Жоспар
1. Зат есімнің өте ірі, негізгі сөз таптарына жататын, ол тілдегі сөздердің қомақты тобын қамтумен бірге, грамматикалық құрылысы жағынан да, синтаксистік қызметі жағынан да өте күрделі сөз табы екені.лексика-грамматикалық сипаты.
2. Зат есімнің мағыналық сипаты.
3. Деректі, дерексіз мағыналы зат сімдер
4. Зат есімнің жалпы, жалқы мағынасы. есімдер, олардың семантика-морфологиялық сипаты.
5. Қазақ тілінде зат есімдердің кім? Не? Сұрақтарына жауап беруіне байланысты үлкен екі топқа бөлінуі.
6. Көмекші есімдер
7. Зат есімнің құрылымы.
8. Зат есімнің грамматикалық категориялары және түрлену жүйесі.
Зат есімнің жеке сөз табы ретінде танылуы А. Байтұрсынов еңбектерінен басталады. Оның қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін үйретуге арналған «Тіл-құра» атты үш бөлімнен (үш кітаптан) тұратын оқулығында сөз таптарына қатысты алғашқы мағлұматтар берілген. 1914 жылы шыққан «Тіл-құралда» ол (бірінші жылдық) сөздерді мағынасына қарай зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулық, одағай деп тоғыз сөз табына жіктеп, әрқайсысын тілдік нақты мысалдармен сипаттаған.
Ғалым зат есімге «Сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін атайды. Осындай нәрсенің өзін атайтын сөздерді зат есім дейміз,»- деген анықтама беріп, зат есімнің кім? не? сұрақтарына жауап беретіндігін және бұл сұрақтардың қойылу жүйесін де көрсеткен: «Кім? деп сұраймыз адам туралы. Не? деп сұраймыз басқа заттар туралы.
А.Байтұрсынов «Тіл-құралдың„ (екінші жылдық) 1915 жылғы басылымында зат есімге кеңірек тоқталған, яғни «Заттарды көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері — көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар», — деп екіге бөліп, «Сол деректі ҺӘМ дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім» деген анықтама берген.
Бертінде, 1930 жылдары морфология мәселелері зерттеу нысанына айналып, ғылыми түрде талдана бастады. Бұл жерде қазақ тілі грамматикасының тұңғыш авторы, профессор Қ.Жұбановтың еңбектерінен де сөздерді таптастыру мәселесі, соның ішінде зат есім жеке сөз табы ретінде танылғанын байқауға болады. Қ.Жұбанов жасаған «Қазақ тілінің програмында (1936) сөз таптары жеке тарау етіп көрсетіліп, зат есімнің өзіне тән ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында 20 сағат берілген. Сондай-ақ ғалым «Қазақ емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелер» атты мақаласында зат есімді «заттың өзін көрсететін септік, тәуелдік, көптік, -шы (кәсіп) қосымшаларын ертетін затты ғана анықгап, анықталушы сөзіне жалғасып қана тұра алатын түбір болады “,-деп сипаттаған.
Сөз таптарына қатысты пікірлерді академик Н.Сауранбаев еңбектерінен де кездестіруге болады. Оның 1939 жылы «Халық мұғалімі,, журналында жарияланған «Қазақ тіліндегі сөз таптары және олардың таптастырылуы туралы„ деген мақаласында сөздерді таптастыруды жүйелеу жөнінде ұтымды ойлары бар.
1954 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілі,, атты оқулықта да зат есім жеке сөз табы ретінде қарастырылды. Зат есімге байланысты жүйелі пікір көрнекті ғалым А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі„ (1964,1974,1991)оқулығында кеңінен қамтылды. Осы оқулықта зат есімнің семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері толық сипатталған.
Зат есімге қатысты пікір 1967 жылы шыққан «Қазақ тілі грамматикасында да бар. Ондағы «Зат есім” тарауын С.Омарбеков жазған. Бұл тарауда зат есімнің жасалу жолдары, түрлену жүйелері талданған. Ғалымның талдауындағы бір ерекшелік-қазақ тіліндегі зат есімдерді өзге тілдердің зат есім жүйесінен ерекшелейтін белгілердің бірі-жақтылық және жақсыздық категориясы деп дәлелдеп, «Жақтылық пен жақсыздық категориясы» деген тақырыпша берген. Автор «Лексикалық мағынасы тек «адамды білдіретін зат есімдер ғана жіктеу есімдіктерінің барлық түрімен предикаттық қатынаста айтыла алады, ал зат есімдердің басқа түрлері еш уақыт жіктеу есімдіктерімен предикаттық қатынасқа түсе алмайды «, — дей келіп, зат есімдердің жақтылық пен жақсыздық категориясы дегенді «зат есімдердің жіктелу қасиетінің бар- жоқтығы тұрғысынан ғана алып түсіну қажет,, деген түсініктеме берген. Шын мәнінде, зат есімнің барлығы жіктеле бермейтіндігі, әрі жіктік категориясы зат есімнің категориясына жатпайтындығы ғылымда дәлелденген жағдай. Сол себепті ғалымның қазақ тіліндегі зат есім категорияларының қатарына жақтылық, жақсыздық категориясын енгізуі қолдау таппады. Сондықтан болар 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасы,, авторларының бірі ретінде С.Омарбекұлы «Зат есім тарауын жазғанда бұл тақырыпшаны өзгертіп, зат есімнің жақтылық, жақсыздық категориясы жайлы пікірін кеңейтіп, «үш жақта бірдей жіктелу қабілеті бар адамға байланысты зат есімдерді шартты түрде жақты зат есімдер, ал үш жақта бірдей жіктелу қабілеті жоқ адамнан басқа зат атауларына байланысты зат есімдерді жақсыз зат есімдер деп атасақ болады …бұл жердегі жақты, жақсыз дегенді тек жіктік жалғауымен ғана байланыстыра ұққан абзал „,- дей келіп, бұл мәселені «Адамзат және ғаламзат есімдері» деген тақырыпшамен берген.
Зат есімге байланысты еңбектердің бірі- Ә.Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі зат есім категориясы„ атты оқу құралы. Автордың бұл еңбегіндегі зат есімдерге берілген лексика-семантикалық сипаттамасы, немесе зат есімнің синтаксистік қызметіне, морфологиялық белгілеріне байланысты айтқан тұжырымдары алдыңғы еңбектермен үндесіп жатыр.
Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлуде олардың лексикалық жағы ескеріледі, өйткені жеке лексикалық мағынасы бар сөздер белгілі бір сөз тобына енеді. Мысалы айна, көмір, қасық деген сөздер заттың атын білдіріп, грамматикалық тұрғысынан зат есім болады. «Зат деген ұғым тек күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі жай нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсініктерді де қамтиды,,: тұман, қар, мереке, жолдама, ойпат, шатқал, қуаныш, сағыныш т.б. Олай болса, зат есім лексикалық-семантикалық сипаты жағынан өте кең, ауқымды сө зтабы болып есептеледі. Бұл-зат есімді жеке сөз табы ретінде танытатын бірінші белгісі.
Тіл білімінде сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда грамматикалық белгілер, яғни морфологиялық және синтаксистік белгілер есепке алынады.
Осы тұрғыдан келгенде, алдымен оның құрылымы, екіншіден зат есімге жататын сөздердің өздеріне тән сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары, сонымен бірге зат есімді басқа сөздермен байланыстыратын көптік, тәуелдік, септік жалғауларына сай категориялары бар екендігі ескерілуі тиіс. Сонымен, зат есімдерді морфологиялық жағынан сипаттағанда оның құрылымы, жасалу тәсілдері, түрлену жүйесі, яғни көптік, тәуелдік, септік категориялары талдануы тиіс. Демек, мұның барлығы зат есімді жеке сөз табы ретінде танытатын екінші белгілері болып табылады.
Зат есімдер сөйлемде белгілі бір қызмет атқарып, белгілі топтағы сөздермен тіркеске түседі. Зат есімдер етістіктермен тіркеседі де, сөйлемде тәуелсіз мүше- бастауыш болуы олардың (зат есімдердің) жалпы категориялық мағынасы-заттылық мағынасымен байланысты екендігін аңғартады . Зат есім басқа да сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады, мысалы, атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде объект мәнін білдіріп толықтауыш, ілік септікте тұрып анықтауыш, көлемдік септіктерде пысықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш қызметін атқарады.
Сөйтіп, зат есімнің осындай синтаксистік қызмет атқаруы-оны жеке сөз табы ретінде дәлелдейтін үшінші белгісі болып есептеледі.
Зат есімнің осы үш белгісі сөздерді таптастырудың үш ұстанымына сәйкес келеді. Бұл ерекшелік зат есімнің сөз таптарының ішіндегі ең үлкен, өрісі аса кең сөз табы екендігін көрсетеді.
Зат есімдердің қай-қайсысы да заттық ұғымдарды білдіргендерімен, олар семантикалық жағынан түрліше болып келеді. Мысалы, домбыра, жүзім, алма, орындық тәрізді сөздер көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын деректі зат атаулары болса, мейірім, қайырым, тілек, мүмкіншілік, достық, құпиялық секілдіі сөздер дерексіз (абстракт) заттармен байланысты ұғымды білдіреді.
Бұл жөнінде ғалымдар пікірлерінде бірізділік бар. Мысалы, проф. А.Ысқақов зат есімдерді семантикалық жағынан іштей нақтылық және абстрактілік, жаппылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық деген түрлерге бөлсе , С.Омарбекұлы «Табиғат пен қоғамдық тіршіліктің қыр-сыры қаншалық алуан түрлі болса, олардың бас-басына дерлік атауыш ретінде жұмсалатын тілдегі сөздер де соншалық алуан түрлі. Зат есімдер тікелей сезім арқылы тануға болатын дүниедегі нақтылы нәрселерден (су, жылқы, тағам, жел, дауыл, жейде, тал, терек, у-шу, айқай, қойын, қоныш) бастап, адамның тек ақыл-ой қабілетінің жәрдемі нәтижесінде ғана түсінілетін түрлі абстракт ұғымдардың (наным, шама- шарық, ынсап, нарық, мінез-құлық, кәде-жора, ырым, пікір) аттарын да білдіре алады « ,-дейді.
Сонымен қатар ғалым зат есімнің жалқы, жалпы, жиынтық мәнді, адамзат, ғаламзат есімдер деген түрлерін де атаған. Зат есімдерді семантикалық топтарға бөлуде Ә.Төлеуов нақтылы және абстрактілі, жалқы және жалпы (жинақты, жіктемелі) деген топтармен шектеледі.
Осылайша, ғалымдардың зат есімдерді лексика-грамматикалық жағынан бірнеше топтарға бөліп көрсетулері ол топтардағы зат есімдердің өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқатады. Сонымен зат есімдер адамзат және ғаламзат есімдері, жалпы және жалқы есімдер, көптік мәнді есімдер, эмоциялы-экспрессивтік реңді есімдер, көмекші есімдер деген ірі топтарға жіктеледі.
Қазақ тілінде зат есімдер кім? не? сұрақтарына жауап беруіне байланысты үлкен екі топқа бөлінеді. Зат есімдердің осылай екі топқа бөлінуі басқа тілдердің зат есімдерінен өзіндік ерекшелігі болып табылады. Осымен байланысты А.Ысқақов персондық және бейперсондық деген атаулар енгізді, яғни персондық зат есімдерге кім? деген грамматикалық сұраққа жауап беретін сөздер, ал бейперсондық зат есімдерге не? деген сұраққа жауап беретін сөздерді жатқызды. Ғалым бұл терминдерді «Қазіргі қазақ тілі» оқулығының 1974 жылғы басылымында адамзат есімдері мен ғаламзат есімдері деп өзгертті. Сондай- ақ кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерді өз ішінде тағы да бірнеше мағыналық топтарға бөліп көрсетті:
а) адамға тән атаулар: бөпе, бала, ұл, қыз т.б. ә) туыс атаулары: аға, іні, нағашы, жиен т.б.
б) іс-әрекетпен кәсіп-мамандық иелерінің атаулары: студент, оқытушы, дәрігер, заңгер т.б.
в) әр алуан қызмет баптары мен лауазым атаулары: ректор, әкім, директор т.б.
г) кісі атаулары: Арман, Дәурен, Әлия, Раушан т.б.
Проф. А.Ысқақов не? деген грамматикалық сұрау, әдетте адамнан өзге барлық жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады дей келіп, оларды-деректі я дерексіз заттар мен заттық ұғымдардың атаулары, өсімдік атаулары, ас пен ішімдік атаулары, хайуанаттардың, аң мен құстың атаулары, балық аттары, құрт-кұмырсқа, бақа-шаян аттары, мекен, қопсы, құрал-жабдық атаулары секілді бірнеше түрлерге бөлген.
Ғалымның бұл пікірлерімен келісе отырып, ғаламзат есімдерін өз ішінен жанды заттар атаулары және жансыз заттар атаулары деп, екі мағыналық топқа бөлуге болады. Сонда жанды зат атауларына адамнан басқа кеуд-сінде жаны бар тіршілік атаулары жатады да, жансыз зат атауларына өлі табиғат денелері мен өсімдіктер дүниесіне қатысты есімдер жатады.
Бірақ тілімізде бұл қағидалардан ауытқитын да жайттар кездеседі. Мысалы, егер адам есімдері жер-су, мекен атауына ауысса, соңғы атауға не? деген сұрау қойылады: Алтай- екінші курс студенті. Алтай-кенге бай өлке. Бірінші Алтай сөзіне кім?, екіншісіне не? деген сұрақ қойылады. Ал керісінше, не? деген сұрауға жауап беретін жай ғана жалпы есім кісі аты ретінде қолданылғанда, кім? деген сұрауға жауап береді . Мысалы: бақыт, қуаныш-БақытХасенқызы, Қуаныш Үсенұлы,
Ә.Төлеуов бұдан басқа кім? не? сұрауларының ауысып жұмсалатын мынадай орындарын көрсеткен: «Өзіміз кісі туралы сөйлей тұрсақ та, сөйлемнің мағынасына қарай ауызекі тілімізде, ертегілерде не күлдіргі әңгімелерде ретіне қарай кім? не? сұраулар бірінің орнына бірі ауысып жұмсала береді. Мысал үшін, мен енді кім болдым? деудің орнына, мен енді не болдым? деп, ренжіп айта береді. Бұл жерде әңгіме кісі туралы екенін сөйлемдегі сөздің контекстегі мағынасынан байқаймыз. Мұндай жағдайда не? деп сұрау коя тұрсақта, контекстегі мағынасына қарай, әңгіме кісі туралы екенін аңғарамыз «, — дейді.
Қазақ тіл білімінде зат есімдерді жалпы есім және жалқы есім деп екі топқа бөлу А.Байтұрсынов оқулығынан басталады. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «зат есім екі түрлі болады: біреулері-нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған: жалқы есім. Екіншілері-нәрсенің біріне емес, барлық табына қойылған: жалпы есім»,-дей келіп, жалқы есімдерге- Ахмет, Ашымтай, Ағытай, Қызылжар, Семей, Қырым, Қытай, жалпы есімдерге: кісі, еркек, қапа, дала, ел, жұрт, ұлт, өлке секілді мысалдар келтірген .
Зат есімдерді семантикалық және грамматикалық жағынан осылайша жалпы және жалқы есімдер деп бөлу кейінгі оқулықтар мен зерттеулерде жалғасып келеді. Мысалы, проф. А.Ысқақов жеке я дара заттарға берілген зат есімдерді жалқы есім деп, тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдерді жалпы есімдер деп атаса, Ә.Төлеуов «Кейбір зат есімдер тобы жеке нәрсенің өзіне арнай қойылған атын көрсетсе, кейбіреуі жинақты, жалпылама нәрсенің атын көрсетеді. Мәселен, тау, ағаш, жусан, сексеуіл деген сөздер бірыңғай көптеген заттардың жалпылама аттарын көрсетсе, Асан, Алатау деген сөздер- көптеген заттардың ішінен бөліп алынған жеке нәрсенің арнаулы аты. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай зат есімдер жалқы есім, жалпы есім болып екіге бөлінеді „ -деп сипаттаған. Осы пікірмен үндестікті 2002 жылы шыққан академиялық грамматикадан да кездестіреміз. «Жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздер жалқы есімдер, ал бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді жалқы есім » деп аталған.
Бұдан шығатын қорытынды-зат есімдерді жалпы және жалқы деп бөлуде заттың саны ескерілуі керек. Жалпы есім саны жағынан шексіз. Мысалы: қала-жалпы атау, өйткені қала өте көп. Ал Алматы- жалқы атау, өйткені бір қаланың атауы. Олай болса, «жалқы есімдер — жалпы есімдерден ажырату үшін қойылатын арнаулы атаулар».
Жалқы есімдер өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді. Олардың ішіндегі ең үлкені-кісі аттары мен географиялық атаулар. Осымен байланысты тіл ғылымының екі саласы жалқы есімдердің екі түрін зерттеу нысаны етеді, яғни кісі атауларын зерттейтін сала ономастика деп, географиялық атауларды зерттейтін сала топонимика деп аталады
Сонымен қатар тілімізде саны жағынан сай келмейтін, бірақ жалқы есімдерге жататын басқа да сөздер бар. Бұған газет-журнал, кітап атауларын жатқызуга болады. Мысалы, «Парасат„ журналы, оның таралымы 6000 болса да, мазмұны-біреу, бірақ басқа газет- журналдардан ажырату үшін жалқы есімге жатады.
«Қазақ грамматикасында„ жалқы есімдердің тағы да мынадай топтары көрсетілген:
— аспан, ғарыш әлеміндегі денелердің жеке атаулары (астрономиялық атаулар): Ай, Күн, Үркер, Жетіқарақшы, Ақбозат;
-тарихи оқиғалардың аты: Ақтабан шұбырынды (1723жылғы оқиға), Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдардағы оқиға);
-сәйгүлікке, аңға түсетін құсқа, құмайтазыға қойылған аттар: Тайбурыл, Құлагер, Көкжендет, Бөрібасар .
Жалпы есім мен жалқы есімдерге тән тағы бір ерекшелік- олардың бір-біріне ауысып отыруы. Мысалы: Арман, Жомарт, Болат, Қызғалдақ, Ләззат т.б. адам есімдері бұрын жалпы есім сөздері болғаны, ал алматылық, ақтаулық, тараздық сияқты жалпы есімдер бастапқы жалқы есімдерден жасалғаны белгілі. Бірақ А.Ысқақовтың көрсетуінше, жалқы есімдердің жалпы есімдерге ауысуларынан гөрі жалпы есімдерден жалқы есімдердің жасалуы көбірек кездеседі екен ).
С.Омарбекұлы жалқы есім қатарына жататын сөздер мен жалпы есім қатарына жататын сөздердің өзара бір-біріне ауысып отыру факторын тілдегі омонимдер пайда болуының бір жолы деп қараған . Шындығында да тілімізде мұндай сөздер жиі кездеседі: жібек-(матаның бір түрі)-Жібек (қыздың аты), жұлдыз- (астрономиялық атау)-Жұлдыз (қыздың аты), Қарлығаш-(құстың бір түрі)-Қарлығаш (қыздың аты, әннің аты), раушан-(гүлдің аты) — Раушан (қыздың аты) т.б.
Зат есімдердің семантикалық топтарының бірі-көптік мәнді есімдер. Тілімізде өзі арқылы аталатын заттың біреу емес, жиынын топтап я қамтып атайтын зат есімдер бар екендігі белгілі жайт. Мысалы, шұбат, адыраспан, өрік, күміс, қуаныш секілді зат есімдер көптік ұғымды білдіреді. Сондықтан, ғылымда «затты жеке-даралап атамай, оның жиынын жобамен атайтын зат есімдер көптік мәнді есімдер ,, деп аталады. Олай болса, көптік мән деген ұғым заттың санымен байланысты екенін көруге болады. Бірақ көптік мәнді есімдер заттың санын дәл атамайды, сол заттың саны көп екендігін байқатады, яғни бұндай есімдердің лексикалық мағынасының өзінде көптік мән бар, тек қана тұлғасы жекеге ұқсайды. Мысалы, шаш, дән, кітап деген зат есімдер арнайы грамматикалық көрсеткіші болмаса да, көптік мәнді білдіреді.
Проф. А.Ысқақов көптік мәнді есімдерді мынадай түрлерге бөледі:
1. Сұйық заттардың атаулары: айран, боза, шай т.б.
2. Газ тектес заттардың атаулары: азон, бу, түтін т.б.
3. Уақ, ұнтақ заттардың, ұйысқан заттар мен бытыранды, таранды, үгітінді заттардың атаулары: ұн, шаң, тозаң, бетеге т.б.
4. Дерексіз ұғымдарды білдіретін заттардың атаулары: айла, алғыс, ақыл, дау т.б.
5. Өздігінен табиғи бөлшектенбейтін кесек заттардың атаулары: алтын, қола, құрыш т.б.
б.Жаратылыс құбылыстарының атаулары: боран, жаңбыр, қар т.б.
Осы топтарға жататын зат есімдердің барлығы да ешбір грамматикалық көрсеткішсіз семантикалық жағынан көптік ұғымды білдіретін сөздер. Сондықтан да бұл сөздер осындай семантикалық жөне грамматикалық ерекшеліктеріне қарай зат есімдердің жеке бір тобы ретінде, яғни көптік мәнді есімдер ретінде танылып жүр.
Кейбір жеке сөздердің мағынасының өзінде көптік ұғымның болуы көне жазба ескерткіштертілінде де кездеседі. Мысалы, жылқы (жылқы), барым (мүлік, дүние) тәрізді сөздер қолданылуына қарай жекелік те, көптік те ұғым берген.
Сондай-ақ табиғи жұп болып келетін зат есімдер де (көз, құлақ, аяқ, қолғап, етік, сырға, кебіс, бәтеңке т.б.) көптік мәнді зат есімдер қатарына жатады.
Сөздерді таптастырудың үшінші ұстанымына сәйкес зат есім сөйлемде белгілі синтаксистік қызмет атқарады. Сондықтан оқулықтарда зат есімнің синтаксистік сипаты өз алдына сөз болып, зат есімнің сөйлемнің барлық мүшелері де бола алатындығы көрсетіліп келеді .
Семантикалық жағынан негізінен заттық ұғымды білдіретіндіктен, зат есімнің ең негізгі және ең басты қызметі-бастауыш пен толықтауыш болу. Мысалы, Ат-адамның қанаты, Ас-адамның қуаты. Күн жаңа ғана көтеріліп келеді. Дөң басы қазіргі уақытта өзгеше көңілді(М.Әуезов). Еңбек ерлікке жеткізеді. Ерлік елдікке жеткізеді.Күйші қарт домбырасын екпіндете шертті (Ә.Сәрсенбаев).
Осы сөйлемдердегі ат, ас, күн, дөң басы зат есімнен жасалған бастауыштар да, ерлікке, елдікке, домбырасын-толықтауыштар.
Зат есім барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің бірінде келіп, мекендік, мезгілдік мағыналарды білдіріп, пысықтауыш болады. Мысалы, Төреші жап-жас қазақ балуаны. Мұқанды күрес алаңына алып жүрді (М. Тәнекеев). Күзде аянбай еңбек етсең, қыста қысылмайсың (Ә.Табылдиев).
Зат есім анықталатын сөздің алдында келіп, анықтауыш та болады. Мысалы, Факультеттің студенттері жазғы сессияны ойдағыдай тапсырды.
Жіктік тұлғалы, сондай-ақ 3-жақ нөлдік формалы зат есімдер сөйлемнің баяндауышы болады. Мысалы, Мен-баласы даланың, Кең далама тартып туған баламын(М.Әлімбаев).
Қуат алған өзінен, Туған елдің ұлымын.
Бақытты етіп өсірген Отанымның гүлімін (А.Сәрсенов).
Зат есім осылайша сөйлем құрамында келгенде негізгі қызметі -бастауыш пен толықтауыш болғанмен, анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыш қызметінде де жұмсалады. Затесімнің синтаксистік қызметі соңғы кезге дейін осы тұрғыда сипатталып келді.
Қазақ тіл білімі де басқа ғылым салалары секілді жетіліп, жаңа белесте ғылыми табыстарға ие болуда. Сондай белестің бірі- сөз тіркесі синтаксисі синтаксистің дербес саласы болып оқытылуы. Осымен байланысты 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасында» зат есімнің синтаксистік қызметін сипаттағанда оның сөз тіркесіне қатысы да ескерілген. Сондықтан академиялық грамматикада сөз тіркесінің басыңқы сыңарының қандай сөз табынан жасалатындығына қарай есімді сөз тіркесі, етістікті сөз тіркесі болып екі топқа бөлінетіндігі айтыла келіп, сөз тіркесінің осы екі тобының екеуіне де ортақтығы бар сөз табының бірі-зат есім екендігі нақты тілдік мысалдармен дәлелденген. Бұдан зат есімнің сөз тіркесі құрамында да синтаксистік қызмет атқаратындығы байқалады. Бұл ерекшелік грамматикада нақты мысалдармен көрсетілген:
— меңгеріле, матаса байланысқан есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болады. Мысалы, алтын сақа, білгенге маржан, Омардың ұлы.
— етістікті сөз тіркесінің құрамында келген зат есімдер негізінен меңгеріле байланысқан тіркесінің бағыныңқы сыңарының қызметін атқарады. Мысалы, базарға кетті, базарды аралады, базарда жүр т.б.
1. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты.
2. Адамзат және ғаламзат есімдері, ерекшеліктері.
3. Жалқы және жалпы есімдер, олардың семантика-морфологиялық сипаты.
4. Көптік мәнді білдіретін зат есімдер
5. Эмоционалды-эксперссивті мәнді зат есімдер.
6. Зат есімдердің құрылымына қарай жалаң және күрделі болып бөлінуі
7. Зат есім тудыратын жұрнақтар
8. Зат есімнің реңк мәнін тудыратын жұрнақтар
9. Зат есмінің көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулармен түрлену жүйесі
10. Зат есмінің синтаксистік қызметі
Әдебиеттер:
1. Нұрғалиев М. Көптік жалғау туралы. Алматы, 1973.
2. Данияров А. Қазіргі қазақ тілінде көптік категориясының берілу жолдары. Тіл мен әдебиет мәселелері. Алматы, 1963.
3. Оралбаева Н. Зат есімнің көптік категориясы. Қазақ тілі мен әдебиеті,1959.
4. Оралбаева Н., Балтабаева Ж. Түркологиядағы атау септік проблемесы. Қаз ССР ҒА хабарлары. Филология сериясы. 1982.
5. Нұрмағамбетова Ә. Дағдыдан тыс тәуелдік жалғау. «Қазақстан мектебі» журналы, 1971, №7,95-96 б.
6. Мұсабекова Ф. Қазақ тіліндегі септік жалғауының берілу мағыналары. Алма-Ата, 1968.