Иманжүсіп Құтпанұлы
(1863-1929)
Қазақтың халық композиторы, әнші ақын Иманжүсіп Кұтпанұлы 1863 жылы Павлодар облысы Ақсу ауданында дуниеге келген. Иманжүсіп жас кезінен -ақ жырға, шешендік сөзге құмар боп, сал серілер дәстүрін ұстап, саятшылдық құрып, балуан атанды. Ол суырып салма ақын болған. Өмірден көрген, білгендерін әнге қосын айтқан. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған. Жарылғапберді, Естай т.б. әншілермен дос, сырлас болған. Ал, Жаяу Мұса Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл кеңес беріп, оған өлең де арнаған, Иманжүсіп Құтпанұлы Ертіс бойында талай рет қуғынға ұшырап, Ақмолаға келеді. Мұнда да әкімдердің зорлық-зомбылығына, әділетсіздігіне шыдамай оларға шығарған өткір өлеңдерін айтады. Одан да қуғынға түсіп, 1905-1912 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісу жеріне айдалады. Шұбараған, Ойжайлау, Лепсіде тұрады. Өмірінің қалған уақытын Сарыарқада өткізеді. Иманжүсіп Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. «Сармойын», «Бұқылы мен тақылы», «Інім өлген дүние-ай, кұр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Ноқай», «Қысыраттың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғызықта тұрақтайын» т.б. әндері әр әншінің азаматтығын танытады. Оның әндерін А.В.Затаевич, Қ.Байжанов, Қ.Байсейітов, Иса Байзақовтар нотаға түсірткен. «Сармойын» әні Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (Бекежанның ариясы) пайдаланылады. Әндерін Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменов т.б. әншілер орындайды. Иманжүсіптің әндері мен өлеңдері ел аузында сақталған.