Біздің елдің болсын, шетелдердің қоғамтану ғылымдарында болсын ұзақ жылдар бойы үлкен саяси қопарылыстар тұрсын, өткір қайшылықтар, терең дағдарыстар болса, мемлекеттің қалыпты, ойдағыдай дамымағандығы, жетілмегендігі, ауруы болып саналады. Ол үшін мемлекет тұрақты, тепе-теңдік жағдайында бірқалыпты дамуы керек сияқты болып көрінді. Сондықтан тұрақтылық қоғамның негізгі мақсаттарының, құндылықтарының бірі саналатын.
Ал, шын мәнінде, бұл дұрыс түсінік емес еді. Себебі, қоғамда әр түрлі топтар, таптар, жіктер болатындығы туралы өткен тарауларда айтқан болатынбыз. Олардың өзіндік мақсат-мүдделері, талап-тілектері, арман-аңсарлары, мұқтаж-қажеттіктері болады. Олар, сөз жоқ, сәйкес келе бермейді. Осыдан келіп араларында айырмашлықтар пайда болады. Олар дер кезінде шешілмесе, шиеленістерге, жанжалдарға айналады. Шиеленіс деп әрбір қарсы жақты қолайсыздыққа ұшыратып, істі насырға шаптыратын қарама-қарсы мүдделердің, пікірлердің, көзқарастардың қайшы келуін, елеулі келіспеушілікті, өткір таласты айтады.
Шиеленіске адамзат өте ертеден-ақ көңіл аударған. Мысалы, б.з.б VII-VI ғасырларда қытай фәлсафашылары дүниедегі нәрселердің бәрінің қозғалыс көзі оң (ян) және теріс (инь) бастаулардан тұрады деп есептеді. Ежелгі грек фәлсафашысы Гераклит заттар мен құбылыстардың дамуы қарама-қарсылықтардың күресінен туады деді. Макиавелли қоғамдық процестердің дамуында қайшылықтардың пайдалылығын атап көрсетті.
Саяси шиеленістер теориясына әсіресе көп көніл бөлген-марксизм. Маркс пен Энгельс «Коммунистік партияның манифесінде»: «Ерікті мен құл, патриций мен плебей, помещик пен крепостной, мастер мен кіші мастер, қысқасы, езуші мен езілуші бірімен- бірі ылғи антагонист болып, бірде жасырын, бірде айқын түрде үздіксіз күресіп келеді, бұл күрес әрқашан бүкіл қоғам тұрмысын революциялық түрде қайта құрумен немесе күресуші таптардың жалпы жойылуымен тынып отыратын» деген. Олар тап күресі таптық қоғамдардың дамуының заңдылығы және қозғаушы күші деп есептеді.
Осы ғасырдың 50 жылдарында американдық Льюис Козер әлеуметтік шиеленістерге құндылықтар, мәртебе, билік, қаржы-қаражат үшін күресті жатқызды. Мұндай көзқарас Батыс саясаттарында кең тараған.
Американың әлеуметтанушысы Кеннет Баулдинг «шиеліністің жалпы теориясын» жасады. Оның ойынша, әлеуметтік шиеленістің мәні адамның калыптық реакциясына байланысты. Қандай кикілжің болмасын, тітіркендіргіштік, қоздырғыштардың әрекеттері арқылы реакцияларды, құндылықтарды, жеке адамдардың құштарлықтарын өзгертуге болады. Соның арқасында қоғамдық құрылыс түбірімен өзгеріске ұшырайды.
Қазіргі кезде қоғамдағы шиеленістер көптеген ғалымдардың назарын аударуда. Сондықтан осы мәселемен арнайы айналысатын конфликтология деген ғылым пайда болды. Ол мейрімсіздікке, төзімсіздікке, озбырлыққа әкелетін, қоғамды бүлдіріп, тығырыққа тірейтін саяси шиеліністердің шығу заңдылықтарын біліп, реттеу жолдарын іздестеріп, оның алдын алуға бағытталады.
Әлеуметтік шиеленістердің бірнеше себептері бар. Ең бірінші, жалпы себебіне адамдардың теңсіздігі жатады. Себебі әркімнің қоғамдағы мәртебесі, қызметі, билікке қатынасы әр түрлі. Біреулер билік етеді, екіншілері оларға бағынады, дегендерін істейді. Дарендорф: «Бұл қайшылық әрқашан болған және бола бермек, сондықтан Маркстің коммунистік қоғамда таптар, дау-дамайлар болмайды деуы бекер сөз» дейді.
Шиеленістің екінші себебіне қажеттілік, мұқтаждықтың, талап-тілектің өтелмеуі немесе қанағаттандырғысыз өтелуі жатады.
Үшіншіден, адамдар өздерін белгілі бір әлуметтік, этникалық, діни, т.б. бірлестіктердің мүшесіміз деп санайды. Бұл олардың өмірдегі орнын айқындайды және өздерінің жағдайын басқалардан төмен сезініп мүдделеріне қысым жасалды деп ұғады.
Батыстың көптеген саясатшылар шиеленістер (төртінші) себебін адамның санасынан іздейді. Мысалы, жеке адам мен қоғамдық құндылықтар туралы түсініктері сәйкес келмеуі, өмірден адам бір нәтижені күтуі, шындығында басқаша шығуы, адамдардың өзара түсініспеушілігі, олардың ішкі сезімдерінің жетілмегендігі, т.т
Әлуметтік шиеленістер сан алуан келеді. Олар мемлекеттер, ұлттар, жұмысшылар мен әкімшілік басшылары, ері мен әйелі және т.с.с арасында кездеседі.
Қазір көбінде шиеленістерді дер кезінде шешуге тырысады. Оның екі жолы бар.
1.Шиеленісті мәмілеге келу арқылы бейбіт жолмен шешу. Мәмілеге деп дау-жанжалға қатысушы жақтардың өзара кешірімділік білдіріп, ымыраға келуін айтады. Онда екі жақ бірін-бірі ұғынысып, өзара кешірімділік жасап, ортақ келісімге келуге тырысады.
2.Зорлық негізінде бітістіру, келістіру.Мұндай жағдай бір жақтың күші айтарлықтай басым болғанда, екінші жақ жеңілгенде немесе оны толық жойып жібергенде туады.
Екі жақты татуластырудың кең тараған түрі- келіссөздер. Ол арқылы қарсы жақтың пікірі, дәлелдері белгілі болады, күштің арақатынасы айқындалады, келісімнің шарттары анықталады. Дағдарыс жағдайынан шығу үшін оның мәнін ерекшеліктерін, әлеуметтік негізін және т.б. зерттеп білген жөн.
Дегенмен, шиеленіс болған соң одан қайткен күнде де шығу керек. Ол азаматтық келісім негізінде шешілуі тиіс. Оның екі жолы бар. Біріншісі-араздық, жаулық, күдіктілік қалпын бұзып, сенім жағдайын туғызу. Екіншісы-барлық деңгейде адамдардың қарым-қатыныс тетіктерін қалыптастыру. Зорлық зорлықты тудырады. Сондықтан одан аулақ болып, өркениетті жол іздеген абзал.