1.Азаматтықтың ұғымы, оны Қазақстан Республикасында тоқтатудың тәртібі

Азаматтық — тұлғаның нақты мемлекетпен берік құқықтық байланысы. Мемлекетпен оның қарамағындағы тұлғалардың арасындағы өзара қарым-қатынас ретінде көрінеді: мемлекет адамның құқығына және бостандығына кепілдеме береді, оларды шет елдерде қорғайды. Азамат мемлекеттің орнатылған заңдарын және мемлекетпен орнатылған міндеттерді мүлтіксіз орындауы қажет. Азаматтықты алудың негізгі тәсілдері — туғанда және натурализация ретімен беріледі.

  Азаматтықты тоқтату негіздері

      Қазақстан Республикасының азаматтығы:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу;

Егер шығу туралы өтініш жасаушы адамның Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағандары болып, олармен азаматтардың немесе Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болса, Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығарудан бас тартылуы мүмкін.

      Егер шығу туралы өтінішхат берген адамға қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жария етілсе не ол заңды күшіне енген соттың үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе немесе адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келсе, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға жол берілмейді.

      2) Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылу салдарынан тоқтатылады.

Қазақстан Республикасы азаматтығынан:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, адамның басқа мемлекетте әскери қызметке қауіпсіздік қызметіне, полицияға, юстиция органдарына немесе өзге де мемлекеттік өкімет және басқару органдарына орналасуы салдарынан;

      2) егер Қазақстан Республикасының азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;

      4) егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса;

      5) егер адамның Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына негіз болған Қазақстан Республикасының азаматымен некесін сот жарамсыз деп таныса;

      6) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, шетелдіктерге асырап алуға берілген бала кәмелетке толған кезде оның ерікті қалауы бойынша;

      7) адамның шетелдік қарулы қақтығыстарға, шет мемлекет аумағындағы экстремистік және (немесе) террористік әрекетке қатысуы салдарынан айырылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *