Кімнің жұмысы?
Т. Дәуренбеков
Алтай соңғы кезде: «Мынау қыздың, мынау ұлдың жұмысы» дегенді шығарып алды. Құндыз жұмсай қалса, соны сылтауратып, безеріп отырып алатын болды.
Міне, бүгін де сол қыңырлығына басып отыр. Таңертең шайдан кейін Құндыз:
— Үстел үстін жинай салшы, мен сабағымды даярлайын, — деп еді.
— Иә, саған! Мені қыз дейсің бе? Өзің жина, — деп, далаға шығуға бет алды.
— Ешқайда бармайсың, — деді Құндыз оның алдын кес-кестеп. – Сабағыңды оқыдың ба өзің?
— Оқыдым. Кеше оқығам. Тек еңбек сабағын орындағаным жоқ.
— Неге?
— Қалай орындаймын? Апай балаларға да қыздар істейтін жұмыс тапсырды.
— Не тапсырып еді?
— Ей қойшы. Қыздар тігіп апарса да болмай ма? Ұл бала кесте тіге ме екен, айтшы өзің?
— Тіксе қайтеді? Қане көрсетші? – деді Құндыз. Алтай сәл ойланып тұрды да:
— Мен қалай тігем? Ұл кесте тікпейді. Әкемнің кесте тіккенің көрдің бе? – деді.
— Көрдім. Кесте тікпесе, түймесін өзі қадап, киімін өзі үтіктеп алады. Өтірік деші, қане? Киім тігетін де әкелер бар. Оны қыздың жұмысы деп шығарып жүрген сен.
Құндыз үстел үстін жинастыра бастады. Алтай не істерін білмей, қипақтап сәл тұрды да, оған көмектесуге кірісті. Ыдыс-аяқтарды ас үйге тасып жүр. Дастарқан жиналып болған соң, Алтай Құндыздың жанына отырып алып, тағы қыңқылдады:
— Құндыз, мен де саған жәрдемдестім ғой … Кестемді тігуге көмектесші.
— Әкеле ғой, — деді Құндыз оны маңдайынан сипап. Алтай қуана күлімдеп, оның қасына отырды.
Құндыз жібек жіп сабақтап алды да, ақ шүберекке қарындашпен салынған гүл суретінің үстін бастыра тіге бастады.
— Міне былай, — деді ол Алтайға, — көрдің бе? Инені былай ұстайсың. Байқап отыр. Сонан соң, мына сызықтың үстімен тіге бересің. Түк қиындығы жоқ. Мә, енді өзің тігіп көрші.
Алтай инені қолына алып, амалсыз тіге бастады.
— Ал, — деді Құндыз оған көрсете отырып, — не қиындығы бар екен? Осылай тіге бер. Үйреніп кетесің.
Алтай мәз-мейрам. Тігіп отырған кестесі, шынында да гүл болып шығып келе жатқан сияқты. Бұлардың үстіне шешесі де келіп қалды.
— Мама, — деді Алтай орнынан ұшып тұра келіп, — мына қарашы, кесте тіктім!
— Өте жақсы, — деді шешесі оған. – Мынау ұлдың, мынау – қыздың жұмысы дейтіні жоқ. Білгеннің зияны болмайды, балам.
• Алтайдың әрекетінен қандай сабақ алдыңдар?
• Құндыздың бойынан қандай құндылықтар мен қасиеттерді байқадыңдар?
• Қандай істі істесең де оны зор ықыласпен, сүйіспеншілікпен істе дегенді қалай түсінесіңдер?
• Осындай жағдайға тап боласңдар қалай әрекет етесіңдер? Әңгімелеп беріңдер.