САЛТАНАТ
(әке монологы)

САЛТАНАТ
(әке монологы)

Бейдауа дерт беймезгіл Анаңды алды, Салтанат,
Бейғам күндер бейкүнә қараң қалды, Салтанат.
Ара түсіп ажалға, аман алып қаларға
Айтшы, қандай, әкеңде амал бар-ды, Салтанат?!

Тәңір ісі – ақиқат, алдау деме, Салтанат!
Тағдырымыз тым қатал болды-ау неге, Салтанат?!
Тұрлауы жоқ бұл өмір тұтқынына түсіріп,
Туа салып сені де салды әуреге Салтанат!

Кешір, менде дәрмен жоқ, құлыншағым, қайтейін!
Кермек татты-ау ілезде шырын шағың, қайтейін!
Ғәріп еткен әкесін, зарық еткен бөпесін,
Ғанибеті болмаса ғұмыр сәнін қайтейін!..

Жанарымнан ыстық жас атқып ақты, қайтейін!
Жардың кенет қазасы қатты батты, қайтейін!
Баянсыз бұл өмірдің байыбына бармаппын,
Басымдағы болмады бақ тұрақты, қайтейін!

Дара туған пәкизат — Пернеш еді-ау, анашың!
Домбырамның перизат–пернесі еді-ау, анашың!
Періште емес, Құдайдың пендесі еді-ау, анашың,
Пәрмен солай, әйтпесе, өлмес еді-ау, анашың!..

Қия салып бір сәтте кетті өмірді, анашың!
Көрмейді енді жетіліп, жеткеніңді, анашың!
Көрмейді енді бойжетіп өскеніңді, анашың!
Көрмейді енді гүл атқан көктеміңді, анашың!

Жел шайқаған тамырын жас шынарсың, Салтанат!
Жанарымнан үзілген жас шығарсың, Салтанат!
Алай-дүлей күйге сап өзегімді өртейді
Анаңды іздеп шарқ ұрған ащы даусың, Салтанат!..

Сен жыласаң қосылып мен жылаймын Салтанат,
Сөніп Күнім… Төбемнен төнді қайғым, Салтанат!
Шерткен күйдің мұңы ауыр…
шермеңдемін, қайтейін,
Шер-шеменім тарқайды енді қай күн, Салтанат?!.

#ҚалқаманСАРИН
#QalqamanSARIN

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *