Мәди Бәпиұлы
(1880-1921)
1880 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ақын, әнші-композитор.
Арғы аталары атақты би Қазыбек екен. Болашақ сазгердің балалық шағы әсем табиғат аясында өтеді. Алғашқы өлеңдерінің тақырыбы туған жер, шетсіз де шексіз кең дала болуы кездейсоқ емес. Әнші әрі дәулескер күйші ретінде де Мәди ерте танылды.
Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнер сайсына түседі, өнеге алады.
Сол кездегі үстем тап өкілдерінің «ұры» деген жалған жаласымен Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде болады. Қамауда елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди өзінің атақты «Қаракесек» әнін шығарады. Бұл ән мен өлеңнен адам рухының қайтпас қайсарлығын аңғарамыз.
1915жылы Мәди түрмеден қашып шығады. Бұл кезде оның әндері халыққа тарап кеткен еді. Мәди жөнінде талай аңыздар да айтыла бастаған. Атқамінер жаңдайшаптардан жасырынып, ұзақ уақыт туған жерге ат ізін сала алмайды. «Шіркін-ай» әні де осы кезде туған.
1916жылы еліне оралады, 1917 жылы болыс билеушісі Айтқожа Теміржанов Мәдиді «Жылқы ұрлады, түрмеден қашты» деп айып тағып, тағы да түрмеге жабады. Қазан төңкерісін Мәди Қарқаралы абақтысында отырып қарсы алады.
1918жылы бостандыққа шығады. Кеңес өкіметі қуанышпен қарсы алып, қолынан келгенше көмек етсем деп ойлайды. Композитордың халық арасына кең тараған атақты «Мәди» әні осы кезең жемісі.
Кеңес өкіметін Мәди ән-жырмен ғана емес, қолына қару алып тағы да қорғады. 1919 жылы Қолчакқа қарсы соғысты. Ақ гвардияшыларды Қарқаралыдан қуып шығысымен, жаңа өмірді нығайтуға кіріседі. Ал кеңес қызметіне кіріп алған жаулары оны ебін тауып өлтіруді ұйғарады. 1921жылдың ақпан айында Мәди қаза табады.
Атақты әнші-композитор Мәди Бәпиұлы өз шығармаларында бостандықты, адам жанының тереңдігін, қазақ халқының тамаша дәстүрлерін жырға қосады. Кең тынысты, салтанатты, шаттыққа толы оның әндері күні бүгінге дейін ел аузында. Олар опералардан, сиюталардан, кантаталардан тұрақты орын алады. Композитордың тағдыр талайынан терең сыр қозғайтын Мәди Бәпиұлының әндері талайларды тебірентумен келеді.