7.1. Қорғалған топырақ ғимаратын электрлік жылыту тәсілдері
7.2. Температураны реттеу
7.3. Топырақтағы зиянкестерге қарсы күресудің электр-термиялық тәсілдері
7.4. Қауіпсіз эксплуатациялау ерекшеліктері
7.5. Көкөніс қоймаларына арналған электр-термиялық жабдықтар
7.1. Қорғалған топырақ ғимаратын электрлік жылыту тәсілдері
Өсімдіктер мен олардың көшеттерін жылыжайлар мен көшетжайларда өсіруде температураның маңызы зор келеді. Жылыжайлар мен көшетжайларда мынадай үш түрлі жылыту тәсілі пайдаланылады: топырақты жылыту, ауаны жылыту және топырақ пен ауаны жылыту. Осы тәсілдердің ішінде тиімдісі топырақты және ауаны жылыту тәсілі. Көшетжайларда ауа көлемі аз болғандықтан кейбір жағдайларда тек топырақ жылытылады.
Жылыжайлар мен көшетжайларды электрлі жылытудың басқа тәсілдерге қарағанда мынадай артықшылықтары бар: температуралық режимді өте дәл реттеуге болады; жылытуға, қосымша жарықтандыруға және автоматтандыруға энергияның бір түрі пайдаланылады; еңбек шығыны азаяды.
Оңтүстік аудандарда көшетжайларды жылытуға электр энергиясы кең пайдаланылады. Сумен жылытуға қарағанда электрлі жылытуда энергия шығыны аз, көшеттердің сапасы жоғарылайды және өнімі 10…15 % көбейеді. Бұл көрсеткіштерге жылыту үрдісін өте жоғары автоматтандыру нәтижесінде жетуге болады. Көшетжайларды электрлі жылытуға шығындалынған қаражат 3…4 жыл аралығында қайтарылады.
Пластмассалық қабыршақпен жабылған (қорғалған) көктемдік жылыжайларда топырақ пен ауаны электрлі жылыту қолданылады. Қысқы жылыжайларды электрлі жылыту тек электр энергиясы арзан аудандарда (қуатты электр станциялары бар аудандарда) пайдаланылады.
Жылыжайлар мен көшетжайларды жылытуға әр түрлі электр термиялық қондырғыларды пайдалануға болады (7.1 — сурет).
Қазіргі уақытта жылыжайлар мен көшетжайларды электрлі жылытуға элементті жылыту тәсілі кең қолданылады. Қыздырғыштың түріне және оны монтаждау тәсіліне орай элементті жылыту бірнеше түрге бөлінеді. Ауа мен топырақты элементті тәсілмен жылытуда қыздырғыш элементтер диаметрі 2,5…8 мм оқшауламасыз мырышпен қапталған болат сымнан немесе ПОСХВ, ПОСХП, ПОСХВТ маркалы жылытқыш сымдардан дайындалады. Топырақты жылытатын қыздырғыш элементтер мынадай құрылмалық түрде орындалады: өңделген топырақтың астына төселген құмды қабатта орнатылған асбест-цемент немесе қыш түтіктердің ішімен тартылған; өңделген топырақтың астында төселген құмды қабаттың ішіне тікелей орналастырылған; өңделген топырақтың астында төселген асфальт-құйматас монолиттің немесе плиталардың ішімен тартылған.
Сурет-7.1. Жылыжайлар мен көшетжайларды электрлі жылытуға пайдаланылатын тәсілдерді топтастыру
Ауаны жылытуға арналған қыздырғыш элементтер жылыжайлар мен көшетжайлардың құрылыстық құрылмаларына оқшаулауыштар көмегімен ілінеді немесе тартқыш арқан сымға бекітіледі. Жылытқыш сымдар тікелей немесе асбест-цемент түтіктердің ішінде тартылуы мүмкін.
Топырақты жылытуға диаметрі 50…150 мм, ал ауаны жылытуға диаметрі 50…75 мм асбест-цемент немесе қыш түтіктер пайдаланылады.
Көшетжайларды жылытуға оқшауламасыз сым пайдаланғанда қызмет көрсетушілерді электр тогымен зақымдау қауіптігін төмендету үшін сымдарды арнайы түтіктер (асбест – цемент, қыш) ішімен тартады немесе сымдар үстіне экрандық металл тор салады, сондай-ақ қыздырғышты төмендетілген кернеумен қоректендіреді. Түтікті жылыт-қыштарда қыздырғыш элемент ретінде диаметрі 2,5…4 мм мырышпен қапталған болат сымдар пайдаланылады. Түтікті жылулық оқшаулама ретінде қолданылатын қазан қоқысының үстіне төселген құмды қабаттың ішіне орналастырады (7.2, а — сурет). Түтіктерді бір-бірімен муфталар көмегімен жалғайды.
Жалғанған жерлерді цемент ертіндісімен сылап саңылаусыздандырады. Сым түтікке тиіп тұрмауы үшін оқшауламалық тіректік дисктер үстімен тартылады.
Көшетжайларды үстінде экрандық металл тор орналастырылған оқшауламасыз сымдармен жылытқанда, болат сымды құмды қабаттың ішінде ирек-ирек қылып төсейді (7.2ә — сурет). Сымның үстіне қалыңдығы 15…20 см топырақ қабат салады. Оның үстіне экрандық метал тор төселінеді. Торды электр торабының нөлдік сымына қосады. Содан кейін өңделген топырақ қабаты салынады. Бұл тәсілде жылылық қыздырғыш элементте және сыммен экрандық тор аралығында өтетін ток әсерінен топырақта да бөлінеді. Тәсілдің кемшілігі – металл шығынының көптігі.
Сурет-7.2. Электрлі жылытылатын көшетжайлардың құрылысы:
а — түтікті қыздырғыш элементтермен жылытылатын; ә — құмды қабат ішінде төселінген жылытқыш сымдармен; 1 — көшетжайдың қабырғасы; 2 — ауаны қыздыру элементі; 3 — топырақты қыздыру элементі; 4 — монтаждау оры; 5 — өткінші ор; 6 — экрандық тор
Көшетжайларды оқшауламасыз сымдармен төмен кернеуде жылыту үшін 280/12…42 В арнайы төмендеткіш қосалқы станциялар пайдаланылады. Қыздырғыш элементі ретінде беті қыздыруға төзімді лакпен қапталған диаметрі 4…8 мм болат сым қолданылады. Көшетжайда сымды жоғарыда берілген тәсілмен төсейді. Бұл тәсілдің кемшілігі – төмендеткіш қосалқы станция пайдаланғандықтан көп қаражаттың қажеттілігі.
Асфальт – құйматас монолитпен немесе плиталармен жылытылатын көшетжайлардың жылу энергиясын шоғырлап жинайтын қабілеті жоғары келеді (7.3, а — сурет). Олар топырақты біркелкі жылытуды және жеткілікті электр қауіпсіздігін жеткілікті деңгейде қамтамасыз етеді. Жылытқышты мына тәртіппен даярлайды. Жер бетіне қалыңдығы 20 см қазан күл қоқысын төсейді. Оның үстіне құм себеді. Құмның үстіне асфальт-құйматас (88 % құм, 12 % битум) құяды. Оның бетіне диаметрі 2…3 мм болат сымды ирек-ирек қылып төсейді де бетіне асфальт–құйматас құяды. Асфальт-құйматас қыздырғышты жақсы электрлі оқшаулайды. Осы себептен қыздырғыш элементті қоректендіруге 380/220 В кернеу пайдаланылады. Кейбір жағдайларда көшетжайдың қыздырғышын жеке асфальт-құйматас немесе асфальт-керамзит құйматас плиталардан жинайды. Бұл көшетжайларды салу мерзімін қысқартуға және зауытта дайындалғандықтан қыздырғыштың сапасын жоғарылатуға мүмкіншілік береді. Бірақ бұл тәсілде істен шыққан жылытқыш сымды ауыстыру қиын келеді және жылыту жүйесін дайындауға көп қаражат шығындалады.
Сурет-7.3. Көшетжайлардың топырағын электрлік жылытудың құрылысы:
а — асфальт-құйматас монолиттің көмегімен; 1 — клеммалық қорап; 2 — қыздыру элементі; 3 — асфальт-құйматас монолит; 4 — қазандық қоқыс; 5 — қиыршық тас; 6 – топырақ; ә – электр-калорифердің көмегімен; 1 – нығыздалған топырақ; 2 — ұсақталған тас; 3 – құнарлы қабат; 4 – қыздыратын құбырлар
Жылыжайлар мен көшетжайларды ПОСХВ, ПОСХП, ПОСХВТ маркалы жылытқыш сымдармен жылыту оқшауламасыз сымдармен жылыту сияқты орындалады. Сымдарды құмды қабаттың ішінде түтіксіз орналастырғанда оларды зақымданудан металл тор көмегімен қорғайды. Электрлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін торды жерге қосады.
Жылыжайлар мен көшетжайларда топырақ пен ауаны индукциялық қыздырғыштармен жылыту оқшауламасыз сымдармен жылыту сияқты орындалады. Қыздырғышты тораптық кернеумен қоректендіргенде электрлік қауіпсіздік сыртқы метал түтіктерді нөлдік сымға қосумен қамтамасыз етіледі. Топырағы жылытылатын жоғарыда берілген көшетжайлар құрылмаларының негізгі кемшілігіне қыздырғыш элементтен жылу ағынының тек топыраққа емес, сондай-ақ оның астындағы жерге де бағытталатындығы жатады. Жерге өтетін жылу ағынын азайту үшін көшетжайларды жерден өтеру керек. Осы жағдайда көшетжай түбі мен жер бетінің аралығындағы ауа жылулық оқшаулама ретінде пайдаланылады.
Кейбір жағдайларда жылыжайларды жылытуға инфрақызыл сәулелендіргіштер пайдаланылады. Бұл тәсілдің негізгі кемшілігі — өсімдіктерді күйдіріп алу қауіптілігінен қажетті сәулелендіру тығыздығын жасаудың қиындығы.
Топырақты электродты тәсілмен де жылытуға болады. Бірақ электрлік қауіпсіздіктің жоғарылығына және электродты дайындаған металл шығынының көп болуына байланысты бұл тәсіл кең қолданылмайды. Сонымен қатар электродтар топырақты өңдеуге кедергі жасайды.
Соңғы жылдарда ауа мен топырақты жылытуға — калориферлі тәсіл пайдаланылады. Көшетжайларда электр-калорифер тек топырақты жылытады (7.3, ә — сурет). Бұл тәсілде калориферде жылытылған ауа оған қосылған ауа құбырларымен топырақ астында орналасқан құбырлардан құрылған тұйық жүйеде айналып топырақты жылытады. Жылыжайларда ауа да және топырақ та жылытылуы мүмкін. Бұл жағдайда ауа топырақ астындағы каналдардан жылыжайдың ауа кеңістігіне беріледі де, одан калорифермен қайта тартылып алынады. Тек ауаны жылытқанда диаметрі 18…25 см болатын тесіктері бар пластмассалық құбырлардан дайындалатын ауа таратқыш жүйелер қолданылады.
Жылыжайлардың ауа кеңістігі көшетжайларға қарағанда бірнеше есе көлемді келеді. Сондықтан оларда ауаны жылыту қажет болады. Ауаны жылытуға электрлік тәсілдердің ішінде тиімдісі электр-калориферлі жылыту. Электр-калориферлі қондырғыларды автоматтандыру жеңіл болады.
7.2. Температураны реттеу
Жылыжайлар мен көшетжайларда ауа және топырақ температураларын белгіленген шекте ұстап тұру қажет. Өсімдіктерге қолайлы температуралық-ылғалдық жағдай жасау және оны тұрақты ұстап тұру – жоғары өнім алудың негізгі шарты.
Бұл мақсатқа тек автоматтандырудың нәтижесінде жетуге болады. Сонымен қатар, автоматтандыру еңбек және энергия шығынын азайтады.
Қажетті микроклимат жасау үшін жылыжайлар мен көшетжайларды жылыту, желдету, ылғалдау, қосымша жарықтандыру және басқа жүйелермен жабдықтайды. Жылы-жайлардың жеке жылыту жүйесі болады. Көшетжайларды жылыту жүйесі ортақ болатын топтарға біріктіреді. Бірнеше топ көшетжайларды электр энергиясымен ортақ жабдықталатын учаскелерге бөледі. Көшетжайларда жылыту қуаты, қыздырғыш элементтердің қосылу сұлбасын өзгертумен немесе элементтерді фазалық кернеуден фазалар аралық кернеуге ауыстырып қосумен реттелінеді.
7.4 — суретте 480 рамадан тұратын көшетжай учаскесінің электр сұлбасы берілген. Көшетжайлар учаскесі жылыту жүйесінің орындалуына байланысты төрт топқа бөлінген. Сұлбада тек бірінші топтың жылыту жүйесі көрсетілген. Басқа топтардың жылыту жүйесі осындай болып орындалады.
Сурет-7.4. Топырағы жылытылатын көшетжайлар участкесінің
принциптік электр сұлбасы
SA2 ауыстырып қосқыш арқылы жылыту жүйесінің электр қыздырғыштары «үш бұрышты» немесе «жұлдызша» түрінде қосылады. Жылу жүйесінің қуаты осылай реттелінеді.
Қол режимінде SA1 басқару кілтінің тұтқасын солға бұрып «Қ» орнына қою керек. Бұл жағдайда кілттің 1 және 2, 3 және 4 секциялары бір-бірімен жалғанады. KM1 магниттік жүргізгіш өзінің KM1.1 күштік түйіспелерімен жылыту жүйесінің қыздырғыштарын электр торабына қосады.
Автоматты режимде SA1 басқару кілтінің тұтқасын оңға бұрып «А» орнына қояды. Бұл жағдайда кілттің 1 және 2, 5 және 6 секциялары бір-бірімен жалғанады. KM1 магниттік жүргізгіш AT термореттегішпен басқарылады. Топырақ температурасы белгіленген шектен төмен болса, термореттегіш өзінің түйіспелерін тұйықтап (RK датчигінің сигналымен), KM1 магниттік жүргізгіш көмегімен жылыту жүйесінің қыздырғыштарына кернеу береді. Температура белгіленген шектен жоғарылағанда термореттегіш өзінің түйіспелерін ажыратып, KM1 магниттік жүргізгіш көмегімен жылыту жүйесінің қыздырғыштарын электр торабынан айырады.
Төмен кернеумен қоректендірілетін қыздырғыш элементтерді басқаруға КП1 типті жабдықтар жинағы пайдаланылады. Жинақ төрт ТМОБ-63 типті төмендеткіш трансформатордан, төрт жергілікті басқару шкапынан және ТМС-239С типті он алты температуралық датчиктерден тұрады. КП-1 жинақпен екі позициялы реттегенде температураның белгіленген мәннен ауытқуы ±1,5 ℃-тан аспайды.
Жылыжай және көшетжай жабдықтарының сенімді жұмыс істеуін жоғарылату үшін шала өткізгішті термореттегіштермен жабдықталған ПТ типті тиристорлы жүргізгіштер немесе РТБ-1 термореттегіштермен жабдық-талған күштік тиристорлы блоктар пайдаланылады.
7.3. Топырақтағы зиянкестерге қарсы күресудің электр-термиялық тәсілдері
Жылыжайлар мен көшетжайлардағы оптималь микроклимат және өсімдіктердің өсіп-өнуі мен өмір сүретін кезеңінің ұзақтылығы өсімдіктер зиянкестерінің және оларда түрлі ауруды қоздырушы бактериялардың өсіп-өнуіне және көбейуіне қолайлы жағдайлар жасайды. Жылыжайлар мен көшетжайларда ауру себебінен өнім шығыны 50 ℃-ға дейін болады. Сондықтан топырақты мезгіл-мезгіл зарарсыздандырады немесе түгел ауыстырады. Топырақты түгел ауыстыруға көп шығын кетеді, сондықтан көп жағдайларда топырақты зарарсыздандыру пайдаланылады.
Топырақты 90…100 ℃-қа дейін бумен немесе электр тогымен қыздыру – зиянкестерге қарсы күресудің ең тиімді тәсілі.
Электрлі қыздырудың жақсы жағы – топырақты зарарсыздандырғаннан кейін-ақ пайдалануға болатын-дығы. Сонымен қатар, бұл үрдісті бақылау және автоматтандыру жеңіл келеді. Топырақты қыздырумен өңдеуге элементті немесе электродты қыздырғыштармен жабдықталған зарарсыздандырғыштар қолданылады.
Элементті зарарсыздандырғыштар – ішінде алюминий қорытпалары негізінде жасалынған пластинкалар орнатылған жәшік. Пластинкаларға түтікті электр қыздырғыштар бекітілген. Қыздырғыштарды электр торабына қосқанда жылу ағыны олардан пластинкаларға, ал пластинкалардан топыраққа беріледі. Осы себептен топырақ қызып, жоғары температура әрекетінен зарарсызданады. Құрылғының ұсынылған құрылмасы топырақтың біркелкі қыздырылуын қамтамасыз етеді.
Электродты зарарсыздандырғыш – ішіне төрт металл электродтар орнатылған ағаш жәшік. Фазаларды бірдей жүктеу үшін екі шекті электродтар бір бірімен өткізгіш көмегімен жалғанған. Электродтардың қоректену кернеуі – 380 В. Электр тоғы бір электродтан екінші электродқа топырақ арқылы өтеді де оны қыздырады. Өңдеу уақыты 1 сағаттан кем болмауы керек. Өңдеу уақыты бұл шамадан аз болса, кейбір зиянкестердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалуы мүмкін.
7.4. Қауіпсіз эксплуатациялау ерекшеліктері
Электрлі жылытылатын сыртқы ортадан қорғалып, өңделген топырақтар үй-жайларда жұмыс істегенде қауіпсіздік техникасының және техникалық эксплуатациялау ережелерін ұқыпты сақтау керек.
Электр тогымен зақымдану қауіптілік дәрежесіне орай жылыжайлар мен көшетжайларды екі категорияға бөледі.
А категория. 65 В-тен жоғары қоректену кернеуде оқшауламасыз қыздырғыш элементтермен жылытылатын үй-жайлар. Бұл категорияға 380/220 В кернеуге қосылатын асфальт-құйматас плиталармен жылытылатын жылыжайлар мен көшетжайлар жатады.
Б категория. 65 В-ке дейін қоректену кернеуде қыздырғыш элемент-термен жылытылатын үй-жайлар. Бұл категорияға ПОСХВ, ПОСХП сымдардан дайындалған қыздырғыштары 380/220 В кернеумен қоректенетін және жермен қосылған экрандық торлары бар жылыжайлар мен көшетжайлар жатады.
Қыздырғыш элементтеріне кернеу берілген болса, А категориясына жататын жылыжайлар мен көшетжайларда жұмыс істеуге болмайды. Б категориясына жататын жылыжайлар мен көшетжайларда жылыту жүйесі іске қосылған болса, мына жағдайларда жұмыс істеуге болады: қызмет көрсетушілер тұтқасы оқшауланған құралдар пайдаланса және оны топыраққа 25 см тереңдікке дейін батыратын болса.
Электрлі жылытылатын жылыжайлар мен көшетжайларда жұмыс істейтін адамдарды жылыту жүйесінің құрылысымен, оны іске қосу және ажырату тәртібімен таныстыру керек. Жылыжайлар мен көшетжайларда орнатылған электр-термиялық қондырғыларды эксплуатациялау жауапкершілігі арнайы дайындалған электрмонтерге жүктеледі.
Әрбір электрлі жылытылатын жылыжайлы-көшетжайлы шаруашылықта жабдықтарға құжаттар және қызмет атқарушыларға нұсқаулар болуы керек. А категориясына жататын жылыжайлар мен көшетжайлар орналасқан учаске биіктігі 2 м дуалмен қоршалуы керек. Кернеу берердің алдында электр – монтер учаскеде адамдардың жоқтығын анықтауға, қақпаны жабуға және «Кернеу берілген» және «Территорияға кіруге болмайды» деген плакаттарды ілуге міндетті.
Б категориясына жататын жылыжайлар мен көшетжайлардағы электрлі жылыту жүйесін қосардың алдында электр-монтер оларда жұмыс істеп жатқан адамдарды кернеу берілетіндігін ескертуі және көзге түсетін жерлерде «Кернеу берілген», «Өмірге қауіпті» деген плакаттарды ілуі керек.
7.5. Көкөніс қоймаларына арналған электр-термиялық жабдықтар
Сақтау мерзімінде картоп, көкөніс және жемістер көмір қышқыл газ, су буларын және жылылық бөліп шығарады. Сондықтан оларда өтетін тіршілік үрдістерін тоқтату немесе баяулату және артық ылғал мен жылылықты қоймадан шығару керек болады. Қоймаларда табиғи және жасанды желдету қолданылады. Жасанды активті желдету пайдаланғанда өнімдерді ұзақ уақыт ішінде сақтау мүмкіншілігі ұлғаяды. Бұл жолы өнім қабатына мезгіл-мезгіл еріксіз белгіленген температурамен, ылғалдылықпен және жылдамдықпен ауа беріледі.
Картоп пен көкөністі ұзақ уақыт аралығында сақтау үрдісі үш мерзімнен тұрады.
Даярлық (емдеулік) мерзім қойманы өніммен толтырғаннан кейін басталады және 10…18 тәулікке созылады. Екі-үш тәулік аралығында өнімді кептіреді. Содан кейін өнімнің (мысалы, картоптың) зақымдарын емдеу үшін тәулікте 4…6 рет 20…30 минут уақыт аралығында жылы ауамен желдетеді. Осы кезде өнім қабатындағы ауа ағынының жылдамдығы 0,12…0,5 м/с шегінде болуы керек. Бұл 1 т өнімге ауа беру мөлшері 0,014…0,06 м^3/с болғанға сәйкес келеді.
Даярлық мерзімдік пиязды кептіреді және оны шірітетін микроорганизмдерді өлтіру үшін термиялық өңдейді. Пиязды кептіруге 30…35 ℃-қа дейін жылытылған ауа пайдаланылады.
Пиязды жоғары жиілікті электр өрісінде кептіруге арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Зерттеу нәтижесінде бұл тәсілді пайдаланғанда сақтау мерзімінде пияз шығынының азаятындығы анықталды.
Салқындату мерзімі емдеу мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Бұл мерзімде өнім температурасы біркелкі төмендетіледі. Температураның төменде-тілген шегінде зияндық микроорганизмдер өсіп-өнбеуі, ал өнімнің өзінде оның сапасын төмендететін өзгерістер болмауы керек. Осы мерзімде картопты сақтағанда температура +2…4 ℃-қа дейін төмендетіледі. Бір тәулікте температураны төмендету жылдамдығы 0,5…1 ℃/тәулік шегінде болады.
Сақтау мерзімі – негізгі мерзім. Бұл мерзімде өнімнен бөлінетін жылылық және алмасу өнімдері активті желдету көмегімен сыртқа шығарылады. Өнім температурасы — өнімнің сапалы сақталуына әсер ететін негізгі фактор. Бұл температураның мәні өнімнің сортына, түріне және пайдалану мақсатына байланысты келеді.
Желдету жүйесін әрбір өнімді сақтау мерзіміне жеке есептейді. Жүйені есептеу тәсілі «Жылу техникасы» пәнін оқығанда біледі.
Салқындату мерзімінде қоршаулық құрылмалар температурасы өнім қабатындағы ауа температурасынан төмен болады. Өнім қабатынан шығатын ылғалды ауа қойманың салқын қабырғаларымен және төбесімен жанасады. Осының нәтижесінде қоршаулық құрылмалар дымқылданып суланады. Су тамшылары өнімнің жоғарғы қабатына тамып оны дымқылдайды. Осы құбылыс болмау үшін қойманың жоғарғы кеңістігіне электр-калориферде жылытылған ауа беріледі. Ауаны жылытуға жылыту-рециркуляциялық қондырғы пайдаланылады. Қондырғыда қуаты 10 және 16 кВт СФО типті электр-калориферлер пайдаланылады.
Сақталатын өнімнен бөлініп шығатын жылылық мөлшері қойманың қоршаулық құрылмалары арқылы шығынданатын жылылық мөлшерінен кем болмайды. Сондықтан қоймаларда оның жоғарғы кеңістігіне берілетін ауаны жылытатын электр-калориферден басқа жылыту қондырғылар пайдаланылмайды.
Көкөніс қоймаларында оптимал температура мен ылғалдылықты тұрақты сақтауға арналған ОРТХ (қоймалар температурасын реттеу жабдығы) типті жабдықтар жинағы шығарылады. Жинақ сыйымдылығы 1000 т қоймаларға арналған. Жабдықтар жинағы ШАУ-АВ типті автоматты шкаппен басқарылады. ШАУ-АВ шкапының электр сұлбасы 7.5 — суретте берілген.
Қойманың ауаны ішке және сыртқа тартуға арналған шахталары бар. Ауаны ішке тартуға арналған шахтаға өнімді (картопты, көкөністі) активті желдету жүйесі қосылады. Желдету жүйесі өнім астында орналастырылған. Жүйеде сыртқы салқын және ішкі жылы ауаларды араластырумен өнімді желдетуге пайдаланылатын ауаның температурасын реттеуге арналған араластырғыш клапан орнатылған. Оның электр жетегі және жылытқышы бар. Жүйеде өнімді активті желдетуге арналған желдеткіш орнатылған. Желдету жүйесіндегі ауа температурасын екі термореттегіштер өздерінің датчиктерінің көмегімен бақылайды. AT5 термореттегіш өнімді желдетуге пайдаланылатын ауа температурасын аралас-тырғыш клапан көмегімен реттейді AT4 термореттегіш өнімді аса салқын ауамен желдетуден қорғайды. Ауа өте салқын болса, термореттегіш көмегімен араластырғыш клапан жабылады. Өнім ішкі ауамен желдетіледі. Араластырғыш клапан жұмыстан шығып қалса, термореттегіш желдеткішті тоқтатуға әмір береді. Қойманың жоғарғы кеңістігіне берілетін ауаны жылытуға рециркуляциялық жылыту-желдету агрегаты пайдаланылады. Агрегат өнім қабатының үстіндегі температураны бақылайтын AT2 термореттегіш көмегімен басқарылады. Өнім температурасы датчигі оның ішкі қабатында орналасқан AT3 термореттегіш көмегімен бақыланады. Термореттегіш өнім температурасы жоғарылағанда желдеткішті жұмысқа қосады. Дифференциалды AT1 термореттегіштің бір датчигі қойманың сыртында, ал екінші датчигі өнім қабатында орналастырылады. Термореттегіш датчиктерінің көмегімен екі температураны салыстырады. Олар айырымы дифференциалдан (сыртқы ауа температурасы өнім қабатындағы температурадан 2…3 ℃-қа төмен болса) көп болса, AT1 термореттегіш жұмысқа қосылып, KV2 аралық релеге кернеу береді. Реле AT3 және AT5 термореттегіштерін іске қосады.
Активті желдету жүйесі қолмен және автоматты басқару режимдерінде жұмыс істейді.
Қолмен басқару режимінде SA3 және SA5 ауыстырып қосқыштардың тұтқаларын «Қ» орнына қояды. Содан кейін SB1 және SB2 бастырмаларымен рециркуляциялық агрегаты, SB3 және SB4 бастырмаларымен араластырғыш клапан жылытқышын, SB5 және SB6 бастырмаларымен желдеткіш электр қозғалтқышын басқарады. Бұл режимде араластырғыш клапан істен шыққанда немесе сыртқы ауа температурасы белгіленген шектен төмендегенде AT4 термореттегіш KM4 магниттік жүргізгіш көмегімен желдеткіш электр қозғалтқышын автоматты түрде электр торабынан ажыратады. Бұл өнімді сыртқы ауамен аса салқындатудан қорғауға қажет.
Автоматты режимде SA3 ауыстырып қосқыштың тұтқасын «А» орнына қояды. Басқару тәртібі өнімді сақтау мерзіміне байланысты болады:
Емдеулік мерзімде SА4 ауыстырып қосқыштың тұтқасын «Е» орнына, ал SA5 ауыстырып қосқыштың тұтқасын «Б» (бейтарап) орнына қояды. Бұл мерзімде желдеткіш электр қозғалтқышы KT1 бағдарламалы уақыт релесі көмегімен басқарылады. Реле өзінің белгіленген бірінші бағдарламасы бойынша (KT1.2 түйіспелері) KM4 магниттік жүргізгіш көмегімен желдеткішті жұмысқа қосып және тоқтатып тұрады.
Сурет-7.5. ШАУ-АВ басқару шкапының электр сұлбасы
Салқындату мерзімінде SA4 ауыстырып қосқыш тұтқасын «Сл» орнына қояды. Осы кезде AT1 термореттегіш іске қосылады. Ол өзінің датчиктері көмегімен сыртқы және өнім қабатындағы температураларды салыстырады. Температуралар айырымы 2…3 ℃-тан жоғары болса (сыртқы ауа температурасы өнім қабатындағы температурадан 2…3 ℃ төмен болса), AT1 термореттегіш іске қосылады да өзінің AT1.1 түйіспелерін тұйықтап, KV2 аралық релесін қоректендіреді. Реле өзінің KV2.1 түйіспелерімен AT3, ал KV2.2 түйіспелерімен AT5 термореттегіштерді жұмысқа қосады. Осының нәтижесінде AT3 термореттегіш өзінің AT3.1 түйіспелерімен КМ4 магниттік жүргізгішті іске қосады. Жүргізгіш желдеткіш электр қозғалтқышын электр торабына қосып, өнімді активті желдетеді. AT5 термореттегіш өзінің AT5.1 және AT5.2 түйіспелері және У атқару механизмі көмегімен желдету жүйесіндегі ауа температурасын реттейді. Ауа температурасы белгіленген мәннен ауытқығанда AT5 термореттегіш өзінің AT5.1. және AT5.2. түйіспелерімен У атқару механизмін іске қосады. Механизм араластырғыш клапанды сыртқы салқын және ішкі жылы ауаларды араластырумен жүйедегі ауаның қажетті температурасын қамтамасыз ететін орынға жылжытады. Желдеткіш өнім температурасы белгіленген мәніне дейін төмендегенше жұмыс істейді. Содан кейін AT3 термореттегіш өзінің AT3.1. түйіспелерінің көмегімен KM магниттік жүргізгішті қорексіздендіреді. Жүргізгіш желдеткіш электр қозғалтқышын электр торабынан ажыратып желдеткішті тоқтатады. Сыртқы ауа температурасы өнім температурасынан жоғары болса активті желдетуге қойма ішіндегі ауа пайдаланылады. Желдеткішті жұмысқа қосу сигналы бағдарламалы уақыт релесінен беріледі. Бұл кезде араластырғыш клапан жабық болады. Сондықтан сыртқы жылы ауа қоймаға берілмейді.
Сақтау мерзімінде SA4 ауыстырып қосқыш тұтқасын «Сқ» орнына қояды. Желдеткіш жұмысқа KT1 бағдарламалы уақыт релесінің KT1.2. түйіспелері көмегімен қосылады. Активті желдетумен өнім температурасы төмендетіледі. Осы уақытта мына тізбекпен AT1 термореттегіш іске қосылады: фаза – SA3 қосқыштың 3 және 4 секциялары – SB5 бастырма – KM4.1. түйіспелері – AT4.2. түйіспелері – KM4.2. түйіспелері — SA4 қосқыштың 5 және 6 секциялары – SA3 қосқыштың 1 және 2 секциялары – AT1 термореттегіш – нөл. Әрі қарай сұлба салқындату режиміндегідей жұмыс істейді. KT1 реле көмегімен белгіленген уақыт аралығында температура қажетті деңгейге дейін төмендемесе желдеткіш жұмыс істей береді. Ол AT3 термореттегіштің AT3.1 түйіспелері ажырағанға дейін істе болады. AT3.1 түйіспелері ажырағанда KM4 магниттік жүргізгіштің шарғысы қорексізденеді де желдеткішті тоқтатады. Желдеткіш электр қозғалтқышы электр торабынан ажыратылғанда жүргізгіштің KM4.3. түйіспелері және SA4 қосқыштың 9 және 10 секциялары арқылы У атқару механизмі қоректенеді. Ол араластырғыш клапанды автоматты түрде жабады.
Қойманың жоғарғы кеңістігінде температура белгіленген деңгейден төмен болса өнім үстіне су тамшылары тамуы мүмкін. Бұл өнім сапасын төмендетеді. Осы құбылыс болмау үшін AT2 термореттегіш өнім үстінде орнатылған датчигінің сигналымен іске қосылады. Термореттегіш KM1 және KM2 магниттік жүргізгіштер көмегімен рециркуляциялық жылыту-желдету қондырғысын жұмысқа қосады.
Араластырғыш клапан жылытқышы KT1 уақыт релесінің бірінші бағдарламасымен автоматты басқарылады. Сыртқы ауа температурасы – 15 ℃-қа дейін төмендегенде реленің КТ1.1. түйіспелері арқылы жылытқыш автоматты түрде іске қосылады.
Сыйымдылығы жоғары және бірнеше желдеткіш қондырғыларымен жабдықталған «Среда-1», «Среда-2» құрылғылар шығарылады (7.1-кесте).
Кесте 7.1. Автоматика жүйелерінің негізгі техникалық мәліметтері
Көрсеткіші ШАУ-АВ «Среда — 1» «Среда – 2»
Өнім Картоп көкөніс пияз
Желдету камераларының саны 1 сегізге дейін төртке дейін
Температураны реттеу диапазоны, °С -10…+15 -20…+20 -20…+60
Температураны реттеу дәлдігі, °С ±1 ±1 ±1
Қоректену кернеуі, В 220 220 220
Тұтынатын қуаты, Вт 500 500 500
«Среда» жүйесі қамтамасыз етеді:
— өнімді салқындату үшін температурасы өнім температурасынан төмен болатын сыртқы ауаны беруді;
— механикалық зақымдарды емдеу, артық жылылықты сыртқа шығару, температураның және ылғалдың градиенттерді жою үшін белгіленген бағдарлама бойынша өнімді мезгіл-мезгіл рециркуляциялық (қойма ішіндегі) ауамен активті желдетуді;
— қойманың жоғарғы кеңістігін электр–калориферлі қондырғының көмегімен жылытуды;
— өнім қабатына белгіленген температуралы ауаны беруді;
— өнімді желдету кезінде аса салқындатудан және аса қыздырудан қорғауды;
— тоңазытқыш қондырғыларды іске қосуға әмір беруді;
— басқару шкапы мен араластырғыш клапанды жылытуды;
— қойманың 39 нүктесінде температураны көзбен бақылауды (логометр көмегімен).
«Среда-2» жүйесі осы функцияларға қосымша пиязды кептіруге және термиялық өңдеуге қажетті белгіленген температуралы ауаны өнім қабатына беруді қамтамасыз етеді.
«Среда-1» құрылғыны бір түрлі және әр түрлі өнімдер сақталатын қоймаларда пайдалануға болады.
«Среда-1» жүйесінің құрылмалық сұлбасы 7.6 — суретте берілген.
Сурет-7.6. «Среда-1» құрылғының құрылмалық сұлбасы:
1ӨТБ — 8ӨТБ,ӨТБ — 1…8 ӨТБ-1 — өлшеу және тапсырмалар блоктары; ПРБ-1,ПРБ-2 — екі позициясы және пропорционал реттегіштер блоктары; ЭР-1,ЭР-2 – электрондық релелер; РБ-1,РБ-2 — релелер блоктары; ЭБ — электрондық блок; 1ББ…8ББ – басқару блоктары; РРТ-2 – температуралар айырымын реттегіш; ЖБ — жалпы блок; 1ТД…8ТД,1ТД-1…8ТД-1,1ТД…39ТД – температуралық датчиктер
ТД датчиктерден түскен температураның белгіленген шамадан ауытқуы туралы сигналдар ӨТБ өлшеу және тапсырмалар блоктарында қалыптасады. Бұл сигналдар ПРБ таратқышында коммутацияланады да, ЭР электрондық релеге беріледі. ЭР электрондық реледе аналогтық сигнал релелік сигналға түрлендіріледі де, РБ релелер блогына беріледі. Сонымен ӨТБ, ЭР және РБ блоктары екі позициялы және пропорционал реттейтін температура реттегіштерді құрады. РБ релелер блоктарынан түскен сигналдар ПРБ таратқышымен коммутацияланады да, ББ басқару блоктарына беріледі. ББ басқару блоктарында қойманың атқару құрылғыларын басқару әмірі қалыптасады. Атқару құрылғылар қоймада белгіленген температураны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, басқару блоктарында қойманың әр түрлі аймақтарында температура белгіленген шамадан ауытқығанда және олардағы атқару құрылғылар жұмыс істегенде жарықтық сигналдау қарастырылған.
ЭБ электрондық реле ПРБ таратқышты басқаруға арналған ЖБ жалпы блокта мына аспаптар мен құрылғылар орнатылған: екі бағдарламалы уақыт релесі, екі бір бағдарламалы уақыт релелері; құрылғы элементтерін қоректендіру көзі. РРТ-2 температуралар айырымын реттегіш сыртқы және ішкі ауа температураларын салыстыруға пайдаланылады. Сыртқы температура ішкі температурадан төмен болғанда, реттегіш өнімді сыртқы ауамен желдетіп салқындатуға рұқсат береді.