әлеуметтік–гуманитарлық білім саласында кең таралған, көп мағыналы ұғым. Қ. көпшілікке ортақ еркіндік ережесі мен формасын анықтайтын жағдайлардың жиынтығы. Оның жаратылысы туралы табиғи, тарихи, психол. материалистік теориялары, оны зерттеудің нормативті бағыттары таралған. Ғалымдар Қ.–тың мына негізгі белгілеріне назар аударады: а) Қ. – мемлекет қабылдаған немесе бекіткен адамдар мінез–құлықтарының ережелер жүйесі; ә) Қ.–ты орындау жаппай міндетті сипатта болғандықтан, оны әрдайым орындау және жүзеге асыру үшін мемлекеттік қадағалау, қажет дегенде оның арнайы аппараттарын (полиция, сот, армия және т.б.) іске тарту қалыптасқан дәстүр. Қ. нормалардың жалпыміндеттілігі оның моральдан, салттан, діннен айырмашылығын білдіреді; б) Қ.–тың заңға сүйенетін арнайы ресми формасы және негізгі қағидаяттары бар. Әділеттілік, теңдік, еркіндік, гуманизм, демократиялық және т.б. туралы принциптер мен идеялар Қ–тық жүйені толығымен қамтиды. Қ. нормалары өндірістің жеке саласын, өндірісаралық саласын қамтиды да, елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста болады. Мемлекеттің қоғамдық саяси–экономикалық дамуы Қ–тың мазмұнын анықтайды десек, Қ. қоғамдық жетілудің маңызды реттеушісі де, керісінше, тежегіші де болады деген сөз. Қ–тың маңызды қайнар көзі – Қ–тық рәсім–салттан, мемлекеттік органдардың нормативті–Қ–тық актілерінен, соттық өнеге жағдайлардан құралады. Мемлекеттің құқықтық жүйесі оның құқықтық формаларын реттейді. Қ–тық рәсім–салтқа өмірлік сыннан әрқалай өткен және мемлекет бекіткен мінез–құлық ережесі, нормативті Қ–тық актілерге, құқықтық нормаларға қатысы бар мемлекеттік органдардың арнайы шешімдері жатады. Мемлекеттегі нормативті–құқықтық актілердің жүйесі Конституция негізінде және конститциялық актілерге сәйкестендіре анықталады. Нормативті құқықтық акт – бұл Қ–тық шығармашыл орган қабылдаған ресми жазбаша құжат. Оған Конституция, заңдар, Президенттің бұйрықтары, үкіметтің қаулылары, Министрліктің нормативті актілері, республика шеңберінде күші бар халықаралық келісім құжаттары жатады. Конституцияы орындау – Қ–тық мемлекеттің басты нышаны. Қ–тық мемлекетте атқару билігінің, парламенттің, сот жүйесінің қызметтері Конституция негізінде айқындалады.
Қ. ішкі құрылымы бойынша түрлі саладан, Қ–тық институттардан тұратын күрделі жүйе. Қ–тық сала – қоғамдық қатынастардың жеке түрлерін реттейтін Қ–тық актілердің жиынтығы. Ол нысаны және қоғамдық қатынасты реттейтін тәсілдері бойынша бір–бірінен бөлінеді. Осыдан, әкімшілік, финанстық, азаматтық, табиғи–әлеуеттік, үй–тұрмыстық, азаматтық–процессуальды, қылмыстық, қылмыстық–процессуальды және т.б. Қ–қ деп аталып жатады.