Электр жабдықтарын эксплуатациялау пәні негізінен электр жабдықтарын іріктеп құрастыру, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеудің тәсілдері мен тәртібін, заңдылықтарын оқытады. Бұл пән эксплуатациялық есептерді шешудің әдістеріне үйретеді. Осы пәннің негізгі мазмұны 1.4-суретте көрсетілген.
Электр жабдықтарын эксплуатациялау
Сурет-1.4. Электр жабдықтарын эксплуатациялау пәнінің мазмұны
Эксплуатацияның негізгі ерекшелігі – оның тек ғана техникалық емес, сондай-ақ ұйымдастыру, басқару, әлеуметтік проблемаларын да біріктіруі. Сондықтан эксплуатацияның барлық мәселесі техника-экономикалық мәселе болып табылады. Электр жабдығын эксплуатациялау теориясында электр жабдығының жұмыс процестерін зерттегендіктен, әлде қайда көп факторларды ескеру қажет. Эксплуатацияның көптеген факторларына, соның ішінде, адам факторына сандық тұрғыдан баға беру керек. Сол себепті, осы пәнді меңгергенде танып білудің көптеген әдістерін пайдаланады: эксперимент, ұқсату, салыстыру, талдау, топтау жұмыстарын жүйелі қарастыру т.б.
Эксперимент – ғылыми зерттеудің бір әдісі ретінде өте ертеден белгілі және ең көп тараған түрі. Көрнекілігі мен танымдылықының арқасында бұл — танып білудің ең бір жемісті түрі.
Электр жабдықтарын эксплуатациялағанда олардың сенімділігінің эксплуатация жағдайына тәуелдігі, электр қондырғысының ПӘК-нің энергия сапасына тәуелділігі сияқты көптеген көрсеткіштер тек ғылыми тәжрибе бойынша анықталады.
Ұқсату әдісі – екі немесе оданда көп заттардың арасындағы ұқсастықтарына қарап, зерттелетін заттың қасиеттерін танып білудің бір әдісі, яғни белгілі заттың белгілі қасиеттері, жаңа затта да бар деп қабылдау. Ұқсату әдісінің нәтижесі бойынша белгілі зат немесе құбылыс жайлы бір ғылыми болжам ұсынуға болады. Бұл шешім тек ықтималдық сипатында болады.
Салыстыру әдісі – екі немесе оданда көп заттардың немесе құбылыстардың арасындағы өзара ұқсастықты немесе айырмашылықты анықтау әдісі. Салыстыру әдісін ұқсату әдісімен шатастыруға болмайды. Салыстыру нәтижесінде тек ұқсастығы емес, сондай-ақ айырмашылықтары да анықталады. Бірнеше варианттардың ішінен техника-экономикалық көрсеткіштері бойынша тиімдісін таңдап алу әдісін пайдалану болып табылады.
Талдау – белгісіз нысананың немесе құбылыстың мазмұнын, белгілі тәртіппен, танып білу тәсілі. Көбінесе осы нысананың құрамдас бөліктерінің арасындағы байланысты сапалық талдау жасаудан басталады да сандық талдау жасау нәтижесінде математикалық үлгі жасауға болады.
Топтау – зерттеліп жатқан зат немесе құбылыс туралы барлық белгілі жайларды біріктіру нәтижесінде осы затты немесе құбылысты жаңаша тану әдісі.
Жүйелі қарастыру зерттелетін нысананың тұтастылық, күрделілік, жинақтылық принциптерін ескеруге негізделген. Тұтастық принципі зерттелетін нысананы басқа нысаналардан бөліп қарастыруға болатындығын анықтайды.
Күрделілік принципі зерттелетін нысананың басқаларынан және ішкі, сыртқы факторлармен байланысын ескберудің керек екендігін көрсетеді.
Жинақтылық принципі зерттелетін нысананың кеңістік және уақыт бойынша белгілі бір тәртіппен жинақталғандығын ескеруді талап етеді.
Жүйелі қарастыру принциптерін қолданып шешім қабылдағанда, белгілі бір алгоритмді пайдалану керек. Ең қарапайым алгоритм бес кезеңнен тұрады:
— бірінші кезең — түпкі мақсатын анықтау;
— екінші кезең – зерттеу немесе қарастыру нысанасын анықтау;
— үшінші кезең – міндет қою, яғни, мақсатқа жету жолында қандай есептерді шешу керек екендігін анықтау;
— төртінші кезең – мақсатқа жетудің балама жолдарын табу, яғни қойылған міндеттерді шешудің балама тәсілдерін белгілеу.
— бесінші кезең – зерттеу нәтижесін анықтау, яғни мақсатқа жетудің айқын жолын таңдап алу.
Бұл алгоритм әрбір кезеңнің негізгі сөздерінің (орыс тілінде) бас әріптері бойынша ЦОЗАР алгоритімі деп аталады.