Сары тауық пен балапандары

Сары тауық пен балапандары
М. Төрежанов
Күздің бір күні сары тауық балапандарын ертіп, ауылдан ұзап кеткен. Аяқ астынан жаңбыр құйып кетті. Суық жаңбырдың астында қалған сары тауық балапандарын қанша асықса да, мекеніне жеткізе алатын емес. Өйткені балапандарының жылы жүні әлі шықпаған, балғын еді.
Сары тауық қатты састы. Шөжелерін қос қанатының астына алып, бауырына басты. Бір балапаны сыймай сыртта қалды. Ана айла жасап, балапандарын кезектестіріп бір-бірден тыста ұстап, тоңа бастағанда бауырына алып отырды. Кезек ең кенжесіне келгенде ана оны сыртқа шығармады.
— Оны неге шығармайсыз? – деп сұрады бір ақ балапан.
— Ол тым жас.
— Жас болса қайтеді? Кезегі келгенде ол да шықсын.
— Сырқаттанып қалады. Кішімізге өзгеміз қамқоршы болуымыз керек емес пе? Кәне, мұның орнына кім барады?- деп сұрады анасы.
— Мен,- деді тұңғышы.
— Мен барайын! — деді оған тетелесі.
— Кезекті маған беріңіз! – деді одан кішісі.
— Мен қалам ба сонда? – деді алғашқы қарсылық білдірген ақ балапан.
— Қатесін түсінген сенің барғаның жөн! – деді сары тауық балапанды тысқа қарай ысырып.
Сары тауық су өтіп қатты жаурады. Бірақ балапандарын тоңдырған жоқ. Балаға деген ыстық махаббатымен жылытып, сақтап қалды. Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады.

• Алғашқы қарсылық білдірген ақ балапанның әрекетінен қандай сабақ алдыңдар?
• Неліктен әлсіз адамдарға сүйіспеншілік танытып, көмектесуіміз қажет?
• Риясыз сүйіспеншілік адамдарға қандай көңіл-күй сыйлайды?
• Ересек адамдардан қамқорлық сезінгенде қандай күйде боласыңдар?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *