Міржақып Дулатұлы туралы бір дерек.
ДМИТРИЙ ФЕДОРОВИЧ ИЛЬИН
Сосновец поселкесінің байырғы тұрғыны, пенсионер:
«Мен қазір 85-темін. Осында туып-өстім, ата-бабам 1885 жылы осы жерге бірінші болып қоныс теуіп, мекен тұрғызған. Сондықтан да мен тұратын көше біздің фамилиямызбен аталады… 1934 жылы «Удобный» деген дөңгелекті пароходтың старшинасы болдым. Пароходтың капитаны 58-ші бабпен сотталған тұтқын Дмитрий Васильевич Малыгин еді. Біздің пароход каналда қызмет етті. Осыған орай орталық лазаретінің қызметкерлерін таситынбыз. Олар – бас дәрігер Александр Антонович Потуренко, фельдшер М.Дулатов, аға фельдшер Облакевич болатын.
1934-ші жылдың күзінде Дулатовтың әйелі мен баласы келіп менің үйімде бір ай тұрды. Оларға қонақ лазареттің қызметкерлері келетін. Менің әйелімнің қайтыс болғанына көп болды. Ол тірі болғанда егжей-тегжейлі айтып берер еді. Менің есімде қалғаны: Дулатов, әйелі мен баласы келіп кеткеннен кейін, көпке дейін қатты қамығып, сағынып жүрді…». Дмитрий Федоровичтің бұл сөздерінің шындығын Міржақыптың зайыбына жазған соңғы хаттарындағы мына жолдар дәлелдейді: «Гая! Әлібек екеуің кеткен соң сендер тұрған үйді күніне бір барып көріп келемін. Сендер кеткен соң көңілім құлазып сала берді. Енді көрісетін күн бола ма, шіркін-ай?! Қараңғы қапаста жүріп күншығысқа, туған ел жаққа сағынышпен қараймын…».
Ғалым Марат Әбсеметовтің «Міржақыптың оралуы» кітабынан.