Демократиялық мемлекеттің ең бірінші түріне Афины республикасы жатады. Ол б.з.б 5-ғасырда пайда болды. Онда жоғарғы билік ұдайы шақырылып тұратын халық кеңесінің қолында еді. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты барлық мәселелерді шешетін. Мысалы, оған басқарушы қызмет адамдарын сайлау және олардың жұмысына бақылау жасау салық мөлшері және мемлекеттік қаржы қаражатты жұмсау тәртібі, соғыс ашу және келісімге келу, одақдастарды айқындау, басшылардың іс -әрекеттерін айыптау немесе ақтау және т.с.с. жататын. Халық кеңесіне 20 жасқа жеткен афинылық әрбір азамат қатыса алатын. Саясатқа қатынасу оның бірден-бір лайықты ісі болып саналады. Бірақ онда толық құқықты азаматтар көп болған жоқ. Құлдардың, әйелдердің, басқа қалалардан Афиныға көшіп келгендердің мұндай құқығы болмады. Көшіп келгендердің жеке бастары бос болғанымен халық кеңесіне, сотқа қатыстырылмады, мемлекеттік қызметтерге сайланбады. Олар тек мемлекетке сіңірген ерен еңбегінің, асқан зор қызметінің арқасында ғана ондай дәрежеге жететін. Толық құқықты азаматтар көп болса, оларды басқару қиынга түседі деп, ондайлардың санын аса көбейтпеді.
Халық кеңесімен қатар демократиялық жолмен сайланатын бесжүздік кеңесі де болды. Ол атқарушы орган ретінде күнделікті басқару мәселелерімен шұғылданды. Сонымен бірге ол халық кеңесінде қаралатын істерді дайындады.