Жалғыз хат

Жалғыз хат

Анасының үйге кеткеніне екі-үш күн өтпей-ақ Гүлзейнеп одан хат алды. Кешкілік жұмыстан қайтқанда, әдеттегідей почта жәшігін ашып, ішіне қолын жүгіртті. Газет-журналдармен қоса қолына қомақты бір хат ілікті. Бұл қайдан келген «семіз хат?» деп Гүлзейнеп сәл таңырқай конверт сыртына көз жүгіртіп еді, адресі ауыл жақты көрсетіп тұр. Әрі хат жазған қол – өз анасыныкі екенін таныды. «Не боп қалды екен, өмірі хат жазбаған адам еді, әлде жүрегінің сырқаты қайта ұстап қалды ма?! » — деп қауіп ойлап, баспалдақтармен жоғары көтеріліп келе жатып -ақ бөлмеге жеткенше шыдамай конверттің шетін жыртып ашты. Үйге кіре сала бірнеше бетке созылған хатты оқи бастады.
«Балам», – деп бастапты анасы хатын. — Осыны алған беттен-ақ сенің шошып кеткеніңді сеземін. Себебі бұдан бұрын саған хат жазып көрген жоқпынғой, жалпы балаларымның бірде — біреуіне осы кезге дейін хат жолдамаппын. Бәлкім, оның қажеті де болмаған шығар. Әлде ақ қағазды алдына алып отырған адам тек имандай шынын ғана жазуы керек деп ойлайтыным тежеп келді ме. Яки, мына біздер, соғыс дегеннің өзінің де, одан кейінгі бар-жоғының да азабын тартқан әйелдер – нені де болса іште сақтауды әдетке айналдырып үйрендік пе, кім білсін. Әйтеуір, қолыма қалам алуым да, осы хатты бастап жазуым да өзіме оңай соқпады. Бірақ әйтеуір саған бір септігі тие ме деп, сол ауыртпалықтың бәрін жеңгендей боп, осы хатымды жазып отырмын.
Балам, мен ауылға кеткенде көңілің қатты басылып қалғанын байқадым. Менің де, шынын айтсам, еңсем түсіп, ет-жүрегім езіліп, ауылға құр сүлдем жетті. Неге сонша мүжілгенімді білмеймін. Әйтеуір, осы жолы бәрінен баз кешіп кеткім де келді. Бес баланы асырап-бағудың қиындығын әкеңнің барында онша сезбесем керек. Тұрмыстағы қиын нәрсе сендерге жейтін нан, киетін киім тауып беру ғана емес-тін. Біреуден ілгері, біреуден кейін бізде өлмес күнімізді көрдік қой. Жаман атқа қалмай, әйтеуір сендердің беттеріңе шіркеу түсірмей, қатарыңнан кем қылмай өсіруге тырыстым. Әкең марқұм соғыстан алып келген жарадан қайтты ғой. Көзін жұмарда, «Екеумізді табыстарған тағдырға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бес бірдей баламен артымда жалғыз қалып бара жатқаның жаныма бәрінен де қатты батады. Ақылың бар адамсың, сен жыламай жүрсең мен де көрде тыныш жатамын…..» -деп кетіп еді. Бірақ қанша қиналсам да, мен сендердің көздеріңді жәудіретіп қойған емеспін. Қайта әкеңнің айтқан сөзі мені жерге қазық қаққандай шегелей түсті. Оның адалдығымен адамгершілігін өмір бойы кіршіксіз ұстандым. Баласына жақсылық тілемейтін ата-ана бар ма өмірде?Е, е… қарағым өмірді алып жүру де мемлекетті басқару ісі секілді қиын шаруа… Орыс халқының бір әдемі сөзін оқып едім: «Еркек үйдің бір бұрышын ұстап тұрады, қалған үш бұрышты тіреп тұратын – әйел» деген…… Сол сөз өте орынды айтылған деп ойлаймын…..» .
Соңғы сөздерді оқығанда Гүлзейнептің көзінен үлкен жас тамшысы тырс етіп хатқа тамып, бірталай жазуды айғыздап, жайылып бара жатты.

• Ананың балаларына деген сүйіспеншілігінен нені байқауға болады?
• Ананың: «Е, е… қарағым өмірді алып жүру де мемлекетті басқару ісі секілді қиын шаруа…» деген сөзін қалай түсінесіздер?
• Баланың анаға деген сезімінен не байқадыңыздар?
• Риясыз сүйіспеншілік адамдарды дұрыс әрекетке бастайтыны ақиқат па екен?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *