Емен жаңғағы

Емен жаңғағы
Қ. Толыбаев

Жалпақ жотаның етегіндегі кең қолтық қойнауда бұтақтары салалы, тарбиған емендер қаз-қатар өскен. Күздің аңыраған суық желіне бұлғалаңдаған жасыл жапырақтары ырқын берген емес. Ал пісіп жетіліп, түбі босаған жаңғақтары ырғаққа төзбей, жерге торс-торс түсіп жатады шашырап.
Кеш, тымық, желсіз. Қыбыр-сыбыр аз. Жоны жуан Еменнің торсиған бір жаңғағы торс етіп түсті де:
– Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па?-деп, Жерге аялай үн қатты.
– Кешіріңіз мен кінәлі емеспін. Мана соққан Жел түбімді босатып кетіпті. Еріксіз құлап түстім.
– Абыржымай-ақ қой, ештеңе етпейді,– деп көңілін аулады Жер.
– Мен нені көрмеді дейсің. Бір заманда жосыған қалың аттың тұяғы да айғыздаған жотамды. Зеңбірек те қабырғамды сөгіп, мылжа-мылжамды шығарған.Уақыт өте келе сол жараның бәрі тегіс жазылды. Қашан да Жер жарақаты тез оңалады.
– Деңеңізде жараның дағы қалған жоқ па? – деп, Емен жаңғағы күрсініп жіберді мұңайып. Жаңғақ абыржыды.
– Неге күрсіндің қарсұрып?..
– Қанатымның жоқтығына өкінемін.
– Қанатың болса, қайтер ең?
– Онда ешкімге соқтықпай, қалықтай ұшып, алысқа жетер ем. Саған да салмағым түспес еді.
– О, қияшыл екенсің… – деп, қарқ-қарқ күлді Жер. Емен жаңғағы өкпелегендей бұртия қалды.
– Неге сонша күлесің?
– Сенің аңқаулығыңа күлемін…
– Қалайша?…
– Бармақтай сен тұрмақ, маған мына нән жартастың да, анау таулардың да салмағы бұйым емес. Енді сені бауырыма басып, баптап өсіремін!..
Емен жаңғағы өзінше өніп, ағаш болып ұлғайып өмір сүретініне қуанды. Жердің мейірі түсті. Әйтеуір, шіріп жойылмайтынына сенді.

• Емен жерден неліктен кешірім сұрады?
• Жер неліктен бәрін көтере аламын дейді?
• Адамдар неліктен жерге риясыз қызмет етуі тиіс деп ойлайсыңдар?
• Сендер жерге қандай қызмет жасайсыңдар?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *