Мал қораларында микроклимат жасауға арналған ЭТЖ

1. Электрлік жылыту жүйелерін топтастыру

2. Электр-калориферлі және аккумуляциялық қондырғылар

3. Ауаны ішке және сыртқа тартатын қондырғылар кешені

1. Электрлік жылыту жүйелерін топтастыру

Электрлік жылыту жүйелері. Қазіргі мал және құс қоралары еркінсіз желдеткіш жүйелермен жабдықталынады. Олар сыртқа тартқыш, ішке тартқыш және ішке-сыртқа тартқыш желдету болып бөлінеді.

Қоралардан лас ауаны, әсіресе зиянды заттардың көп жиналған аймақтарынан, сыртқа шығаруға сыртқа тартқыш желдету тиімді келеді. Ішке тартқыш желдету сыртқы таза ауаны ішке қарқынды беруді қамтамасыз етеді. Қыста ішке берілетін салқын ауа жылытылады. Ішке тартқыш және сыртқа тартқыш желдету жүйелерін есептеуде сырттан берілетін таза ауаның көлемі іштен шығарылатын лас ауа көлемімен 10…20 %-ға көп болуы қарастырылады. Осылай тудырылған артық қысымның әсерінен ауру тарататын микробтар және басқа зиянды бөлшектер ішке енбейді. Мұндай шаралар бұзаулар, торайлар тұратын қораларда және құс қораларында өте маңызды келеді.

Қазіргі уақытта мал және құс қораларында температуралық режимді жасауға негізінде жалпы жылыту жүйелері пайдаланылады. Құс фабрикаларында, мал және шошқа кешендерінде жылылық көзі ретінде отындық және электрлік қазан-жайлар, ал фермаларда жылу генераторлары және электр-калориферлі қондырғылар қолданылады.

Орталық қазан-жайдан жылу энергиясымен қамтамасыз етілгенде, жалпы жылытудың мынадай жақсы жақтары болады: қондырғылар құрылысының қарапайымдылығы; қызмет көрсетудегі шығынның көп еместігі; отынның энергетикалық қорын тиімді пайдалану коэффициентінің жоғарылығы. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде орталық отындық қазан-жайлардан жылумен жабдықтағанда, отынды тиімді пайдалану коэффициентінің мәні мынадай болатындығы анықталады: табиғи газ пайдаланғанда — 0,43…0,45; сұйық тазартылған отын (бензин, керосин ж.т.б.) пайдаланғанда – 0,44…0,46; тас көмір пайдаланғанда – 0,34 …0,41; қоңыр көмір пайдаланғанда 0,28…0,35. Қаралып отырған жылыту тәсілінің мынадай кемшіліктері бар: жылу энергиясының 5…12 % жылыту жүйесінде, 10…20 % үй-жайлардағы температураны реттеуде шығын болады; жазғы және жыл мерзімдерінің ауысу кезеңдерінде қазан-жайларды пайдаланғандықтан артық отын жағылады.

Ғылыми – зерттеу жұмыстарының нәтижесінде отындық жылыту қондырғыларын пайдаланғанда температураны реттеу жұмысының жетілдірілмегендігінен мал мен құстың өнімділігі 3…13 %, төлдердің сақталуы 4…8 % төмендейтіндігі және жем-шөп шығынының 7…9 % артатындығы анықталады.

Автоматтандырылған электрлік жылу энергиясы көздерін пайдаланғанда, қоражайлардағы темпертатураны жоғары дәлдікпен реттеуге болады. Электрлік жылыту тәсілі пайдаланылғанда басқа жылыту жүйелерін жүргізу қажет болмайды, металл шығыны төмендейді және жылу энергиясының жалпы шығыны азаяды.

Осы себептерге байланысты ауыл шаруашылығында соңғы кезде көптеген электрлік жылыту жүйелері кең қолданылады. Оларды жіктеп топтау 4.1-суретте берілген.

Сурет 4.1. Электрлік жылыту жүйелерін жіктеп топтау

Орталық электрлік жылыту жүйелерінің негізгі элементі – электрлік қазан-жай. Бұл жүйелердің отындық қазан-жайлы жүйелерден айырмашылығы аз болады.

Мал қораларында қажетті оптимал микроклимат негізінде жеке электрлік жылыту жүйелерімен жасалынады. Бұл жолы жылылық көзі жылытылатын қора – жайда немесе малдар орналасқан жерлерде қондырылады.

Тікелей жылыту жүйелері кең қолданылады. Олар қарапайым және сенімді келеді, бірақ энергия шығыны жоғары болады. Сондықтан оларды қоректендіруге үлкен қуатты қосалқы станция қажет болады.

Жанамалы жылыту жүйелері зерттелуде. Олар қора-жайдан тартылып шығарылатын ауаның жылуын пайда-лануға негізделінген. Ғылыми-зерттеу нәтижелері бұл жүйелерді пайдаланғанда қораларды жылытуға жұмсалатын электр энергиясы шығынының бірнеше рет кемитіндігін көрсетеді.

Қазіргі уақытта электр-калориферлі қондырғылар және құралмалы жылыту тәсілдері пайдаланылатын тікелей ауамен конвективті жылыту жүйелері ауыл шаруашылық өндірісінде кең қолданылады. Құрамалы жылыту жүйесін пайдаланғанда қорадағы ауа температурасы электр-калориферлі қондырғының көмегімен минимал деңгейде ұсталады, ал малдар тұратын жерлерде электр-панельдер, электр-конвекторлар, инфрақызыл сәулелендіргіштер, электрлі жылытылатын едендер көмегімен ауа температурасы оптимал мәніне дейін жоғарылатылады.

2. Электр-калориферлі және аккумуляциялық қондырғылар

Тікелей жылытуға арналған электр-термиялық жабдықтар. Тікелей жылытуға арналған электр-термиялық жабдықтар жұмыс істеу режимі бойынша еркін графикпен және тәуліктің белгілі сағаттарында іске қосылатын болып бөлінеді. Екінші режимде қондырғылардың жұмыс істеу сағаттары қосалқы станцияның жүктеме графигіндегі ойық жерлерге тура келеді. Бірінші топқа электр-калориферлі және ауаны ішке-сыртқа тартқыш қондырғылар, ал екінші топқа жылылықты аккумуляциялайтын (жылу энергиясын шоғырлап жинайтын) жабдықтар жатады.

Электр-калориферлі қондырғылар ауамен желдету жүйелерінде, мал және құс фермаларында микроклимат жасауға арналған қондырғыларда, тұқым тазалау-кептіру орындарында және активтік желдету бункерлерінде ауаны жылытуға қолданылады.

Электр-калориферлі қондырғылардың қатты, сұйық және газ күйіндегі отындар пайдаланылатын жылу қондырғыларға қарағанда мынадай артықшылықтары бар: жану өнімі жоқ; монтаждауы жеңіл; дайындауға аз қаражат керек; қуат бірлігіне жұмсалатын металл шығыны аз, инерциясыз және әр уақытта жұмысқа дайын; жылыту режимін автоматты басқару қарапайым; барлық тұтынылған электр энергиясы жылу энергиясына айналатындығынан, пайдалы әсер коэффициенті жоғары.

Кейбір жағдайларда ауаны электр-калориферлі қондырғыларда қыздыру технологиялық үрдістерді сапалы өзгертуге, өнімнің сапасын жақсартуға, энергия шығынын үнемдеуге және қызмет көрсетушілер санын азайтуға мүмкіншілік береді.

Электр-калориферлі қондырғының құрамына электр-калорифер, желдеткіш, электр қозғалтқыш, ауа құбырлар жүйесі және басқару қалқаны кіреді.

Электр-калорифер – ішіне электр қыздырғыш элементтер шахмат немесе коридор тәртібімен бірнеше қатарда орналастырылған металл тұрық. Қыздырғыш элементі ретінде негізінде түтікті электр қыздырғыштар пайдала-нылады. Олар ауаны қыздырады. Қыздырғыштарды жанап өтетін ауа ағыны бірқалыпты болуы үшін калорифер желдеткіштің алдына орнатылады.

Ауыл шаруашылық өндірісінде СФОА, СФОЦ және СФОО типті автоматталынған электр-калориферлі қондырғылар пайдаланылады.

Ауыл шаруашылық үй-жайларының желдету-жылыту жүйелерінде СФОЦ типті электр-калориферлі қондырғылар (11.2 — сурет) кең қолданылады. Бұл қондырғыларда СФО типті электр-калорифер 3 және ортадан тепкіш Ц4-70 типті желдеткіш 5 бір рамаға 1 монтаждалған. Желдеткіш электр-калорифермен өткелдік келте түтік 2 және жұмсақ ендірме 4 арқылы қосылған. Өткелдік келте түтік – бір бөлігі төрт бұрыш, екінші бөлігі дөңгелек болатын металл құрылма. Жұмсақ ендірме желдеткіш тербелісі калориферге берілмес үшін пайдаланылады.

Сурет 4.2. СФОЦ-ХХ-И1 типті электр-калориферлі қондырғы:

1 — рама; 2 — өтпелі келте құбыр; 3 — электр-калорифер; 4 — жұмсақ ендірме; 5 – желдеткіш

Өнеркәсіп СФОЦ типті электр-калориферлі қондырғылардың жеті тип-мөлшерлі түрін шығарады. Олардың негізгі техникалық мәліметтері 4.1-кестеде берілген.

Кесте 4.1. СФОЦ типті электр-калориферлі қондырғылардың негізгі техникалық мәліметтері

Көрсеткіші СФОЦ-5/0,5Т-И1 СФОЦ-10/0,5Т-И1 СФОЦ-16/0,5Т СФОЦ-25/0,5Т СФОЦ-40/0,5Т СФОЦ-60/0,5Т СФОЦ-100/0,5Т

Номинал қуаты, кВт 5,05 9,85 15,75 23,25 46,5 69 94

Оның ішінде

электр-калорифердің 4,8 9,6 15 22,5 45 67,5 90

Қыздыру секцияларының саны 1 2 2 3 3 3 3

Бір қыздыру

секциясының қуаты, кВт 4,8 4,8 7,5 7,5 15 22,5 30

Ауа беруі, м^3/с 0,22…0,33 0,22…0,333 0,44…0,77 0,44…0,77 0,66…1,2 0,9…1,6 1,25..2,5

Қондырғыға кіретін және одан шығатын ауа температураларының айырмасы, °С 32…22 45…30 30…20 45…30 50…30 56…32 51…30

Электр-калорифердің аэродинамикалық кедергісі, Па 70 80 250 250 250 250 250

Желдеткіш типі Ц4-70 №2,5 Ц4-70 №2,5 Ц4-70 №4 Ц4-70 №4 Ц4-70 №5 Ц4-70 №5

Қондырғылардың барлық түрлері де бірыңғайландырылған. Осы себептен электр-калорифердің және электр-калориферлі қондырғылардың массасы азайды. Кейбір тетіктері мен бөлшектерінің өзара ауыстырмалы болуымен, сондай-ақ технологиялық жылу-техникалық көрсеткіштерін жоғарылатумен қондырғыларды дайындау жеңілдетіледі. Бірыңғайландыру нәтижесінде барлық қондырғыларда ТЭН 5НТ.492.262 типті түтікті электр қыздырғыштар пайдаланылады. Жылу беріліс бетінің ауданын көбейту үшін түтіктің сыртына алюминийдің жұмсақ қорытпасынан арнайы қабырғалы жейде құйылады. Қуаты 5 және 10 кВт электр-калориферлі қондырғыларда қуаты 1,6 кВт түтікті электр қыздырғыштар, ал қуаты 16 кВт және одан жоғары болатын қондырғыларда қуаты 2,5 кВт түтікті электр қыздырғыштар пайдаланылады. Қондырғылардағы қыздырғыштар саны әр түрлі болады. Осы себептен барлық калориферлердің қыздыру камераларының ұзындығы мен ені бірдей болады. Калориферлер тек камераларының биіктігі бойынша өзгеше келеді.

Электр-калориферлі қондырғылар кернеуі 380/220 В, жиілігі 50 Гц бейтарап нүктесі жермен тікелей қосылған, айнымалы ток электр торабына қосуға арналады.

Калориферлердің электр қыздырғыш элементтері секцияларға бөлінеді. Сондықтан қондырғының қуатын сатылы өзгертуге болады. Реттеу сатылары калорифердің толық қуатының 100; 66,6 және 33,3 пайызға тең болады. Жылытылатын үй-жайдағы ауа температурасына байланысты қуат сатыларын қолмен және автоматты ауыстырып қосуға болады. Секцияларды қолмен ауыстырып-қосу, басқару кілті көмегімен орындалады. Автоматты режимде қуат үй-жайда орнатылған екі температуралық датчиктер көмегімен реттелінеді. Датчиктер еденнен 1…2 м биіктікке орнатылады.

Қондырғыларда желдеткішті жұмысқа қоспағанда қыздырғыштарды электр торабынан ажыратып тұратын блоктау пайдаланылады. Сонымен қатар қыздыру камерасының ішіне электр-калориферін өте қызып кетуден сақтайтын жылу релесі орнатылады.

СФОЦ-40/0,5Т типті электр-калориферлі қондырғының принциптік басқару электр сұлбасы 4.3-суретте берілген.

Сұлба қондырғыны қол және автоматты режимде басқаруға мүмкіншілік береді. Қол режимінде SA1 басқару кілтінің тұтқасын солға бұрып «Қ» орнына қою керек. Сол жағдайда кілтінің 5 және 6 секциялары бір-бірімен жалғанады. Содан кейін SA2 басқару кілтін «1/3» немесе «2/3» немесе «1» орнына қойып, қондырғының қыздырғыштық секцияларын жұмысқа ауыстырып қосуға, яғни қондырғының қуатын сатылы реттеуге болады.

Автоматты режимде SA1 басқару кілтінің тұтқасын оңға бұрып «А» орнына қою керек. Бұл жағдайда оның 1 және 2, 3 және 4, 7 және 8 секциялары бір-бірімен жалғанады. KM1, KM2 және KM3 магниттік жүргізгіштер өздерінің күштік түйіспелерімен электр-калорифердің үш секциясын да электр торабына қосады. Үй-жайдағы температура белгіленген бірінші деңгейге дейін жоғарылағанда SK2 температуралық датчик KM1 магниттік жүргізгіш арқылы калорифердің бірінші секциясын электр торабынан ажыратады. Температура белгіленген екінші деңгейге дейін жоғарылағанда SK3 температуралық датчик KM2 магниттік жүргізгіш арқылы калорифердің екінші секциясын электр торабынан айырады. Температура белгіленген деңгейден төмендегенде калорифер секциялары кері ретпен жұмысқа қосылады. Калорифердің үшінші секциясы қолмен басқарылады. Температуралық датчик ретінде ДТКБ-53Т (камералы, биметалды температуралық датчик) типті температуралық датчиктер пайдаланылады.

Сурет 4.3. СФОЦ-ХХ/0,5-И1 типті электр-калориферлі қондырғысын принциптік басқару электр сұлбасы

Желдеткіш электр қозғалтқышы QF2 автоматты ажыратқыш арқылы басқарылады. Ажыратқыш қосылғаннан кейін оның QF2.4 түйіспелері арқылы калорифердің басқару тізбегіне кернеу беріледі. Мұндай блоктау желдеткіш жұмыс істемей калорифердің қыздырғыш элементтері электр торабына қосылмас үшін қажет болады.

Электр қыздырғыштарының температурасын қыздыру камерасының ішіне орнатылған ТР-200 типті температуралық реле бақылайды. Қыздырғыштардың температурасы апаттық жоғарылағанда (190 ℃-тан жоғары) температуралық реле өзінің SK1 түйіспелерін ажыратып, KV1 аралық релені электр торабынан айырады. Реле өзінің KV1.1 түйіспелерін ажыратып, калорифердің басқару тізбегін электр торабынан айырады. Осы себептен калорифердің секциялары электр торабынан ажыратылады.

СФОО типті электр-калориферлі қондырғылар картоп және көкөніс қоймаларындағы ауаны өздерінің ішінде айналдырып-алмастыратын жүйелерде қолданылады. Олар қоймалардағы ауа температурасын белгіленген шекте ұстап тұру үшін пайдаланылады. Сонымен қатар олар басқа ауыл шаруашылық өндірістік үй-жайларының желдету жүйелерінде ауаны жылытуға қолданылады.

СФОО типті электр-калориферлі қондырғылардың негізгі техникалық мәлметтері 4.2-кестеде берілген.

Кесте 4.2. СФОО типті электр-калориферлі қондырғылардың негізгі техникалық мәліметтері

Көрсеткіші СФОО-10/0,4ТО-М1 СФОО-16/0,4ТО-М

Қуаты, кВт 10,4±10 % 15,8±10 %

Оның ішінде электр-калорифердің 9,6±10 % 15±10 %

Ауа беруі, м^3/сағ 7000 10000

Қондырғыға кіретін және одан шығатын ауа температураларының айырмасы, °С, көп емес 4 6

Қондырғы электр-калориферден, өстік желдеткіштен, олардан бір-бірімен жалғайтын келте түтіктен, электр қозғалтқышын және басқару қалқанынан тұрады.

СФОО типті электр-калориферлі қондырғыларда ауаның бір бөлігі калориферден өтіп, 40 ℃-қа дейін қыздырылады, ал қалған бөлігі салқын күйінде калорифердің үсті мен астындағы каналдар арқылы оның ішіне енеді. Калорифер мен желдеткішті қосатын келте түтікте қыздырылған және салқын ауа араластырылады. Осы себептен үй-жайға ендірілетін ауаның температурасы 4…6 ℃ шамасында болады. Мұндай температуралы ауа желдеткіштің елек желбезегі арқылы картоп немесе көкөніс қоймасына беріледі. Елек желбезектің көмегімен қоймаға берілетін ауа мөлшерін реттеуге болады.

Қондырғы кернеуі 380/220 В, бейтарап нүктесі жерге тікелей жалғанған үш фазалы айнымалы ток торабына қосылады. Басқару қалқаны қондырғының жанына бекітіледі.

Қондырғының қыздырғыш элементтерінің температурасын бақылау үшін оның қыздыру камерасының ішіне ТР-200 температуралық реле орнатылады. Қыздыру элементтерінің сыртқы қабырғасының температурасы 180 ℃-қа жеткенде, температуралық реле басқару аппараттары арқылы электр-калориферді электр торабынан ажыратады. Сонымен қатар, желдеткіш жұмыс істемегенде калориферді іске қосуға мүмкіншілік бермейтін блоктау да қолданылады.

СФОЦ және СФОО типті электр-калориферлі қондырғыларда желдеткіштің ауа беру көлемі реттелінбейді. Бұл қондырғыларды жылыту мерзімінің әр түрлі кезеңінде пайдалануды қиындатады. Осы кемшілікті жою үшін, желдеткіштің ауа беру көлемі және калорифердің қуаты бірқалыпты реттелінетін электр-калориферлі қондырғылардың СФОЦ-ХХ/0,5-И3 типті жаңа түрі ойлап шығарылады.

Қондырғының типін көрсететін шартты белгілердің құрылмалық сұлбасы: С — кедергімен қыздыру; Ф — электр-калорифер; О — тотықтайтын (әдеттегі ауалы) орта; Ц — центрден тепкіш желдеткіш; ХХ — қуаты (болжамалы), кВт; 0,5 — қыздырылған ауаның максимал температурасы, жүздік градуста; И3 — үшінші дайындалуы.

Қондырғылар мал қора-жайларының жылыту жүйелерінде ауаны ішке беруге және жылытуға арналған. Олар СФОЦ-16, СФОЦ-25, СФОЦ-40, СФОЦ-63, СФОЦ-100 және СФОЦ-160 тип-мөлшерлі болып шығарылады.

СФОЦ-ХХ/0,5-И3 типті электр-калориферлі қондырғылар «Электротерм – ХХТВУХЛ 3.1» басқару құрылғыларымен жабдықталады. Олар қондырғының жылу өнімділігін өндірістік үй-жайдағы ауа температурасына байланысты бірқалыпты автоматты, сондай-ақ қолмен реттеуді қамтамасыз етеді. Басқару құрылғының көмегімен қондырғының ауалық өнімділігін сатылы реттеуге де болады. Ол үшін желдеткіш жетегі ретінде екі айналу жиілікті электр қозғалтқышы пайдаланылады. Желдеткіштің айналу жиілігі ішке берілетін ауаның температурасына байланысты автоматты түрде таңдап алынады.

«Электротерм-ХХТВУХЛ3.1» басқару құрылғыларындағы шарттық белгілердің құрылмалық сұлбалары: ХХ — реттелінетін қуат (16, 25, 40, 60, 100 кВт); Т — электр-калориферлі қондырғының жылу өнімділігін реттеу; В — электр-калориферлі қондырғының ауа өнімділігін реттеу; УХЛ3.1 – климаттық дайындалуы және орнатылу категориясы.

Басқару құрылғылары Я4301-ХХВУХЛ3.1, Я9201-104ВУХЛ3.1 және Я5701-ХХ74УХЛ3.1 басқару жәшіктерінен және төрт (немесе бір) датчиктер панелінен тұрады.

Үйжайдың температуралық режимі 9201 жәшіктің көмегімен басқарылады. Осы жәшікте ТСМ типті төрт термотүрлендіргіштер орнатылған. Олардың көмегімен үй-жайдың ішіндегі ауаның шын температурасы мен құрылғыда белгіленген температура салыстырылады. Температуралар тең болмағанда Я4301 жәшікке (басқару блогына) сигнал беріледі. Басқару блогы тиристорлы қуат реттегіш. Реттегіш үй-жай ішіндегі ауа температурасына байланысты қондырғының қыздырғыш элементтеріне берілетін кернеу мәнін өзгертіп, олардың қуатын реттейді. Ауа температурасы төмендегенде кернеу жоғарылатылады да қондырғының жылу өнімділігі арттырылады. Ауа температурасы жоғары болғанда кернеу төмендетіліп, қондырғының жылу өнімділігі азайтылады.

Я5701 басқару жәшігі климаттық жағдайға және жыл мерзіміне байланысты желдеткіштің айналу жиілігін реттейді. Сыртқы ауаның температурасы белгіленілген деңгейден жоғарылағанда, желдеткіш автоматты түрде жоғары айналу жиілігіне ауыстырылып қосылады. Сондықтан қондырғының ауа өнімділігі жоғарылайды. Сыртқы ауаның температурасы төмендегенде желдеткіштің ауа өнімділігі автоматты түрде азайтылады.

Электр-калориферлі қондырғылар мынадай тәртіппен таңдап алынады: қондырғының типі анықталады; оның қуатын есептеп анықтайды; қондырғыдан шығаратын ауаның және қыздырғыштар бетіндегі температуралардың өздерінің мүмкіндік шектерінен жоғары еместігін (t_шығ≤ t_мшығ; t_ғ≤t_мғ) тексереді.

Қондырғының типі оның қолдану мақсатына, қоршап тұрған ортаға, ауа құбырлар жүйесіне және қажетті ауа өнімділігіне байланысты анықталады.

Электр-калорифердің тұтынатын қуаты

P_т=(k_қ∙Φ_ж)/η_к ,

мұндағы k_қ=1,2 – қыздырғыштың ескеруін және электр торабының кернеуі төмендеуін ескеретін қор коэффициенті; η_к – калорифердің пайдалы әсер коэффициенті.

Калориферден шығатын ауаның температурасы, °С:

t_шығ=P_т/(v_τ∙ρ_а∙c_а )+t_к,

мұндағы t_к – калориферге кіретін ауаның температурасы, °С.

Қора-жайлардағы органикалық шаңдар қыздырғыш бетіне қонып жанады. Жану өнімі малдарға зиян келтірмеуі үшін қыздырғыш бетінің температурасы шектелінеді. Бұл температура 180 ℃-тан аспауы керек.

Шаруашылықта электр-калориферлі қондырғының қуатын 4.3 — кесте бойынша анықтауға болады. Кестеде сыртқы ауа температурасына байланысты әр түрлі мал қоражайларын жылытуға қажет қуаттың шамамен алынған мәндері берілген. Қорада калориферден басқа жылыту көздері болса, қондырғының қуаты кестеде берілген мәнмен сол құрылғылар қуатының айырмасымен анықталады.

Кесте 4.3. Мал қораларының типіне байланысты электр-калориферлі қондырғының қуатын таңдап алу

Қора-жай Сыртқы ауаның температурасы мынадай болғандағы ЭКҚ-ның қуаты, кВт

 -35 -30 -20 -15

Сүтті сиыр қоралары:

100 басқа 80 60 50 25

150 басқа 120 100 70 40

200 басқа 160 120 80 50

300 басқа 250 200 140 80

400 басқа 300 260 180 100

Шошқалар семіртілетін қоралар:

250 басқа

120

80

50

20

500 басқа 210 140 80 25

1000 басқа 250 180 100 40

1500 басқа 360 260 160 60

2000 басқа 400 360 200 70

Торайлы мегежін қоралары:

50 басқа

40

30

20

15

100 асыл тұқымды және 140 өндірістік басқа

70

60

40

25

200 асыл тұқымды және 140 өндірістік басқа

160

140

120

80

150 басқа арнайы жерде жем бергенде 100 80 60 40

200 басқа тұратын станогында жем бергенде

140

120

80

50

600 басқа тұратын станогында жем бергенде

280

210

100

100

600 басқа енесінен айырған торайлар 120 100 80 60

Қой қоралары:

600 басқа

80

75

60

50

800 басқа 90 80 75 60

1000 басқа 100 90 80 75

Құс фермасы, мың бройлерлер:

20

420

360

320

260

10 210 180 160 130

Құс қорасы:

8000 тауыққа

180

160

140

120

6000 тауыққа 140 120 100 80

5000 тауыққа 110 100 80 60

4000 тауыққа 100 80 60 30

1000 селекциялық тауыққа 25 20 20 16

3. Ауаны ішке және сыртқа тартатын қондырғылар кешені

ПВУ типті ішке-сыртқа ауа тартқыш қондырғылар кешендері мал қораларын және басқа өндірістік үй-жайларды желдетуге және жылытуға арналады. Кешендер қоралардағы ауаның араласып-айналып тұруын қамтамасыз етеді, салқын және өтпелі кезеңде температураны белгіленілген деңгейде ұстап тұрады, сыртқы және ішкі температураларға байланысты ауа алмасуын реттейді.

ПВУ кешені алты ішке-сыртқа ауа тартқыш қондырғылардан, басқару шкапынан, датчиктер панельінен және жетектік станциядан тұрады (4.4-кесте).

Кесте 4.4. ПВУ типті қондырғылардың негізгі техникалық мәліметтері

Көрсеткіші ПВУ-4 ПВУ-6 ПВУ-9

Ауа беруі, м^3/сағ 4000 6000 9000

Электр қыздырғыштың қуаты, кВт 15 15 19,2

Электр қыздырғыштар саны 6 6 6

Кешендегі қондырғылар саны 6 6 6

Кешеннің жалпы қуаты, кВт 90 90 115,2

Электр қозғалтқыштың қуаты, кВт 1,1 1,1 1,1

Әрбір ішке-сыртқа ауа тартқыш қондырғы (4.4 — сурет) бір-бірінің ішіне орнатылған екі цилиндрлік ауа құбырларынан тұрады; ішкі ауа құбыры 3 ауаны қорадан сыртқа тартуға, ал сыртқы 5 және ішкі 3 ауа құбырларының аралығындағы сақиналық канал 1 үй-жайға сыртқы ауаны тартып беруге арналады. Қондырғыларда екі қатарлы күрекшелері бар жұмыстық доңғалақ 2 пайдаланылады. Күрекшелер әр жаққа бұрылған. Сондықтан ішкі қатардың күрекшелері ауаны сыртқа, ал сыртқы күрекшелер ауаны ішке тартуды қамтамасыз етеді.

Сурет 4.4. ПВУ типті ауаны ішке-сыртқа тартқыш қондырғының сұлбасы:

1 — сақиналық канал; 2 — желдеткіштің доңғалағы; 3 — ішкі ауа құбыр; 4 — электр қыздырғыштар; 5 — тұрық; 6 — жапқыштар

Сыртқы ауа 5-6 м/с жылдамдықпен қондырғының арнайы қуысы (сопло) арқылы қораның жоғарғы жағына беріледі және ішкі ауамен жақсы аралас-тырылады. Қораның төменгі жағынан лас ауа сыртқа тартқыш құбыр арқылы далаға шығарылады. Арнайы араластырғыш жапқыштар 6 көмегімен қондырғыда 0 %-ден 50 %-ға дейін ішкі ауаны сыртқы ауамен араластырып қайта пайдалануға мүмкіншілік қараластырылған.

Жылы кезеңде жапқыштыр жабық болады. Сондықтан қораға тек сыртқы ауа тартылып беріледі. Салқын және өтпелі кезеңде арнайы винтті механизм көмегімен жапқыш орнынан жылжытылады. Осы кезде арнайы ойықтар ашылады. Сондықтан ішкі ауаның бір бөлігі ішке тартқыш құбырларға өтеді. Сыртқы ауамен араласып қораға қайтадан беріледі.

Салқын кезеңде малдардан бөлінетін жылылық қорадан шығынданатын жылылық орнын толтырмайды. Сондықтан сыртқы ауа электр қыздырғыштармен 4 жылытылады. Ішкі ауа құбыры жылу алмастырғыш ретінде де пайдаланылады. Салқын ауа сыртқа шығарылатын ішкі ауаның жылылығын пайдаланумен алдын ала жылытылады.

Қондырғылар реттелмелі ауа алмастыруды және белгіленілген температураны ұстауды қамтамасыз етеді. Ішкі ауа температурасы төмендегенде қондырғылардың каналдары жабылып, ауа алмастыру көлемі азайтылады. Осы кезде температура қалпына келмесе электр қыздырғыштар жұмысқа қосылады. Температура төмендей берсе, ішкі жылы ауа қондырғыда жылытылған ауаға араластырылып қораға қайта беріледі.

Қорадағы ауа температурасы жоғарылағанда араластырғыш жапқыштар жабылады, электр қыздырғыштар тізбектен ажыратылады және қондырғының каналдары ашылады. Сондықтан ауа алмастыру көбейеді.

Ішке-сыртқа ауа тартқыш қондырғылардың негізгі тетіктеріне желдеткіш, араластырғыш жапқыштар және аралық секциялары және шатыр жатады.

Желдеткіш секциясы таза және лас ауаны тасымалдауға, сырттан тартылған ауаны жылытуға және кеңістікте таратуға арналған. Ол ішінде электр қозғалтқыш – желдеткіш және қорғағыш торлы коллектор бекітілген тұрықтан тұрады. Электр қозғалтқыштың білігіне екі қатарлы күрекшелері бар жұмыстық доңғалақ орнатылған. Тұрық пен коллектор аралығында түтікті электр қыздырғыштар орналастырылған. Желдеткіш секциясының төменгі жағында сақиналық каналдың шеңбері бойында, арнайы жабық қуыстар (сопло) бар. Олар арқылы таза ауа қораға беріледі. Қуыстар екі топсалы күнқағар түрінде орындалған. Күнқағарларды жылжытумен ауа ағынының бағыты мен жылдамдығы реттелінеді. Тұрықтың сыртқы қабырғасына жалаулы ажыратқыш бекітілген.

Араластырғыш жапқыштар секциясы ауаның айналып жүруін реттейді. Ол ішінде жоғарғы және төменгі цилиндрлер бекітілген тұрықты тұрады. Цилиндрлер аралығында біліктері бар екі жапқыш орналастырылған. Өстерге тісті секторлар орнатылған. Тұрықтың сыртына жапқыштардың электр-механикалық жетегі монтаждалған. Жетек редукторының шықпалық білігінің ұшы тісті сектор арқылы жапқыш өстерімен қосылған. Біліктің екінші ұшына ауыстырып қосқыш жұдырықша шайбалар мен ауа алмастыру көлемін көрсеткіш стрелка бекітілген. Шайбалар микроажыратқыштарға әрекет етіп, синхронды электр қозғалтқыш арқылы жапқыштарды ашып-жауып тұрады.

Аралық секция араластырғыш жапқыштар секциясын шатырмен жалғауға арналған. Ол ішкі және сыртқы цилиндрлерден тұрады.

Шатыр сыртқы ауаны алуға және лас ауаны далаға шығаруға, сондай-ақ қондырғыға атмосфералық жауын-шашындар енуден қорғауға арналған.

Әрбір ішкі – сыртқы ауа тартқыш қондырғы күштік шкаппен жабдық-талады. Ол қондырғының электр жабдықтарын қысқа тұйықталудан және асқын жүктелуден қорғауға, сондай-ақ әр қондырғыны қолмен басқаруға арналған. Қондырғылар кешені орталық басқару пультінен автоматты және қолмен басқарылады.

Мал қораларын жылытуға жылу энергиясын шоғырлап жинайтын аккумуляциялық типті қондырғыларды да пайдалануға болады.

Аккумуляциялық типті электр қыздырғыш қондырғылардың жұмыс істеуі екі кезеңге бөлінеді: зарядталу-жылу энергиясын шоғырлап жинайтын аккумуляциялық өзекті қыздыру және зарядсыздану — өзектен жылу энергиясын тұтынушыға беру. Өзекті дайындауға пайдаланылатын материал арзан және оның жұмыс температурасы мен жылу сыйымдылығы жоғары болуы керек. Олардың қасиеттері көп уақыт пайдаланғанда да өзгермеуі қажет. Өзектерді дайындауға құйматас және магнезит кең пайдаланылады.

Жылу энергиясын шоғырлап жинайтын материалдың массасын немесе көлемін қондырғылардың тәулік бойынша және мезгіл-мезгіл жұмыс істегенде аккумуляциялайтын жылылық мөлшерінің тең болу шарты арқылы анықталады:

Q = Q^’

Жылылық мөлшерлерін қондырғылардың қуаттары мен жұмыс істеу уақыттары арқылы анықтағанда

P τ=P^’  τ_ж,

Аккумулятор мынадай жылу энергиясын шоғырлап жинауы керек

Q_ак=Q∙τ -P∙τ_ж=P(τ-τ_ж)=P∙τ_ү,

мұндағы τ_ү – үзіліс уақыт (қондырғының электр энергиясын тұтынбайтын уақыты).

Жылу-аккумуляторының массасында шоғырланып жиналған жылу энергиясының мөлшері мына белгілі формуламен анықталады

Q_ак=c_м∙M∙∆t,

мұндағы c_м – аккумуляциялайтын материалдың меншікті жылу сыйымдылығы, Дж/(кг°С); M — материал массасы, кг; ∆t — жылу-аккумуляциялайтын материалдың температураларының айырмасы, °С.

Соңғы екі формулалардың оң жақ бөлімдерін теңдегенде

c_м∙M∙∆t =P∙τ_ү.

Осы формуладан материал массасы

M=(P∙τ_ү)/(c_м∙∆t).

Жылу энергиясын аккумуляторға тасымалдағанда және оны сақтағанда энергия шығындары болады. Оларды пайдалы әсер коэффициентімен ескергенде, материал массасы.

M=(P∙τ_ү)/(c_м∙∆t∙η).

Жылу энергиясын шоғырлап жинайтын қондырғылар энергияны электр жүйесінің жүктемелік графигінде жүктеме көп төмендеген уақыттарында (негізінде түңгі уақыттарда) тұтынады. Бұл тәуліктік жүктемелік графикті тегістеуге және ауылдық электр тораптарын қайтадан құрмай тұтынатын энергия мөлшерін көбейтуге мүмкіншілік береді. Түнде шоғырлап жиналған энергия күндіз пайдаланылады.

Мал қораларындағы ауаны жылытуға арналған ЭОКС-150/0,4-И1 типті аккумуляциялық қондырғы ойлап шығарылды. Қондырғының тұтынатын қуаты – 155 кВт. Оның ішінде аккумулятор электр қыздырғыштарының қуаты – 105 кВт. Қоректену кернеуі – 380/220 В. Зарядталу уақыты – 8 сағат.

Қондырғы ішіне магнезит толтырғыш құйылған 30 құйматас модульден тұрады. Модульдер бір қаптаманың ішіне орнатылған. Жылылық шығынын азайту үшін қаптаманың астына керамикалық плиталардан және минерал мақтадан жылулық оқшауламалар төселінген. Модуль қабырғасының қалыңдығы – 75 мм. Әрбір модульде тізбектеп қосылған екі нихром спираль орналастырылған. Барлық қыздырғыштар параллель жалғанған бес «жұлдызша» түрінде қосылған. Қаптамада желдету жүйесіне қосуға арналған келте құбырлар бар.

Қондырғыдан шығатын ауа температурасын реттеуге және оның мәнін зарядсыздану кезінде тұрақты ұстауға арналған құрылғы бар. Құрылғы байпасты каналда орнатылған араластырғыш (жапқыш) ретінде орындалған. Құрылғы сыртқы салқын ауа мен қыздырғыш камерадан берілетін ыстық ауаны қажетті ара-қатыста араластырып, қондырғыдан шығатын ауа температурасын реттейді.

Өзек каналдарына ауа центрден тепкіш желдеткішпен беріледі. Желдет-кіштің ауа беруі – 0,83…1,66 м^3/с. Желдеткіштің сорғыш келте құбырмен жалғанған байпасты каналында қуаты 40 кВт СФО типті электр-калорифер орнатылған. Ол қондырғы зарядталатын түңгі кезеңде мал қорасын жылытуға арналған.

Қондырғының басқару сұлбасы оның уақытында жұмысқа қосылуын және ажыратылуын, жабдықтарды әдеттегісіз режимде жұмыс істеуден қорғауды, сондай-ақ қораларға қажетті температуралы ауаның тұрақты берілуін қамтамасыз етеді.

Аккумуляциялайтын қондырғының қуаты тікелей жылытуға қажет қуаттан үш есе көп келеді. Сонымен қатар қондырғыға едәуір өндірістік аудан керек болады. Осы себептерден оларды пайдаланудың алдында техника-экономикалық есеп шығару керек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *