Ортағасырлық Қазақстандағы ғылымның дамуы

§39–40. Ортағасырлық Қазақстандағы ғылымның дамуы

Оқу мақсаты:
— тарихи кезеңдердегі ғылымның жетістіктерін анықтау;
— Қазақстанда ғылымның дамуына ортағасырлық ғалымдардың қосқан үлесін зерттеу.

Тірек сөздер:

Тақырыпқа шығу:

Ортағасырлық Қазақстанда ғылымның дамуына қандай тарихи-мәдени оқиғалар ықпал етті?

  1. Ежелгі түркі жазуының қалыптасуы. Ерте орта ғасыр кезеңінен Қазақстан жерінде күрделі тарихи оқиғалар орын алып, саяси жағдай өзгере бастады. Осы кезде түркітілдес халықтар этникалық және саяси үстемдікке ие болды. VI ғасырдың ортасында «түркі» аталатын тайпа одақтарының мемлекеті – Түрік қағанаты құрылды.

  Алып далалық империя VIІ ғасырда Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінді. Батыс түркілердің мемлекеті Орта Азияны, Жоңғарияны және Шығыс Түркістанның біраз бөлігін қамтыды. Сарыарқа Батыс Түрік қағанатының аумағына енді. Түркі қағанаттарының қарамағына отырықшы, көшпелі де халықтар енді. Орта ғасырларда Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қарахан, Қыпшақ мемлекеттері құрылғанын білеміз.

 

  Күшті мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуы, әкімшілік және елшілік қызметтер, мемлекеттік басқару ісіне қажетті жазудың шығуына әкелді. Бұл көне түркі өркениеті ұлы жетістіктерінің бірі еді. Орта ғасырларда Түркі қағанаттарының құрамына кірген Орталық Азия мен Қазақстанның және төменгі Еділ бойы, Дон өлкесі, Солтүстік Кавказда Хазар мемлекетін құрған түркі тайпалары өздеріне тән жазуларын пайдаланды. Елшілер арнайы грамоталармен қамтамасыз етілді. 568 жылы Константинопольге, император Юстиниан сарайына келген түркі елшісі қаған атынан жазылған хат әкелген.

  Ежелгі түркілердің ділі мен тілі, даналығы Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде көрініс тапқан. Йолығ-тегін мен «Тоныкөк» жазбалары ауыз әдебиеттің алғашқы үлгілері саналады. Бұл жазба ескерткіштер ежелгі түркі тайпаларының жоғары тіл мәдениеті мен дүниетанымын көрсетеді.

  

 

  VIІ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған түркі әліпбиі ағаш пен тасқа ойып жазуға қолайлылығымен ерекшеленді. Көне түркі жазуын алғаш рет XVIII ғасырдың 20-жылдарында неміс ғалымы Д. Мессершмидт пен шведтің тұтқын офицері И. Страленберг Енисей аңғарынан тапты. Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына байланысты түркі жазуын «руналық» деп атады. Ғылымда осы атау орнығып қалды. Осыдан кейін басқа да жаңалықтар ашылып, руна жазуларын оқудың кілтін дат ғалымы В. Томсен тапты.

 

 

  Түркілердің руналық жазулары Енисей аңғарынан басқа Моңғолия, Жетісу, Шығыс Қазақстан, төменгі Еділ бойы, Дон өлкесі, Солтүстік Кавказ жерлерінен де табылған. Олардың ең әйгілілері – Білге қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің және Тоныкөк құрметіне тұрғызылған ескерткіштер. Ертедегі түркілердің руна жазуы ХІ–ХІІ ғасырлардан кейін қолданыстан шығып қалды. Кейін бұл жазуды ислам дінінің ықпалымен араб әліпбиі ығыстырып шығарды.

  2. Қимақтар мен қыпшақтардың жазба деректері. Қазақстанның далалы аймақтарында Сырдария мен Балқаштан солтүстікке қарай VIII ғасырдан орталығы Ертісте болған қимақтар күшейе түседі. Қимақ билеушісі түркілердің ең жоғары «қаған» атағын қабылдайды. Х ғасырда ғалым әл-Хорезми былай дейді: «Хақан – түркілердің патшасы. Хақан – көсемнің көсемі, парсылардың шахиншах, яғни хандардың ханы деген сөз». Жанақ ибн Хакан әл-Қимақи кітап жазып, оны ХІІ ғасырда араб географы әл-Идриси қимақ елін сипаттаған еңбегінде пайдаланған. Араб ғалымы өз еңбегінде қимақтардың қалаларда тұратын билеушілерінің болғанын жазады. Қимақтардың қола айналарындағы бедерлер, олардың ІХ–Х ғасырларда ежелгі түркі жазуын пайдаланғанын көрсетеді.

 

  Араб тілді грек ғалымы, тарихшы Йақұт әл-Хамауи өзі аралап көрген қимақ тайпалары туралы айта келіп: «Кейін біз қимақ аталатын тайпаға жеттік. Жазық жерде алтынды кесек күйінде шығаратын кеніш бар. Сол сияқты өзеннің ағысынан алмас та табылады. Ол жерде жазуға арналған қалам жасайтын қамыс өседі», – деп жазады.
  ХІ ғасырдан бастап өлкедегі билік қыпшақтарға өтеді. Сырдарияның төменгі сағасы мен Балқаш көлінен Дунай жағалауына дейінгі ұлан-байтақ дала араб және парсы жазбаларында Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) деп аталады. Қыпшақ дәуірі басталып, қыпшақ тілі таралады.

  Қазақстан аумағын ғылымда Шығыс Дешті Қыпшақ деп атау қабылданған. ХІІІ ғасырда Шыңғысхан шапқыншылығымен қыпшақ мемлекеті құласа да, қыпшақ тілі орныға түсіп, жаулап алушылар тіліне айналып, кең тарала бастады.

 

  Орта ғасырларда «Кодекс Куманикус» атты бірегей сөздік, қыпшақтардың әдеби ескерткіші жазылды. Еңбектің жазылған жері мен авторы белгісіз. Сөздік екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде латын, парсы, қыпшақ тіліндегі сөз тіркестері мен сөйлемдердің лексикалық мағыналары беріледі, екінші бөлім діни уағыздарды қамтиды. Кодексте жинақталған сөздер қазіргі қазақ тілімен үндеседі: азамат, аяз, айна, айран, айып, ашу, ат, ата т.б. Бүгінгі күні қолданыста жүрген парсы сөздері де келтірілген: сауап, халал, харам т.б. Бұл сөздік қыпшақ дәуірінің құнды ғылыми жәдігері болып табылады.

  3. Ортағасырлық ғылым дамуындағы араб тілінің рөлі. Ұлы далада сауда, қала мәдениетінің өркендеуімен қатар, ғылым да дамыды. Ислам дінінің түркі қағанаттары аумағына таралуымен ғылыми еңбектер араб тілінде жазыла бастады. Сауда халықтардың өзара байланысын кеңейтіп, ғылым және өнер жетістіктерімен алмасуға әсерін тигізді. Мұсылман саудагерлері жергілікті халықпен сауда-саттық жүргізу арқылы дін таратуға да өз үлестерін қосты.

  Ислам алғашқыда отырықшы түркілер арасына еніп, қалалар мен ірі елді мекендерге тарады. Белгілі ғалым В. Бартольд түркілер ислам дінін VIII ғасырдың алғашқы жартысында қабылдай бастады дейді. Саманилер дәуірінде, Қарахан мемлекетінің тұсында түркілер жаппай ислам дініне өткен. Х ғасырдың басында Тараз қаласында Сатұқ Боғра хан исламды қабылдады, ал оның ұлы Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Ислам ежелгі түркі мемлекеттерінің халқын әлемдік өркениеттің рухани құндылықтарымен таныстыруда зор рөл атқарды. Араб тілі арқылы олар басқа халықтардың әдебиеті, философиясы және тарихымен танысты. Мұсылман ғұламалары еңбектерін араб тілінде жазды.

 

 

  Араб мәдениеті әлем өркениетінің орталығына айналды, ежелгі дүниенің жетістіктері араб тіліне аударылды. Араб тілінің үстемдігі исламның таралуына септігін тигізді.

  Исламның таралуы, түркі халықтарында ортақ тілдің болуы біртұтас мәдениет кеңістігінің қалыптасуына ықпал етті. Қалалар ислам діні, білім мен ғылым, мәдениеттің орталығына айналды. Қазақстан қалаларына жазба және ауыз әдебиеті, ғылыми білім кеңінен тарала бастады.

  Орта ғасырларда көшпелілердің астрономия, география және басқа да жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдері ғылыми трактаттар түрінде жазылды. Түркі тайпалары алуан түрлі диалектілерде сөйледі. Тіл білімі саласы жақсы дамыды. Араб тілінің таралуы жазба әдебиеттің қалыптасуына игі әсер етті. Араб өркениеті өз заманында әйгілі энциклопедист-ғұлама ғалымдарды қалыптастырды. Түркілерден шыққан аса көрнекті ғұламалар, данышпан ойшылдар бүкіләлемдік ғылым мен мәдениеттің өркендеуіне зор үлес қосты.

  4. Ортағасырлық ғұламалардың Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлестері.
  Әл-Фараби. Орта ғасырдағы көрнекті тұлғалардың бірі, қазақ даласынан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби өзінің білімділігі арқасында «екінші ұстаз» атанған ұлы ғұлама. Энциклопедист-ғұлама Фараб (Отырар) қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Отырарда алып, кейін Шаш (Ташкент), Самарқан және Бұхарада оқуын жалғастырады. Бұдан соң өз заманының аса маңызды ғылыми орталықтары Исфахан, Хамадан, Дамаск, Бағдад, Халеб (Алеппо), Каир шаһарларында оқыды. Ол араб, грек, парсы тілдерін жетік меңгерген.

  Ұлы ойшыл ғылымның әртүрлі салалары бойынша 160-қа жуық трактат жазып, өшпес мол мұра қалдырды. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Ғылымдар тізбегі», «Музыканың ұлы кітабы», «Бақытқа жол сілтеу», «Азаматтық саясат», «Поэзия өнері туралы», «Риторика» т.б. еңбектері бар.

  Әл-Фараби математика, физика, медицина, астрономия, философия, педагогика, психология, саясаттану т.б. ғылым салаларында аса ірі жетістіктерге жеткен. Пифагор, Аристотель, Евклид, Архимед, Платон және басқа да ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін зерттеді әсіресе философиялық ойларымен әлемдік ғылымға өзіндік із қалдырды. Әл-Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгерген. Ұлы ойшылды қоғам мен қалаларды (мемлекеттерді) басқаратын жақсы адамдарды тәрбиелеу сияқты мәселелер қатты толғандырды. Ол ізгілікті қоғам болмысын жан-жақты талдап зерделеді.

  Әл-Фараби ғылым дамуының қоғам өміріндегі маңызына ерекше мән берді: «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр», – деген тұжырымын айтты. Ғұлама-ойшыл шығармашылығында білім алу, адам болу мәселесі тәрбиемен тығыз байланыстырылады: «Ғылым үйренуге кіріспекші кісі … тәрбиелі, адамгершілігі мол, адал, қулық-сұмдықтан және басқа жағымсыз мінезден аулақ болуы қажет», – деп түйіндейді. Ғылыммен айналысам деген адамның мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуі қажет. Ғұлама-ойшылдың пайымдауынша, осы қасиеттер бойында бар тұлға ғана басқаларға үлгі бола алады.

  Қазақстанның белгілі ғалымы, академик Ақжан Машани әл-Фараби туралы былай дейді: «Орта ғасырдың басында-ақ әл-Фараби Платон, Аристотель және басқа да антикалық ғалымдарды зерделеген ғұлама… Әл-Бируни, Авиценна және басқасы оны өзіне ұстаз тұтқан».

  Ұлы ғалым Дамаск қаласында өмірден өтеді, сонда жерленген. 2020 жылы елімізде ЮНЕСКО-ның шешімімен әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтілді. Ғұламаның суреті ұлттық теңгемізде бейнеленген. Алматыда әл-Фарабидің құрметіне ескерткіш орнатылды. Оның есімімен Қазақстанның көптеген қалаларында көшелер аталған.

  Махмұт Қашғари. Орта ғасырдың әйгілі және танымал ғалымдарының бірі Махмұт Қашғари Қарахан мемлекетінің аумағында дүниеге келген. Алғашқы білімін медреседе алып, кейін Бұхара, Самарқан, Мерв қалаларында оқуын жалғастырды.

  Махмұт Қашғари талай ел кезіп, деректер жинастырды, ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми ізденістері нәтижесінде «Диуани луғат-ат-түрік» (Түркі тілдерінің сөздігі) еңбегін жазып шықты. Бұл шығармада тарихи-мәдени, этнографиялық және лингвистикалық материалдардың үлкен қоры жинақталған. «Диуани луғат-ат-түрік» – Орталық Азия түркі халықтарының тілі, тарихы, этнография, география, астрономия, медицина, әскери ісі, мәдениеті, діні, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы ақпарат беретін құнды тарихи дерек. Өзі айтқандай, еңбекті жазып шығу үшін түркілер мекен еткен барлық шаһарлар мен аймақтарды аралап қарлұқ, қанғар, оғыз, қыпшақ, қырғыз тайпаларының өлеңдерін, мақал-мәтелдері мен аңыз-әңгімелерін жинаған. Автор өзінің шығармасында былай деп жазады: «Түрік, түрікмен, оғыз, жікіл, яғма, қырғыз тайпалары сөздерінің мағынасын анықтап шығып, қажетіме жараттым. Олардың әрбірінің тілі менің көкейіме ұялап, берік сақталып қалды». «Сөздік» түркі халықтарының географиясы туралы да құнды деректер береді. ХІ ғасырдағы түркітілді халықтар мен тайпалардың мекенжайы белгіленген картада сол замандағы қала, ауылдар, өзен-көлдер және мемлекеттердің шегарасы көрсетіліп, атаулары жазылған. Сонымен қатар сөздікте Қазақстан мен Орта Азия түркілерінің малшаруашылығы, егіншілігі және қолөнері мен саудасы туралы мағлұматтар көп кездеседі.

  Махмұт Қашғари еңбегінде адамгершілік, парасаттылық жайлы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер жинақталған. Ғалым оқырмандарын «Ауырлықта ерік-жігер танытып, шыдамды бол», – деп тағдырдың кез келген күтпеген сынақтарына төтеп беруге дайын тұруға және сабырлы болуға шақырады.

  Махмұт Қашғари түркі халықтарының ғылымы, тарихы мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан көрнекті ортағасырлық ғалым ретінде тарихта қалды. Оның зерттеулері баға жетпес құнды еңбек болып табылады.

  Жүсіп Баласағұни. Орта ғасырдың көрнекті ғұлама, ойшыл және ақындарының бірі Жүсіп Баласағұни Қарахан мемлекетінің әкімшілік орталығы Баласағұн қаласында дүниеге келген. Ол Бұхара, Қашғар қалаларында білім алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгерді.

  Ж. Баласағұни ХІ ғасырда түркі тілінде «Құтты білік» («Құт негізі – білік») атты іргелі тарихи-әдеби шығарма жазды. Бұл еңбек түркі тілінде жазылған алғашқы туынды.

  «Құтты білік» дастанында Ж. Баласағұни өмірдегі ең өзекті мәселелерді көтереді. Мұнда ол жеке адамның қоғамдағы орны мен рөлін сипаттайды, сонымен бірге сол дәуірдегі түркілердің саяси тұжырымдамаларын қамтиды. Баласағұни ескерткендей, білім мен парасат адам мен қоғам өмірінде кездесетін зұлымдықтардың алдын алу үшін қажет. Білім – адамның өмірдегі өз орнын табуға және қайырымдылыққа жол ашады. Ғұлама өз еңбегінде ел басқаратын басшы мен оның қол астындағы қызметкерлері, диқан мен малшы, қолөнершілер арасында өзара қарым-қатынас қандай болу керек деген сұраққа жауап береді. Адамдарды бірін-бірі құрметтеуге, ізет көрсетіп, өзара сыйласу, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттерге шақырады. Ұлы ғұламаның философиялық ойларында ақыл, танымның шексіздігі мен сарқылмайтындығы туралы мәселелер ерекше орын алған. Ғұлама «Игіліктің барлығы – ғылымда, ал ұлылық – танымда» деген тұжырымға келген. Жүсіп Баласағұн еңбектері – түркі елдеріне ортақ мұра.

1. Ерте орта ғасырларда түркілердің жазуын алғаш кімдер зерттеген?
2. Арабтардың Оңтүстік Қазақстан жеріне енуімен қандай өзгерістер орын алды?
3. Орта Азияның басқа елдерінен (өзбек, тәжік, түрікмен т.б.) ортағасырлық қандай ғұламаларды білесіңдер?

Руна жазуы – көне түркі ру-тайпалардың таңбалары негізінде жасалған, ертеде пайда болған жазудың бір түрі.
Трактат – белгілі бір ғылым саласы бойынша түбегейлі зерттеп баяндайтын ғылыми еңбек.

Бартольд Василий Владимирович (1869–1930) – ғалым, шығыстанушы. «Қырғыздар (қазақтар). Тарихи очерк», «Орта Азиядағы түркі халықтарының тарихы жөніндегі он екі дәріс» т.б. еңбектердің авторы.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. «Ғылымның дамуына ортағасырлық ғұлама әл-Фарабидің қосқан үлесі» тақырыбында ой-толғау жазыңдар.

2-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, орта ғасырлардағы Қазақстан мен Батыс Еуропа елдерінің ғылыми жетістіктеріне салыстырмалы талдау жасаңдар.

  ХІІІ ғасырдың басында араб Марверуди түркілер арасына білім мен ғылымның таралуы туралы былай деп жазды: «Түркілерде жазу болды: олар сиқыршылық құпиясын және аспан денелерін білді. Балаларын сауаттылыққа үйретті».

Ермұханов Б. Қазақстанның өткені жазба деректерде. Алматы, 2006. – 46-бет.

Осы қысқа үзіндіден қандай қорытынды жасауға болады?

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *