Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi.
1992 ж. маусымның 4-інде қабылданған. Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (1996 ж. қаңтардың 24-інде) белгiленген.
Рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбаның негiзi — шаңырақ. Ол — елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi.
Түңдік — таза көк аспанын бейнелейді. Үшсанды айқыш-ұйқыш келген күлдіреуіштер қазақтың үш жүздің бірлігі бекемдігін көрсетеді. Шаңырақтан шыққан уықтар күн арайларын еске салады.
Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол — өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Төменде таспа белдігінде ірі әріппен «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуы бар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының көшiрме бейнесi көлемiне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы эталонының түрлi-түстi немесе ақ-қара бейнесiне дәлме-дәл сәйкес келуге тиiс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов.
Сөздік
заң күшi бар – имеет юридическую силу
түп-негiзi – негізі
іспетті – как-будто
айқыш-ұйқыш – крест накрест
бекемдік – прочность, устойчивость
тәжі – корона, венец
жүйрік– быстроногий
ұмтылу – устремиться, ринуться
құлшыныс – стремление
самғаған – парить
таңғажайып – удивительный
қиял – вымысел, мечты
кейіп – вид
паш ету – быть известным, прославленным