PISA оқу сауаттылығының «Рефлексия және бағалау» құзыреттілігі

PISA оқу сауаттылығының «Рефлексия және бағалау» құзыреттілігі
Рефлексия және бағалау көзқарастар жүйесінің өзіндік тәжірибесіне негізделген. Оқушылар рефлексия және бағалау жасауда мәтінде көтерілген ақпаратты байланыстыру үшін мәтіннен тыс білімге сүйенеді. Сонымен қатар оқушылар оқырман ретінде мәтінде айтылған мәселеге қатысты түсініктерін дамыту мүмкіндіктеріне ие болады. Рефлексия және бағалау оқушыдан дәлелдер келтіруді, оларды жалпы және нақты біліммен байланыстыруды, сонымен қатар абстрактілі ойлау қабілетін пайдалануды, қарама-қарсы пікірлер айтуды талап етеді.
Сол сияқты өңдеуді қажет ететін тапсырмалар беру – бағалауды жүзеге асырудың бір жолы. Себебі оқушылар мәтіннен тыс дәлелдемелерді, тұжырымдарды, ақпараттарды пайдаланып, тапсырманы орындайды. Тапсырмада оқушыдан автор ойын бағалауды, мәтіндегі ойға ой қосуды, басқа ақпарат ұсынуды немесе фрагменттерді анықтауды талап етуге болады. Осыған қоса, автордың стилін анықтауды, мақсаты мен көзқарасын түсіндіруді тапсырма етіп беруге болады. Мәтін формасын ойластыру да мақсатқа жетелейді.
Мәтін мазмұны бойынша рефлексия жасауда PISA-дан күтілетін нәтижелер:
• мәтіннен алынған ақпаратты басқа дереккөздерден алған білімімен байланыстыру;
• қоршаған орта туралы түсініктеріне сүйене отырып, мәтінде айтылған ойға баға беру.
Бұл нәтижелерге жету үшін тапсырма құрастыруда мынадай ұсыныстарды назарға алған жөн:
Аталған деңгейді тексеру үшін PISA тесттерінде оқушылардың білетіндерін мәтіндегі ақпаратпен байланыстыру сұралатын тапсырмалар ұсынылады. Оқушылар қоршаған орта туралы білетіндеріне сүйеніп, мәтіндегі ақпаратқа баға берулері керек. Мұндай тапсырмаларда оқыған ақпараты бойынша адамгершілік, эстетикалық нормаларды ескере отырып, өзіндік көзқарасын білдіру, айтылған ойға дәлел ретінде мәтіннен тыс аргументтер келтіру ұсынылады. Мұндай сипаттағы тапсырмаларды орындау үшін оқушылар абстрактілі ойлау қабілеттерін көрсетіп, өз көзқарастарын дәлелдей алулары керек, яғни жоғары ойлау дағдылары талап етіледі.
Мәтін мазмұны бойынша рефлексия жасаумен байланысты білік-дағдыларды дамыту үшін оқушыларға келесідей тапсырмалар ұсынуға болады:
• мәтін мазмұны бойынша пікірін білдіру;
• мәтін ақпаратын өз тәжірибесімен байланыстыру;
• өз көзқарасын мәтіннен алынған ақпаратқа сүйеніп не болмаса тақырып бойынша бұрыннан білетіндерін қолданып дәлелдеу;
• өз білімі мен құндылықтарын ескере отырып, мәтін мазмұнында айтылған қорытындыларға баға беру;
• мәтін кейіпкерлерінің әркетіне баға беру;
• мәтін кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен оқиғалардың ретін болжау;
• мәтінде айтылатын оқиғалардың әрі қарай дамуын болжау.
Мұндай тапсырмаларды табысты орындау оқушылардың төмендегідей білік-дағдыларды меңгеруімен тығыз байланысты болып келеді:
• көлемді мәтіндерді оқу;
• жасырын ақпаратпен жұмыс жасау;
• ақпараттың бөлігі ретімен орналаспаса да, керекті ақпаратты табу;
• тұтас емес мәтіндермен жұмыс;
• сыни тұрғыдан баға беру талап етілетін қарама-қайшы ақпаратпен жұмыс жасау;
• мәтінде ұсынылған ақпаратқа сүйеніп, болжам жасау;
• оқушының көзқарасына сай келмейтін пікірлермен жұмыс жасау.
Оқу мақсаттарына жету үшін келесідей белсенді оқу әдістерін ұсынамыз:
• Ромб диаграммасында бағалау;
• Пікірлерді табу;
• Исикава стратегиясы;
• Екі жұлдыз, бір тілек;
• Айналмалы дебат.
Ал мәтін формасы бойынша рефлексия жасау және бағалау бойынша күтілетін нәтижелер:
• сөйлеу стилі тұрғысынан мәтіннің сапасына баға беру (ауызекі, көркем әдебиет, ғылыми, публицистикалық, ресми);
• жанр тұрғысынан мәтін сапасына баға беру (диалог, монолог, эссе, мақала, блог, хабарлама);
• әдеби жанр тұрғысынан мәтін сапасына баға беру (мысал, әңгіме, ертегі және т.б.);
• мәтін типі тұрғысынан мәтін сапасына баға беру (баяндау, сипаттау, пайымдау).
Бұл деңгейге арналған тапсырмаларды құрастыру үшін келесідей ұсыныстарды назарға алған жөн:
Мәтін формасы бойынша рефлексия жасау және оған баға беру бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Бұл деңгейдің тапсырмалары оқушылардың мәтін мазмұнын бағалауын ғана талап етпейді, олар оның формасын, стилін, автордың жазу шеберлігін де бағалайды. Оқушылар жанрлық, стильдік ерекшеліктер; мәтіндегі стильдік фигуралар мен көркемдегіш-айшықтау құралдары туралы білімдерін көрсетулері керек әрі детальдардың мәтіндегі рөлін түсінулері қажет. Оқушылар мәтінде айтылған оқиға бойынша автордың позициясын түсініп, сипатталған оқиғаға берген авторлық бағаны анықтай алулары керек. Бұлардың барлығы жоғары деңгейдегі сын тұрғысынан ойлау дағдыларын талап етеді.
Ұсынылатын тапсырмалар сипатына тоқталайық:
• мәтіннің жанрын, стилін анықтау;
• сөйлеу тілін анықтау (баяндау, сипаттау, пайымдау);
• көркем тіл құралдарын тауып, олардың қызметін анықтау;
• өнім тұрғысынан осы мәтінге баға беру (нысаналы аудитория, мәтін мақсаты, назар аудару тәсілдері).
Бұл дағдылар былай қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, мәтінді түсінудің бұл деңгейі өте күрделі. Мұнда детальдармен жұмыс жасау керек, автор қолданған көркемдік тәсілдер мен олардың мақсатын талдау қажет.
Оқу мақсаттарына жетуде тиімді болатын әдістер:
• Нысана
• Пікірлерді табу
• Исикава стратегиясы
• Барлық факторды қарастыр
• Не артық?
Мұндай түрдегі тапсырмалар жаңартылған білім беру бағдарламасында оқу мақсаттарында тілдік дағдылар (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) арқылы жүйелі құрастырылған, спиральдік жүйе арқылы берілген. Қазіргі кезеңде оқушының өз бетімен білімге ие болуы барысында оның белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру оқу үдерісіне қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Бұл тәсілдеме пәндік білімді, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларды ғана емес, сонымен бірге өзінің жеке мүдделері мен болашағын сезінуге, сындарлы шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттерді де меңгеруге ықпал етеді.
Пән мазмұнын меңгеру және оқу мақсаттарына қол жеткізу үдерісінде оқушылар қажет ақпаратты іздеу, өңдеу, алу, құру және көрсету, ақпараттар және идеялармен алмасу сияқты кең ауқымды дағдыларды меңгереді, сөйтіп рефлексия және бағалау дағдыларын дамыту үшін алғышарттар/жағдайлар жасайды. Оқыту мақсаттарының жүйелі құрастырылуы білімді функционалдық және шығармашылық қолдану, сын тұрғысынан ойлау, жеке дара жұмыс істей алу, мәселелерді шешу және шешімдер қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларды дамытуға негіз болады.
Ойымызды негіздеп, оқулықтардан мысалдар келтірейік (9-сынып, қазақ тілі)
Тапсырма. Мәтіндегі ойға көзқарасыңызды білдіріп, ойыңызды дәлелдеңіз. (9-тапсырма, 9-бет)
Мәтіндегі ой Мәтіндегі ойды дәлелдеу
Шын мәнінде, елдікті сезінген адамға нағыз қуаныш. себебі Көк байрақ Арқа жерінде желбіреді.
Қазақтың асыл ерлері құрбан болды. …
Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек. …
Қазақстан халқының бірлігі, бәрінен бұрын, қазақтардың бірлігіне байланысты. …
Тапсырма. ХХІ ғасырда Қазақстанның дамуына негіз болатын қандай құндылықтарды (Жолдауда айтылмаған) атар едіңіз? Ойыңызды дәлелдеп айтыңыз. (1-тапсырма, 19-бет)
Тапсырма. Төмендегі пікірлермен келісетін/келіспейтініңізді дәлелдеп, ойыңызды ПОПС формуласы бойынша жазыңыз. (2-тапсырма, 19-бет).
Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.
Х. Досмұхамедұлы
Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына…
Ж. Аймауытұлы
Үлгі:
• Менің ойымша, …
• Себебі, мен оны … түсіндіремін.
• Оны мен мына … деректермен, мысалдармен дәлелдей аламын.
• Осыған байланысты мен … деген қорытынды шешімге келдім.
Тапсырма үлгісі
Биік ғимараттар
Дереккөз: график Pearson Education өткізген PISA семинарындағы таратпа материалдан алынды.
«Биік ғимараттар» – 2006 жылы жарияланған Норвегияда шығатын журналдан алынған мақала.

Сұрақтар:
1. Журнал мақаласы баспадан шыққан кезде 2-суреттегі қай ғимарат құрылысы аяқталған ең аласа ғимарат болды?_____________________________________________________
Дұрыс жауабы: Си Эн Тауэр
2. 1-суреттен қандай ақпарат алуға болады?
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Дұрыс жауабы: 2001 жылдың қаңтар айынан бастап салынған немесе салынып жатқан кем дегенде 30 қабаты бар ғимарат саны
3. Ұзындығы 117 метр, Норвегия, Ослодағы РадиссонСАС Плаза отелі неліктен 2-суретте көрсетілген?
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Дұрыс жауабы: Мақала норвегиялық журналда жарияланғандықтан, өздеріндегі ең биік ғимаратты әлемдік ғимараттармен салыстыру оқырмандар үшін қызық болады.
4. Биік ғимараттар туралы ақпарат 20 жылдан кейін тағы да ұқсас мақалада келтірілген деп елестетіп көріңіз.
Төменде бастапқы мақаланың екі сипаттамасы келтірілген. Бұл сипаттамалардың 20 жылдан кейін өзгеретінін немесе өзгермейтінін төмендегі кестеде «иә» немесе «жоқ» деп белгілеңіз.
Сипаттама иә жоқ
Гонконгта 30 қабаттан жоғары 593 биік ғимарат бар.
2008 жылы Дубайдағы Бурж Халифа мұнарасы әлемдегі ең биік ғимарат болды.
Дұрыс жауабы: жоқ, иә
5. Бұл мәтінді жарнаманың қай түрінде (яғни қандай мақсатпен) қолдануға болады ?
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Дұрыс жауабы: Бұл мәтінді туристік саяхаттарда, құрылыс материалдарын, құрылыс компанияларын жарнамалауда қолдануға болады.
6. Биік ғимараттар туралы осы мәтінді толықтыра түсу ету үшін тағы қандай ақпарат қосуға болады?
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Дұрыс жауабы: Мақаланы неғұрлым жан-жақты ету үшін, менің ойымша, биік ғимараттарды салуға жұмсалған соманы қосуға болады (мысалы, 2-суретте көрсетілген ғимараттар). Ең жиі қолданылатын құрылыс материалдары туралы немесе әлемдегі ең биік ғимараттар (бизнес орталықтары, қонақ үйлер, тұрғын үй кешендері және т. б.) қандай мақсаттарда пайдаланылатыны туралы ақпарат қосуға болады.
7. Мәтінде қамтылған екі сипаттаманың реттілігіне сүйене отырып, оқырман қандай қорытындыға келуі мүмкін?
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Дұрыс жауабы: Кестеге сәйкес, биік ғимараттардың көбі Азия мен БАӘ (Біріккен Араб Әмірліктері) елдерінде орналасқан, сонымен қатар бұл ғимараттар негізінен 2000 жылдан кейін салынған. Еуропа мен Америка елдерінде де биік ғимараттар бар, бірақ олар әлдеқайда аз және 2000 жылға дейін салынған.
Тапсырмаларға ескертпе: Мәтін мазмұны бойынша жалпылама өзара байланысты екі суретті салыстырады. Екі сурет те дүниежүзіндегі биік ғимараттарды бейнелейді: 1-суретте әртүрлі қалалардағы, ұсынымдағы немесе салынып біткен биік ғимараттардың саны көрсетілсе, 2-суретте әлемдегі ең биік ғимараттарды бейнелеген. 1, 2-сурет те график түрінде бейнеленген. Әрбір санның қысқаша түсіндірме мәтінімен берілгеніне қарамастан, берілген мәтіннің мазмұндық ақпараты екі суретпен көрсетілген, осылайша мәтіннің жалпы форматы – тұтас емес мәтін. Мәтін түрі – сипаттама мәтін, оқушыларға арналған журналда пайда болғандықтан мәтіндегі жағдаят – білім беру. Басында уақыты (ақпарат 2006 жылы жарияланған) мен орны (норвегиялық журнал) бойынша мәнмәтінді түсіндіретін қысқаша кіріспе берілген.
Назар аударыңыз, жеті тапсырманың бесеуі (3-тен 7-ге дейін) «Рефлексия және бағалау» құзыреттілігіне жатады. Алғашқы екі тапсырма «Біріктіру және түсіндіру» құзыреттілігіне жатады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *