде сөздердің түрлену жүйесі де ескеріледі. Мысалы, зат есім өзінің көптелу, тәуелдену, септелу жүйелері арқылы басқа сөз таптарынан ажыратылады. Бірақ сын есімде мұндай түрлену жүйесі жоқ, яғни сын есім өзінің негізгі қызметіне сай зат есімге тіркесіп, оны анықтағанда, ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Сондықтан сын есім түрленбейтін сөз табына жатады. Сын есімнің тұлғалық өзгеріске түспеуі, түрленбеуі сөздерді таптастырудың морфологиялық ұстанымына байланысты белгісі болып есептеледі, өйткені «түрлену жүйесіне (немесе оған қарама-қайшы түрленбеуге) негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді таптастырудың екінші негізгі (морфологиялық) принципі .» Бірақ сын есімде басқа сөз таптарында кездеспейтін шырай категориясы бар.
Ғылымда қалыптасқан қағида бойынша жеке сөз табы болатын сөздер сөйлемде белгілі қызмет атқарып, басқа сөздермен байланысқа түседі. Осы тұрғыдан келгенде сын есім зат есімдермен тіркесіп, сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады. Олай болса сын есімнің белгілі сөйлем мүшесі бола алу қабілеті — оның синтаксистік ұстанымға сай белгісі.
Өмірдегі заттардың сындық белгілері өте көп, қасиеттері де сан апуан. Сонымен байланысты сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де, басқа заттардың қатыстары арқылы да білдіреді . Сол себепті сын есімдер семантикалық жағынан үлкен екі топқа бөлінеді: 1) сапалық сын есімдер; 2) қатыстық сын есімдер.
Сын есімдерді мағыналық жағынан осылай екі топқа бөлу — ертеден келе жатқан дәстүр. Мысалы, А.Байтұрсыновтың Тіл-құрал» оқулығының 1915 жылы шыққан 2- бөлімінде сын есімдерді тек сыны, сыр сыны деп екіге бөлген және ғалым бұлардың әрқайсысына сипаттама берген. «Тек сыны нәрсенің тегін көрсетеді,» — дей келіп, оған ағаш аяқ, күміс қасық, алтын жүзік т.б. мысалдарды келтірген.
Ал «Сыр сыны нәрсенің ішкі, тысқы сырын, реңін яғни түрін, түсін, тегін, тұлғасын, пішінін, жайын, күйін көрсетеді,»-деп, биік, аласа, жуан, жіңішке, толық, нәзік, арық, семіз, қызыл, көк секілді мысалдармен көрсетілген. Әрине тек сынына келтірілген мысалдарда түбір күйіндегі екі зат есім бір-бірімен тіркесіп келіп, бірін-бірі анықтап тұр, яғни аяқтың ағаштан, қасықтың күмістен, жүзіктің алтыннан жасалғанын білдіріп анықтауыштық қызметте тұр, бірақ олар(ағаш, күміс, алтын) сын есім емес, сөз табы жағынан зат есім сөздер екендігі кейінгі ғалымдар еңбектерінде дәлелденген жайт.
Ал сыр сынына берілген анықтама, мысалдары қазіргі оқулықтардағы сын есімнің сапалық деген мағыналық тобына келеді, сондықтан ғалымның сын есімдерді осылай топтап атауының үлкен мәні бар.
Сын есімнің шырай категориясын арнайы зерттеген (1951) және 1957 жылғы академиялық грамматикада «Сын есім» тақырыбын жазған Ғ.Мұсабаев сын есімдерді сапалық және қатыстық сын есімдер деп екіге бөлген.
Сапалық сын есімдер, оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, мағынасы жағынан заттың түрі мен түсін (ақ, қара, қызық, көк, сұр т.б.), сыры мен сапасын {жақсы, жаман, тәуір, нашар т.б.), көлемі мен аумағын (үлкен, кіші, ауыр, жеңілт.б.), дәмі мен иісін( ащы, тәтті, күлімсі т.б.) білдіреді.
Сапалық сын есімдер негізінен қосымшасыз тұрып, өзінің семантикалық жағынан тікелей заттың сынын білдіретін түбір сөздер ретінде қарастырылады. Мысалы, ақ, көк, сары, жақсы, биік т.б. секілді сын есімдер түбір сөздер, бірақ сапалық сын есімдерді қосымшасыз негізгі түбірлер дегенді шартты түрде ғана алып, белгілі бір кезең, қапыптасқан дәстүр турғысынан қарамау жөнінде грамматикаларда ескертілген. Осы пікірді проф. А.Ысқақов та жалғастырып, сапалық сын есімдерге түбір сөздерді жатқызу салты бар екендігіне тоқтала келіп, «бірақ бұп қағиданы үнемі тапжылмайтын қағида деп қарамау керек, өйткені қазіргі кезде түбір сөз сияқтанып көрінетін көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қарағанда, тиісті қосымшалар арқылы басқа тәсілдер бойынша жасалған туынды сөздер болып келеді-Мысалы, ұзын, үлкен, қызыл, ащы, тұщы, момын, ашық, жабық, жалпақ сияқты сапалық (негізгі) сын есімдердің бәрі де ертеректе туынды сөздер болған, демек, олар ұзақ, үлкейген, қызгылт, ашыған, тұщыды, жабылды, жалпайған сөздерімен түбірлес болған» – дейді.
Бірақ ғалым келтіріп отырған сын есімдер тарихи жағынан түбір сөздер болғанымен, сапалық сын есімдер қатарына жатады, өйткені оларда сапалық сын есімдерге тән белгілер бар. Ал сапалық сындардың ерекшеліктері мыналар: біріншіден, сапалық сындарға тән сөздердің бәріне де ұлғайту, кішірейту жұрнақтары және сынның әрқилы реңін білдіретін шырай категориясының жұрнақтары қосылады, екіншіден, оларға сындық белгіні күшейте я өсіре түсу үшін қолданатын үстеме буындар жалғанады, үшіншіден, олар семантикалық ерекшелігіне қарай атрибуттық (жақсы оқушы), адвербиалдық (жақсы оқиды) қызмет атқарады . Сонымен бірге, заттың сапалық белгісі өзінің бастапқы қалпын үнемі сақтап тұрмайтын ерекшелігі де айтылып жүр. «Мысалы, жаңа дәптер, қызыл орамал десек, мүндағы анықталушы зат есімдер (дәптер орамал) осы қалпында тұра бермей, пайдалану барысында сындық сипатын өзгертеді (ескі дәптер, қызғылт орамал) «
Сын есімнің мағыналық топтарының бірі-қатыстық сын есімдер туралы грамматикаларда» қатыстық сын есімдер өздері жасалған түбір сөздің мағынасымен сыбайлас келіп, сол белгілі бір заттың белгісін басқа бір заттың, істің қатысы арқылы білдіреді «, «бір заттың белгісін басқа бір заттың я іс-қимылдың қатысы арқылы білдіретін сөздер ,» «бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер,»-деген анықтамалар берілген. Мысалы, жауынды күз, білімді студент, сулы жер, малды ауыл, күзгі жем, көршілес ауыл, қатулы қабақ, үюлі шөп т.б.
Осы мысалдардағы жауынды, білімді, сулы, үкілі, малды, күзгі, көршілес, қатулы, үюлі сөздері- қатыстық сын есімдер.
Қатыстық сын есімдер морфемдік құрамы жағынан-негізгі және көмекші морфемалардан тұрады, яғни «әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады ,» Мысалы, оюлы (текемет), тастақ (жер), қарлы (қыс) т.б. секілді туынды сын есімдердің мағыналары өздерінің түбірі болып тұрған-ою, тас, қар сөздерімен тығыз байланысты, өйткені оюы жоқ текемет оюлы, тасы жоқ жер тастақ, қар жаумаған қыс қарлы деп айтылмаған болар еді, ал оларға жалғанған -лы, -тақ, -лы жұрнақтары текеметте, жерде, қыста сол белгілердің бар екенін көрсетіп тұр.
Олай болса, қатыстық сын есімдердің құрамындағы негізгі морфема мен қосымша морфеманың әрқайсысы өзіндік қызмет атқарады.
Қатыстық сын есімдер негізінен есімдер мен етістіктерден жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы, қамысты, шилі, пайдалы, намысқор, кулдіргі, тапқыш, береген т.б. Осы қатыстық сын есімдер қамыс, ши, пайда, намыс есім сөздеріне -ты,-лі,-лы,-қор жұрнақтары жалғану арқылы, ал күлдір, тап, бер етістіктерінен — гі, -қыш, -еген жұрнақтары арқылы жасалған. Мұндай есімдерден және етістіктерден қатыстық сын есім жасайтын сөзжасамдық жұрнақтар өте көп. Ол жұрнақтар проф. Н.Оралбайдың «Қазақ тілінің сөзжасамы» атты оқулығында кеңінен талданған.
Осылайша, «сөзжасам қосымшалары зат атауын білдіретін немесе есім мәнді және қимылды білдіретін сөздерге жалғанып, сол сөздің мағынасына қатысты ол ұғымдардың бар, я жоқ, соған бейімділік, мекендік т.б. тәрізді сөзжасамдық мағына тудырады да, ол екінші бір затқа қатысы болу арқылы қатыстық сын есім болады”
Қатыстық сын есімнің, еңбектерде көрсетіліп жүрген тағы бір ерекшелігі олар сын есімнің шырай қосымшаларымен түрленбейді. Ал егер сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалған сын есімдер шырай тұлғалары арқылы түрленетін болса, онда олар сапапық сын есімдерге ауысқан сөздер болып есептеледі. Мысалы, білгір-білгір -білгір, өте білгір, икемді-икемдірек, икемділеу, іп-икемді, өте икемді т.б. Бұл ерекшелікке соңғы зерттеулерде де көңіл бөлініп жүр. Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипатын қарастырған Г Сыздықова өз зерттеуінде осы мәселені де қамтыған. Автор сапалық сын есімге ауысқан қатыстық сын есімдерді толық және жартылай ауысқан деп екіге бөліп, толық түбегейлі түрде ауысқан қатыстық сын есімдерде сапалық мән үстем болатындығын, ал жартылай ауысқан қатыстық сын есімдер бірде қатыстық, бірде сапалық мәнде қолданылатындығын мысалдармен дәлелдеген .
Сын есімнің ғылымда танылған бір- ақ категориясы бар. Ол-сын есімнің шырай категориясы. Шырай категориясы бір түрлі сындық белгінің ақиқат өмірде түрлі дәрежеде болуын білдіреді. Мысалы, биігірек, биіктеу, өте биік, біп-биік дегенде биік деген негізгі мағына сақталады, тек қана реңк қосылып, біркелкі сынның әртүрлі дәрежеде көрінуі байқалады. Сондықтан «заттың белгісі я сипаты (түрі, түсі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формапары» деп аталады. Олай болса, бір түрлі белгінің өзінде әр алуан рең болуы шырай категориясының мағыналық құрамының түрлілігін көрсетеді. Бұл түрлі реңк белгі көрсеткіштер арқылы көрініс табады.
Бірақ сын есімнің барлығы бірдей шырай тұлғасымен түрленбейді, яғни кез-келген сын есімге шырай тұлғалары жалғанбайды. Оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, сын есімнің шырай тұлғалары сапалық сын есімдерге жалғанады. Тіптен сапалық сын есімдерге де шырай жұрнақтарының бәрі бірдей жалғана бермейді. Мысалы, «көк» деген сын есімге «шіл» жұрнағын қосып, «көкшіл» деп, шырай мағынасы жасалса, «жасыл»деген сөзге «шыл» жұрнағын қосып, «жасылшыл» деуге болмайды. Немесе сарғыш дегендегі ғыш жұрнағы қызыл, көк, жасыл сын есімдеріне қосылмайды. Олай болса, шырай жұрнақтары «өздерінің еншісіне тиген, белгілі сөздерге жалғана алады. Бұл- қазақ тіліндегі сын есім шырайының ерекшелігі болып табылады.
Сонымен сын есімнің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі біркелкі белгілерін емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын, демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірімен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады . Мысалы, жасылырақ пен жап-жасылдың, үлкенірек пен өте үлкеннің, ұзындау мен ұп-ұзынның мәні де, жасалу жолы да бірдей емес. Осымен байланысты қазақ тілінде шырайлардың бірнеше түрі бар. Бірақ шырай түрлерін топтастыру, жіктеу туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.
А.Байтұрсынов оқулығында шырайдың үш түрі көрсетілген: 1) Жай шырай артық-кем демей, нәрсенің сиқын жай көрсетеді (жуас ат, қызыл шүберект.б.) 2)Талғаулы шырай нәрсе сиқының бірінен-бірі артық-кемдігін көрсетеді, оны көрсету үшін жай сындағы сөзге «-рақ», -рек» деген талғау қосымшалары тіркеледі (жақсы-рақ, зерегі-рек т.б.) 3) Таңдаулы шырай нәрсе сиқы өте артық екендігін көрсетеді. Оны көрсету үшін жай шырайдағы сөздің алдына ең, нақ, тап, тым, бек, қас деген сөздер қосылып айтылады (ең жақсы, тым қорқақ т.б.)
Ал Қ.Жұбановтың 1936 жылғы қазақ тілі бағдарламасында сын есімнің шырайлары жеке тақырып етіп беріліп, шырайлардың жай шырай, кесімді араластырмапы шырай (бірі тура күйде, бірі шығыс жалғаулы күйде болады), салыстырмалы шағын шырай (-рақ, -рек, -лау), жалаң шағын шырай (қызғылт, қаралтым, көтеріңкі, созылыңқы), таңдаулы шырай, дәйек қосылыңқы (өте қысқа), қосақты (қып-қысқа), үстеулі (ұзын-ақ), орта шырай (бір қос, бірсыпыра, бір жөн, едәуір сөздері қосылады) түрлері берілген . Бірақ жоғарыда аталған еңбектерде шырай түрлерінен орын алған жай шырайға қатысты кейінгі еңбектерде басқаша пікірлер де кездеседі.
Қазақ тіліндегі сын есім шырайларын арнайы зерттеген Ғ.Мұсабаев «жай шырай» деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ, сондықтан жай шырай деп атауымыздың өзі қате,-деп есептеп, сын есім шырайын салыстырмалы, бәсең, шағын, күшейтпелі, үдетпелі деп бөлген. Ғалымның жіктеуінше,
1 .Салыстырмалы шырай -рақ,-рек.
2.Бәсең шырай -дау,-деу,-тау,-теу,-лау,-леу.
З.Шағын шырай -шыл,-шіл,-ғыл,-ғіл,-ғылт,-ғыш тұлғалары арқылы.
4.Күшейтпелі шырай -күшейту буыны арқылы.
б.Үдетпелі шырай-күшейткіш үстеулер арқылы жасалады. Осылайша ғалым шырайларды жасалатын тұлғаларына қарай бес түрге бөлген.
1967 жылғы «Грамматикада« бәсең, шағын шырайларды біріктіріп, сын есімнің мынадай 4 түрі берілген:
1. Салыстырмалы
2. Бәсең, я шағын
3. Күшейтпелі
4. Асырмалы.
Кейін ғылымда грамматикалық категорияларды топтауда олардың түрленбей тұрған түрін есепке алатын дәстүр қалыптасты. Бұл дәстүр бойынша етістік негізі өзге туынды тұлғалардың бәріне негіз болады, атау септік те «басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма » деп танылды, яғни олар етістіктің басқа формаларында қандай өзгеріс болғанын немесе қалған септіктердің тұлғаларында қандай ерекшелік бар екенін салыстырып көрсету үшін алынған. Сондай-ақ басқа шырайлардың тұлғаларында қандай өзгеріс болғанын көрсету үшін кейінгі еңбектерде шырайдың жай шырай деген түрі алынған. Шын мәнінде жай шырайдың мағынасында салыстыру жоқ. Жай шырайдың осы ерекшелігін ескере отырып, шырайлардың басқа түрлерін мағына жағынан да, форма жағынан да салыстыратын негізгі форма деп санаған проф. А.Ысқақов оқулығында шырайлар -жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай деген төрт түрге бөлініп, әрқайсысының мағынасы және олардың жасалу жолдары сөз болған. Сондықтан жай шырайдың атауы дәстүр бойынша сақгалған.
Сапыстырмалы шырайға оқулыктарда «бір заттың сынын екінші заттың сынына салыстырып, сол салыстырылған белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді» деген анықтама беріліп жүр. Шындығында салыстыру мағынасы шырайдың басқа түрлеріне де қатысты.
Салыстырмалы шырай-рақ, -рек, -ырақ, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, үлкенірек, үлкендеу т.б. Сонымен бірге -қыл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -аң секілді өнімсіз жұрнақтар да салыстырмалы шырай көрсеткіштері болып саналады. Мысалы, дымқыл, сұрғылт, қоңырқай, қысаң т.б.
Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай күшейткіш буын арқылы жасалады, яғни сын есімнің алғашқы буыны алынады да, оған -п қосылады. Мысалы, қып-қызыл, жап-жақсы, біп-биікт.б.
Заттың сындық қасиетін я тіпті асыра көтеріп, я тым асыра төмендетіп білдіретін шырай түрі асырмалы шырай деп аталады. Бұл терминді проф. А.Ысқақов қолданған. Асырмалы шырай сын есімнің алдында аса, өте, тым(дым), тым-ақ(дым-ақ), тіпті, тіптен, шымқап, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет секілді күшейткіш үстеулер сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, тым үлкен, аса қиын, өте ақылды т.б.
Соңғы шыққан «Қазақ грамматикасында» жай шырайды шырай категориясына жатқызбайды, ал салыстырмапы мен күшейтпеліні бір шырай деп есептеп, шырайдың екі-ақ түрін-салыстырмалы мен күшейтпелі шырайды көрсеткен.
Сын есімнің заттану процесі
Қай тілде болмасын, сөз топтары арасында бір-біріне ауысу, алмасу «процестері болып отыратындығына ғалымдар ертеден көңіл бөлген. Байтұрсыновтың «Тіл-құралында» «сын есімнің кейбіреулері зат есімнің орнына жүреді, мәселен, арзан еттің сорпасы татымас» дегеннің орнына «арзанның сорпасы татымас» деп айтылады. «Арзан еттің» деген екі сөздің орнына «арзан» деген жалғыз сөз жарап тұр. Сондықтан мұндай зат пен сын орнына бірдей жүретін сөздерді зат сын ,-деп атаған, әрі зат-сынның зат есім секілді түрленетіндігі айтылған.
Сын есімнің бұл ерекшелігі кейінгі оқулықтарда да ескерілді. Өйткені сын есімдердің заттық ұғымда қолданылуы-тілімізде жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, Үлкен бастар, кіші қостар. Жақсының шарапаты тиер тар жерде, жаманның кесапаты тиер әр жерде.
Осы сөйлемдердегі үлкен, кіші сөздері үлкен адам, кіші адам дегеннің орнына, жақсының, жаманның сөздері жақсы адамның, жаман адамның дегеннің орнына қолданылып, зат есім секілді түрленіп тұр.
Сын есімдердің осылайша заттық мағынада зат есімге ауысып қолданылуы ғылымда сын есімнің субстантивтену процесі деп аталады.
Сонымен бірге грамматикаларда сын есімдердің заттану процесі біркелкі емес, кейбіреулері бүтіндей заттанып, біржола субстантивтенетіндігі де көрсетілген. Мысалы, сықпа, жайма, шайқор, жүлдегер т.б. Бұл сөздер сындық мағынада да қолданылады: сықпа құрт, жайма нан, шайқор адам, жүлдегер студент.
Осылайша сын есімдердің «әрі заттық, әрі сындық мағына білдіруінің негізгі себебі о бастағы зат есімнің атрибутивті қолданылуымен байланысты. Мұндай қолданыс тілде анықтауыш деп аталатын синтаксистік қызметтегі сейлем мүшесін қалыптастырған, ал бұл синтаксистік қатынастың тұрақтануы тілдің морфологиялық құрылымында сын есімнің дербес грамматикалық топ ретінде қалыптасуына негіз қалады. Қазіргі қазақ тіліндегі жас, бала, кедей, бай, ауру, жүдеу т.б. сөздердің атрибутивтік мәнде орнығуы-осы синтаксистік қолданыстың нәтижесі, «-деп түсіндіріледі.
Сын есімнің синтаксистік қызметі
Сөздерді тапқа бөлудің үшінші ұстанымына сай әр сөз табы сөйлемде белгілі бір қызмет атқарады. Сын есім мағына жағынан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбінесе анықтауыш мүше болады. Мысалы,
Көгілдір көкте қалқиды,
Көк ала бұлттар тек баяу.
Көкпеңбек теңіз шалқиды,
Кеп еді неткен көк бояу. (К.Ахметова)
Осы өлең жолдарындағы сын есімдер зат есім алдында тұрып, анықтауыш болып тұр. Сын есімнің зат есім алдында келіп тіркесуі-тілдегі қалыптасқан заңдылық. Бірақ сөйлемде зат есім түсіп қалып, сын есім орнына қолданылатын кездері де болады, яғни сын есім заттанып қолданылатындығы жоғарыда айтылды. Мұндай жағдайда сын есім зат есімдер секілді түрленеді. Мысалы, Жаманға жақсы сөз өтпес (С.Сарайи). Өнерлінің қапасы нақ, өнерсіздің өкініші жоқ (А.Иүгінеки). Осы сөйлемдердегі жаманға, өнерл інің, өнерсіздің сөздері заттанып, барыс және ілік септіктер тұлғасында тұр.
Сын есімдер заттанған кезде табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде келіп, толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан.
Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, пысықтауыш болады. Мысапы, Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды (М.Әуезов). Мына қып-қысқа хаттан ана көңілінің алаңы анық сезіледі.
Сын есім заттанғанда атау септікте тұрса, сөйлемде бастауыш болады. Мысалы, Жақсылар байқап сөйлер, білімсіздер шайқап сөйлер.
Сын есім жіктік тұлғада тұрып, сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы, Толық айдың сүтіне шомылған түнгі айнала тып-тыныш (Қ.Қазиев). Үйдің іші мұнтаздай тап-таза (С. Бақбергенов).
1. Сын есімнің семантикалық мағынасы
2. Сын есімнің морфологиялық сипаты, синтаксистік қызметі
3. сын есімдерді зат есімдерден, үстеулерден ажырату тәсілдері
4. Сын есмінің семантикасы, сапалық және қатыстық сын есімдер
Әдебиеттер:
1. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары. Алматы, 1961.
2. Мұсабекова Ф. Сын есім, оның қолданылуы. Жинақ. Қазақ филологиясы. Төртінші кітап. Алматы, 1977.44-51б.
3. Исаев С. И тұлғалы қатыстық сын есімдер және сөз тіркесін құраудағы оның ролі туралы. ҚазССР ҒА-ның хабарлары, 1965, 1-шығуы.
4. Шәкенов М. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы. Алматы, 1961.