Тәттімбет Қазанғапұлы
(1815-1862)
Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген. Қазақтың сазгер-күйшісі, шертпе күй мектебінің негізін қалаушы. Әуенге қызығушылық анасы Ақбөпе арқылы дарыған.
Сазгердің әуендік стилі қалыптасуына, оның орындаушылық қабілеті артуына қазақтың сол замандағы күйші-домбырашылары ықпал еткен. Тәттімбет өзінің тақырыбы мен бағыты жағынан алуан түрлі 40-тан аса күй шығарған: «Қосбасар», «Саржайлау», «Сары өзен», «Теріс қақпай», «Сылқылдақ», «Бестөре», «Азамат», «Алшағыр», «Азына», «Көкейкесті», «Бозторғай», «Қорамжан», «Балбырауын», «Қашқан қалмақ», «Қара жорға», т.б.
Тәттімбеттің лирикалық әуенге толы күйлері адамның көңіл пердесін ағытады. Астарында терең пәлсапалық ой-толғау, ұлттық мәдениеттің негізі жататын Тәттімбеттің қоңыр күйлері орындалу тұрғысынан күрделі болып келеді. «Саржайлау» күйінде әсем де сұлу табиғаттан алған әсері, Ұлы Даланың рухани тыныс-тіршілігі, болмысы туралы ой-толғамы беріледі. Туған өлкенің әдемі табиғатын паш ететін Тәттімбеттің тағы бір күйі – «Былқылдақ», жайлау суреттерін соншалықты нәзік әуендермен әдемі жеткізеді. Мұнда орман құстарының сайрағаны, бұлақ сыңғыры, аққан өзен сылдырмен үндес дыбыстар да бар.
«Сылқылдақ» күйі қызға арналған. Бұл туындының әуендік негізі арқылы біз Тәттімбеттің шығармашылық жолын, романтика, лирика сияқты көркем жанрлардың негізінде қалыптасқан домбыра шерту мәнерін аңғарамыз.
Тәттімбеттің шығармашылығы қазақтардың бар болмыс-бітімін, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық ахуалын түгелдей дерлік қамтиды. Қоғамда болып жататын әлеуметтік және саяси өзгерістерге көзқарасын сазгер өз туындылары арқылы жеткізеді. Бұған мысал ретінде «Бестөре» күйін айтуға болады.
Тәттімбет сазгерлерінің ең биік шыңы – оның өмірінің соңғы жылдарында дүниеге келген «Көкейкесті» күйі. Терең мән-мазмұнына қоса, асқан орындаушылық шеберлікті қажет етер өте күрделі туынды