Қазақстан Республикасы Конституциясының (1995) “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару” туралы 8-бөлімінде жергілікті өкілді органдардың сипатына, мақсатына және құрылу тәртібіне қатысты жалпы ережелер белгіленген. Осы бөлімнің 89-бабы бойынша, “Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді жергілікті тұрғындардың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғындар тікелей сайлау жолымен, сондай-ақ, адамдар жинақы тұратын аумақты қамтитын ауылдық және қалалық жергілікті қауымдастықтардағы сайланбалы және басқа жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызмет тәртібін заңда көрсетілген шекте азаматтардың өздері белгілейді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне олардың заңмен белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі. Мемлекет олардың қызметін және олардың өкілеттігінің шегін заңдылық деңгейінде тек жалпы шеңберде белгілейді. Басқа жағдайларда өзін-өзі басқару органдары мәселені дербес шешеді. Сондықтан жергілікті жерлерде мұндай органдардың құрылуы тек атауы бойынша ғана емес, бағыты, нысаны, қызмет тәртібі, кірістердің қосымша көздері, әкімдермен, мәслихаттармен өзара қатынас тәсілдері бойынша да әр түрлі болуы мүмкін. Жергілікті өзін-өзі басқару қызметі әрбір мемлекеттің өзінің ішкі ерекшеліктеріне қарай қалыптасады