Жанамалы жылытуға арналған электр-термиялық жабдықтар және жергілікті электрлік жылытуға арналған құралдар

1. Жанамалы жылытуға арналған электр-термиялық жабдықтар

2. Жергілікті жылытуға арналған құралдар

Жанамалы жылытуға арналған электр-термиялық жабдықтар. Лас ауамен сыртқа шығарылатын жылылықты қайта пайдаланғанда электр-калорифердің қуатын азайтуға болады. Жылылықты қайта пайдалану үшін жылу алмастыру аппараттары және жылулық сорғыштар қолданылады.

Жылу алмастырғыш аппараттар рекуперациялық және регенерациялық болады. Рекуперациялық жылу алмастырғыштарда сыртқа шығарылатын «ыстық» ауадан ішке тартылатын салқын ауаға жылылық оларды бөліп тұрған қабырғалар (табақша болат, шыны, фольга, пластмасса, лавсан қабыршақ) арқылы беріледі. Регенерациялық жылу алмастырғыш аппараттарда жылу алмастырғыш материал – саптама (алюминий пластинкалар, ұсақталған тастар және т.б.) кезекпен біресе сыртқа шығарылмайтын «ыстық» ауа, біресе ішке тартылатын салқын ауа ағынында болып, бірінші ауадан екінші ауаға жылылық береді. Жылу алмастырғыш аппараттарының жылу бергіш беттеріне өте салқын кезеңде мұз қатып қалады. Осы себептен олар мал қораларының жылыту жүйелерінде әзірше пайдаланылмайды.

Жергілікті жылытуға арналған құралдар. Ауыл шаруашылық өндірісінде қолданылатын жылыту тәсілдерінің ішінде құрамалы жылыту тәсілі тиімді келеді. Бұл тәсіл, әсіресе төлдер тұратын қораларда өте тиімді болады. Сондықтан құрамалы жылыту тәсілін мегежін, бұзау, қой қораларында пайдалануға ұсынуға болады. Құрамалы жылытуда қоражайларды жалпы жылыту жүйесі және жергілікті жылытуға арналған құрылғылар пайдаланылады. Жалпы жылыту ыстық сумен, бумен, электр жылылығымен немесе жылу генераторларымен орындалуы мүмкін.

Жергілікті жылыту құрылғылары тек мал төлдері мен құс балапандары тұратын орындарды ғана жылытады. Өйткені төлдер мен балапандардың туғаннан кейінгі бастапқы күндерінде өздерінің температурасын реттеп тұратын қабілеті әлі дамымаған болады. Сондықтан олар өздері денесінің температурасын тұрақты ұстай алмайды. Төлдер мен балапандардың денелері салқындап кетпес үшін олар тұратын жерлерде температура жоғары мәнде тұрақты ұсталуы керек. Осы жағдайда төлдер мен балапандар ауырмай жақсы өседі. Олардың өнімділігі мен сақталуы жоғарылайды. Сонымен қатар температураны тек төлдер мен балапандар тұратын жерде ғана жоғары деңгейде тұрақты ұстағандықтан, құрамалы жылыту тәсілінде жылу энергиясының жалпы шығыны аз болады. Осы себептерден өнімнің құны төмендейді.

Жергілікті жылыту көзі ретінде электр энергиясының тасымалдануының, бөлінуінің, басқарылуының жеңілдігіне және оның құнының төмендігіне байланысты электрлі жылытқыштар кең пайдаланылады. Төлдер мен балапандарды жергілікті электрлі жылыту мынадай болып жүзеге асырылады: үстінен – «жарық» және «қараңғы» инфрақызыл сәулелендіргіштердің көмегімен; астынан – электрлі жылытылатын едендерді, электр панельдерін, едендік электр-кілемшелерін, электр-жылытқыштарын пайдаланумен; құрамалы тәсілмен — әр түрлі жергілікті жылыту құрылғыларын пайдаланып үстінен және астынан; үстінен және жанынан; үстінен, астынан және жанынан.

Электрлі жылытылатын едендер мал және құс фермаларында мегежіндерді, торайларды, бұзауларды, қозыларды және тауық, үйрек, күркетауық балапандарын жалпы және жергілікті жылытуға пайдаланылады. Оларды жаңа салынып жатқан және пайдаланылып отырған ескі мал және құс қораларында жасауға болады. Электрлі жылытылатын едендер тұтас тілкем (полоса) немесе жеке кіші алаң түрінде дайындалады. Бұл тәсілде еденнің астына арнайы қыздырғыш элементтер салынады.

Электрлі жылытылатын еден мал және құс тұратын орындардың микро-климатын жақсартады. Еден температурасы жоғарылағанда оған жақын деңгейдегі ауаның температурасы және қозғалысы өседі. Сондықтан ауаның салыстырмалы ылғалдылығы және зиянды заттардың (аммиак, көмір-қышқыл газ және т.б) шоғырлануы азаяды. Сонымен қатар, электрлі жылытылатын еденнің құрылысы қарапайым, өртке қауіптілігі аз, жылуды шоғырлап жинау қабілеті жоғары келеді. Осы себептен электр энергиясымен үзіліссіз жабдықтауды қажет етпейді.

Электрлі жылытылатын еденнің көлденең қимасы 5.1-суретте көрсетілген.

Сурет 5.1. Электрлі жылытылатын еденнің құрылысы:

(мөлшерлері сантиметрмен берілген) 1 — жер; 2 — ұсақталған тас; 3, 6 және 9 — құйматас; 4 — гидрооқшаулама; 5 — жылулық оқшаулама; 7 — қыздырғыш элемент; 8 – қорғаныш тор

Электрлі жылытылатын еденді монтаждау мынадай тәртіппен орындалады. Алдымен еденнің бөлінген учаскесінде жерді 0,3…0,6 м тереңдікке қазады. Ол жерді түйгіштеп жақсы нығыздайды. Содан кейін қабаттап ұсақталған тас 2, құйматас (бетон) 3, рубероидтан гидроизоляция 4 салады. Рубероидтың бетін битуммен қаптайды. Еден арқылы жылылық шығынын азайту үшін битумның үстіне жылулық оқшаулама 5 (қазандық қоқыс, керамзит және т.б) төселінеді. Оның үстіне құйма-тас қабат 6 құйылады, құйматастың бетіне қыздырғыш элемент 7 белгілі тәртіппен тартылады. Қыздырғыштың үстіне құйматас құйылады. Құйматас қабаттың бетіне көзі 250×150 мм қорғағыш болат тор төселінеді. Тор дайындауға диаметрі 3…4 мм болат сым пайдаланылады. Тордың бетіне құйматас қабат құйылып, электрлі жылытылатын еденді монтаждау жұмысын аяқтайды.

Жылытылатын тілкемнің ені малдың түріне байланысты келеді. Сиыр қораларында ені 0,5…0,6 тілкемді, торайлы мегежін қораларында ені 1,3 м тілкемді жылытады. Құстар еденде ұсталатын қораларда ені қора енінің 0,2…0,3 бөлігі болатын тілкем жылытылады.

Жылытылатын тілкемдерді электр торабына шетінен немесе ортасынан қосуға болады. Тілкемдер шетінен қосылғанда, оларды қоректендіретін өткізгіштер орнатылатын канал малдар жүрмейтін жерде болады. Сондықтан бұл тәсіл ыңғайлылау келеді. Бір тілкемнің ұзындығы 30…35 м-ден аспауы керек. Одан көп болса қыздырғыш элементті төсеуде қиындық болуы мүмкін.

Электрлі жылытылатын еденді есептеуде қыздырғыш элементтің материалын таңдап алу қажет, оның ұзындығын, көлденең қимасын және төселу тәсілін анықтау керек. Қыздырғыш материалдарына бір-сыпыра талаптар қойылады. Олардың қатарына қыздырғыштың температурасы, сызықтық қуаты, ұзындығы, механикалық беріктігі және технологиямен белгіленген температурада жұмыс істеу қабілеті жатады (5.1 — кесте).

Кесте 5.1. Электрлі жылытылатын едендер мен панельдерді есептеуге ұсынылатын параметрлер.

Мал мен құстың түрі Еденнің ұсынылатын температурасы, °С Беттік қуаты, Вт/м^2 Қыздырғыштың сызықтық қуаты, Вт/м Сымды төсеуге ұсынылатын адым, м

Балапандар 35…40 150…300 7,5…30 0,05…0,1

Торайлар 25…30 100…200 7…20 0,1…0,15

Семірілетін шошқалар 18…20 80…150 12…30 0,15…0,2

Ауру сиырлар 26…29 150…190 22…40 0,15…0,2

Бұзаулар 20…24 100…150 10…22 0,1…0,15

Кестедегі мәліметтерді талдаумен еден бетіндегі температура 40 ℃-тан аспауы керек екендігі анықталады. Бұл көрсеткіш қыздырғыштың мүмкіндік температурасын (100 °С) және сызықтық қуатын (7…40 Вт/м) шектейді.

Фазалық кернеуге қосылатын сымның ұзындығы 200 м-ге дейін болады. Сондықтан монтаждау кезінде ол механикалы жүктелінеді.

Жоғарыда келтірілген талаптарға болаттан және арнайы қорытпалардан (нихромнан, константаннан және т.б) жасалынған қыздырғыштар сәйкес келеді. Электрлі жылытылатын едендерде негізінде болат қыздырғыштар пайдаланылады. Өйткені олар қорытпалардан дайындалатын қыздырғыштардан арзан. Сонымен қатар болат қыздырғыштардың индуктив кедергісі, сызықтық ұлғаю коэффициенті және кедергісінің температуралық коэффициенті жоғары келеді.

Электр кілемшелерінің бірнеше типтері ойлап шығарылады. Олар аралығына арнайы жылытқыш сым бір қалыпты тәртіппен ирек-ирек төселген екі қабат химиялық әсерге берік резеңкеден жасалынады. Олар торайларды жылытуға арналады.

Кілемшелер тасымалды болып дайындалады. Олардың қуаты – 200…650 Вт, ұзындығы – 1,2…1,5 м, ені 0,5…0,75 м болады. Кілемшелер бетінің температурасы – 24…36 °С. Құрылғының электр қауіптілігі жоғары болғандықтан, оның қоректену кернеуі 36 В-тен аспайды. Кілемшелердің кемшіліктеріне жылу энергиясын шоғырлап жинау қабілетінің төменділігі, механикалық беріктігінің кішілігі және температурасын жеке реттеудің күрделілігі жатады.

Қозыларды алғашқы сағаттарда кептіріп сақтау үшін электр-грелкалар қолданылады. Грелка түбіне резеңке ішпек төселген ағаш жәшік түрінде жасалады. Ішпектің ішінде мырышпен қапталған болат сымнан шиыршық (спираль) түрінде дайындалған қыздырғыш элемент төселген. Құрылғының қуаты – 70 Вт, қоректену кернеуі – 36 В.

Орталық жылыту-желдету қондырғылар орнатылған қора-жайларда төлдер мен балапандарды жергілікті қосымша жылытуға электр жылытқыш-конвекторлар қолданылады. Қуаты 2 және 6 кВт болатын ЭОКС-2/1,5 және ЭОКС-6/1,5 типті электр-конвекторлар шығарылады. Оларда қыздырғыш элементі ретінде түтікті электр қыздырғыштар пайдаланылады. Қыздырғыштың қабырғалы бетімен табиғи қозғалғанда ауа жылылық алып қызады. Құрылғының қоректену кернеуі 380 В, қыздырғыштар «жұлдызша» қосылған. Қыздырғыштар тек қол режимінде басқарылады. Ауыстырып қосқыштың көмегімен номинал қуаттың 50 және 100 % қосуға болады.

Электрлі жылытылатын панельдер өндірістік және тұрмыстық үй-жайларды жылытуға арналады. Олар былайша бөлінеді: жылу бергіштігімен (бір бетінен және екі бетінен жылу бергіштікті); орнатылу тәсілімен (қабырғалық, едендік және қосалқы қабырғалар ішінде орнатылатын); қыздырғыш элементінің типімен (арнайы жылытқыш сымдар мен кабельдер, индукциялық қыздырғыштар, ТЭҚ, жоғары кедергілі қорытпалардан жасалынған сымдар, УТТ-2, ПАН-90 типті ток өткізгіш арнайы маталар, шала өткізгіш қабыршақ элементтер және т.б.); қыздырғыш элементінің төселу тәсілімен (арнайы қуыстарда, жырақшаларда, құрылғының құйматас немесе басқа толтырғыш материалының ішінде); толтырғыштың материалымен (құйматас, асфальт-құйматас, кірпіш немесе қазандық қоқыс толтырғыштық құйматас).

Қыздырғыш элементі құйматас ішінде орналасқан электрлі жылытылатын панельдер құрылысы 5.2 — суретте көрсетілген.

Сурет 5.2. Қыздырғыш элементі құйматас ішінде орналасқан электрлі жылытылатын панельдер құрылысы:

а — екі бетінен жылу бергіштікті; ә — бір бетінен жылу бергіштікті; 1 — метал қаңқа; 2 — кірмелік клемалық қорапша; 3 — жылулық оқшаулама; 4 — қыздырғыш элемент; 5 — құйматас; 6 — тор-экран

Панель металл қаңқадан 1 және экрандық тордан 6 тұрады. Тор қаңқаға балқытылып бекітілген, сондықтан панельдің қажетті механикалық беріктігі қамтамасыз етіледі. Қыздырғыш элемент құйылған құйматастың 5 ішінде орналасқан. Қабырғалық және едендік панельдердің бір бетін жылулық оқшауламамен 3 қаптайды.

Қазақстанның көп облыстарында мал қораларын және басқа өндірістік үй-жайлардың кіші көлемді бөлмелерін жылытуға электрлі жылытылатын панель пайдаланылады. Оның техникалық сипаттамалары: номинал қуаты – 1,5 кВт; номинал кернеуі – 220 В; бетінің температурасы – 70 °С; габариттік өлшемдері – 1100×700×50 мм; массасы – 100 кг. Панельдің қаңқасы жеңіл швеллерден дайындалады. Панель қаңқасы қызуға төзімді құйматаспен толтырылған. Құйматас ішінде ПОСХП немесе ПОСХВТ маркалы сымнан спираль түрінде жасалынған қыздырғыш элемент ирек-ирек болып төселінген. Сымның есептік ұзындығы – 220 м. Панель бетінің қажетті температурасы ТР-200 термореттегіштің көмегімен қамтамасыз етіледі.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде төмен температуралы электрлі жылытылатын панель ойлап шығарылды (5.3-сурет). Оның техникалық мәліметтері: номинал қуаты – 200 Вт; номиналь кернеуі – 36 В; габариттік өлшемдері 1100×600×40 мм; сымның ұзындығы – 32 м; спираль диаметрі – 10 мм; спираль ұзындығы – 12,2 м; панель бетінің шекті температурасы – 36 °С.

Панель 40×40×4 мм бұрышты металдан жасалынған қаңқадан 1 және металл тордан тұрады. Көзі 150×150 мм тор диаметрі 3 мм болат сымнан дайындалады. Тор қаңқаға балқытылып бекітілген. Сондықтан қатаң құрылма құрылады да панельдің механикалық беріктігін қамтамасыз етеді. Панель қаңқасына құйматас 4 құйылады. Құйматастың негізгі жылу бергіш бетінде ені 12 мм және тереңдігі 12 мм ирек-ирек жырақшалар орындалған. Оларға ПОСХВ, ПОСХП, ПОСХВТ сымдарынан спираль түрінде жасалынған қыздырғыш элемент 2 ирек-ирек болып төселінеді. Панельдің негізгі жылу бергіш бетінде құйматас пен қаңқаның аралығында 1,5 мм саңылау қалдырылады. Бұл саңылау арқылы қалыңдығы 1 мм табақша металдан жасалынған алмалы қақпақ 3 кигізіп орнатылады. Қақпақ қыздырғыш элементті механикалық зақымнан қорғайды, панель бетіндегі температураны теңдестіреді, сондай-ақ жанып кеткені қыздырғыш элементті алмастыруға мүмкіншілік береді.

Сурет 5.3. Төмен температуралы электрлі жылытылатын панель:

1 — метал қанқа; 2 — қыздырғыш элемент; 3 — алмалы қақпақ; 4 – құйматас; 5 — көзді бекіткіштер; 6 — тарамдық қорапша

ПОСХВ, ПОСХП, ПОСХВТ маркалы жылытқыш сымдар пайдаланылған панельдер кең таралған. Олар қарапайым және арзан, бірақ олардың айтарлықтай кемшіліктері бар. Панельдердің салқын күйіндегі тұтынатын қуаты олардың ыстық күйіндегі тұтынатын қуатынан 20…30 %-ға жоғары келеді. Пайдалану кезінде оқшауламасының кедергісі 500 МОм-нан 0,45 МОм-ға дейін төмендейді. Бұл құбылысты зерттеу нәтижесінде оқшауламаның сызықтық ұлғаю коэффициентінің болат пен құйматастың ұлғаю коэффициентінен он есе көп екендігі анықтайды. Сондықтан қыздыру нәтижесінде оқшаулама құйматасқа сығылып енеді де зақым болады. Осы себептен ПОСХВ, ПОСХП, ПОСХВТ маркалы сымдар пайдаланылатын панельдерді төмендетілген кернеумен қоректендіру ұсынылады. Бұл шарт оқшауламасыз сымдар пайдаланылатын панельдерге де таратылады.

Түтікті электр қыздырғыштар пайдаланылған панельдер де ойлап шығарылды. Зерттеу нәтижесінде олардың ток күші мен қуатының қыздыру кезінде өзгермейтіндігі, ал оқшаулама кедергісі мен ақпа тогының (негізгі тізбекпен өтпейтін токтың) мәндері оларға қойылатын талаптарға сәйкес екендігі анықталады. Сонымен қатар ТЭҚ пайдаланылған панельдердің бағасы арнайы жылытқыш сымдар пайдаланылатын панельдер бағасынан жоғары емес.

Электрлі жылытылатын панельдерді электрлі жылытылатын едендер сияқты мына тәртіппен есептейді.

1. Мына бастапқы мәліметтерді анықтайды: қыздырғыш элементінің типін, t_е, t_а, t_т, h_1, B, L, , U_ф. Панель еденге төселінетін болса, оның бетінің температурасын t_е таңдап алады. Қабырғаға және қосалқы қабырғаға бекітілетін панельдер бетінің температурасы мына шарт t_е≤95 ℃ бойынша анықталады. Тіке орнатылатын панельдің биіктігі B 0,4…0,5 м шамасында қабылдау ұсынылады. Панельдің қалыңдығын h_1 (5…10 см) және ұзындығын L (1…1,6) оны тасымалдау және монтаждау жеңіл болуын ескерумен таңдап алады.

Жергілікті жылытуға арналған инфрақызыл қондырғылар. Малдар мен құстарды инфрақызыл сәулелермен жылытуға әр түрлі сәулелендіргіштер және брудерлер пайдаланылады (5.2-кесте).

Кесте 5.2. Инфрақызыл сәулелендіргіштердің негізгі техникалық мәліметтері

Сәулелендіргіштің типі Сәулелену көзінің типі Ескерту

ОРИ-1 ИКЗК-220-500

ОРИ-2 ПС-70/Е 11010-375

ССПО-250 ИКЗК-220-250

ОЭИ-500 ИКЗК-220-250

ОВИ-1 ИКЗК-220-500

Латв.ИКО

КИ-220-1000

ОКБ-3196 ТЭҚ ТЭҚ қуаты – 500 Вт, кернеуі – 220 В

ОКБ-3196Б ТЭҚ Қуаты 400 Вт үш ТЭҚ

БП-1А ТЭҚ Қуаты 250 Вт төрт ТЭҚ

ЭИС-0,25-И1 «ИРИС» Нихром спираль керамика ішінде

Мал төлдерін инфрақызыл сәулелерімен жылытуға және ультракүлгін сәулелерімен сәулелендіруге ИКУФ-1 және ИКУФ-1м типті қондырғылар қолданылады. Қондырғы 40 сәулелендіргіштерден және басқару шкапынан тұрады. Әр-бір сәулелендіргіште ИКЗК-220-250 типті екі шам орнатылған, ал олардың ортасына бір эритем шам орналас-тырылған.

Жергілікті жылытуға арналған құрамалы жүйелер. Бұл жүйелерде төлдері жанжағынан жылытылады. 5.4 — суретте торайларды құрамалы жылыту сұлбасы берілген.

Сурет 5.4. Торайларды құрамалы жылыту сұлбасы:

1 — электрлі жылытылатын еден; 2 — торайлар апаны; 3 — инфрақызыл сәулелендіргіш; 4 — мегежін апаны

Торайларды астынан жылытуға электрлі жылытылатын еден, ал үстінен жылытуға инфрақызыл сәулелендіргіштер пайдаланылады. Осы кезде торайлардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызылады және төлдер тұрмайтын жерде ауа температурасын төмендетуге мүмкіншілік пайда болады. Осы себептен қораны жылытуға қажетті шығындар азаяды.

Еміп жүрген торайларды жылытуға арналған «Комби» типті қондырғы шығарылады. Ол 30 бірдей жинақтардан тұрады. Әрбір жинақ құрамына қуаты 120 Вт электрлі жылытылатын панель және қуаты 250 Вт «Ирис» типті инфрақызыл сәулелендіргіш кіреді. Қондырғы құрамына температура реттегіш, уақыт релесі, ақпа (негізгі тізбекпен өтпейтін) ток релесі, сигналдау және коммутациялау аппараттары кіретін пульттен басқарылады.

Қозыларды жергілікті құрылмалы жылытуға арналған ЭИС-0,37-И1 «Руно» типті құрылғы шығарылады. Құрылғы бір-бірімен кронштейін арқылы қосылған жоғарғы және төменгі жылытқыштардан тұрады. Төменгі жылытқыш ретінде екі панель пайдаланылады. Әрбір панель саңылаусыз винипласт тұрықтың ішінде орнатылған полимер материалдық қабықшалы қыздырғыш элемент түрінде орындалған. Жоғарғы жылытқыш ретінде сәулелену температурасы 700…750 ℃ болатын «қараңғы» инфрақызыл сәулелендіргіш қолданылады. Құрылғының техникалық сипаттамалары: қуаты – 370 Вт (соның ішінде панельдердің жалпы қуаты – 120 Вт, инфрақызыл сәулелендіргіштің қуаты – 250 Вт); номинал кернеуі – 220 В; жылыту аймағындағы температура қора температурасынан 10 ℃-қа жоғары келеді; бір уақытта массасы 5 кг онбес қозыны жылытуға болады.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде бұзауларды жергілікті құрамалы жылытуға арналған аймақтық тәсіл ойлап шығарылды. Ол тәсіл университетте ұсынылған төменгі температуралы электрлі жылытылатын панельдер көмегімен жүзеге асырылады. Бұзауларға арналған топтық торларда панельдерді ұсынылған тәсілге сәйкес орналастыру схемасы 5.5 — суретте көрсетілген. Қондырғыда панельдер екі қатарда орнатылады.

Төменгі қатардың панельдері 1 жылыту батареялары сияқты қабырғадан 100 мм және еденнен 50 мм қашықтықта көзді бекіткіштер 3 мен ілмектер 4 көмегімен тік монтаждалады. Жоғарғы қатардың панельдері төменгі панельдердің үстінде горизонталь жазықтыққа 30° жасай күнқағар түрінде орнатылады. Әрбір жоғарғы панель төрт көзді бекіткіш 3, екі ілмек 4 және штырьге 5 бекітілген тартқыш болат арқан 6 көмегімен монтаждалады. Төменгі қатардағы панельдер аралығы l_1=280…320 мм шегінде, ал жоғарғы қатардағы панельдер аралығы l_2=220…280 мм шегінде қабылданады. Панельдер арнайы тіркес 7 бекітілген төмендеткіш трансформатордан 8 қоректенеді.

Университетте осы қондырғыны белгіленген бағдарламамен басқаратын шкап ойлап шығарылды. Оның құрамына коммутациялық және сигналдау аппараттары, бағдарламалы уақыт релесі және термодатчиктер кіреді. Басқару шкапы панельдердің жылу энергиясын шоғырлап жинау қабілетін пайдаланумен электр жүйесінде жүктемелер аз уақытындағы энергияны тұтынып, төлдер тұратын жерде қажетті жергілікті температуралық-ылғалдық режим жасауға мүмкіншілік береді.

Сурет 5.5. Төменгі температуралы панельдерді орналастыру сұлбасы:

1 және 2 — төменгі және жоғарғы қатардағы панельдер; 3 — көзді бекіткіш; 4 — ілмектер; 5 — штырьлер; 6 – тартқыш болат арқан; 7 — тіреу; 8 — трансформатор; 9 — топтықтар; 10 — еден

Университетте қозыларды жылытуға арналған камералық электр-панельді жылытқыштар да ойлап шығарылды. Олар үйшікте жаңа туған қозыларды үш жағынан құрамалы жылытады: астынан, үстінен және жанынан. Жылытқыш электр панельінің модульдерінен жиналады. Жылытқыштағы модульдер саны үйшікте саулықтардың ұстау тәсіліне және үйшіктің өлшемдеріне байланысты келеді. Саулықтар жеке торларда ұсталғанда модульдер саны, яғни жылытқыш мөлшері, тордың және қозының мөлшерлеріне орай анықталады. Бұл жолы жылытқыш жеке торлардың аралығында орнатылады. Саулықтар топтық торларда қозылағанда, жылытқыштың мөлшері мен саны топтық торлардың (оцаркалардың) өлшемдеріне байланысты анықталады. Бұл жолы жылытқыштар үйшіктің қабырғаларын жағалай орнатылады.

Электр панельдің модулі (5.6 — сурет) құйматас тұрықтан 1 және оның ішінде монтаждалған қаңқадан тұрады. Қаңқа толқындары бір-біріне қарсы орналастырылған өлшемдері 850×300 мм екі толқынды асбест-шиферден 3 дайындалады. Қаңқаны сыртынан диаметрі 3…5 мм болат сыммен 4 орап байлайды. Оқшауламалық қанқа модульдің электрлік және өрттік қауіпсіздігін жоғарылатады. Сонымен қатар ол сыртында оралған сыммен бірге модульдің тұрқын құйматастан құйғанда арматура ретінде де пайдаланылады. Модульде қыздырғыш элементті төсеуге арналған екі канал 2 бар.

Қыздырғыш элемент ПОСХВ, ПОСХП, ПОСХВТ маркалы жылытқыш сымдардан, оқшауламасыз болат сымнан, нихромнан, фехральден және басқа материалдардан спираль түрінде дайындалады.

Модульдің негізгі техникалық мәліметтері: кернеуі – 24-36 В; қуаты 170 Вт шамасында; бетінің температурасы – 25 °С; өлшемдері – 850×320×120 мм. Модульдің электрлік және өрттік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және бетінде электр потенциалын теңдестіру үшін қаңқаның болат орауы жермен қосылған контурға немесе нөлдік сымға жалғанады.

Сурет 5.6. Электр панельдің модулі:

1 — құйматас; 2 — канал; 3 — шифер; 4 — сым орау

Модульдерден жиналған камералы электр-панельді қозыларды жылытқыштарды қойлар қозылайтын үйшікте орналастыру сұлбасы (бір вариант) 5.7 — суретте берілген.

Сурет 5.7. Камералы электр-панельді қозыларды жылытқыштарды

 қойлар қозылайтын үйшікте орналастыру сұлбасы

Жылытқыш 27 модульден жиналған: 9 — модуль жылытқыштың төменгі бөлігінде, 9 модуль артқы қабырғасында және 9 модуль жоғарғы бөлігінде. Қыздырғыш элементтер «жұлдызша» қосылған. Жылытқыштың қуаты – 4,5 кВт; қоректену кернеуі – 380/220 В. Жылытқыш камералары тек қозылар сиятындай мөлшерлі болып жасалынған. Қозылар камераларда еркін жатып жылынады. Сонымен қатар жылытқыш саулықтар мен қозылардың еркін қарым-қатынасын қамтамасыз етеді.

Жылытқыштың жылу энергиясын шоғырлап жинау қабілеті жоғары келеді. Осы себептен қозыларға қажетті температуралық-ылғалдық режимді жасауға электр жүйесіндегі жүктеме аз уақыттағы энергияны пайдалануға болады. Жылытқыштар университетте ойлап шығарылған шкап көмегімен белгіленген бағдарлама бойынша автоматты басқарылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *