Ата ақылы

Ата ақылы

Ата, мен сенің жалғыз ұлдан көрген тұңғыш немерең едім.Ұзақ күткеніңнен шығар, мені өте жақсы көрдің. Бірақ, ешқашан есірте еркелетіп, бетіммен жіберген жоқсың. Көбіне қасыңнан тастамайтынсың. Не туралы сөйлессең де, сөз аяғын үнемі сыйластыққа, кішіпейілділікке, ақылдылыққа, т.б. толып жатқан жақсы қасиеттерге әкеліп тірейтінсің. Әрине, оның бәрін түсіндім, қабылдадым деп айту қиын. Бірақ, жақсылыққа деген ынтызарлық, жамандыққа деген жиіркеніш, адалдыққа, шыншылдыққа ұмтылушылық хылқымыздың кейбір жақсы салт-дәстүрлерін қадірлеушілік сияқты қасиеттер біртіндеп болса да көкірегіме жинала берді.
Ата, жалғыз менімен ғана емес, кез-келген адаммен тіл табысып, ашық-жарқын әңгімелесіп кететінсің. Танысын-танымасын, әйтеуір, кездескен кісілердің бәріне жақсылық жасауға ұмтылатынсың. Бір жанұяның түтіні түзу шықпай, отбасында жанжал өрбісе, болмаса ауыл адамдарының арасында негізсіз кикілжің, қақтығыс етек алса, үнемі сол жерден табылатынсың. Елдің тату-тәттілігі мен отбасы сыйластығы үшін бар күшіңді салатынсың. Сондықтан, жұрттың бәрі сені ардақтайтын, құрметтейтін.
Әсіресе жас балаларды жақсы көретінсің. Қашанда қамқор болып жүретінсің. Әсіресе, жетім-жесір мен тәрбиесі қиын балаларға келгенде көмегіңді аямайтынсың. Бар өмірін ұстаздыққа арнаған өзіңе, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» деген атақ берілген-ді. Иә, шын мәніндегі нағыз ұстаз едің-ау… Бала, бала деп соққан жүрегің өзгеше болатын.
Ата, өзіңнен әр нәрсені бір сұрай беретінмін. Бәріне де салмақты жауабың дайын. Бар ықыласыңмен түсіндіретінсің.
Тағы да сондай бас қосуда:
– Ата, жақсы деген не? – деймін ғой, баяғы.
– Е, айналайын жақсыны білгісі келетін өзіңнен. Жақсы дегеннің бойында ізгілігі, қайырымдылығы, адалдығы болады.
– Ата, ал жаман деген немене?
– Е – е, жаманның бойында қараулығы, арамдығы, күншілдігі сезіліп тұрады.
– Ата, қашан мен жақсының қатарында боламын?
– Е, айналайыным-ай, үлкейгенде жақсының қасиеттерін игеріп, кездескен қиындыққа көне білсең, бәле-жалаға сабыр етсең, жақсының қатарында болғаным деп есептегін.
Иә, онда бар-жоғы жеті жастағыбалдырған едім ғой. Соданбері қанша жыл өтсе де, осынау сөз жадымнан шыққан емес. Ата, өзің берген тәрбиенің арқасында қанаттанып өстім. Әйтеуір, жаманның қатарында жоқпын деп есептеймін. Ал жақсының қатарын толықтыру мақсатында талмай ізденіп, өзің айтқан сөздерді жадымда сақтап келемін.

• Атасының бойындағы басты қасиеттер қандай болған?
• Немересінің сұрағына атасының жауабы қалай болды?
• Қандай адамды жақсы адам деп білуімізге болады екен?
• Ата-әжелерімізден көп нәрсе сұрап білуімізге мүмкіндігіміз мол екенін ұмытпайық.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *