Әкеден қалған мұра
Ертегі
Бір қарияның үш ұлы болыпты. Бір күні қария ұлдарын жинап былай депті:
— Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Мен сендердің әрқайсыларыңа бір теңгеден берем. Сол теңгеге сендер бір зат алып осы бөлмені толтырыңдар.
Үлкен ұлы әкесінің берген теңгесіне екі қап масақ алып келіп, оны бөлмеге шашады. Бірақ, бөлме екі қап масаққа толмайды.
Екінші ұлы әкесінің берген теңгесіне қауырсын сатып алады:
— Сіздің берген теңгеңіз тек осыған жетті, — деп, қауырсынды бөлмеге шашады, бірақ бөлме оғанда толмайды.
Әкесі балаларына қарап басын шайқайды да, ең кіші ұлына қарап:
— Сен неге үндемейсің? Сен бөлмені немен толтырасың?- дейді.
Сонда кенжесі былай депті:
-Мен мына бөлмені жүрегімдегі шырақпен, жылулықпен толтыруға тырысам. Оны тек бөлмеге ғана емес, бүкіл әлемге, жанымдағы адамдарға ізгілік қасиетімен толтыруға тырысам, — деп әкесіне шырақ жағып көрсетеді.
— Осы шырақтың отындай жүрегімнің жылуымен, ізгілік қарым-қатынасын жасаймын!-дейді кенжесі.
Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері болады деп, кіші ұлын айтыпты. Үлкен баларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етіпті.
• Қария үлкен ұлдарының жауаптарына не себепті қанағаттанбайды?
• Бөлмені жүректегі шырақпен, жылулықпен қалай толтыруға болады?
• «Шырақтың отындай жүрек жылуымен, ізгілікті қарым-қатынас» дегенді қалай түсінесіңдер?
• Өздеріңнің қарым-қатынас жасауларыңның сипаты туралы айтып берсеңіздер.