33-билет Апелляциялық шағым жасау және наразылық білдірудің тәртібі мен мерзімі Апелляциялық шағымның мазмұны:

403-бап. Апелляциялық шағымдар, наразылықтар беру тәртібі мен мерзімдері

      1. Апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляциялық сатыға келіп түскен шағым немесе наразылық шешім шығарған сотқа осы Кодекстің осы бабы екінші бөлігінің және 405-бабының талаптарын орындау үшін жіберілуге жатады.

      2. Апелляциялық шағым, наразылық іске қатысатын адамдардың санына қарай көшірмелерімен қоса сотқа беріледі. Қажет болған жағдайларда судья шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны шағымға немесе наразылыққа қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысатын адамдардың санына қарай беруге міндеттей алады.

      3. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық шағым, наразылық – шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап берілуі, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.

      4. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алудың өткізілуін тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер бойынша апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарылған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.

      5. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты беру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды.

404-бап. Апелляциялық шағымның, наразылықтың мазмұны

      1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:

      1) шағым, наразылық жіберілетін соттың атауы;

      2) шағым, наразылық беретін тұлғаның атауы;

      3) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;

      4) әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;

      5) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігі және шағым, наразылық беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуін талап ететініне нұсқау;

      6) шағымға, наразылыққа қоса берілген құжаттардың тізбесі;

      7) шағымды, наразылықты беру күні және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе ондай құжат болмаса, өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге құжат қоса берілуге тиіс.

      Шағымды, наразылықты электрондық құжат нысанында берген кезде олар оны беретін тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанындағы шағымға, наразылыққа құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.

      2. Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.

      Егер шағымда, наразылықта жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға жол беріледі.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *