Саяси партиялар және партиялық жүйе

1. Саяси партия ұғымы және пайда болу тарихы

2. Саяси партиялардың белгілері, типтері, қызметтері

3. Партиялық жүйе ұғымы және жіктелуі

Мақсаты: саяси партиялар және қоғамдық бірлестіктердің, сонымен қатар партиялық жүйенің мәнін ашу, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы құрал ретінде саяси партиялардың ролін түсіну.

1. Саяси партия — өркениеттің маңызды бөлігінің бірі және қалыпты қоғамдық өмір үшін қажетті саяси институт болып табылады. Партиялар қоғамның саяси жүйесінің маңызды элементі. Олар белгілі біртаптың, әлеуметтік топтың қажеттіліктерін, мүддесін, мақсаттарын білдіреді, саяси биліктің жұмыс істеу механизміне белсенді қатысады.

«Партия» термині – (француздың parti, немістің pertei, ағылшынның party, латынның pars сөздерінен шыққан) бөлік, топ деген мағынаны береді. Ресей зерттеушісі З.М. Зотова атап көрсеткендей: «қазіргі заманғы саяси партиялар пайда болғанға дейін бұл термин билік саласындағы немесе билікке ықпал етушілер арасындағы адам топтарының бәсекелестігін білдірді».

Саяси партия – билікті қолға алуға және жүзеге асыруға, халықтың қолдауына ие болуға тырысатын ұлттық және жергілікті деңгейде жұмыс істейтін үздіксіз іс-әрекеттегі саяси ұйым болып табылады.

Көпшілік саяси партиялар салыстырмалы түрде кейіннен пайда болды және олар азаматтық қоғам мен парламенттік конституциялық мемлекеттің дамуының айғағы, өкілдік мекемелердің жұмыс істеуіне негізделден саяси жүйе элементі болып табылады.

Саяси партиялардың қалыптасу тарихында М. Вебердің жіктеуі кеңінен пайдаланылады:

1) аристократиялық үйірмелер, 2) саяси клубтар; 3) көпшілік партиялар.

Аталған үш кезеңді Ұлыбританияның виги (либералды) және тори (консервативті) партиялары ғана жүріп өткен.

Бүгінгі біздің түсінігіміздегі партиялар XIX-XX ғасырдың басында қалыптаса бастады. Партология саласындағы көрнекті американ зерттеушісі Дж. Ла Паломбара партияның төрт ерекше белгісін атап көрсетеді [101]:

Біріншіден, идеологиялық тәртіптегі – барлық партиялар идеологияны таратушы болып табылады немесе нақты көзқарасты, әлем мен адамның болмысын бейнелейді;

Екіншіден, партия – адамдарды ұзақ уақыт біріктіретін ұйым, клиентелдерден (лидер маңындағы топтар) ерекшеленетін институт; партия – ұлттық, аймақтық, аумақтық, тіпті кейде интернационалдық өлшемдегі ұйым;

Үшіншіден, партияның мақсаты – билікті жаулап алу және жүзеге асыру. Плюрипартиялық жүйеде бір партияның билікті жаулап алуы сирек кездеседі, бұл жерде олардың билік функцияларын орындауға қытысуы, партиялық жүйеге енуі туралы айтқан дұрыс;

Төртіншіден, әрбір партия мүшелікке енуден немесе оған белсенді мүшелерді тартуға, яғни халықтың қолдауын қамтамасыз етуге тырысады.

Дж. Ла Паломбараның жүйесі негізінде Кермонн партияға мынадай көзқарас білдіреді: «Партия – белгілі бір мақсаттар бойынша пікірлерді жұмылдыру үшін және билік органдарына қатысу үшін немесе ортақ саяси тенденция аясында біріккен азаматтардың ұйымдасқан саяси күші».

Қазіргі заманғы бұқара ортада жұмыс істейтін көпшілік партиялар XIX ғасырдың екінші жартысында Европада қалыптасты. Олар саяси үйірмелерден қоғамға тұрақты, ұзақ және кең ауқымды саяси-идеологиялық ықпал етуімен, өз қарамына барынша көп мүше тартуымен ерекшеленді және саяси қызмет құралдары: үгіт-насихат, саяси ағартушылық, тәрбиелеу т.б. суырылып шықты.

Алғаш қалыптасқан көпшілік саяси партия 1861 ж. Анлияның либералдық партиясы, 1863 ж. алғашқы көпшілік партия – Жалпы Германияның Жұмысшы Одағы болды. Мұнан кейін батыс европаның көптеген елдерінде көпшілік партиялар құрала бастады. Оған себеп: 1) саясатқа қатысу саласын айтарлықтай кеңейткен жалпыға ортақ сайлау құқығының енгізілуі; 2) жұмысшы табының ұйымдық дамуы, яғни олар парламентте және одан тыс өздерінің мүддесін қорғайтын жұмысшы қауымнан құралғанг бұқара партиялар құрды, саны тез көбейген мұндай партиялардың бір-бірімен бәсекелестігі.

Саяси партияға анықтама беруде көбінде оны – билік үшін күресетін ұйым ретінде қарастыру басым. Бұл анықтаманы нақтылау үшін төмендегіше қорытындылар жасауға болады:

Біріншіден, партия – мемлекеттік билік жүйесіне тікелей бірікпейтін және өз мүшелерін ерікті негізде біріктіретін қоғамдық-саяси ұйым. Аталған мақсаттар баршаға ашық түрде жарияланады және оған қол жеткізу үшін тек қана саяси құралдар пайдаланылады.

Екіншіден, партия халықтың белгілі бір әлеуметтік тобының мүддесін білдіреді немесе соған ұмтылады. Басқаша айтасақ, партия өз мүшелерімен қатар, өзге тұлғалардың да мүдделерін ескеріп, білдірулері тиіс.

Үшіншіден, партия білдіретін мүдделер тар ұйымның ауқымында ғана болмай, жалпы ұлттық сипатта болуы қажет. Бұл партияның қоғамды дамытуға арналған жоспарлары мазмұндалған, айқын тұжырымдалған бағдарламалық мақсаты болу керек дегенді білдіреді. Сондай-ақ, партияның нақты қандай әлеуметтік топтың мүддесі көздеуі жазылғанымен, бұл жоспарда тұтасымен қоғамның мүддесі ескерілуі қажет.

Төртіншіден, толыққанды партия түрлі бөлімдері арасында өкілеттіктері мен міндеттері қатаң бөлінген, бөлімшелері болуы қажет. Партияның құрамында белсенділер, аймақтық бөлімшелер, сайланбалы орталық органдары болуы керек. Сонда ғана «саяси партия» ұғымы саяси өмірге белсене қатысуға бәсекелес, бірақ бұқара саясаттың шынайы субъектілері ретінде мақсаттарын жүзеге асыра алмайтын «ергежейлі» ұйымдардан ерекшеленеді.

Саяси партиялардың белгілері:

— ұйымның өмірінің ұзақ болуы;

— тұрақты жергілікті ұйымдарының болуы;

— билікке ұмтылуы;

— халықтың қолдауына сүйену.

Саяси партиялардың мәні төмендегі белгілерге байланысты қалыптасады:

— партияның әлеуметтік құрамы және базасы;

— партияның жетекшісінің құрамы, мүддесі және мақсаты;

— ұйымның бағдарламасы;

— оның саяси қызметінің объективті бағыттылығы.

Партияның типологиясы:

Саяси жүйедегі орны мен рөліне қарай партиялар билеуші (парламенттік көпшілікті құрап, үкіметті жасақтайды) және оппозициялық (үкіметке қарсы тұратын, оның жүргізіп отырған бағытын сынға алып, қателіктерін, заңның бұзылуын көрсететін) болып бөлінеді.

Партиялардың классикалық жіктелуі М.Дювержьенің «саяси партия» еңбегінде көрсетілген. Ол ішкі құрылымдық және сыртқы құрылымдық партияларды бөліп көрсеткен болатын.

Саяси партиялардың қоғамдағы негізгі қызметтері төмендегіше:

— мемлекеттің саяси дамуының мақсаттарын анықтау, саяси идеологияны жасау және тарату;

— ұлттың және топтардың мүдделерін білдіру;

— саяси элитаны қалыптастыру;

— биліктің заңдық және үкіметтік органдары арқылы өз саяси бағдарламасын жүзеге асыру.

Сонымен бірге тұрақсыз, демократияға жаңа аяқ басқан елдерде саяси партиялар мынандай қызметтерді де атқаруы мүмкін:

— өткір проблемаларды парламентке ұсыну арқылы қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын-алу;

— парламенттегі түрлі саяси күштермен одақтасу арқылы күрделі саяси қарама-қайшылықтарды реттеу;

— қоғамдық санаға демократиялық құндылықтар мен нормаларды енгізу;

— саяси күрестің өркениетті әдістерін қалыптастыру.

2. Қоғамдағы барлық партиялардың жиынтығы партиялық жүйені құрайды. Партиялық жүйе – саяси жүйедегі саяси партиялардың күрес немесе ынтымақтастық механизмі.

Көппартиялық жүйе – мемлекеттік билік үшін бірнеше партиялардың пікір алуандылығын падйлана отырып, саяси билікке ұмтылуын айтамыз.

Екі партиялық – саяси жүйедегі күшті екі партияның саяси билікке кезектесіп келуі. (АҚШ, Ұлыбритания)

Бір партиялық жүйе – қоғамда бір ғана партияның үстемдік етуі. Ол қоғамда бәсекелес партия болмайды. (КСРО, Қытай).

Бақылау сұрақтары:

1. Саяси партиялардың мақсаты не?

2. Саяси партиялар адамдарды неліктен ұзақ біріктіре алу қасиетіне ие?

3. Қазақстанның партиялық жүйесіне сипаттама

4. Қазақстандағы партияларды түрлі критерийлер бойынша жіктеңіз

5. Көппартиялық парламент ғымының мәнін ашыңыз.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *