Шіркін, сол бір сыпсың-сыпсыңды өз құлағымен естір ме еді. Сандарын соғып, беттерін шымшып мәз-мейрам боп жатқандарды өз көзімен көрер ме еді… Мынау көкірегін көр тышқандай кеміріп жатқан меңіреу күдік-күмәннан соның өзі дұрыс болар еді. Бұл ел аузына құм құям деп тыраштанған сайын сол сұмпайы лақап күшейе түсетін сияқты. Ендеше бұл несіне бұқпантайлайды. Ел көзіне неге көрінбейді. Енді не де болса, мынау қаракөлеңке үңгірде кәрі аюдай қамалып жатып, абырой таба алмасы белгілі болды. Ел не десе о десін. Қайткен күнде де мынау байлаусыз тұтқыннан босанбай болмайды. Күмән мен күдіктің шірік арқанын үзіп, халықтың көзіне көрінуі керек. Сонда жұрттың ауыздары барып айта алмай жүргендерін, ең болмаса, көздерінен аңғарады ғой.
Ой, шіркін, баяғыдағы бір замандар болса, дәл қазір қара тобырға қас қылғанда ұлан-асыр той жасар еді. Жұртты аузы-мұрнынан келтіріп, шарапқа қандырар еді. Сосын мас болғандардың не деп көкіп жүргендерін тыңдап көрер еді. Олай етудің енді, міне, еш қисыны келмей тұр. Байтақ шаһар түгілі төңірегіндегі өз әулеті мен әмірлерінің не ойлап, не қойып жүргенін біле алмай пұшайман. Олардың басын қайтып қосса екен… Шынында да мына мұнара оның бетіне шіркеу болған тәрізді. Бұның осы бұншама бүгежектеп қалғаны несі? Қанша дегенмен жалпақ жаһанды қалтыратқан қаһарлы хан аты бар емес пе? Сол немелерді жиып ап, бетпе-бет кездесіп, көздеріне неге үңіліп көрмейді. Оның үстіне мынау тас қамауда қашанғы қамалып отыра бермек. Басқаны былай қойғанда бауырынан шыққан шұбар жылан Кіші ханым мен әр адымын аңдып, тың тыңдап жатқан бәйбішесіне, солардың соңындағы көп шуылдақ нөкерге таба болмай, серпілмей ме бір… Өзі не істесе де, ауыздарын ашып, айран-асыр қылатын қор көкірек көп надан, бәлкім мұның бұл қылығына да жерден жеті қоян тапқандай таң қалар. Ең болмағанда, әйтеуір, өз төңірегіндегі көп шуылдақтың көңілдеріне не қашып жүргендерін аңғарып қайтады ғой.
Ертеңіне Әмірші бас уәзірді шақыртты. Бас уәзір есіктен бүгежектеп әрең аттады. Бір қараса ар жағындағыны түгел көріп қоятын бадырақ көзін жерден көтерген жоқ. Әмірші бұйрығын айтып бола бере, құлдық ұрып шығып кетті. Әміршіге кәрі түлкінің дәл мынадай қорғалақтап қалғаны ұнамады. Өз ойындағы күмән шын боп шығып жүрмесе қайтсін. Сарай маңындағылар Әміршінің кейінгі қылықтары неден өрбіп жатқанынан түгел хабардар емес пе өзі? Әлгі түлкі бірдеңеден сыр алдырып қалам ба деген кісіше кетуге асықты ғой. Өңінде бір үрей бар сияқты. Әлде бұдан өзі жоқта мынандай сұмпайы мұнараны неге салдырдың деп, бас шебердің кебін кигізіп жүре ме деп қорықты ма екен? Ол да мүмкін-ау! Қап, өзін жібермей ұзағырақ ұстай тұрмаған екен. Көп адам мұның үнсіз сотына шыдай алмай, қипақтап бітетін. Ол бос уәзірді тағы көргенше асықты. Одан басқа сарай адамдарын да, балалары мен әмірлерді де тезірек көргісі келді. Олар да әлгі бас уәзір құсап бүгежектер ме екен, жоқ па екен? Егер олар да жаңағы құсап, бастарын іштеріне алып, қорғалақтай бастаса, бірдеңені білетін болғандары…
Төрт-бес күннен соң Ұлы Әмірші аңға аттанатын болды. Үйір-үйір аңшы иттер, тазылар, садақшылар, Әміршінің қара-құрым жеке нөкері, аспаздары мен қызметшілер, аң үркітетін кернейшілер мен дабылшылар —ұзын шуақ керуен астанадан шығып, ту-ту көз ұшында еміс-еміс көгеріп жатқан зеңгір тауларға беттеді. Бір күншілік жол жүріп керуен тауға да жетті. Сарай адамдары, әкімдер, қол басылар, Әмірші әулеті ақар-шақар шыңдардың арасынан арсы-гүрсі құлайтын жойқын өзеннің бойындағы ну жынысты қойнауға шатырларын тікті. Тау арасы мен өзен бойындағы жыныстарды түгел сүзіп шығатын болды. Қызылды-жасылды керуен, жүзіктің көзінен өткендей сүлік сәйгүліктер, бес қарулы беліндегі сәнді саптар бұның баяғы бір шарасына толып шалқып жүрген дәурендерін еске түсіргендей. Жазықта миыңды шағып тұрған шақар шілде тау қойнауына кірген соң, қайратынан айырылып қалыпты.
Тау бойына қонған күні Әмірші ағыл-тегіл дастарқан жайды. Шарап судай ақты. Жұрт қанша дуылдасқанмен, Әміршінің құлағы елең етердей ештеңе аңғарта қойған жоқ. Бәрі де сол ертең басталғалы тұрған аңшылықтың жайы. Ат мақтаған, ит мақтаған, құс мақтаған кеу-кеу. Мергендіктерін салыстырып қызарақтасқан мақтан әңгіме. Әмірші айналадағы абыр-жабырға құлағын тоса отыра ренжірін де, қуанарын да білмейді. Әлденеден алданып қалған адамдай, қабағын салбыратып, тұнжырай түсіпті. Сол күні түнде де көз іліндіре алмады. Аңшылыққа қонған самсаған көп шатырда сес жоқ. Маңай тым-тырыс. Сыртта маужыраған жазғы түн. Саф ауа, өн бойын ал-сал албыратып бара жатқан бал шарап. Ертеңіне ертемен басталғалы тұрған ду-ду сайран. Одан артық қандай рақат керек. Көрші шатырлардан қор-қор дыбыс көбейді.
Әміршінің жақсы көретіні осындай түндер, осындай өмір. Сонау Байтақ шаһар мен қыстақтардың шым-шытырық махаллаларына тарап-тарап кеткеннен кейін соңындағы мынау көк найзалы қарақұрым қол түзеп жүрген көп еркек әрқайсысы бір-бір қатер, бір-бір үрейге, ең құрығанда бұл жайында аузына не келсе, соны оттап отыратын бір-бір көкімеге айналады. Ал қасында жүрсе бәрі жіптіктей, бәрі момақан. Қасы мен қабағына қарайды. Кейде тіпті олар бұның шетсіз-шексіз көп үрім-бұтағы секілденіп кетеді. Әншейіндегі бейбіт өмірден бір елі аттап шыққан соң, бәрі бірдей бұны паналап, баурына кіре түскендей. Міне, айлы түнде, жан-жағынан анталаған ақар-шақар шыңдардың арасында, бабасының төсегін шыр айнала қоршап алып ұйықтайтын тентек немерелердей, қаннен-қаперсіз қорылдасып жатыр. Аңғар табанындағы ағын су солардың құдіретті қорылымен бәсекеге түскендей, түнгі тыныштықты басына көтере сарқырайды. Оның сергек құлағы жұп-жұқа жібек шатырдың ар жағындағы ұлан-асыр дүниедегі сәл сыбыс, сәл сыбдырды қалт жібермей қағып ала қояды. Жүйкеңді тікен боп шағар, кірпігіне тіреу боп қадалар бөгде дыбыс жоқ. Түнгі тыныштық тамылжып-ақ тұр. Бірақ көзіне ұйқы үйірілмейді. Айналадағы жыныс арасынан аң иісін сезе ме, оқшау қостағы тазылар қайта-қайта қыңсылай береді. Шатыр сыртында құлаққа естілер-естілмес қыбыр көп. Әлдебір жәндіктер жыбыр-жыбыр түнгі тіршілігіне кіріскен. Әлдеқайдан шілделік шырылдайды. Соншалықты қарапайым болса да, бәрібір ақылың жетпейтін шым-шытырық шытырман дүние. Пәлен күннен бері көкірегін көк түтіндей бықсытып келген көп тұман ыдыраған тәрізді, бірақ біржола сейіліп те кете қоймапты. Ұйқысы келмегенмен өне бойы құп-қунақ. Мынау маужыраған тыныштықтың қойнына біржолата сіңіп кеткісі келеді. Тақты, тәжді, төбесіндегі шатырды талақ етіп, жым-жырт түнгі мұнарға бөгіп манаурай жатқан маужыр табиғаттың құшағына бір-ақ сүңгіп жоғалғысы келеді. Сырттағы түн салқынын пайдаланып өз қарекеттеріне кіріскен кішкене мақұлықтардай не істеп жатқанын өзінен басқа ешкім білмейтін, бөгде көзге еш қызығы жоқ, бір елеусіз тіршілікке көшкісі келеді. Ізін баққан көп көз бен көп сөзден құтылса, қайтадан ешкімнің ала көзіне ілікпейтін жай бір жұмыр басты пендеге, тіпті кез келгеннің, аяғының астында жататын елеусіз мақұлқатқа айналсын мейлі, әйтеуір мынау көзге шыққан сүйелдей көзтүрткі өмірден құтылса, еш арманы болмас еді. Қазір жібек шатырдан сытылып шығып, ну жыныстың арасына қойып кетсе ғой, шіркін. Ертең соңындағы қарақұрым нөкер не өзін, не сүйегін таба алмай, Байтақ шаһарға қайтар еді, ел аузында бұл жайында небір адам сенгісіз алыпқашты аңыздар тарар еді. Бұл соны естігенде миығынан күліп, ақымақ тобырдың көк ми есуастығына әбден айызы қанар еді…
Әмірші мынау қасқыр қиялының ешқашан жүзеге аспайтынын білсе де, көңілі бір түрлі тыншу тапқандай болды. Шатырдың аузынан бастап, бүкіл қосты шыр айнала қоршап жатқан кілең сақшы бұдан тіріде көз жазар ма… Өзі ойлап шығарған төр мен тәртіптің қыл тұзағы өз тірсегіне түскенін ойлағанда, Әміршінің көкірегі қайтадан кермек тартып қоя берді.
Бірақ Әмірші өне бойын балбыратып бара жатқан жым-жырт түннің жұмбақ рақатынан айрылғысы келмеді. Әлгінде ғана өзін пейіштің төріндей бір жайлы мекенге бастай жөнелген тентіреуік соқпақты қайтадан тауып алды. Ол оны мынау аңшылық алдында алаңсыз қорылға басқан қостан, күдік пен күмәнды кезек құшқан пұшайман тіршіліктен біржолата алыстатып, әлдеқайда жетелеп барады. Енді бұл өмір, бұл өңірге ешқашан оралтпастай. Ол мынау қарғыс атқан қағынды өлкеден алыстаған сайын басындағы зіп-зілдей тәжден, үстіндегі оқалы киімнен арылып, тұла бойы жеңілейіп бара жатқандай көрінді. Бір уақытта тіпті иығындағы лыпа ихрамға айналып кеткен екен дейді. Ақ майса топырақты жалаң аяқ борп-борп басып келеді. Көз алдында бұл бұрын көрмеген бейтаныс өлке. Күн мен жел мүжіп тастаған қоңыр таулардың ортасында шағын шаһар жатыр. Соған қарай ұзын-шуақ көп тобыр жөңкіліп барады. Соңдарында ілбіп бұ да келеді. Әлдебір сөздерді қырық қайтара қақсай бергендіктен тамағы құрғап, даусы қарлығып қалыпты. Қанша айқайласа да, үні шықпайды. Тек еріндері ғана жыбырлайды. Алдынан кесе-көлденең түсіп жатқан қара сұр жота көрінді. Жұрттың бәрі соған қарай емпеңдей жөнелді. Түс ауа олар әлгі жотаға да жетіпті. Жотаның басына үстіне кілем жапқан ашамайлы аппақ желмаяға мінген ақ сәлделі біреу көтерілді. Түйеден түспеген күйі, тізесінде жатқан кітапты ашып, күңірентіп оқи бастады. Күңіренген қою даусы оқтын-оқтын үзіліп кетеді. Сол кезде ихрамның етегін қолдарына ұстап, желпіп тұрған көп тобыр:
— Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірміз,— деп шу ете қалады. Мұндай құлдық ұрған сөздерді өзгелерден естігенмен, өзі айтып көрмеген Әмірші қапелімде аузы илікпей, жамырасып жатқан жұртқа көптен соң барып қосылады. Қасындағылар ағыл-тегіл жылап тұр. Бұның көлденең көзге сыр алдыртпаймын деп, көң боп қатып қалған сұп-сұр бетінде бір тамшы жас көрінбейді. Кеңірейіп тұрғанын біреу-міреу аңдап қалмасын дегендей жұрт айтып жатқан ұзын сарынға қосылып, жерден басын көтермеген күйі ол да әлдене деп ернін жыбырлатады. Түйенің үстіндегі ақ сәлделі кісі алдында жатқан кітапты жауып, қолын жайып бата қылды. Жұрттың бәрі жер тізерлей кетті. Батадан соң қара сұр қыраннан ине шаншар жер қалдырмай жыбырлап тұрған көп халық етектегі қойнауға қарайлап қойды. Бір жерде бұ да келеді. Өкпесі өшіп барады. Бірақ жұрттан қалып қоймайын деп ақ тер, көк тер боп жүгіріп келеді. Бұлар жотадан түсе бере әлдеқайдан ызы-қиқы саздар сарнап қоя берді. Аспанда жарқ-жұрқ оттар атылды. Мана күндіз әлгі ақ сәлделі адам құран оқыған қара сұр қыраңға келе жатып, көзіне түскен кең қойнауда қаз қатар тізіліп тұрған ағаш мұнараларға әлдекім от берген бе, шырадай маздап лаулап жанып жатыр. Шошақ-шошақ төбешіктер арасындағы иір-иір қойнаулар быжынаған отқа толып кетті. Кең алқапқа самсай қонған шатырлар түнгі алаудан әр алуан шұғылаға малыныпты. Осынау мидай қайнаған алабажақ дүниенің ортасында о да таң атқанша сенделіп шықты.
Ертеңіне кешегі ақ түйелі адам тағы да дұға оқыды. Жұрт тағы да жапатармағай намазға ұйыды. Намаздан соң тағы да етекке қарай жөңкіле жөнелісті. Қойнауға кіре берістегі жол ортасындағы қаққан қазықтай қара тасқа әркім қалтасынан жүгерідей-жүгерідей жеті қара тас алып лақтырды. Мекеге қажыға барғанда киетін киім. Алқаптың орта тұсына жете бергенде, тағы да тап әлгіндей қап-қара тас баған жолықты. Оған да жеті тас тастады. Ең соңында жұрт бұжыр-бұжыр қара тастардан қалай болса солай қалай салған тас қабырғаға тірелді. Оған да жеті тас тасталды. Олар енді дәу-дәу тай қазандар асылған жер ошақтарға беттеді. Қазанның маңында қолына сапы ұстаған қасапшылар жұрттың ишарға атаған малдарын жайғастырып, әлеңкідей жаланып жүр. Қазандықтардың арасында қайдан шыққандары белгісіз, қайдағы бір жұтынған жарлы-жақыбайлар, қол жайған қайыршылар қаптап кетіпті. Ихрам кигендер бір шетке шығып, қолдарына иір мойын жез құман ұстаған біреулерге шаштарын жібіттіріп жатыр. Біреуінің алдына барып, жүрелеп бұ да отырды. Иір мойын жез құманның шүмегінен саулаған жылы судан көптен бері құрысып-тырысып жүрген төбе құйқасы бірден жазылып жүре берді. Шашын жібітіп тұрған қайыс қара қынынан сумаң еткізіп ұстара суырып алды. Қимылына көз ілеспейді. Бұның шашын әпсәтте-ақ сыпырып тастап, енді аяғы мен қолының тырнағын алуға кірісті. Сосын шашын бір бөлек, тырнағын бір бөлек түйді де, екі кішкене түйіншекті қосақтастыра байлап, жерге көмді.
Тай қазандар түсірілді. Иін тіресе жайғасқан қарақұрым халыққа табақ-табақ ет тартылды. Ертеңіне жұрт шатырларынан шықпай күн ұзаққа дем алды. Араға тағы бір күн салып барып ойпаңда жатқан шаһарға беттеді. Түске таман шаһарға жетті. Қарсы алдарынан мысырлықтар алып келген су жаңа қара перде жабылған қағба көрінді. Жұрт қағбаның дәл қасына кеп тоқтады. Әлдекім бірдеңені дар-дар айырып жұртқа үлестіріп беріп жатты. Ол тәбәрікке жыртылып жатқан қағбаның бұрынғы шымылдығы екен. Анадайда қази уағыз айтатын мәрмәр мінбар ағараңдайды. Зәмзәмнің құдығының үстіне шағын күмбез орнатылыпты. Ол да жапа-тармағай қол жайып жатқан жұртпен бірге дұға қылды. Сосын қағбаның қара тасының қасына барып тұрды. Қара тастың үстіңгі беті жұрттың ерні мен қолының табынан жып-жылмағай боп жылтырап қалыпты: ал астыңғы беті қаралтым, қызғылт дақтары мол, тарғыл-тарғыл. Өзгелер еріндерін апарғанда былқ етпестен жатқан қара тас бұл еңкейе бергенде, бір қапталға қарай жылысып кетті. Қолын ұмсынып көріп еді, о да жетпеді. Көк желкесінде итермелеп тұрған көп тобыр оны қара тастың қасынан ысырып, ығыстырып әкетті. Ол үрдіс бойынша екі иығын жоғары-төмен қиқақтатып, бүлкілдей жүгіріп, қағбаны үш рет айналып шықты. Әр айналып шыққан сайын қара тасқа еңкейеді, ол бұдан қашқақтап, әрмен жылысып кетеді. Енді жүрісін баяулатып, жай аяңмен қағбаны тағы да төрт рет айналып шықты. Әр айналып шыққан сайын қара тасқа иілгенмен, ол бәрібір маңайлатпай қойды. Өзге жұрт аузы жетпесе, қолдарын тигізіп жатыр. Бұл дегенде қара тас ойнақшып орнында тұрмайды.
Ол енді жұртпен бірге ауланың ішіндегі қағбаны салған Ыбырайым пайғамбардың қабіріне барып тағзым етті. Зәмзәмнің құдығынан су тартып ішті. Киелі құдықтың суы бір түрлі алғаулы екен. Ішкен сайын өңешін шоқ боп қарып жатқандай. Жұрт қағбаның ауласынан шығып, анадай жерде бір-біріне қапталдаса сұлап жатқан егіз тау Саф пен Мәруға қарай бүлкілдей жөнелді. Бұ да еріп келеді. Көз алдынан маңына бұл жоласа болды, сырғанақтап бір орнында тұрмаған қара тас кетпей қойды. Иығына алғаш ихрам ораған күннен бастап, қажыға келген кісіге шартты кәденің бәрін істеді; Ғұсылын да, намазын да қаза жіберіп көрген жоқ; тырнағын бояттырып, өне бойын ібіліс ластықты қуып шығады дейтұғын киелі маймен сылаттырды; ұмраны уақтылы атқарып, ишарға ақ түйе атады. Қағбаның ауласына жерленген жүзден астам пайғамбардың қабірінің қай-қайсысын да атаусыз қалдырмай, бастарына садақа байлаған-ды. Иығында иһрам барда қан төккен, жеміс жеген, айнаға қараған, көңіліне қара не күнә қашқан жері жоқ; өңі түгіл түсінде жанына ұрғашы жолап көрген емес. Сөйте тұра қажы атанып, басына сәлде орайтын шақта киелі қара тас қақпайлап мұны маңына жолатпай қойды. Ол мынандай ауыр жазаға қай пиғылынан тап болғанын біле алмады. Қасиетті Меке топырағын аттап, ұмра мен хажының барша жол-жорасын түгел атқарған, қағбаның қара тасын сүйген мұсылманның қай күнәсі де кешіріледі дейтіндері қайда? Зәмзәмнің суы көкірегін сілтідей жидітіп бара жатқаны несі?
Ол алдында бұрқ-бұрқ шаң көтеріп бүлкілдеп бара жатқандардың соңынан қызыл танау боп салып ұрып келеді. Тамағы құрғап, тынысы бітіп қалды. Көз алдынан сол баяғы тарғыл-тарғыл киелі тас кетпей қойды. Ол мұның алдына түсіп ап, шарықтың тасындай шыр көбелек айналып, қашып бара жатыр екен дейді. Қанша қуғанмен жеткізер емес.
Шұбырған халықтың алды баяғыда Ыбырайым қағба салып жатқанда жалғыз ұлы Ысмайылға бір жұтым су таба алмай әйелі Агөрдің жеті рет айналып жүгіріп шыққан Саф пен Мәрудің арасындағы қойнауға жетті. Екі өкпесін қолына алып, бұл да келді. Жан даусы шығып: «Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірмін» — деп айқай салып келеді. «Тек жұртқа жасаған мейіріміңді маған да қия гөр» — деп екі етек боп жалбарынып келеді. Бірақ тірсегінен қағып өтіп, шыркөбелек үйіріліп, шыр айнала қашып жүрген қағбаның қасиетті тарғыл тасы бұған бәрібір жеткізер емес. Ол дауысым Алланың құлағына тимей жатыр-ау деген кісіше, құрғап қалған көмейін қаттырақ кенеп, бар күшін салып, айқайлады: «Ләббай…»
Әмірші әлдебір әжептарқы дауыстан оянып кетті. Жібек шатырдан жұқалаңытып күн көрінеді. Шамасы таң әлдеқашан атса керек. Сырттағы жұрттың күбір-күбірі құлағына талықсып жетеді. Әмірші қасындағы кішкене қоңырауды сыңғыратып еді, есіктен қызметші кірді. Аң аулауға лайық ықшам киім әзірлепті. Ол киініп сыртқа шыққанда, күн тұсау бойы көтеріліп қалған екен. Аттың бәрі ерттеулі. Аңға қосатын тазылар, дүрегей төбеттер, бөрібасарлар мен аю алатын салпы ауыз арландар алақызып, жұлқынып қояды. Құсбегілердің қолындағы бүркіт, қаршыға, ителгі, лашындар таңғы тыныш ауаны бастарына көтеріп, жыртына шаңқылдасады. Мұнарсыз таңда қарлы шыңдар айнадай жарқырайды. Төңірек тып-тыныш. Тек төменнен, аңғар табанынан тау өзені күркірейді. Мынау бес қаруы белінде, құс ұстап, ит ерткен қаһарлы қалың дүбірден өздеріне ешқандай қауіп жоғын білетіндей, кішкене жыршы құстар жақ жаппай сайрайды. Олардан басқа аң мен құс әлдеқайда жымып кеткен. Әмірші анадай жерде қаз қатар тізілісе қалған игі жақсыларға көзі түсті. Олар қоғадай иіліп, тағзым етіп жатыр. Әмірші солғындау сәлем мезірет жасады да, екі нөкер жігіті ұстап тұрған атына қонды. Садағын асты. Шоғыр-шоғыр жұрт үзеңгіге аяқ салысты. Кернейдің дөрекі үні қойнау үстінде көлкіп тұрған көк шәйідей көк ніл ауаны дар-дар жыртып, барқырай жөнелді. Соңдарына кернейшілер мен дабылшылар ерткен аң қайырмалайтын шолғыншылар елдің ең алдымен аттанды. Олар топ-топ боп, аң жатар жыра-жықпылы мол, жынысы қалың ұрымтал тұстарға беттеді. Олар жол-жөнекей аң ұшырасса, игі жақсылар қапыда қалмайтын ашық алаңқайларға айдап шығады. Әмірші мен игі жақсылардың көк желкесінде көлденең қауіптен бас-көз болатын көп нөкер келеді.
Самсап шатырлар қонған салтанатты қосқа азын-аулақ қарулы сақшылар тасталды да, басқа жұрт аң қуатын қойнауға ағылды. Аң қайырмалайтындар ақ бас шыңдарға барып бір-ақ тірелетін сілем-сілем тар қолаттарды сүзіп кетті де, былайғы жұрт етектегі кең алқапқа бағыт түзеді. Тамақ пісіретін аспаздар таң атпай жатып қатар-қатар жер ошақ қазып, жағалай тай қазан асып тастапты. Әміршіде үн жоқ. Қасындағылар да тым-тырыс. Олардың қасы мен қабағына қарап, құрақтай құлап құлдық ұрып жататыны әншейінде Әміршіні масаттандырып тастайтынды, бұл жолы көңіліне көк тікен боп қадалып келеді. Осы бір өңшең мүләйім жанар бұны бір түрлі мүсіркеп келе жатқаннан сау ма? Әмірші үшін одан асқан қорлық бар ма? Дәл мынандай тымсырая қалғандарына қарағанда, бұл немелер мұның жанын жеп жатқан жегі құрттан хабардар сияқты. Әншейінде аңшылық десе, қай-қайсысысың да аяқ-қолы жерге тимей, делеңдеп кететін еді. Бұл жолы бәрі сап-салмақты бола қалыпты. Тіпті күні кеше ғана дастарқан басында қауқылдасып отырған-ды. Бүгін енді аяқ астынан бәрінің де аузына қақпақ орнап, сілтідей тына қапты. Әлде бұның манағы ұйқыдан шошып оянған әжептарқы даусын естіп қойды ма екен… Естісе, Әміршінің әлденеге қамырығып жүргенін, әрине, түсінеді. Ендеше, олар өз билеушілерінің түсінде ұйқысырап аллаға жалбарынғанын іштерінен неге жорып келеді екен. Хан көңілін бебеулеткен қасіретті әрқайсысы әр саққа жүгіртіп әуре-сарсаңға түсіп келе жатқаннан сау ма? Әлде олар ішінен бұрынғы еміс-еміс естіген лақабымыз дұрыс боп шықты ғой деп келе ме екен? Егер бұған дейін құлақтарына ештеңе тимесе, Әміршінің манағы оқшау қылығына айран-асыр қап, таңырқамас па еді? Бірақ бұның індете қарайтын қырағы көзі ешбірінің бетінен таңырқаған рай көрмей келеді. Тымсырайған немелердің тылсым жүздерінде қайтып кетеміз деген өсіре сақтық пен көлгірліктен басқа ештеңе байқалмайды. Кейбіреулері жыныс-жыныстан аң қуалап кеткендерге әлсін-әлсін құлақ түріп қояды. Олар ойпаңға енді құлай бергенде тау жақтан дабыра қағылып, керней тартылды. Арсы-күрсі тау өзенінің жаңғырығымен жарысып, жапа-тармағай дүсір шықты. Сарт-сұрт сынған бұталар мен топ-топ тұяқ дүбірі, құлаған тастардың сылдыры ию-қию араласып кетті. Жұрт елеңдесе қалды. Әмірші тырп еткен жоқ. Иттердің даусы бірте-бірте жақындап келеді. Қасындағылар бұның ыңғайын бағып, ала қызба аттарының басымен үнсіз алысып қояды. Ол селт етпеді. Арна бойындағы қалың жыныстың тасыр-тұсыры тым көбейіп кеткен тұста барып, бас уәзірге иек қақты. Жұрт одан біраз ұзаңқырап шыққан соң ғана, қойнауға қарай қиқу салып ағыза жөнелді. Әмірші ұлы дүрмекке қосылмай кейіндеп қалды. Сай бойынан бір үйір бұғы шыға келіп, етектегі ұлан жазыққа қарай құйғытып барады. Аңшылардың кебі солардың соңынан салды. Тағы бірнеше топ тау өзенінің екі бетіндегі кең қойнаудың әр тұсына сүңгіп-сүңгіп кетті. Жаңа ғана қасында тымсырайып-тымсырайып бұны бағып келе жатқан көлденең көздерден құтылған соң, ол аң қуып, ызы-қиқы боп жатқан ойпаңға құламай, ат басын бір қапталдан көлденең сұлаған, сай табанындағы ұлы арнаға барып қосылатын бір бүйең салаға бұрды. Сылдырап су ағып жатқан кішкене өзекті бойлай қалың қамыс өсіпті. Әмірші жылғаға жеткен соң аттан түсті. Нөкерлері де аттарын ұстап аңтарылып тұр. Қамыс арасындағы кішкене бұлаққа беттеген бұның соңынан ере жүруге батылдары бармай, орын-орындарында тұрып қалды. Ол қамыс арасына кіріп, бұлақтың жиегінде жатқан оңаша дөңбек тастың үстіне отырды. Таудың тап-таза суын алақанымен іліп алып, беті-қолын шайды. Сосын мойнындағы садағын ап, қасына қойды. Белбеуін босатып, тас үстіне жантайды. Көптен бері түзде жүріп, дәл бұлай оңаша кетіп көрмеген-ді. Бүгін таң атқалы ешкімді көргісі келмейді. Сол бір сасық ауыз көп тобыр сыртынан не десе, о десін, тек көзін сатып қасында отырмаса болғаны. Әйтпесе бұл олардың жүзіндегі әрбір болмашы қимыл-қыбырды аңдып, жүйкелеп бітеді.
Төңірегінің бәрі көк майса. Құрақ басындағы түнгі шық әлі түгел кеуіп үлгермепті. Қалың құрақтан бойларын асырып, ентелей қарап тұрған ақар-шақар шыңдар да түнде біреу шомылдырып кеткендей тап-таза. Өзекті бойлап келте самал желпіп өтеді. Мұның көкірегіне орнап қалған бір тымырсық қапырық бәрібір айығар емес. Есіне таң алдында көрген түсі оралды. Анау қарлы шыңдар түсіндегі Арафе мен Мұздалифтің, Саф пен Мәрудың күйген бауырдай қоп-қоңыр шоқыларына, көп шуылдақ қиқу салып аң қуып жүрген көк жасыл қойнау аяғыңды бассаң бұрқ-бұрқ шаң ұшқан Мин алқабына атымен ұқсамайды. Алайда түсінде көрген өңірдің шаң-тозаңы, ыстық жалап кеткен топырақтың күңірсік иісі көкірегіне біржола орнап қалғандай. Ғұмыры кермеген алыс өлкенің көз алдына тап осынша анық сайрап келе қалғанына қайран қап отыр. Әлде қажыға сан рет барып қайтқан пірінің әңгімесінің әсері ме екен. Кешелі-бүгін ойына да алмаған жер түбіндегі киелі өлке бұның түсіне неге кірді? Әлде ата-баба бұған басындағы мына дағдарыстан қалай шығудың жолын меңзеді ме… Шынында да, осы хажыға неге бармайды? Арғы-бергіде қартайған шағында қағбаның киелі тасын сүйіп, бастағы тәжді сәлдеге, қолдағы алтын балдақты асыға айырбастап пақырана дәруіш боп кеткен падишалар аз ба? Олардың да осындай пұшайман халге ұшырап, дүниеден баз кешіп кетпегеніне кім кепіл?.. Бірақ түсінде жер түбіне тәубе етіп барғанда қағбаның қара тасының оны маңайлатпай қойғаны несі? Әлде бұның күнәсі жер бетіндегі пенде біткеннің бәрінен көп, бәрінен кешірімсіз болғаны ма? Ендеше киелі кітапта тақ мініп, тәж кигендердің әлемге алла тіккен шатырдың алтын қазығына баланатыны қалай? Жаратқан ие өз шатырының тіреулеріне осыншама кешірімсіз бе еді? Әлде қарақұрым қара тобырдың ортасында бір бұны қақпайлағаны «жүрер жерің бұл емес, сенің жөнің басқа» дегені ме? Олай болса жаратқан ие бұны кез келген жұмыр басты пенденің басына лайық, ең болмаса, айтуға да аузың бармайтын күлді-көмеш тақсыретке тап қылғаны несі? Дүниеде ұрғашының мекерлігінен келетін кесапаттан асқан қор кесапат болушы ма еді? Талай қуғын, талай сүргінді көре жүре, талай жерде сілті ішкендей бола жүре, соның ешқайсысына тап осы жолғыдай апшымап еді. Олардың бәрі алмас ұстап, атқа қонар азаматтың шыбын жанын қиғанмен де, абыройына дақ түсірмейтін бұйрықты тауқыметтерді. Ол осынша масқараға ұшырайтындай жаратқанға неден жазып қалып еді. Жазғаны алла тағаланың өзі бұйыртқан тәж бен тақтың абыройын қорғағаны ма? Талай күпірді жазмышқа бағындырып, талай кәпірді пайғамбардың жасыл туының астына жыққаны ма? Не істесе де, сәл тойынса, тәңірін танымай кететін қара тобыр таңғалмаса, табалай алмайтындай қып істеуші еді ғой? Өмір бақи сол бір нәпсі құлдарының қор көкіректері оңай кесіп-піше салатын оңай атау, оңай өлшемдерден қашып бағушы еді ғой. Әлде сол жұрттың бәрі ойламағанды мен ойласам, бәрі істемегенді мен істесем деген дәмесі күпірлік болды ма? Мүмкін, күпірлік болса болар, бірақ нәпсі деген нәйіс сөз мұның әлгіндей асқақ дәмесіне атау бола алмайды. Жоға, тәйірі… Күпірліктің де арғы төркіні нәпсі болатұғын. Кісіні күпірлікке қашан да тойымсыз нәпсі бастайтын. Астам өкімет, артық қатыгездік түгілі орынсыз сахилықтың өзі күпірлік. Барша күпірліктің ар жағында ындыны қанбас тойымсыз құштарлық жататын. Мақтан сүйгіштік, ләззат құмарлық, бақ құмарлық — бәрінің атасы бір. Ер жүрек бау кеспе ұрының төсегі құр тұрмас салдақыдан ешқандай артықшылығы жоқ болатын секілді, өз қолындағы өкіметті орынсыз қызықтайтын падишаның да сол борбайын бұлдаған арзымсыз ұрғашыдан айырмасы шамалы. Ендеше бұның қолындағы шексіз билік, атақ-даңқ, абырой — бәрі-бәрі жел етек ұрғашының бетіндегі арзан шырайдай, дүние қоңыз саудагердің қолындағы сасық дәулеттей, баянсыз фәнидің аз кіндік алданышы ғана болып шықты. Ал сонда түсінде күлді көмеш фәни тіршілікте күнәға талай батқан былайғы жұрттың ешқайсысына бүлк етпестен тып-тыныш жатқан қағбаның қасиетті қара тасының бұл жуып кетсе болды, маңайлатпай, сырғанақтап шыға келетіні несі? Әлде ар жағындағыны айтқызбай білетін жаратқан иенің қырағы көзі бұның көкірегіне мықтап орнығып алған өзі тектестерге менсінбей қарайтын астамшылық сезімді аңғарып қалды ма екен? Ендеше, қасиетті қара тастың әлгі қылығы бұны басыңа алтын тәж киіп, астыңа алтын тақ мінгеніңмен арғы түбің ұрғашының етегінен шыққан өзегі қуыс пенде екендігіңді мойындамайтының бар, пенделердің пендешілігі ғана кешірілетін жерге құлдық ұрып несіне келдің деп күстаналағаны болды ғой. Олай болса, қартайған шағында дүниеден баз кешіп, тақуалық құрып кеткен бағзы падишалар жалба-жұлба дәруіш тірліктен қандай жұбаныш тауып жүр. Бәлкім, олар әлгіндей пақырана күйге былайғы пенделердей істеген күнәмызға кешірім алар ма екенбіз деп емес, бойларынан күш, сөздерінен кие кеткен шақтарында қара тобырдың көз түрткісіне ұшырамайық деп түсетін шығар. Өйткені, пенде пақыр өзінен үстемге де, өзінен төменге де бірдей кешірімді ғой. Өзінен сәл жоғары тұрсаң, етегіңді сүйіп, аяғыңа жығылады, бірдеңе десең «ләббай тақсырлап» құлдық ұрады; ал енді өзінен гөрі халің мүшкілдеу бейшара болсаң, ет жүрегі елжірей жөнеледі, не десең де: «Қайтсін байғұс, оңай ғой деймісің» деп мүсіркеп қоя береді. Ол немемен тек тең бола көрме. Күнінде күркіреген падишалардың тұғырдан түсерлерінде жарлы дәруіштің жалба шапанына ынтық бола қалатындары да пенделердің әлгіндей мінезін біліп ап, кім көрінгенге күлкі болмайық деп табадан қашқандары шығар. Шынында да, мынау жан-жағынан анталап, сынап-мінеп, сәл ойларынан шықпасаң, пыш-пыштай жөнелгелі отырған көп тобырдың тіміскі көздерінен құтылудың жаңғыз жолы — тәж бен тақты талақ етіп, қажыға барып, қалған ғұмырына қолына аса ұстап, мойнына дорба асынып, мүсәпірана күн кешу болар. Сонда бәлкім қара тобырдың көкірегінде күннен-күнге қордалана түскен әзәзіл таба аяқ астында аянышқа айналар. Сынай қараған сұқты көздер мүсіркей қарар. Сөйтіп, ол да ешкімнен аспайтын жалба тонды жақыбай атанар. Онда мынау қайдағы бір бозөкпенің көзіне шөп, сүйегіне дақ сала жаздағаны да шымбайын дәл қазіргідей тызылдатпас. Мұның көкірегінде қандай шаланың бықсып жатқанын білгісі кеп, ешкім өліп-өше де қоймас.
Әмірші сол ел қатарлы елеусіз тіршілікке шынында да қатты қызығып еді. Түнде көрген түсі де желеп-жебеп жүрген ата-бабаның әдейі аян бергені шығар. Есіне енді түсті, туатын ай — жұрт қажыға баратын зүлқадж екен. Әмірші тезірек пірге жолығып, түнде көрген түсін жортқызып алғысы келді. Мынау ырду-дырдуды дереу тоқтатып, шаһарға оралуға асықты. Осы қазір өзек бойынан шыққан бетте-ақ дабылшыға дабыл бергізеді. Ол астындағы қара тастың қабырғасына батып бара жатқанын енді ғана байқап, екінші бүйіріне аударыла беріп еді, қалың құрақты жапыра-мапыра жақындап келе жатқан жойқын сытыр естілді. Мұның қимылдағанын сезіп қойды ма, құрақ арасындағы дүсір пышақ кескендей басыла қалды. Ол бойын тіктеп түрегеп отырды. Көзіне жасыл құрақтың арасынан тарғыл-тарғыл бірдеңе шалынғандай болды. Сол-ақ екен, мұның көріп қойғанын сезіп, одан әрі бой тасалағысы келмегендей әлгі тарғыл неме жасыл құрақтан ытқып шықты. Жолбарыс… Мысықтабандап жақындап келеді. Мұның жон арқасын оқыс қармай қалған мұздай суық бірте-бірте тарай бастады. Тіпті шынтағының түбінде жатқан садағына да қолын созбады.
Кешегі түсіне енді түсінгендей болды. Кез келгенге шөп-шөп сүйгізіп жатқан қара тастың мұны маңайлатпай қойғаны мынандай тосын ажалға көрінген екен. Бәсе, елден ерек ғұмыр кешкен бұның ажалы да, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтіндей өзгеше болса керек-ті. Жолбарыс жақындап қалды. Ол алла тағаланың мынадай түпсіз тұңғиық құсаға тұншықтырып қоймай,есіркеп жіберген ақ өлімін асыға тосты. Қазір ол кептен бері көкірегінің басына шөгіп бүк түсіп жатып алған зіл батпан қапырық қападан біржола құтылады. Жан-жағынан жалаңдай қарап, әр адымын аңдып отырған сұқты көздердегі сұғанақ таба да жым-жылас жоғалады. Не бір сұмдықтарды айтып сусылдай женелгелі отырған сумақай ауыздарға да құм құйылады. Бұның қит еткеніне аузын ашып, көзін жұмып отыратын қара тобыр бұдан былай ала бөтен өлімін де ауыздан ауызға, елден елге, ғасырдан ғасырға көшкен сайын өсе, өркештене түсетін күпіме аңызға айналдырады.
Жолбарыс құлағын жымып тақала түсті. Кенет жонын күдірейтіп жата қалды. «Қазір атылатын шығар» — деп ойлады Әмірші. Анау топырақты мытып қысып алған пышақ тырнақтар қазір мұның өңешіне жармасады. Анау үн-түнсіз ақсиған тістер қазір мұның шекесінде ойнайды. Кенет жолбарыстың жон арқасы дір ете қалды да, мұның оң жақ иығына мойнын бұрды. Бақса, бұның нөкерінің бірі жүлге бойына шыға кеп, жолбарысты көріп абдырап тұрып қалыпты. Бір уақыттарда барып есін жиып, жалма-жан садағына жармасты. Әмірші жанында жатқан садаққа сонда қол созды. Қанды ажалға кезеніп тұрған нөкер жігіт тарғыл тағының орнынан атыла бере, сылқ құлап түскенін көрді. Айран асыр қап қаруын төмен түсіріп еді, аспай-саспай садағын асынып жатқан Әміршіні көзі шалды.
Әмірші жайлап басып жайрап жатқан олжасының қасына келді. Қақ жүректен оқ тиген жолбарыс атылуға мұршасы болмай, жер бауырлап жанталасып жатыр. Әмірші тосыннан тап болған өз ажалының ойда жоқта мүлт кеткеніне өкінді ме, әлде өз қанына өзі малшынып азап тартып жатқан аң сұлтанын аяды ма, күрсініп қойды. Артынша-ақ, неге екенін өзі де аңғармай бір мырс етті. Шамасы, тарғыл тажалды нөкерінен бұрын өзі атып түсіргеніне масаттанып тұрса керек, әйтпесе ол сығырың ертең Әміршіні ажалдан өзім арашалап қалдым деп кеудесін қағады ғой. Әмірші өзек бойынан шықты. Ат ұстап тұрғандар жалма-жан жүлге бойына жүгіріп барып, Әмірші атып алған жолбарыстың терісін сыпырып, қауқылдасып жатты.
Сол бір кеу-кеу әңгіме, ұлы падиша туралы жаңа лақап, сол күні аң қуа барғандардың аузынан түскен жоқ. Ертеңіне Әміршінің тосын пәрменімен Байтақ шаһарға қайтып келе жатқанда да айтқандары тек сол болды. Әмірші жақ ашқан жоқ. Томсарған күйі ой үстінде келеді. Кештетіп шаһарға жетті. Әмірші сарайға оралған түні де таң атқанша төңбекшіп шықты. Аңшылықта жүріп көрген түсі мен қапияда тап болып оққа ұшқан жолбарыс онсыз да шытырманға айналып бара жатқан тіршілігін бұрынғыдан гөрі де түсініксіз, бұрынғыдан гөрі де жұмбақтандырып жіберген тәрізді. Не де болса, бір шешімге бел буатын кез жетсе керек. Жаратқан иенің туралап жіберген ажалынан да өзі арашалап қалғанына қарағанда, бұдан бір түбегейлі шешім күтетін тәрізді. Бірақ ол қандай шешім болмақ… Түсінде көргеніндей — басындағы тәжді тастап, сәлде ора дей ме… Әйтеуір, мынау сарайдағы бұқпантай тірлік бұны мезі қып бітті. Не де болса, пірге жолығып, түсін жорытпай болмайды. Көптен бері ат ізін салмап еді. Өкпелеп те қалған шығар.
Ертеңіне күн қызбай тұрып, күймеге отырды. Байтақ шаһардың оңтүстік шығыс бетіндегі қаспақ-қаспақ қыраңдарға қарай беттеді. Мынау алқап та әлгі түсінде көрген өлкеге өте-мөте ұқсайды екен. Мұнда да күйген бауырдай қоңыр шоқылар. Мұнда да шілде сорып тастаған кебірдің күңірсік иісі аңқиды. Жағалай иін тіресе қалған қырпық-қырпық қотыр тастар мен қатпар-қатпар кебіртек жалдардың қақ ортасына жападан-жалғыз оқшау қонжиған қара шоқының басына қонып отырған алып самұрықтай қара жартастың құбыла бетінен үңірейіп үңгір көрінеді. Сол үңгірдің аузында әлдене еміс-еміс бозаңытады. Күйме жақындаған сайын әлгі бозараңдаған нәрсе айқындала түсті. Жақпар-жақпар қара жартастың көлеңкесінде ақ сәлделі қария отыр. Етекке салдыратып шауып кеп, түсіп жатқан ылдырмақ-шылдырмақты салтанатты күймені көрсе көріп те отырған шығар, бірақ селк еткен жоқ. Сол құбылаға жүзін тосып телміріп отырған қалпынан қыбыр етпеді.
Әмірші қасындағы нөкерін етекке тастап, киелі үңгірдің аузында көлеңкелеп отырған кәрі піріне ылғи да тек бір өзі ғана көтерілетін. Бұл жолы да сол әдетімен биік шоқының басына жаяулатып шығып келеді. Қандай алыс сапарға аттансын мейлі, қандай падишаның тәжі мен тағына сұқтансын мейлі, ол қай жорығын да әуелі осы бір біраз жерге дейін құмақтатып барып, сосын бірдей тайғанақ саз шаппа биікке тіп-тіке өрмелейтін бұралаң соқпақтан бастаған-ды. Ол қай дұшпанымен ұстасарда, ең алдымен сонау жақпар жартастың түбінде кәрі күшігендей шөмиіп отырған шынашақтай қара шалдың шоқша сақалын бір сипатып батасын алатын. Сосын Байтақ шаһардағы ең үлкен мешітке барып намазға жығылатын. Алыс жорыққа сосын аттанатын. Сол алыс сапар, қиын жорықтардың қай-қайсысында да жанына ауыртпалық түсіріп, қиналатын жер осы бір жаяуға жеткізіп болмайтын жандатпа бауырды. Әркімдердің тақасы тиіп, жылмағайланып қалған саздақ соқпаққа өкшесі тұрмай тайғанақтай береді. Ол осы бір қара шоқының басына қашан да болдыртып шығатын. Бұл жолы ә дегеннен-ақ жіліншігі жеміріліп қоя берді. Әлсін-әлі тоқтап бел жазып алады. Бірақ екі бұғанасына қорғасын қаптап қойғандай, барған сайын бөксесі зіл тартып, аяғы ұйып барады. Тынысы да бітіп қалды. Сонау етекте қалғандар алтын тәжді падишаның үпірсең ұшып кететіндей қаңғалақтаған қара шалға бола осынша азаптанатынына қайран қалып тұратын шығар. Ал алып қара жартастың астындағы құмандай қара шал биік жарға алқынып-аптығып шығып келе жатқан падишаны елең етпей, бетін құбыладан аудармай безеріп отыра береді. Шақшадай басына дағарадай ақ сәлде орап апты. Қушық кішкене бетіне сұс беретін бір уыс сұйқылт шоқша сақалы әуелеп қапты. Шүңірек қастың астында сығалап жататын күлгін кегіс жылтырақ көзін бұл жолы тарс жұмып алыпты. Падиша биік жардан шығып, ентігін басып, жөткірінгенде де тырп еткен жоқ. Күнге қурап қалған көнетоз бозғылт шапанының етегі жырым-жырым. Дәл сондай күн күйдірген ақ жем ұзын тіз киімнің жалба-жұлба балағынан жалаңаш тілерсегі көрінеді. Тілім-тілім боп жарылып кетіпті. Қолындағы аса таяқты мытып ұстап апты. Тарамыс қолындағы бар сіңір, бар тамыр бадырайып-бадырайып шығып тұр. Пір әлденеге ұйып қалған.
Падиша қашан қарсы алдына жер тізерлеп, қол қусырып, бас игенде барып, көзін сығырайтты. Сосын тым кекшие қалған басын түзеп, тіктеліп отырды. Керенаулау тіл қатып, жөн сұрады. Әмірші жөнін айтты. Пір сол қаққан қазықтай қалпы. Сөзін салғырт тыңдады. Кеңсірігі әнтек ілгері шығып кеткен қоңқақ мұрынның астына көлденең сұлап түскен көгіс қаймыжық ерінге әлденеше рет мысқыл жүгіргендей болды. Әмірші соны байқап, сәл кідіріп қалса, әбден қой балшықтанып кеткен қақтың суындай көпс жылтырайтын кішкене көзін адырайтып ашып алады. Әмірші анау күнгі түсі мен тосыннан тап болып, бірақ шаппаған жолбарыс жайын айтып берді де, пірінен үнсіз жауап тосты. Пірі сәлдей ойланған болды да, сығырақ көзінің бір қиығымен бұған қарап қойды. Сосын отырып-отырып барып:
— Жаратқан ие, ата-баба, желеп-жебеуші әулие-әмбие бар-бар уақытта пендесінен не дәмететінін ашып айтпайды. Ал мүсіркесе, ақыл қосса, ол тұспалдары соқырға таяқ ұстатқандай сайрап тұрады. Кие үркіткен, аруақ ренжіткен жерің бар шығар, балам, ойлан,— деді де тыйылып қалды. Енді жақ ашпады. Қолындағы асасын топыраққа нұқи қадап, тарамыс мойнын ілгері созып, жүзін тағы да құбылаға тіктеді. Бұл «сөз бітті, ендігісін өзің біл» дегені екенін Әмірші аңғарып қалды. Бірақ қай уақытта да алды суық кәрияның бұған мына бүгінгідей әуелеп қараған астамшылығын бұрын ешқашан байқамаған-ды. Бүгінгі әр қимылы жүрегіне тікендей қадалып отыр. Бірақ сабыр қылып, сыр байқатпай, тағзым етіп орнынан тұрды. Жаңғыз аяқ соқпаққа беттеді. Пірі сол баяғы мелшиген қалпы қала берді. Ақыл да қоспады, бата да бермеді; бұрын бұны жасырақ кезінде мүсіркеп, маңдайынан сипайтын әдеті болушы еді; бұл жолы оның жүзінен аспандай қараған астамшылық пен қазымырлықтан басқа ештеңе байқамады.
Әмірші онсыз да қиын жолдан бұл жолы тіпті ауырлап түсті. Мынау жаппай тұнжырап тұрған әбеқоңыр алқаптан тезірек шығып кетуге асықты. Біраз жерге ұзаған соң, артына бұрылып еді, бұған желкесін беріп, бүк түсіп жатып алған қара шоқыны көрді. Әмірші содан сарайға жеткенше ешқайда көз салған жоқ. Сарайға жеткен соң да көп уақытқа дейін әлдеқандай бір тымырсық ашуға булығып, өзіне-өзі келе алмады. Абажадай кең сарайға әрлі-берлі сенделіп жүруге манағы шоқыға шыққанда шаршап қалған аяқтары зіп-зілдей боп көтертпейді. Бір жерге тынығып отырайын десе, аяғының астындағы алабажақ кілем емес, өңшең быжырлата шаншып қойған тебен ине сияқты. «Құтылып шығар айла-амал табылмастай тығырықтан қаш». Ғұмыр бойы тұтынып келген осы қағидасы да күпір боп шықты. Енді, міне, шаршы әлемді астына басқан алтын тәжді падиша басымен күйеуі үстінен шыққан опасыз әйелдей, қолға түскен ұрлықшыдай дымы құрып дағдарып тұрысы мынау. Ақыл қоспақ түгілі, іштегі құсасын айтып сырласатын да ешкімі жоқ. Дәл қазір мынау Байтақ шаһардың сыртындағы құладүздің әлдебір жерінде санаулы ғұмырының қалған күндерін итшілеп өткізіп жатқан соқыр жігіт те, тас зынданда зарығып отырған бас шебер де, төрт қабырғаның арасына қамалып, құса боп жүрген Кіші ханым да — бәрі де бұдан жақсы. Олар, ең болмаса бастарына түскен бақытсыздығы үшін реніш артар біреулері бар ғой. Бұл кімге ренжи алады? Басындағы Қап тауындай қасіретті кімнен көреді? Алтын тәжді падиша хақ тағалаға реніш жүре ме? Тәңірі түгілі киелі үңгірді баққан жаңағы шалдың өзі анау. Аспанды асасымен тіреп тұрғандай бетіне дұрыстап көзін де салмады. Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Құл болып бас игеннен, қуғында жүргеннің өзін көп артық көрмеп пе еді. Сол үшін талай ажалдың аузына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі түп-түгел сырқырап қоя береді. Бірақ кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді. Асқақтай кірген астам басты ашуына жем қылса, жер сүйіп, аяғын құшып келген қор басты жиіркене тұрып мүсіркемеуші ме еді. Онысын қай бір қайырымдылық қысқаннан істейді дейсің, падиша атағына дақ салдырғысы келмей істейді де. Жалба-жұлба қайыршыға жаны ашып емес, жарлылық титықтатқан мүскіндердің көзің шайлығар қор кейпі мен мұрын тыжырынтар нас иісінен тезірек құтылғысы келген кәріп немелердің қайыр садақасындай әншейін көз алдартқан мезірет қой. Бәлкім, қиқар шал бұған кісіге кіріптар болғанның қандай екенін білсін деп, манағының бәрін әдейі істеген шығар. Көп асқанға бір тосқан дейтін күннің бұған да келгенін сездіргені болар. Бірақ соны дәл манағысындай кергімей-ақ, кейуана кейіппен де жеткізуге болмайтын ба еді. Бұрын қандай қарлы-қаратау қиын шаруамен барса да, кейуана қалпын бұзбай, кең отырып қабылдаушы еді ғой. Пәлен күннен бері ең алдымен кімнің жүзінен көрер екем деп алаңдап жүрген сол бір жексұрын кекесінді, айызы қанған дұшпанның ғана жүзінде тұрар арсыз табаны елден бұрын құдайдан соңғы жаңғыз жанашырым деп жүрген өз пірінен көргені ме? Иә, былайғы мыстан тобыр, бұның қырағы көзінен мұқият жасырып баққан жымысқы табаны ешқандай күлбілтесіз жарқыратып жайып салды, — тіпті «аруақ ренжіткен жерің бар» деп өз аузынан айтып та тастады-ау? Аруақ ренжіткені — Кіші ханым жайлы айтылып жатқан әңгімеге құлақ аспаған қалып танытқаны ғой. Пірдің ойынша, әзәзіл арбаған ұрғашының күнәсін жасырғаны өз төсегіне жұққан ыбылыс ластықтың сатпақ дағын ойып алып тастаудың орнына, жұрт көзінен алақанымен басып көлегейлеп баққаны. Бұл сонда не істеу керек еді? Кіші ханымды талақ тастаса, арғы-бергіде ешбір падиша істемеген масқараны бұл істеген боп шығар еді, халық алдында қайдағы бір қаңғыма қара сүйек көзіме шөп салды деп өз аузынан мойындағаны болып шығар еді. Сонда манағы қиқар шал бұған ездің езі істемеген есуастықты істемедің деп өкпелей ме? Онда хан күнәкар ханым мен оның ашынасын емес, өзін масқаралаған боп шықпай ма? Сонда пір күнәкарлардың жаза шеккеніне емес, бұның өзінің табаға ұшырағанына құштар болғаны ма? Ондайға Кіші ханымның жер болғанын қалайтын, соның жолында бұл масқараға ұшырап жатса, қайғыру орнына қуанатын Ұлы ханым барса барар, бірақ бұның өзі түгілі, әкесінің де көзін көрген пір қалай барады? Қолында аса, аузында алла отырып, күндестіктің желігінен көзіне ақ шел қаптаған ұрғашының соқыр ызасын ол қалай құптайды; қор көкірек ұрғашының көр соқырлығынан әулие басымен ол қалай аса алмайды. Әрине, пір Ұлы ханым сарайының айтқанынан шыға алмай жүр. Қажет десеңіз, оның жүзіндегі манағы мысқыл, манағы таба да солардан жұққан. Ұлы ханымның төңірегіндегі түйедейді түймедей қылатын мыстан сайқалдар әулие шалды да арбап алған ғой. Олардың пыш-пышының сиқыры тірі пайғамбардың көкірегіндегі киеден де құдіреттірек болғаны ғой.
Әміршінің жүзіне айыз қандырар ащы мысқыл жүгірді. Ол тіпті әулие басымен өңшең сайқал, өңшең мыстанға арбалып қалған киелі шалды аяп та кетті; өңіндегі жаңағы бір лып ете қалған кекесін аяқ астынан мүсіркеушілікке ауысты. Әулие шал әзәзіл пыш-пыштан алжасса алжасқан да шығар. Аттасаң болды, ар-намысың саудаға түсіп шыға келетін мынандай қор дүниенің төбесінен қарамай, ортасында жүрсе, қайдағы бір қалт-құлт әулие шал түгілі жаратқан жалғыз иенің өзі де әлдеқашан-ақ өз жолынан өзі адасып мәңгүрт болып шыға келер еді. Күллі дүниені әйтеуір бірдеңеге өліп-өшіп жататын толып жатқан құштарлықтардан тұрғызса, қайтіп нәпсіге берілмессің, қайтіп күнәға батпассың. Құштарлықтан пайда болған пенде тіршілігі құштарлықтан опат тапса, таңданатұғын несі бар? Құштарлық атаулы нәпсі болса, нәпсі атаулы пенделік болса, әлгі әулие пірдің өзі де пенде боп шықпай ма? Ол да құдай жолына құлшылықты өзге пенделерді аузына қарату үшін жасайды емес пе?! Ол мына өмірде көп нәрсені талақ еткенмен, барлық нәрсені талақ етпепті. Жұртқа ықпалы жүргенді о да жек көріп жатқан жоқ. Елдің елбек қаққаны, аяғына жығылғаны оның да жанына майдай жағады. Басқа түгілі алтын тәжді падишаның өзі алдына кеп, аяғына жығылатынын жұртқа қыр қылады. Әрбір мақтан әсіре құштарлық. Әрбір әсіре нәрсе күпірлік. Әрбір күпірлік күнәға батырады. Ендеше пір екеуінің күнәсы біп-бірдей. Бұл өкімет құмар, өктем мінез болса, ол да солай. Бұдан бір мысқал кем емес. Тіпті алланың айрықша рақымындағы бұның өзіне астамдық көрсеткені оның да күпірліктің балдыр-батпағына әбден белшеден батып болғаны. Әзәзілге де сол пенделіктің кек тұманына түсіп, көзінен айырылған көрсоқырлар ғана ереді. Ендеше киелі шалдың Ұлы ханым сарайының айтқанынан шыға алмайтындай жөні жоқ еді. Кәрі әулиенің бұл пайғамбар жасынан асып, тұғырдан түсерде ертеңгі тақ иелерін әсіріп-өндірген бәйбішенің ыңғайына кеткені де сол пенделік. Бүгінгі ықпалын ғана емес, ертеңгі күнінің де қандай болатынын ойлағаны. Ендеше, ол өз басындағы пенделікті көрмей, бұның басындағы пенделікті неге сонша жазғырады? Құранның өзінде жазылмап па еді: «Пенденің білмегі шарт: Алла — жалғыз; онда жора да жоқ, жолдас та жоқ; өзі ешкімнің перзенті емес, өзі де перзентсіз; оған ешкім тең келе алмайды; қасына серік, артына әулет ертпеген ол өз патшалығында қолындағы билікті ешкіммен бөле-жармайтын дара падиша. Ықылым орнамастан бұрын бар ол, ықылым түгел құрып кеткенде де құрымайды… Көктің билігі де, жердің билігі де бір сонда: көк пен жердегі, құрғақ пен судағы жан-жануардың баршасына сол ие, оларға одан басқа билеуші де, қорғаушы да жоқ. Адам тағдырын да сол билейді: ауру жіберетін де, дару жіберетін де, өлтіретін де, өмір беретін де тек сол ғана. Бірақ ол жаратқан жан иелері періште болсын, пайғамбар болсын, тіпті басқа мақұлқат болсын — бәрібір, түгел дерлік бейшара. Күші асқан құдірет те өзі, білігі асқан сұңғыла да өзі». Жаратқан иенің өзі кедір-бұдыр қып кемшін жаратқан дүниені бұл қалай бір тегіс қыла алады? Жаратқан жалғыз иенің өзі он сегіз мың ғалам өз билігімнен шығып кетпесін деп, өз қолынан шыққан жан-жануардың әрқайсысына әр алуан кемшілік пен әлсіздік беріп, сол арқылы тұтымында ұстаса, өз қарауындағы жұмыр басты пенделерді бұл қалай солай ұстап, солай тұтпайды? Құдайдың әзінде бар кемшілікті адам қайталаса, неге күстаналайды? Өзі жаратқан жан иелерінің аласынан алланың өзі әлгіндей сескенгенде, бұл қайтіп сескенбейді? Әлде, алла тағаланың мұнысы, тегі мен заты белгісіз бір өзі ғана істейтін ерекше мен ересенге тегі мен заты ұрғашының етегінің астынан шыққан жұмыр бастылардың бой ұруына болмайды деген тиырымы ма екен? Сонда өзім ғана жасайтын кереметтерде шаруаларыңыз болмасын, асқан рақым мен асқар жаза тек менің қолымнан шығуға тиісті, менен басқа ешқайсыңның қақыларың жоқ дегені ме? Олай болса, күнә, қылмыс деген қорқынышты сөздердің шын мағынасы — құдіреті күшті тобаның езім ғана істейтін істерді өзгелер істеп қоймасын, өзім ғана білетін нәрсені өзгелер түсініп қалмасын деген іштарлығы ғана болып шықты ғой?! Шариғатта жаратқан ие әлгіндей өз мінезіне сыралғы боп қалған адам тұқымын аямайтынын айтып, ақыр заманды басына төндіріп, қорқытып бағады. Алла екеш алланың өзі әлсіздігін білдіріп алудан осынша тайсақтағанда, пенде басымен бұл қайтіп тайсақтамайды. Ендеше пірдің бұған күнәкарлық куәсы көк мұнараны құртып, басындағы масқара хәлді жарқыратып езің жайып сал дегені адам түгіл құдайдың да құлағына ерсі естілетін есірік әңгіме.
Желеп-жебеуші қызырлардың езі бұған ешқандай аян бере алмады. Аңға барғанда көрген түсі осы сергелдең халіне көрінгені шығар. Қағбаның қара тасының қарсы алдында тұрып маңына жолатпай қойғаны осы ақыл таппай, тығырыққа қамалған пұшайман дағдарысы болар. Шынында да, бұл не істей алады? Егер құдіреті күшті құдая дәл қазір тосын апат жіберіп, оның күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай көріп, қорғаштап баққан астанасын тып-типыл қып қиратып тастаса, бұл түк те ренжімес еді. Тіпті қуанар еді. Анау көзге күйік көк мұнарадан да құтылар еді. Опаттан шыбындай қырылып, жайрап қалатын жұмыр бастылардың көр көкіректеріндегі сасық лақап та біржола сап болар еді. Сол бір топалаң қырғында тоңқалаң асатын көппен бірге өзі де жоқ болса, оған да еш өкінбес еді. Әйтеуір әлгі насырына тиетін сұмырай өсек артында қалмай, өзімен бірге құрыса болғаны. Бірақ талай тілегін оп-оңай бере салған мырза құдай тап осы жолы кессе қан шықпайтын қас сараң бола қалыпты ғой.
Ол осы арада өмірінде алғаш рет жалпақ әлемді аузына түгел дерлік қаратқан ең құдіретті әмірші болғанына өкінді. Бақса, жақын маңайда сасық ауыз, сімсік көз өңшең найсап қаптаған мынау сайқал қаланы шауып алып, құртып жіберуге құдіреті жететіндей тегеурінді жауы да қалмапты. Бұған жеті қиян жер түбінде жатып, ылғи көз алартатын әлгі бір сығыр кездерге де қаны қайнап тұр. Тым-тырыс жатып алған немелерді, қас қылғанда осы, өзі барып шауып алса қайтеді.
Әмірші сол ойына бел буды. Көптен бері көңілінде жүрген жорыққа осы қазір аттануы керек. Қара тобырдың көкірегіне оқтын-оқтын толып кететін арам желді қуып шығудың бірден-бір емі қанды қасап қана. Құдай жібермеген, жауы жібермеген қанды қасапты өзі жасайды. Бұл бір-бірлеп құртып бітіре алмайтын әлгі бір сасық ауыз тобырды жаңа жорыққа бастап апарып, мың-мыңдап қырып қайтады. Тірі қалғандары өсек түгілі бастарымен қайғы боп оралады. Аман қайтқандарын құдайдан емес, бұдан көріп, бұрынғыдан бетер құлдық ұрады. Әмірші дереу жорыққа аттануға бекінді.
VI
Дария артта қалды. Әлгінде анталай қарап тұрған қара тобыр да алыстай берді. Құба шөл, құла тұз басталды. Шөлдің қақаған қапырық ыстығы қайтадан қайратына мінді. Қара құрым қалың қол толарсақтан құм кешіп жүріп келеді. Шақырайған талма түс салт аттылардың құрдым көлеңкесін де жалмап жұтып қойыпты; енді өздерін біржолата жоқ қып жібергісі келгендей өртеніп тұр.
Өкпек аптап бірте-бірте күшейе берді. Қайнаған ыстық бұл отырған күймеге де баса-көктей кіріп кепті. Барған сайын тынысы тарылып барады. Қабынған өкпесіне бір жұтым ауа іздегендей пердені ысырып, сыртқа көз салды. Сол баяғы құба шөл. Құла шағылдар шақырайған күн көзіне қарсы шығар қайрат таба алмай, қорғасын боп балқып жатқандай, аттың бәрі малтығып келеді. Шөлден қашқақтаған бір кішкене түз құсы шарықтап ұшып та кетпей, жер бетіне түсіп жорғаламай да, ұшып-қонып, күйменің құрдым көлеңкесіне тығылып секектеп еріп келеді.
Әмірші дүниеде осы бір шынашақтай құстан басқа ештеңе қалмағандай, шегір көзін соған қадап апты. Бармақтай құстың мына жанталасы қандай мағыналы. Тамағы бүлк-бүлк етеді. Жер апшысын қуырып бара жатқан қызыл жадын аптаптан жанын қоярға жер таппай шыр-шыр етеді. Бәлкім мына тірлікте одан басқа ешқандай мағына да жоқ шығар. Одан асқан әрекеттің бәрі мәнсіздене түсетін болар. Әрекет неғұрлым алапаттана түскен сайын бар мән, бар қасиетінен адалана түссе керек. Мынау алапат аптаптың арғы атасы — жібекше желпитін майса самал емес пе еді. Әуелде дүниені шаң-тозаңнан арылтсам деп ескен ұялшақ леп өз құдіретіне еліге-еліге, еліре-еліре жер бетіндегі түгел күйдіріп-күйрететін мүңкір-нәңкірге, демінен ажал шашыраған қызыл аптапқа айналмады ма… Әне, бейшара құстың табанын шоқ боп қарып, қанатын жалын боп шарпып, көрер кезге құртып жіберер түрі бар. Әмірші тажал тасқынына қылар қайраны болмай, жан ұшыра секектеген кішкене мақұлықтың ақтық азабын көргісі келмегендей, көзін тарс жұмып алды.
Дүниені құйқадай қуырып бара жатқан от леп оның да тұла бойын қари бастады. Мынау құтхана шатырын өңшең жендет басып алғандай, ол тырп етерге дәрмені болмай, сұлқ отыр. Тозақ отына шыжғырылғандай өн бойын өрт жайлап барады. Жан-жағынан жүздеген мүңкір-нәңкір жаныңды бер деп жалынып тұрғандай. Бәсе, манағы ойда жоқта қолынан сусып түсіп кеткен сақинасы оның осы сапардан тірі қайтпасына көрінген екен ғой. Ұзақ жолға аттанарда алдынан суханы сүймейтін кісінің қарсы жолыққаны да жақсы нышан болмаса керек-ті. Әміршінің көз алдынан соқыр жігіт кетпей қойды. Ол есек арбасын дария жағасына тастап, өзі мұның күймесіне көшіп кеп, қарсы алдына қасқиып отырып алғандай. Нұр жайнаған жаутаң жанардан айрылған соң, жүзіндегі баяғы мейірім жым-жылас жоғалып кетіпті. Әдемі жас жігітке лайық ізет-ибадан да еш жұрнақ қалмапты. Үңірейген-үңірейген екі көздің түбіне тажал тығылып тұрғандай. Өндіршегі сорайып, танауы қусырылып, екі беті күлдей боп-боз боп кетіпті, өңінен кісі шошығандай. Міне, ол бұған қарай қозғалғандай болды, бірте-бірте жақындап келеді. Сүйекпен сүйек боп қалған сұп-сұр беті бүлк етпейді. Ол мұның соңындағы қара құрым қолдан да сескенбейтіндей. Шаршы әлемдегі әрбір тірі пенденің құлағына көк найзаның сүңгісіндей суық естілетін айбарлы Әмірші атағынан да тайсалатын түрі көрінбейді. Күс-күс қос шеңгел кеңірдегіне тақап қалыпты.
— Қорықпа, — деді әлдебір қырылдақ дауыс, — барар жерің бәрібір жердің асты… Әмірші айран-асыр. Бұл қалай? Баяғыда тілін кестіріп тастамап па еді? Пышағы жалаңдаған жендеттің қан-қан бір кесек етті көзінше жерге лақтырып тастағаны қайда? Ендеше әлгі жексұрын дауыс қайдан шықты? Әлде оған құдірет қайтадан тіл бітірген бе? Әлде тілін кескеніңмен адамды мылқауға айналдыра алмайтын болғаның ба? Бәлкім, әлгі дауыс мына шебер жігіттің емес, өзінің — Әміршінің даусы шығар? Әміршінің көзі шарасынан шығып барады. Қарсы алдындағы құбыжық соқырдың қан-сөлсіз қаймыжық ерніне бір жымысқы күлкі ілігіпті. Әмірші шегіншектеп шалқалай берді. Оны бір жұтпа батпақ астынан обып барады. Ол, ең болмаса, жан тәсілім алдында тұяқ серпетіндей дәрмен таба алмай тырбанып жатыр…
Әлдебір уақыттарда барып көзін ашып алды. Шілде күні шыжғыра күйдірген шатырдың іші ысып кетіпті. Құс мамық төсекке үйелеп қалған екен, ыстық мамық өне бойын жандырып барады. Бұл жан-дәрмен басын көтеріп, есік жаққа қарап еді, ешкім жоқ. Әлгі тықыр бас соқыр әлдеқайда ғайып бопты. Ол шыжыған шілде мен пәлен күннен бергі бебеулеткен тымырсық ойлардан қайнап-қайнап, балдыр батпаққа айналған дәрменсіз мидан санасы тұмандана бастағанын, әлгінде ғана қарсы алдында жаланып отырған манағы өткел басында қалған соқыр да, мұның жанын алуға келген мүңкір-нәңкір де емес, жай әншейін қорыққанға қос көрінген сандырақ елес екендігін енді аңғарды. Бірақ көңіліне біржола орнығып алған осы бір озбыр күмәнның, бәрібір, мүңкір-нәңкірдей бұның басын жұтпай тынбайтынына да көзі біржола жеткендей болды.
Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды. Білем-білем шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені: «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті. Ол тағы да көзін ашты. Төбесінен қара қоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ Әмірші бұл жолы өзінің, үйреншікті алтын күйме, атлас шатырында жатқанын, әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады.