Жоспар
1. Үстеу-сөз табының бірі, оның семантикалық сипаты
2. Дара және күрделі үстеулер
3. Үстеу сөздердің мағынасына қарай мезгіл, мекен, мөлшер, сын-бейне, күшейту, мақсат, себеп-салдар, топтау үстеулері болып бөлінетіндігі
4. Үстеулердің сөйлемдегі қызметі
Ең бір күрделі, әрі даулы сөз таптарының бірі -үстеулер. Сондықтан да тілде үстеулер мәселесі назардан тыс қалды деуге болмайды. Бұл жайында айтылған пікірлер мен бірнеше ғылыми зерттеулерді кездестіреміз. Үстеулер мәселесі өткен ғасырдағы түркі тілдеріне арналған грамматикаларда көрініс тауып жүрді. Мәселен, үстеулер туралы пікірлер И.Гиганов, М.А.Казембек, Г.М.Мелиоранский, А.М.Щербак, А.Н.Харитонов, А.Н.Кононов, И.И.Мещанинов, А.Н.Боровков, Н.А.Баскаков еңбектерінен орын алды.
Ал қазақ тілінде көрнекті ғалым А.Байтұрсынов үстеу сөздерді о баста шылау сөздердің құрамында демеу, жалғаулық, одағай сөздерінің қатарына қосып, оған: «… сөз үстіне қосылып сөздердің мағынасын толықтыратын сөздерді үстеу дейміз»-деген анықтама береді. Ғалым кейінірек үстеуді жеке сөз табы ретінде бөлек атап, оған былайша анықтама береді: «Үстеу дейміз-сын есім, сан есім, есімдік, етістік сөздерді толықтыру, күшейту үшін айтылатын сөздерді» . АБайтұрсынов үстеуді бес мағыналық топқа бөледі. Олар: 1) нықтаулық; 2) сынаулық; 3) өлшеулік; 4) мезгілдік; 5)мекендік.
Профессор С.Аманжолов «Үстеу дегеніміз — істің қимылын, белгісін, мезгілін білдіретін сөз»-деген түсінік береді . Ғалым оларды қызметіне қарай екі топқа бөледі: «етістікпен тіркесетін етістік үстеулер және есімдермен тіркесетін есім үстеулер». С.Аманжолов етістік үстеулерге қолма-қол, дәл, кеше, бүгін т.б. үстеулерді жатқызса, ал есім үстеулерге орасан, тым, тіпті т.б. сөздерді жатқызады .
Үстеу туралы арнайы еңбек жазған — профөссор А.Ысқақов. А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер» атты еңбегі бар. Бес тараудан тұратын бұл еңбектің I тарауында үстеулердің зерттелуі мен оқытылуы, II тарауда үстеулердің сөз табы ретіндегі өзіне тән белгілері, сын есім мен үстеудің ортасында жүрген аралық сөздер мен үстеу құрамындағы кейбір кенерген қосымшалардың қолданылуы қарастырылған. III тарауда үстеудің мағыналық топтарына тоқталса, IV тарауда үстеулердің морфологиялық белгілерін, туынды үстеулердің жасалу жолдарын, үстеудің шырай формаларын, үстеу жасайтын басқа да сөз таптарының қызметі туралы сөз етеді. V тарауды «үстеулер синтаксисі» деп атап, оны үш салада қарастырады: 1) үстеулердің сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалуы, 2) үстеулердің басқа сөз таптарымен тіркесу дәрежесі, 3) үстеулердің сөйлемдегі орны. Ғалым біріншіден, үстеулердің сөйлемде пысықтауыш, анықтауыш, баяндауыш қызметте жұмсалатынын дәлелдейді. Екіншіден, үстеулердін басқа сөз таптарымен тіркесу қабілеті қандай деген сұраққа олардың етістіктер, сын есімдер, есімдіктер және зат есімдермен тіркесін атайды. Сондай-ақ үстеулердің мағыналық топтарының аталған сөз таптарыньің қайсысымен тіркесе алатынына да тоқталады, А.Ысқақов үстеулердің сөйлемдегі орны туралы былай дейді: «үстеулер сөйлемде көбінесе пысықтауыш пен анықтауыш қызметін атқарып, өзі қатысты болып тұрған сөздің алдында тұрады».
Үстеуді арнайы зерттеген ғалымдардың бірі — Е.Саурықов. Е.Саурықов «Адвербиалдану процесінің құрылымдық-семантикалық сипаты» тақырыбында кандидаттық диссертация жазды. Онда үстеу сөз табының лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық белгісі, синтаксистік қызметі сияқты белгілерін жалпы түркі тілдерінің материалдары негізінде сипаттайды. Еңбекте үстеулердің пайда болуы мен тарихы қалыптасу жолдарын диахрондық әдіспен зерттеу нәтижесінде олардың тілдік жүйедегі орны, даму деңгейі көрсетіледі
Үстеулер мәселесін арнайы қарастырған — Ә.Ыбырайым. Ол үстеулердің тілдік қолданысқа байланысты ішінара морфологиялық өзгерістерге ұшырау құбылысының грамматикалық ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Жалпы үстеу сөз табының бойында болып жатқан әр түрлі лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік қасиеттері туралы ғылыми түсінік береді. Ғалым сондай-ақ үстеулердің барлық есім сөз таптарына тіркесе беретіндігін жан-жақты дөлелдейді .
Сөздерді таптастыру ұстанымдарына сай, лексика-семантикалық сипатына, морфологиялық белгісіне, синтаксистік қызметіне қарай бөлінетін сөз таптарының бірі — үстеу.
Үстеулер — қимылдың, іс-әрекеттің мекенін, мезгілін, жай-күйін, мақ-сатын, сын-бейнесін, себебін білдіріп, грамматикалық жағынан түрленбейтін сөздер. Кеше ғана шуақ өріп жамырап, Тірлік біткен қалып еді жадырап (М.Мақатаев). Қарағым-ай, бұл өмір осылай өтеді екен, Сүймесе дүние бекер екен (Ш.Сариев). Берілген мысалдардағы кеше, осылай сөздері үстеу болып табылады. Осы сөйлемдердегі кеше сөзі қимылдың мезгілін білдіріп, қашан? деген сұраққа жауап берсе, осылай сөзі қимылдың сын — бейнесін білдіріп, қалайша? деген сұраққа жауап беріп тұр. Үстеулердің ішінде бірде үстеу, бірде септеулік шылау болып қолданылатын сөздер бар. Ондай сөздерге мынадай сөздер жатады: бері, кейін, соң, бұрын т.б. бұл сөздер амал-әрекеттің мезгілін, мекенін т.б. белгілерін білдірсе ғана үстеу болады.
Үстеулерді көпшілік ғалымдар түрленбейтін сөз табы деп қарастырса, кейбір ғалымдар оларды аз түрленетін сөз табы деп таниды.
Сөйлемде пысықтауыш қызметінде жұмсалатын есімдер мен көсемше тұлғалы етістіктер бар, бірақ олар үстеулер емес. Бұл туралы А.Ысқақов: «.. қимылдың белгілері пысықтауыш мүше ретінде қолданылатын басқа есім сөздер мен етістік формалары (мысалы, көсемшелер) арқылы да білдіріледі. Бірақ белгілі жағдайда ғана пысықтауыш болып қызмет атқаратын ондай есім сөздер мен етістік формалары өздерінің бастапқы қасиеттерін жоймайды. Осы себептен пысықтауыш мүше болған сөздердің барлығы бірдей үстеу болуы шарт емес» — дейді .
Үстеу сөздер іс-әрекеттің, қимылдың мезгілін, мекенін, сын — бейнесін білдіретіндіктен негізінен етістіктермен тіркеседі. Бірақ үстеу сөздердің есім сөздермен тіркесі де тілімізде жиі кездесетін құбылыс деуге болады.
Үстеудің сөз табы ретіндегі бір белгісі — оның лексика-семантикалық сипаты. Үстеу амал-әрекеттің әр алуан мезгілдік, мекендік, мөлшерлік, сындық, себептік. мақсаттық сипаттарын білдіреді. Осымен байланысты, олар мынадай мағыналық топтарға бөлінеді: 1. Мезгіл үстеулері. 2. Мекен үстеулері. 3. Мөлшер үстеулері. 4. Сын-қимыл (бейне) үстеулері. 5. Күшейткіш үстеулер. 6. Мақсат үстеулері. 7. Себеп-салдар үстеулері. 8. Топтау үстеулері.
1. Мезгіл үстеулері амалдың, іс-әрекеттің жүзеге асу мезгілін, уақытын білдіріп қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеулері аса көп. Мезгіл үстеулерге мына сөздер жатады: бүгін, ертең, қазір, биыл, енді, таңертең, кешке, күндіз, кеш, қыстай, жаздап, қыстыгүні, жаздыгүні, әзірше, жаңа, кеше, бұрын, ерте т.б.
— Бүгін шелпек нан пісіртіп, ағаңа тие берсін қылдыртып едім (Б.Майлин). Ділдә кетуге ыңғайланып тұрып: -Ертең біздікіне келесіз бе? -деді (Бұл да). Бұрын ішіп көрмеген нәрсесі болса да, бай тартына алмады, ішпесе қонағының көңіліне келетін секілденді (Бұл да).
Мезгіл үстеулер құрамы жағынан негізгі, туынды түбір және күрделі түбір болып бөлінеді. Негізгі үстеулерге бұрын, ерте, қазір, кеш, кеше сияқгы морфемаларға бөлшектеуге келмейтін сөздер жатады.
Ал туынды үстеулер басқа сөз таптарынан сөзжасамдық жұрнақтар жалғану арқылы жасалады:
1. -ша (- ше) жұрнақгары арқылы: бүгінше, әзірше, биылша.
2. Көлемдік септіктердің көнеленуі арқылы жасалған мезгіл үстеулер: жазда, қыста, күнде, түнде, бағанадан, бүгіннен, әуелден, таңертеңнен, ертемен т.б.
3. Күрделі үстеулерге бүгін (бұл күн), биыл (бұл жыл), әуел баста, бүгін — ертең, бұрын-соңды, ала жаздай, таң сәріде, жаз бойы сияқты бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы жасалған сөздер жатады.
2. Мекен үстеулері қимыл-әрекеттің орнын, мекенін білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулері мыналар: алға, артқа, артта, жоғары, темен, әрі, бері, кері, ілгері, әрмен, тысқары, осында, мұнда, әрі-бері, жол-жөнекей, жолшыбай т.б.
Мекен үстеулер де құрамына қарай негізгі, туынды, күрделі түбір үстеулер болып бөлінеді.
Негізгі мекен үстеулеріне жоғары, төмен, әрі, бері сияқты морфемаларға бөлшектенбейтін сөздер жатады.
Туынды мекен үстеулер сөз тудыратын жұрнақтар мен көлемдік септікгердің көнеленуі арқылы жасалады.
Туынды мекен үстеулерінің жасалу жолдары:
1) -қары (-кері ), -ғары (-гері) жұрнақтары арқылы: ілгері, ішкері, тысқары, сыртқары т.б.
2) Көлемдік (барыс, жатыс) септіктердің көнеленуі арқылы жасалған мекен үстеулері: алға, артқа, артта, жоғарыда, мұнда, төменде т.б.
Күрделі түбір мекен үстеулері негізінен сөздердің қосарлануы арқылы жасалады. Мәселен, жол-жөнекей, әрі-бері т.б.
3. Мөлшер үстеулері амалдың, қимылдың мөлшерін, көлемін білдіріп, қанша? қаншама? қаншалықты? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулерге мына сөздер жатады: онша, сонша, оншалық, соншалық, мұншама, едәуір, бірқыдыру, анағұрлым т.б.
Тоқты желініп, үйдің жатқанына едәуір уақыт болған (Б.Майлин). Мөлшер үстеулердің барлығына жуығы туынды үстеулер, мөлшер үстеулері негізгі түбір бола алмайды.
Мөлшер үстеулер құрамына қарай туынды және күрделі болып бөлінеді.
Мөлшер үстеулері -ша (-ше); -шама (-шалық; -дайлық) жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, онша, мұнша, мұншама, соншама, осымшама, мұншалық, соншалық, осыншалық, мұндайлық, ондайлық, сондайлық т.б.
Күрделі түбір мөлшер үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы, анағұрлым, недәуір, неғұрлым, бірталай, бірен-саран, азды-көпті т.б.
4. Сын-қимыл үстеулері қимылдың сан алуан бейнесін, орындалу амалын білдіріп, қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Сын-қимыл үстеулеріне мына сөздер жатады: бірден, тез, жылдам, бірте-бірте, лезде, әрең, үиемі, қолма-қол, менше, құсша, емін-еркін, ақырын, шалқасынан, оқыс, дереу, зорға, қапыда, өзінше, ерекше, ретімен, жүрісінен, жасырын, бірден, бір жола, шала-пұла, бетпе-бет, жападан-жалғыз т.б.
Құрамына қарай негізгі түбір, туынды түбір, күрделі түбір қимыл-сын үстеулері болып бөлінеді.
Негізгі түбір үстеулерге тез, әзер, дереу, оқыс, үнемі сияқты морфемдік жағынан бөлшектенбейтін сөздер жатады.
Туынды түбір сын-қимыл үстеулерінің жасалу жолдары мынадай:
1) -ша (-ше) жұрнақтары арқылы: қазақша, орысша, ауызша, жазбаша, қысқаша т.б.
2) -шаң (-шең) жұрнақтары арқылы: қөйлекшең, етікшең т.б,
3) -лай (-лей), -дай (-дей) жұрнақтары арқылы: жартылай, шикілей, тікелей, осылай т.б.
4) Көлемдік септіктердің көнеленуі арқылы: бірге, зорға, оқыста, лезде, шалқасынан, кенеттен, жайымен, ретімен, кезекпен, шынымен т.б.
Күрделі түбір сын-қимыл үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.
1) Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сын-қимыл үстеулер: ауызекі, бір жола.
2) Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған сын-қимыл үстеулер: қолма-қол, бетпе-бет, бостан-босқа, жападан — жалғыз т.б.
5. Күшейткіш (күшейту) үстеулер заттың сындық белгісін, қимыл, іс-әрекеттің сапасын, мөлшерін, көлемін күшейтіп я болмаса солғындатып көрсету үшін қолданылады. Күшейткіш үстеулер қашан? қандай? деген сұрақтарға жауап береді. Күшейткіш үстеулерге ылғи, кілең, тіпті, нақ, нағыз, нық, әбден, мулде, өңкей, дәл, керемет, орасан, қабағат т.б. сөздер жатады.
Өте сөзі қазақ тіліне қатысты оқулықтарда, грамматикаларда күшейткіш үстеу құрамында қаралып жүр. Бірақ ғылымда ол туралы басқа да пікірлер кездеседі. Мәселен, 1986 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» деген еңбекте профессор Н.Оралбаева былай деп жазады: «Өте сөзі қазақ тілінің грамматикаларында күшейту үстеуінің тобына жатқызылады. Бұны үстеу деп тану оның лексикалық мағынасын тануды талап етеді, оның бірлі — жарым етістіктермен тіркесте қолданылатыны рас: өте асықты, өте ұрысты, өте кейіді, өте мақтады. Күшейту үстеулері етістіктерді таңдап және олармен өте сирек тіркеседі, бул үстеудің табиғатына қарсы келеді, ал үстеудің негізгі тіркесетін сөз табы — етістік. Күшейту үстеулерінің етістікпен тіркесінде көңіл бөлерлік бір жағдай бар» . Ғалым өте қатты асықты, өте қатты ұрысты, өте қатты кейіді, өте қатты мақтады деген қолданыстар барын тілге тиек ете келіп, бунда өте сөзі сын есімнің алдында тіркесіп тұрғанын айтады. Күшейткіш сөздердің бұлай қолданылуын олардың алғаш етістікпен тіркеспегендігін көрсетеді деп дәлелдейді. Шынында, үстеулердің күшейткіш деп аталып жүрген кейбір түрлерін үстеуге жатқыза қою қиын. Сондықтан оларды күшейткіш көмекшілер деу қажет.
6. Мақсат үстеулері қимылдың мақсатын білдіреді. Мақсат үстеулерге жататын сөздер сан жағынан көп емес. Олар: әдейі, жорта, қасақана. Мысалы, — Әдейі істедің провалды, тұра тұр, саған көрсетермін провалды!-деп айқай салды (Ш.Жиенқулова).
7. Себеп-салдар үстеулері қимылдың себебін, нәтижесін білдіреді.Себеп-салдар үстеулері не себепті? неге?деген сұрақтарға жауап береді.
Себеп-салдар үстеулер құрамы жағынан туынды түбір болып келеді. Олар көлемдік септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалады. Мысалы, бекерге, босқа, текке, амалсыздан, шарасыздан, лажсыздан.
8. Топтау үстеулері қимылдың жасалуының топтық сипатын білдіреді. Топтау үстеулері нешеден? қаншадан? деген сұрақгарға жауап береді. Топтау үстеулеріне жататын сөздер төмендегідей: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен т.б.
Топтау үстеулері морфологиялық құрамына қарай туынды түбір және күрделі туынды түбір болып келеді.
Топтау үстеулерінің жасалу жолдары мына төмендегідей: 1) -лап (-леп), -дап (-деп), -тап (-теп) жұрнақтары арқылы жасалады: екеулеп, көптеп, аздап, қостап т.б.
2) Қосарлану арқылы жасалады: он-оннан, топ-тобымен, бір-бірлеп, қос-қостап т.б.
Үстеу — морфологиялық жағынан алғанда аз түрленетін сөз табы. Бұл оның морфологиялық ерекшелігі болып табылады десек те, үстеулер қандай сөзге тіркессе де өз формасын өзгертпейді.
Тілдік құрылыстағы болып жатқан өзгерістер үстеулерге де әсерін тигізбей қалған жоқ. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулердің сөйлемдегі қызметіне қарай көптік, септік, тәуелдік жалғауларын қабылдап заттанып, кейде жіктік жалғауын қабылдап, предикаттық қызмет атқаратынын кездестіруге болады. Бұл айтылғандардан үстеулер өзінің үстеулік мағынасынан мүлде алшақтап кетеді деген ұғым тумауға тиіс. Үстеулер өзінің семантикалық мағынасын сақтайды, олар белгілі бір контексте ғана заттық немесе предикаттық мағына береді.
Ғылымда үстеудің түрленуі туралы пікірлер әр түрлі. Мәселен, ғалым Ә.Төлеуов үстеулердің көпшілігін түрленбейді деп, оның себебін былайша түсіндіреді: «Үстеулердің көбі түрленбейді, өйткені олар көне септік формалар қосылуынан жасалған сөздер: бірге, босқа, текке, абайсыздан, лажсыздан, түнде, қырынан, кенеттен т,б.».
Соңғы уақыттардағы зерттеулерге қарағанда үстеулер барынша молынан түрленетін сөз табын құрап отыр. Мәселен, ғалым Ә.ЬІбырайым: «Морфологиялық жағынан еш түрленбейді деп келінген үстеу сөздер қазіргі қазақ тілі мен түркі тілдерінде коммуникативтік қызметі мен мағынасына қарай түрлі формаларға ие болып қолданылып жүр. Мәселен, кейбір үстеулердің сөйлемдегі қызметіне қарай көптік, тәуелдік, септік жалғауларын қабылдап заттанып, жіктік жалғауын қабылдап предикаттық қызмет атқаруы көркем әдебиет пен баспасөз беттеріндегі тілдік сөз қолданыстарда жиі кездесетін процесс болып отыр» — деп жазады .
Үстеудің пысықтауыш қызметінде жұмсалуы. Үстеудің ең негізгі синтаксистік қызметі — сөйлемде пысықтауыш болу. Сөйлемде үстеулер қашанда өздерінің пысықтайтын сөздерінен бұрын тұрады. Үстеулердің ішінде орын талғамайтындары да бар. Сондай орын талғамайтын үстеулердің бірі — мезгіл үстеулері. Мезгіл үстеулері баяндауыштан басқа мүшелерді пысықтаса, онда пысықтайтын мүшенің алдынан келеді. Ал баяндауышты пысықтаса одан алшақ тұра береді.
Үстеу қимылдың, амал-әрекеттің әр алуан сын бейнесін, белгісін білдіреді. Осымен байланысты мекен, мезгіл, сын-қимыл, мақсат, себеп пысықтауыш бола береді. Үстеу мен үстеу, я үстеу мен зат есім тіркесіп келіп күрделі пысықтауыш болады. Мысалы, Құр кимелеудің зардабын тартқан жұрт енді еппен етіп жатыр (Ғ.Мүсірепов). Таң қараңғысында еркек атаулы жұмысқа кетеді (С.Мұқанов). Жоғары-төмен үйрек, қаз ұшып тұрса сымпылдап (Абай). Алынған сөйлемдерде еппен сын-қимыл пысықтауыш болып тұрса, таң қараңгысында мезгіл пысықтауыш болып, жоғары-төмен мекен пысықтауыш ретінде жұмсалып тұр.
Үстеудің бастауыш қызметінде жүмсалуы. Үстеулер субстантивтеніп бастауыш қызметінде жұмсала береді. Нөлдік тұлғада көптік жалғаулары арқылы субстантивтеніп бастауыш болады. Кей жағдайда көмекші сөздермен тіркесіп бастауыш қызметін атқарады. Еріншектің ертеңі бітпес (мақал). Бүгін деген қорқыныш пен үміттің екіұдай аралығы (Ә.Кекілбаев).
Үстеудің баяндауыш қызметінде жұмсалуы. Үстеулер сөйлем соңында жіктеліп баяндауыштың қызметін де атқарады. Мысалы, Киім формасы өзгешелеу екен өзінің (КТоқаев). Мен сенімен біргемін (Ғ.Сланов).
Үстеудің толықтауыш кызметінде жұмсалуы. Үстеулер заттанып тура толықтауыш та, жанама толықтауыш та бола алады. Тура толықтауыш қызметінде жай септікпен бірге тәуелдеулі септік формасында да жұмсала береді. Мысалы, Азын-аулақ қазақшаны дадалбарлайтын болған (М.Әуезов). Жанама толықтауыш болып барыс, шығыс және көмектес септіктерінде келе береді. Мысалы, Соншаны көріп, біліп келіп, ішке тығып тастағандай едіңіз (Бұл да).
Үстеудің анықтауыш қызметінде жұмсалуы. Зат есіммен, сын есіммен тіркесіп, анықтауышта болады. Мысалы, Осынша орысшаны қайдан үйреніп жүрсіз (Т.Ахтанов).
1. Үстеу туралы жалпы түсінік
2. Туынды үстеулер, оларды тудыратын жұрнақтар
3. Көнеленген септік формалары арқылы туған туынды үстеулер
4. Күрделі туынды үстеулер, жасалу жолдары
5. Үстеудің мағынасы қарай түрлері
6. Үстеулердің синтаксистік қызметі, зерттелуі
Әдебиеттер:
1. Искакова А. Наречие в казахском языке. Алма-Ата, 1960.
2. Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы, 1982, 108-112 б.
3. Ахметов Ә., Жүнісбекова К., Оразбаева Ф. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар. Морфология. Алматы, Республикалық баспа кабинеті, 1998.