Эссе
Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – Ұстаздық. Мамандық таңдау – әр адамның ең маңызды шешімі.
Мен 2004 жылы Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық Институтына оқуға түстіп, жоғары үздік білім дипломмен бітірдім. Мен өз армандаған мамандығыма қол жеткіздім. Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Менің мамандығым-тәрбиеші. Тәрбиеші жұмысы күрделі де, қызықты да, жауапты. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық, әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі.
Күнде таңертең жұмысқа келгенде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені де білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын.
Атақты ұлы педагог Амонашвили «Тәрбиеші бұл- өзге адамның дамып жетілуін өз жауапкершілігіне алатын кәсіби адам» деп атап өткен. Біз ата-аналармен бірге балаларды тәрбиелей отыра еліміздің болашағын құрамыз.
Тәрбиеші-балаға бағыт-бағдар, тәлім- тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. Тәрбиеші болу — айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандар ғана түсінеді. Бір мезетте алдындағы жиырма –жиырма бес балаға қарау, көңіл бөлу, олармен тілдесу тек сырт көзге ғана оңай жұмыс. Топтағы әрбір бала бір ашылмаған сыр, құпия. Әр баланың мінезі әр түрлі. Бір бала жылдам болса, екінші бала баяу, ал үшінші бала болса өзімен-өзі отырғанды жаны сүйетін болып келеді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде.
Өйткені бала – кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауын, көзін ашып тұнығуына қону үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек. Балаларды ана тілінде әдемі сөйлету олардың ой – сезімдерін оның еркін көркем жеткізе алуға баулу, таңымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің мақсаттарының бірі.
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы — әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін.
Ұстаз, тәрбиеші – болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық иесіне дәл мұғалімге қойылатындай талаптар қойылмайды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, тәрбиеленушілерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбек сүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.
Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел болуы жас ұрпақтың жан-жақты дамуын, дүниежүзілік алдыңғы қатардағы ақыл-ой мен тәжірибені өскелен өмір талабына жеткізуін, халқымыздың көп жылдар бойы тұншығып келген тілін, мәдениетін, тәлім-тәрбиесін жаңартуды талап етеді.
«Тәуелсіз елдің ұстазы» — ол өзіне артылған ауыр жүктің салмағын сезінген тәрбиеші, өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын тұлға. «Тәуелсіз елдің ұстазы» деген ұғымның тобықтай түйіні — өз кәсібінің майталманы, қазіргі ұрпаққа қажетті тәлім-тәрбие беретін, заманға сай технологияларды меңгерген, салиқалы ұрпақ тәрбиелейтін, терең білім мен адамгершілік қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңірген-тұлға.
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Меңдіқара ауданы білім бөлімінің» Жас әлем» бөбекжайы КМҚК
Турагулова Альмира Калихановна