Рулық жүйе деген – қазақ ұлтының біртұтастығының ғаламат картасы.
Кез-келген еркектің не шешесі, не әйелі, не келіні басқа жүзден ғой. Не басқа рудан. Ұлт біртұтас болуы үшін қандай механизм жасалған! Осының арқасында қазақ тілінде диалект жоқ. Мен Түркиядағы және Шыңжаңдағы қазақтардың кигіз үйлерінде болдым. Үйлерінің ішіндегі мүлкі мен әйелдерінің отырысына дейін бірдей ғой. Арасы сегіз мың шақырым. Дағыстанда да болдым. Ресми тілінің өзі оннан астам. Аумағы біздің бір ғана Қорғалжын ауданындай ғана. Бірақ бір төбенің астындағы ауыл екінші төбедегі ауылдың тілін әзер түсінеді. Бұл – ұлт үшін қасірет.
Ұлтымызды этникалық жағынан біртұтас етіп тұрған нәрсе – рулық жүйеміз. Бұл тарихи қажеттіліктен туған.
Біздің даламыз – шөл және шөлейт дала. Бұл далада тек ұжымдасып күн көруге болады. Еуропадағыдай фазендалық шаруашылық ұйымдастырып, аз ғана жерден несібе тауып, істі дөңгелентіп кетуге мүмкіндік жоқ. Қазақ «Ауыл болсаң — қауым бол» деген. Қауымдасудың өзі рулық жүйені дүниеге келтірудің алғы шарты. Егер біз мұны артта қалған, байырғы, адам баласы дамуының алғашқы кезеңіндегі жабайылықтың белгісі деп қарасақ, көшпелі мемлекеттің тарихы мен болмысын түсінбегеніміз болып шығар еді.
Деген екен Ақселеу СЕЙДІМБЕК
(этнолог, этнограф)
Жазып алған Бауыржан Омарұлы