Грамматикалық тәсілдер

Грамматикалық мағыналар, сөздердің арасындағы әр түрлі қатынастар тіл-тілде түрлі-түрлі грамматикалық құралдар, амал-тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағыналарды, сөздердің арасындағы әр түрлі қатынастарды білдірудің жолы грамматикалық тәсіл деп аталады.

 Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым белгілі бір мағына типтерінің ( түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негізіндегі жиынтығы, тобы болып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Міне грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдары деп аталады.

        Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол – сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып, жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың ( формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс ( пристафка ) қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі ; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі, супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі , жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі ( мысалы , алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған ) негізгі сөз бен көмекші сөздің ( көмекші етістік, шылау, т.б) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес, бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *