Батырбек Ахметұлы Бірімжанов

ҚазҰУ-дың тарихы және Қазақстанның химия саласындағы ғылыми жетістіктері Батырбек Ахметұлы Бірімжановпен тығыз байланысты. Ол 1934 жылдан бастап 1985 жылға дейін ҚазҰУ-дың химия факультетінде қызмет істеген ғалым. Жарты ғасыр бойы өзінің бар күшін химияға, шәкірттері мен жоғары білімге сарп еткен жан.

 

Қазақстандық көрнекті ғалым-химик, республика жоғары білімі мен ғылымының ірі ұйымдастырушысы, шығармашылықтың шыңы іспеттес болған Батырбек Ахметұлы Бірімжанов бұрынғы Самара губерниясының Бузулук қаласында 1891 жылғы 10 желтоқсанда дүниеге келген. Бастауыш білімді әйгілі Алтынсарин мектебінде алып, орта мектепті Қызылордада бітірген. Ол 1928 жылы Халық білімі тәжірибелік институтының (ПИНО) студенттері санатына еніп, 1932 жылы Қазақ педагогикалық институтының химия бөлімін бітіріп шықты.

Әкесі Ахмет Қорғанбекұлы белгілі заңгер, Мемлекеттік Думаның депутаты, «Алаш» партиясының қайраткері, кеңес дәуірінде халықтық әділет комитетінің алқа мүшесі, Қазақстан Жоғарғы сотының мүшесі қызметтерін атқарған. Анасы Гүлжауһар Әлмұхамедқызы Әбілқайыр ханның шөбересі.

Еңбек жолын студент кезінде-ақ бастаған Б. Бірімжанов 1930 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Ақмола өңіріндегі Нұра ауданы бойынша сауатсыздықты жою жөніндегі төтенше өкілі болған, ал 1931 жылы Халық ағарту комиссариатының өкілі ретінде Шалқар ауданында міндетті бастауыш білім беру мен ұйымдастыру ісімен айналысты.

1934 жылғы қаңтардан бастап Б. Бірімжанов Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет етті. Ал 1936 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің аспиранты болып қабылданды. Алғашқы ғылыми ізденістерін профессор С.А.Щукаревтің жетекшілігімен бастады.

ҚазМУ-ға оралған соң Батырбек Ахметұлы осы оқу орнының қабырғасында ассистент, аға оқытушы (1940), доцент (1948), кафедра меңгерушісі (1954), профессор (1965) қызметтерін абыроймен атқарды.

Оның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Баташ аға» атты кітапта жас ғалымның қырқыншы жылдары «нағыз профессорды» көру мақсатында Мәскеуге барып келуге сұранатыны жайында дерек бар. Ол кезде бұл жай түсінікті еді – Қазақстанда жоғары дәрежелі маман химиктер жетіспейтін. Ал бүгінде ҚазҰУ-дың химия факультетінде аса зор ғылыми әлеует топтастырылған, ондаған профессорлар саны барлық кез келген өзге факультеттегілерден асып түседі. Бұл істе Б. Бірімжанов еңбегінің ерекше екенін айтуымыз керек.

Батырбек Ахметұлының бүкіл ғұмыры химия факультетімен байланысты. Осындағы профессорлық-оқытушылық құрамда және ғылыми іс саласында қызмет ететіндердің көпшілігі – оның әкелік қамқорлығы мен мейірімділігін сезінген адамдар. Бүгінгі көрнекті ғалымдардың жетістіктерінде ол кісінің еңбегі мол. Оның үстіне ҚазМУ-да химияның қазақ тілінде оқытыла бастауы да профессор Б. Бірімжанов еңбегінің нәтижесі. Ол 1940 жылдан бастап ұстаздық қызметпен қатар Қазақстанның химия өнеркәсібі үшін зор маңызы бар ғылыми проблемалармен айналысты. Ә.Б.Бектұровпен бірлесе ізденіп, енді ғана ашылған Қаратау фосфориттерін қышқылсыз қайта өңдеу мүмкіндіктерін зерттеді.

1946 жылы «Қазақстандық шикізаттан термофосфаттарды алудың оңтайлы жағдайлары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1952 жылы Балқаштың мыс балқыту комбинатында күкірт натрийін шығарудың үздіксіз өндірісі әдісін ендірді. 1954 жылдан бастап ҚазМУ-дың бейорганикалық химия кафедрасының меңгерушісі, сонымен бірге 1980 жылға дейін 26 жыл бойы химия факультетінің деканы болды.

Б. Бірімжанов жаңа оқу ғимаратын салуға және факультеттегі сирек элементтер, табиғи қосылымдар, жоғары молекулярлық қосылымдар, коллоидтық химия, жалпы химия, химиялық кинетика және жану сияқты жаңа кафедраларды ашуға барлық күш-жігерін салды. Химия факультеті оның басшылығымен университеттің алдыңғы қатардағы оқыту және ғылыми орталығына айналды. Аталмыш факультеттің сан алуан жетістіктері оның деканының есімімен байланысты.

ҚазМУ-дың физикалық-химиялық әдістер зертханаларында Б. Бірімжановтың жетекшілігімен басталған ғылыми-зерттеулер кезінде Ресейдің техникалық ғылымдар академиясының академигі Г.И.Ксандопуло құрған және көп жыл басшылық еткен Жану проблемалары институтында қазір де табысты жалғасуда. Дәл осы институтта 1996 жылы 12 желтоқсанда Б. Бірімжановтың 85 жылдығына орай «Экологиялық таза технологиялар мен материалдар жөніндегі қазіргі проблемалар» атты симпозиум ашылып, ғалымның барельефі бар ескерткіш тақта орнатылды.

1965 жылы Б. Бірімжановқа профессорлық ғылыми атақ берілді, ал 1967 жылы ол «Балқаш өңірінде тұздар түзілісінің физикалық-химиялық үрдістері және оларды пайдалану» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

1970 жылы ол Үкімет қаулысымен Қазақ Совет Энциклопедиясының бас редакциясының мүшесі және Қазақ Совет Энциклопедиясының химия жөніндегі редакциялық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, 1981 жылы жарық көрген химия саласындағы тұңғыш Қазақ энциклопедиялық сөздігінің редакторы болды. Сол сөздікте Қазақстанда жаңа ғылыми бағыт – химиялық физиканың зерттеле бастағаны ресми түрде мойындалды және жан-жақты баяндалды.

Б. Бірімжанов оқыту әдіскері ретінде де танылған азамат. Он жыл бойы (1963-1973 жж.) ол Қазақ КСР Білім министрлігінің химия жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесін басқарды, сонымен бірге кеңестік химиктердің ұлттық комитеті (ИЮПАК) жанындағы жоғары білім мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды.

Б. Бірімжанов ғылыми кадрларды даярлау жөнінде көп жұмыстар атқарды, 1964 жылдан бастап ол жеті мамандық бойынша химия ғылымдарының докторы және кандидаты ғылыми дәрежелерін беру жөніндегі ҚазМУ Ғылыми кеңесін басқарды, ал 1978 жылдан бастап бейорганикалық, аналитикалық химия және электрохимия жөніндегі мамандандырылған кеңестің жұмысына жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен 36 кандидаттық және 5 докторлық диссертация қорғалды. Ол қайтыс болған соң тағы 6 шәкірті кандидаттық диссертация қорғады.

Б. Бірімжановтың жеке өзі және онымен бірлескен қызметкерлері 900-ге жуық ғылыми еңбек, соның ішінде 17 монография шығарды. Ғалым республиканың орта және жоғары мектептеріне арналған 10 оқулықты қазақ тіліне аударып, 6 оқулықты редакциялады. Оның 20 ғылыми-әдістемелік жұмысы жарық көрді.

Б. Бірімжановтың шығармашылық және ғылыми тақырыптарының шеңбері өте кең. Ол Қазақстан Республикасындағы табиғи тұздарды іс жүзінде қолдану жөніндегі көлемді зерттеулердің негізін салды, отандық табиғи байлықтарды тиімді пайдаланудың және қоршаған ортаны қорғаудың тиімділігін өз еңбектерінде ұдайы айтып отырды. Табиғи тұздарды іс жүзінде қолданудың қолданбалы зерттеулерін жүргізумен қатар ол континенталдық тұздардың түп тамырын зерттеу жөнінде өте ауқымды теориялық жұмыстарды жүргізді. Балқаш, Алакөл, сондай-ақ 100 тұзды көлдің, 15 өзеннің және 39 өзен сағаларының суларын зерттеу жөніндегі үлкен жұмыс нәтижесінде континенталдық тұз түзілу теориясын жасады. Одан кейінгі жылдары Сырдария, Іле, Шу, Тобыл, Есіл, Талас өзендерінің, сондай-ақ олардың бойында жасалған Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Сергеев су қоймаларының суларын зерттеуді жалғастырды.

Осы жұмыстармен қатар, ол жоғары сапалы тыңайтқыштарды өңдеу мақсатында Қазақстанның табиғи фосфаттарын зерттеу ісін жүргізді. Атап айтқанда, Қаратау және Ақтөбе кен орындарының фосфориттерін зерттеді.

Б. Бірімжановқа ғылымның ең жаңа жетістіктерін жіті қадағалап, өзі басқарған бейорганикалық химия кафедрасының ұжымын қазіргі заманғы ғылыми деңгейге бағыттап отыру қасиеттері тән болатын.

Ол – ғылыми жұмыста кванттық-химиялық есептердің, сынақтардың математикалық жоспарлануының, нәтижелерді статистикалық өңдеуден өткізудің бастамашысы. Б. Бірімжанов ерітінділердегі бейорганикалық қосылымдарды белгілі бір бағытта алмастыру үшін иондалған сәулелендіруді және радиациялық химия әдістерін пайдалануға көп көңіл бөлді.

Батырбек Ахметұлы өндірістің ғылыммен байланысын жүзеге асыруға ұдайы назар аударып отырды. Мәселен, ол өзінің жетекшілігімен жасалған ультрадыбыстарды қолдану арқылы сараптаудың тиімді әдістерін бірқатар кәсіпорындарға ендіру жөнінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргізді.

Оның ғылыми-педагогикалық, ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметін мемлекет жоғары бағалап, білікті мамандар даярлау ісіндегі зор табыстары үшін Ленин, Халықтар достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, алты медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің көптеген грамоталарымен марапаттады. Сонымен қоса «Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

1996 жылдан бері химия және химиялық технология жөнінде Бірімжанов съезі ұйымдастырылып келеді. Бірінші съезд ІNTAS-тың қолдауымен Алматы қаласында өткізіліп, онда 132 баяндама жасалған болатын.

ІV съезд Алматы технологиялық университетінің қолдауымен Алматыда болып өтті. Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың туғанына 95 жыл толуына орай V халықаралық Бірімжанов съезі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған еді.

Батырбек Ахметұлы Бірімжанов білімпаз ғалымдығымен қатар, химия факультетінің бүкіл бір дәуірін көзге елестетер ғажап адам болды. Оның ғалым, тәлімгер және ғылым мен білім ұйымдастырушысы ретіндегі жарқын бейнесін есте сақтау үшін қайталанбас тұлғаның мол ізденістен туған еңбектерін ыждаһаттылықпен жалғастыру қажет.

 

З. МАНСҰРОВ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *