Ата насихаты
А. Байтұрсынов
Әкесі балаларына тату тұрыңдар деп талай айтыпты. Балалары тілін алмай, араздаса беріпті. Бір күні бір байлам сабауды алып келіп, балаларына беріп:
– Сындырыңдар! – дейді. Балалары бірінен соң бірі алып, сындырайын деп еді, сабаулар сынбайды.
Әкесі сабауларды алып, шешеді де:
– Бір-бірлеп сындырыңдар! – дейді. Балалары оп-оңай сындырады. Сонда әкесі айтады.
– Араздасып араларың ашылса – сендер де осы сабаулар сықылды боласыңдар. Ұйымшыл болыңдар, жау жеңуі қиын болар!
• Әкесі балаларына қандай өсиет айтты?
• Тірліктің күші бірлікте дегенді қалай түсінесіңдер?
• Ұйымшыл болудың қаншалықты маңызы бар деп ойлайсыңдар?
• Өздерің ұйымшылдық танытып, дұрыс әрекет жасағандарыңды әңгімелеп беріңдер.