Қозғалтқыштардың механизмдері мен жүйелері

Автомобильдерде қолданылатын дизельді қозғалтқыштар мынандай механизмдер мен жүйелерден құралады: қосиінді-бұлғақты және газ тарату механизмдері, қоректендіретін, майлайтын, суытатын жүйелер және оталдыратын қондырғы.

Қосиінді-бұлғақты механизм ілгері-кейінді бағыттағы түзу сызықты қозгалысты айналмалы қозгалысқа түрлендіру қызметін атқарады. Бұл маханизм сақиналы мойынтіректерден, мойынтіректері бар бұлғақ пен оның саусағынан, тірек мойынтіректері бар иінді біліктен, бір блокқа біріктірілген цилиндрлер блогынан, цилиндрдің үстін жауып тұратын цилиндрлер бастиегінен және тегершіктен кұралған. Цилиндр ішінде қымтағыш және май сыдырғыш сақиналары бар піспек ілгері-кейінді бағытта қозғалыс жасайды, ал цилиндрдің басында газ тарату механизмі орналасқан. Сол арқылы цилиндрдің піспекпен шектелген көлемі сыртқы ауамен қатынас жасайды.

Піспек саусақ арқылы бұлғақтың жоғары басымен козғалмалы етіп жалғасады, ал бұлғақтың төменгі басы иінді біліктің иінті мойнына сырғанау мойынтірегі арқылы бекітіледі. Сондықтан, бұлғақ саусақ және иін бойында қозғала алады және ол жұмыс кезінде күрделі қозғалыс жасайды. Оның жоғарғы басы піспекпен бірге ілгері-кейінді бағытта, ал төменгі басы иінді білікпен бірге айналмалы қозғалысқа келеді. Иінді білік цилиндрлер блогына тірек мойынтіректері арқылы бекітілген және оның артқы басына ернемек арқылы тегершік орнатылады. Жұмыс кезінде иінді білік айналмалы қозғалысқа келеді де, өзінің иіндері арқылы бұлғақпен жалғасқан піспекті жоғары-төмен қозғайды. Оның иіндеріне түсетін күш өзгеріп отырады. Яғни жанған газ қысымы піспек арқылы иінді білікке берілген кезде күш көбейеді, ал газды цилиндрден шығарған кезде азаяды. Сонымен, иінді білік түсетін күшке байланысты әр түрлі үдеумен қозғалады. Үдеуі айнымалы осы қозғалысты тұрақтандыру үшін тегершік қолданылады.

Қосиінді-бұлғақты механизмнің бөлшектерін қозғалатын және козғалмайтын бөлшектер деп екі топқа жаткызуға болады. Қозғалмайтын бөлшектерге цилиндр, ал қозғалатын бөлшектерге піспек, бұлғақ және иінді білік топтарының бөлшектері жатады. Сонымен қозғалтқыштардың қосиінді-бұлғақты механизмдері мынандай бөлшектер тобынан құралады: цилиндрлер — тобы, піспек тобы, бұлғақ тобы және иінді білік тобы.

Цилиндрлер тобы – піспектің әрі-бері козғалысы кезінде бағыттаушы қызметімен коса, оның ішінде процесстер жүру үшін кажетті көлем жасап тұрады. Піспек тобының бөлшектері цилиндр мен аралыктағы козғалуға қажетті болатын саңылауды неғұрлым тығыз бітеп, цилиндр ішінде жүретін процестерге байланысты газ қысымын қабылдау кызметтерін атқарады. Бұлғақ тобының бөлшектері піспек пен иінді білікті жалгастырып, піспекте пайда болған газ қысымының күшін иінді білікке жеткізеді, ал керек болғанда иінді біліктегі күшті піспекке жеткізеді. Сөйтіп, піспектің түзу сызықты қозғалысын, иінді біліктің айналмалы козғалысына ауыстыру кызметін атқарады. Иінді-білік тобы бұлғақтан келген күштің әсерінен өзі айналмалы қозғалысқа келеді де, сырттағы трансмиссия аркылы жүргізетін дөңгелектерді айналдырады.

Қозғалтқыштың жұмыс тактысына байланысты цилиндрді ашып немесе жауып отыру кызметін газ тарату механизмі атқарады. Газ тарату механизмі клапандардан, жұдырықты біліктен және қозғалтқыш механизмінен құралады.

Жұдырықты білік жұмыс кезінде иінді білік арқылы қозғалыс алады да айналып тұрады. Оның бойындағы жұдырыкшалар, өзімен жанасып тұрған итергішті ілгері-кейінді қозғалыска келтіреді. Ондай қозғалысты қозғалткыш механизмі клапандарға жеткізеді. Қозғалтқыш механизмі итергіштен, штангадан, күйентеден кұралады. Күйенте ортасы оське бекітілген екі иіннен тұрады. Күйенте иіндерінің бір жағы штангаға, екінші жағы клапанға тіреледі. Жұдырықша итергіш арқылы штанганы жоғары қозғаған кезде күйентенің екінші басы клапанды төмен басып оны ашады. Ал жұдырықша итергіштен өтіп кеткеннен кейін клапан серіппесі барлық механизмді алғашқы қалпына қайтарады.

Газ тарату механизмі, қосиінді-бұлғақты механизмнің жұмысына сәйкес, цилиндр ішінде жүретін процесстерді баскарады. Сору барысы кезінде цилиндр ішіне жану қоспасын (карбюраторлы) немесе ауаны (дизельде) кіргізеді. Ол үшін сору клапанын ашады. Қысу, жану, ұлғаю процесстері кезінде цилиндр ішін сыртпен қатыстырмай, жауып ұстап тұрады, ал шығару барысы кезінде, шығару клапанын ашып, жанган газды сыртқа шығарып жібереді. Осы аталған қызметтерді атқару үшін газ тарату механизмі негізгі екі топтан түрады. Олар клапандар тобы мен оларға козғалыс беретін жетек тобы. Ал осы бөлшектер тобының орналасуына байланысты газ тарату механизмі бірнеше түрге бөлінеді. Олар көбінесе клапандардың орналасуына байланысты, жоғарғы және жандық газ тарту механизмдері болып бөлінеді.

Қозғалтқыштың қоректендіру жүйесі оны жұмыс істеуіне қажетті ауамен және жанар маймен қамтамасыз ету қызметін атқарады. Оның құрылысы қозғалтқыштың түріне қарай өзгеше жасалады.

Карбюраторлы қозғалтқыштарда жану қоспасы сыртта, арнаулы қондырғыда жасалып, содан кейін ғана цилиндр ішіне сору барысы кезінде жіберіледі. Ал дизельді қозғалтқыштарда сору барысы кезінде цилиндр ішіне жеке ауа сорылып алынады да қысу барысының соңында оған арнаулы жоғары қысыммен жұмыс істейтін құралдар арқылы сұйык жанар майды бүркіп кіргізеді де жану қоспасын түзеді. Осыған байланысты қозғалтқыштарды кейде жану қоспасын іштей (дизельді) немесе сырттай (карбюраторлы) дайындайтын қозғалтқыштар деп түрлендіреді. Қозғалтқыштың қоректендіру жүйесі бір-бірінен бөлек жасалған ауа және жанар май жүйелерінен тұрады.

Ауа жүйесіне ауа тазартқыш пен сору түтіктері жатады. Ауа тазартқыш қозғалтқыш ішіне сорылатын ауаны шаңнан мүқият тазартады. Тазарған ауа сору түтіктері бойымен сору клапаны арқылы цилиндр ішіне кіреді. Кейбір қозғалтқыштарда кіргізу тактысы кезінде ауаны қысыммен айдап кіргізеді. Сол үшін арнаулы турбокомпрессорлар қолданылады. Ондай қозғалтқыштарды трубокомпрессорлы қозғалтқыштар деп атайды. Бұл кезде де ауа мұкият тазартылады.

Жанар май жүйесі цилиндр ішіне жануға керекті отынды үлкен қысыммен бүркіп береді. Цилиндр ішіне жанар май сығу тактысының соңында, қысылған ауаның температурасы жанар майды тұтандыратындай дәрежеге жеткен кезде беріледі. Бұл кезде ауаның қысымы жоғары болғандыктан (шамамен 3-4 ΜΠа) жанар майды да үлкен қысыммен (12-17 ΜΠа) береді. Үлкен қысыммен берілген жанар май шашырайды да ұсақ түйіршіктерге айналып, ауамен араласады. Ауамен араласқан жанар май қоспасын жұмыс қоспасы деп атайды. Мұндай қоспа қысылған ауаның температурасы әсерінен тез тұтанады. Сөйтіп, жылу бөліп шығарады.

Осы жоғарыдағы көрсетілген қызметті атқаратын жанармай жүйесі бактен, ішінара тазарту және мұкият тазарту сүзгілерінен, қосалқы қол сораптан, жоғары қысымды сораптан, бүркігіштен тұрады және олар өзара ретпен жұмыс істетеді. Бактағы жанар май қосалқы қол сорабының (помпаның) көмегімен ішінара тазарту сүзгісі арқылы сорылып алынады да, кесек заттардан тазартылады. Сорылып алынған жанар май ірі және майда заттардан мұқият тазартылады. Енді ол жоғары қысымды сорапқа беріледі. Сорап оны қатты қысады да бүркігішке жеткізеді. Үлкен кысымның көмегімен бүркігіш инесі көтеріледі де оның тесігі арқылы жанар май цилиндр ішіне шашылады. Жоғары қысымды сорап жанар майды қысумен бірге оны цилиндрге мөлшерлеп беру қызметін атқарады, яғни қозғалтқыштың жұмыс жүктемесіне қарай жанар майды көбейтіп немесе азайтып береді.

Қозғалтқыштың майлау жүйесі қозғалатын бөлшектердің араларындағы үйкелісті азайту қызметін атқарады. Бөлшектер аралығындағы үйкелісті азайтпаған жағдайда олар қатты қызады және тозып кетеді. Сондықтан, үйкелетін екі бөлшек аралығына майлайтын сүйық жіберіледі. Мұндай жағдайда үйкелетін екі бөлшек бір-бірімен жанаспайды да, майлайтын сұйык арқылы қозғалады. Сөйтіп, үйкеліс күші азаяды.

Үйкелетін бөлшектерді майлаудың үш түрлі тәсілі бар. Олар үйкеліс ауданына майды жеткізу тәсіліне байланысты қысыммен майлау, шашып майлау және аралас тәсілмен майлау болып түрленеді. Қысыммен майлау тәсілін қолданғанда, үйкелетін екі бөлшек аралығына май қысыммен беріледі, ал оған керісінше шашып майлау кезінде майды өз еркімен ағызып немесе шашып жеткізеді. Кейбір механизмдерде майды қысыммен беру мүмкін емес, ал шашып беру үйкелісті азайтуды қамтамасыз етпейді. Осындай механизмдерде аралас тәсіл қолданылады, яғни кейбір бөлшектерді қысыммен, қалғандарын шашып майлайды. Трактор қозғалтқыштарының майлау жүйесінде осындай аралас тәсіл қолданылады.

Трактор қозғалтқыштарының майлау жүйесі қысым тудыратын сораптан, оны тазалайтын және суытатын қондырғылардан құралады. Май қоры картерд поддонында сақталады. Қысым тудыратын сорап үшін шестернялы сораптар қолданылады. Оның білігі қозғалтқыштың иінді білігінен қозғалыс алады. Тазартқыш қондырғылар екі бөліктен тұрады. Оның бірі ірі тазартқыш, ал екіншісі майда тазартқыш болады. Ірі тазартқыштың негізгі жұмысшы мүшесі сүзгіден жасалған. Сүзгі тесіктерінен өткен май өзімен ілескен қоспаларды қалдырып кетеді. Ал мұқият тазарту үшін реактивті центрфугалар қолданылады. Оның тесігінен қысыммен өткен май реактивтік күш тудырады да оны үлкен жылдамдықпен айналдырады. Осы кезде оның аралығындағы майда қоспалар ортадан тебетін күштің әсерінен қабырғасына жабысады, ал тазаланған май майлау жүйесіне беріледі.

Салқындау жүйесі. Іштен жанатын жылу қозғалтқыштарында жанар май бөліп шығарған жылудың барлығы дерлік жұмысқа айналмайды. Себебі жану және үлғаю процесстері кезінде жанған газ қозғалтқыш бөлшектерімен жанасатындықтан, жылудың бір бөлігі осы бөлшектерге беріледі. Ал жылудың бөлшектерге берілу құбылысын мүлде болдырмауға болмайды. Өйткені олардың температурасы жанған газ температурасынан бірнеше есе аз. Олай болса жылудың төменгі температурадағы бөлшектерге ауысуы табиғи заңдылық. Қозғалтқыш бөлшектеріне берілген жылу, олардың температураларын біртіндеп көтере береді. Егер сол жылуды бөлшектерден алып кетпесе, онда олар өте жоғарғы температураға дейін қызып, өздерінің физикалык, механикалық қасиеттерін нашарлатады, яғни олардың қаттылығы, беріктігі, тозуға төзімділігі нашарлап, өте ұлғаюдың салдарынан алғашқы дәлдікпен қойылған мөлшерлері өзгеріп кетеді. Оның үстіне, оларға жағылатын май қабаттары күйіп, олардың беттерінде күйе түзеді де барлық жұмыс процесстерінің бұзылуына себебін тигізеді.

Салқындау жүйесі құрылысына қарай сумен және ауамен салқындату жүйесі болып екіге бөлінеді. Олардың бірінші түрінде бөлшектердегі жылуды су арқылы, ал екіншісінде ауа арқылы сыртқы атмосфераға тасымалдайды. Осыған байланысты олардың құрылыстары да әр түрлі болады.

Сумен суытатын жүйеге қозғалтқыштың су көйлегі, сорап, термостат, радиатор, желдеткіш және оларды өзара жалғастыратын түтіктер жатады. Қозғалтқыштан бөлініп шыққан артық жылу су «көйлегіндегі» суға беріледі. Радиатор қабырғалары жұқа түтікшелерден жасалған. Оған келген су сол түтікшелерге таралады да олардың кабырғаларына жылуын береді. Ал ол түтікшелердің аралықтарынан желдеткіш арқылы сырттан ауа сорылады, бұл ауа түтікшелерін салқындатады. Сөйтіп, радиаторда салқындаған су енді қайтып қозғалтқыштың су көйлегіне келеді. Осылайша су қозғалтқыш бөлшектеріндегі артық жылуды ауаға таратып жібереді. Бұған қосымша бұл жүйеге термостат қойылады. Соның көмегімен қозғалтқыштың температурасын тұрақты мөлшерде ұстап тұрады. Қозғалтқыштың салқын кезінде су жейдесіне бағыттайды да, тек қызғаннан кейін ғана радиаторға жібереді.

Ауамен салқындататын жүйенің құрылысы сумен салқындататын жүйеге қарағанда қарапайым болады, яғни желдеткіштен және ауа бағыттағыш қалқандардан ғана құралады. Қозғалтқыштың су жейдесінің орнына салқындатқыш қабырғалар жасалады. Осы қабырғаларды желдеткіштен келген ауа салқындатады. Бірақ бұл жүйенің салқындату қабілеті онша жоғары емес, сондықтан, кейбір маркалы тракторларда ғана қолданылады.

Тұтандыру жүйесі. Қозғалтқышты жұмысқа қосу үшін алдымен оның білігін айналмалы қозғалысқа келтіру керек. Себебі, цилиндр ішінде жұмыс тактылары рет-ретімен іске асырылуы керек, яғни ауа сорылып, қысылуы қажет. Ол үшін иінді білік оталдырғыш қондырғының көмегімен айналдырылады. Оталдырғыш қондырғылар жұмыс принциптеріне қарай негізгі екі түрге бөлінеді. Біріншісінде қозғалтқышты оталдыру үшін іштен жанатын карбюраторлы қосалкы қозғалтқыш, ал екінші түрінде тұракты тоқпен жұмыс істейтін электр қозғалтқышы (стартер) қолданылады. Оталдырғыш қондырғылардың қосымша үш түрікездеседі: тұтқа арқылы қолмен оталдыру; қысылған ауамен және сұйтылған газбен.

Қозғалтқыштардың жалпы кұрылысында, олардың түрлеріне қарай аздаған өзгешеліктері болады. Ондай өзгешеліктер тек оны құрайтын механизмдер мен жүйелерде кездеседі. Жалпы барлық қозғалтқыштарды кұрайтын механизмдер мен жүйелер ортақ болады. Сондықтан, карбюраторлы немесе дизельді қозғалтқыштардың құрылысын бірге қарастырып, кездесетін өзгешеліктерге жеке талдау жасалады.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *