Павлодар — біздің қаламыз
Павлодар қаласы – Павлодар облысының орталығы.Қаламыздың даму тарихы да ерекше.
Ертістің оң жағасында өзен порты мен пристань, 1924 жылдан Павлодар стансасы бар. Қазіргі қаланың орнындағы алғашқы қоныс- 1720 жылы Коряков көлінде тұз өндірілуіне байланысты пайда болған Коряков форпосты. 1838 жылдан Коряков станицасы, ол 1861 жылы Семей облысының Павлодар Штаттан тыс қаласына қаласына айналдырған. 1868 жылы Павлодар сол облыстағы уездік қала, тұз өндіру, астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату орталығы. 1919 жылы Павлодарда Кеңес үкіметі қайта орнықты.
1918 жылдан 1928 жылға дейін Семей губерниясының құрамына уездік орталық ретінде енсе, 1921 жылдан Қазақ АССР-і құрамында.1929-1930 жылдары Павлодар округінің орталығы , кейін Шығыс Қазақстан облысының аудан орталығы (1932 жылдан).
1938 жылдан Қазақ КСР-ндегі, 1991 жылдан ҚР-сындағы облыс орталығы. Қала теңіз деңгейінен 138 метр биіктікте орналасып, жазықта жатыр. Климаты шұғыл, континентальды.
Павлодардан Мәскеуге дейін 3283 шақырым, Алматыға дейін 1758, Астанаға дейін 438, Қарағандыға дейін 410 шақырым. Ал Омбыға 412, Барнауылға дейін 480 шақырым.
Қала алаңы 300 шақырымды құрайды. Павлодар Ертіс бойымен бойлық бағытындағы 15-20 шақырымға, ендік бағытындағы 5-7 шақырымға созылып жатыр. Павлодардың аумағы қаланың ескі тарихы орталығымен бұрынғы казак станицасы бөлігінен құралған. Төңкеріске дейін Павлодар сословиелік қағидатқа сәйкес казактік, мещандық, жұмысшы және қазақ бөлігі деп бөлінген.
Қаланың Затон бөлігі жеке болған. Онда пристаньдар мен тұз өндіруде, диірмендерде жұмыс істейтін және кіреші кедей жатақ қазақтар қоныстанған.
Кеңестік кезеңде бұл бөліну бұзылғанымен, бұрынғыша қаланың Орталық, Затон, Рабочий остров, Казкрай, Жаңауыл деп бөлінуі сезіліп тұрды. Бұл 50-жылдардың ортасына дейін жалғасты. Павлодардың индустриалдық дамуы басталуымен бұл қалыптасқан дәстүр бұзылып, ескі қаланың көптеген аудандары тұтасып, жаңа шеткі аудандар – Южный кенті, ет камбинаты ауданы, Екінші Павлодар, Алюминстрой, МДС , солтүстік өнеркәсіп аймағындағы әкімшілік қалашығы, құрылыс қалашықтары пайда болды. 1973 жылы қала екі әкімшілік: Ильич (солтүстік бөлігі) және Индустриалды (оңтүстік бөлігі) аудандарына бөлінді. Екі ауданның негізгі шекарасы сол кезінде Тургенев (қазір Қайырбаев) көшесі болды. Шекараның Кутузов көшесінен кейінгі жалғасы Суворов көшесі еді. Уақыт өте келе бұл жерлерде құрылыс жүруінен қаланың шеткі аудандары қаланың бір-біріне қосылып, қаланың тұтас аумағын жасады. ХХ ғасырдың 70-80жылдары жаңа аудандар мен ықшам аудандар пайда болып, Ленинский, Жаңауыл 14- годовщина Октября, Лесозавод, Горзеленстрой, әуежай қалашығы, Павлодар, Мойылды кенттері қала шегіне жатқызылды.
1998 жылы аудандар жойылып, қаланың барлық аумағы қала әкімдігі өкілі бар 16 ықшам ауданға бөлінді, қазір — 8.
Қала мәртебесін алған сәттен бастап қала халқы 300 еседен астамға өсті, 1865 жылы – 1,1 мың, 1897 жылы – 7738, 1926 жылы — 19 мың, 1939 жылы – 28,8 мың, 1959 жылы – 90,1 мың , 1970 жылы – 187 мың, 1979 жылы- 273 мың, 1987жылы-330 мың, 1990 жылы – 347 мың, 1999жылы -302 мың, 2004жылы 315 мыңға жетті.
Қазіргі Павлодар – Қазақстанның ірі өнеркәсіп және мәдени орталығы.
Мұнда 50-ден астам өнеркәсіптік және құрылыс кәсіпорындары бар, нарықтық экономика жағдайында фирмалар, банктер, шағын кәсіпорындар, жеке меншік коммерциялық құрылымдар, дүкендер мен базарлар пайда болды. Мұнда қырық жалпы білім беретін мектеп, 50 шақты мектепке дейінгі меккеме, екі университет, Қазақстан мен Ресей институттарының бірнеше филиалы, 20-астам колледж бен кәсіптік мектеп, жобалауконструкторлық ұйымдар, екі театр, төрт мұражай, 10- нан аса кітапхана, қалалық Мәдениет сарайы, 30-дан аса медициналық мекеме мен ондаған дәріхана, бірнеше стадион мен спорт мектебі бар.
15 ұлттық — мәдени орталық жұмыс істейді. Автобус және трамвай жүреді. Автомобиль, теміржол, өзен вокзалы, әуежай бар.
Павлодар біздің көптеген әйгілі жерлесіміздің туған жері. Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары С.И. Маковский мен К.Ф. Шувалов, Даңқ орденінің толық иегерлері В.С. Орлов , С. Рубаев, жазушылар Қалижан Бекхожин, А.В. Некралов, А.Жақсыбаев, Ю. Помченко, А.С. Сорокин, А.А. Соров, Р. Тоқтаров, С. Шәкібаев ғалымдар Г.Н. Бабкин, И.А. Букчанов, Қайыржан Бекхожин, И.И Гуславский, Т.З. Сейсенбеков, А.Л. Цефт, мәдениет және өнер қайраткерлері Б. Омаров, Майра Шамсутдинова және т.б. бар. 45 павлодарлық пен қала қонақтары Павлодар қаласының құрметті азаматы атағын иеленді. Олардың арасында екі ғарышкер В. В. Аксенов пен А.А Губарев бар.
Көптеген павлодарлықтар есімі көшелер мен нысандарға беріліп, мәңгілікке еске қалдырған.
Зайнулина Тоғжан