Грамматикалық форма мен грамматикалық категория

Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар ( жалғау, жұрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.

       Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категория деген ұғым, бір жағынан, грамматикалық мағынамен де, грамматикалық формамен де байланысты, екінші жағынан олардан күрделі болып келеді.

        Грамматикалық категория грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Қайткен күнде де грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғану, түрлену жүйесімен, соған лайық олардың грамматикалық мәнімен, сөйлеу процесінде сол сөздердің атқаратын қызметімен, басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да , грамматикалық категорияларды тілдік деңгейге қатысты шартты түрде морфологиялық категория және синтаксистік категория деп бөлуге де болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіруі мәнді ( слово изменительные ) морфологиялық категориялар және топтау я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп те бөлу дәстүрі бар.

       Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық ( морфологиялық ) категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалық ( морфологиялық) категория бола бермейді. Кейбір сөз табында ( мысалы, сан есім, есімдік, үстеу, т.б.) грамматикалық категория атымен болмауы мүмкін, өйткені бұлар ( бұл сөз таптарына енетін сөздер) белгілі парадигмалық жүйемен өзгермейтін, грамматикалық, тұлғалық түрлері жоқ сөздер болып келеді. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім, сын есім және етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан- мөлшер ( көптік) категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салт-сабақты етістік ( немесе салттылық – сабақтылық ) категориясы, етіс категориясы, болымсыз етістік (болымдылық – болымсыздық ) категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік ( жақ ) категориясы.

1. Қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар.

2. Грамматикалық мағына және оның түрлері.

3. Грамматикалық форманың берілу тәсілдері.

4. Грамматикалық категория және оның өзіндік белгілері.

5. Грамматикалық тәсілдер және оның түрлері.

Әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Грамматикалық мағына жән грамматикалық форма. «Қазақстан мектебі» журналы, 1961. №4, 60-66

2. Ысқақов А.Грамматикалық категория туралы. «Қазақстан мектебі»журналы,1961.№8, 39-45 б.

3. Ысқақов А. Сөздің грамматикалық жағынан даму мәселелері. «Қазақстан мектебі» журналы, 1962. №7.

4. Оралбаева Н. Сөздерді қосымшасыз қолданудың сыры. Кітап: Сөз өнері. Алматы, 1978, 21-28 б.

5. Исаев С. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігі және нольдік тұлға туралы, Қазақстан мектебі, №8, 1976.

6. Исаев С. Қазіргі қазақ тліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. Алматы, Ана тілі, 1992. 8-40б. 48-58б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *