(араб.– дауыстап оқу, жатқа айту)—Мұхаммед пайғамбарға құдайлық аян ретінде түскен Алланың сөзі, мұсылмандардың ең басты қасиетті кітабы. Қ.114 сүреден тұрады.Пайғамбарға 610–632 ж. аралығында Мекке мен Мединеде Аспаннан Алла тағаланың жіберуімен жебірейіп періштесі арқылы келген аяндары. Барлық мұсылмандардың қасиетті кітабы болғандықтан Қ–ның мұсылман әлеміндегі орны ерекше. Қ.–ды әлемдік мәдниеттегі ең негізгі кітаптың бірі ретінде адамзат қоғамы мойындап отыр. Қ.–ның «Қ–нан» өзге де есімдері мен сипаттары бар. Бұлардың негізгілері: 1) әл–Китаб. Бұл сөз Қ–да екі жүз отыз мәрте кездеседі, «Міне осы Кітапта күдік жоқ, Бұл тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (Бақара 2/2). 2) әл–Фурқан. «Ақиқат пен жалғанды айырушы» мағынасындағы бұл сөз Қ–да алты рет кездеседі. «Күллі әлемге ескертуші болу үшін құлына Фурқанды түсірген Алла тағала ең ұлық» (Фурқан 25/1). 3. Нур, Мубин. «Расында сендерге Алладан нұр және «Мубин» ашық кітап келді» (Мәида 5/15). Қ–ның бұдан басқа да есімдері: Кәләм, Куда, Рахмәт, Шифа, Тәнзил, Уахи, Баян, Хақ, Адл, Бушра, Қасас, Азиз, Хикмәт, Хаблуллаһ, Рух, Муһәймин, Қайим, Зікір, Бәләғ, Мәжид, Уммул–Китаб, т.б. Қадір сүресінде айтылғандай, алғашқы Құдайлық аян (уахи) 610 ж. рамазан айының Қадір түні Мекке тауының Хира үңгірінде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Ғалақ сүресінің («Жаратқан Раббыңның атымен оқы!») бес аятынан бастап түсті. Ислам діні пайда болғанда араб жазуында әріптердің ноқаттары мен қаракеттері жоқ болса да, сахабалар өз тіліндегі Қ–ды қатесіз оқыған. Хижраның 1 ғ–ның 2–жартысынан бастап, өзге халықтың ислам дінін қабылдауы мен олардың араб тілін білмеулері себепті Қ–ды жаңылыс оқу белең ала бастаған. Осыған дейін Қ. жазуының Қарекеті мен ноқаты болмауынан туындаған қиындықты шешу үшін Әбул Әсуәд әд–Дуәли қаракеттердің жазылуын енгізді. Насыр ибн Асым (кейбір деректе Яхия ибн Ямәр) Қ. әріптерін бір–бірінен ажыратқан ноқаттарды қойды. Бұны ғалымдар «Ижам» деп атады.
Қазақ халқының рухани бастауларында болған ғұламалар Қ–ның мағыналық аудармасынан гөрі мәнін ашуға, хикметін сезуге ұмтылған. Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез!», «Адамның хикмет кеудесі», — деген сөздерінен Қ–ды да, адамды да, әлемді де хикмет кітаптары деп біліп, оларды ажырамас өзара бірлікте, тығыз үйлесімде танығаны аңғарылады. «Қ. рас Алланың сөзідүр ол, Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ» — деген Абай Қ–ның сөздік мағынасынан гөрі ішкі мәніне ұмтылуға үндейді. Қ–ның рухани мәнін, адамзат қоғамындағы орнын түсінуде ондағы адам мәселесін зерделеудің маңызы зор. Қ. — адамзатты қараңғылыктан нұрға бастайтын Құдайлық рахмет — мейірім көзі, (һүд, 17 аят) адамға бақилық бақыт жолын көрсететін Алланың сөзі (Исра, 9). Қ. жеке адам және қоғам тіршілігі үшін қажетті құқықтық, әлеуметтік–экономикалық саяси–басқару, этикалық–моральдық жүйелердегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарды негіздеді. Қ–да екі маңызды мәселе — Алланың жалғыздығына сенім (таухид–монизм) және Алланың құдіреті, сол құдіретімен жаратқан әлем, адам, олардың Алламен арасындағы байланыстары жүйеленген. Қ–да адамның көңілі (қалбы–жүрегі) — таным көзі немесе танымға жетудің құралы мағынасында қолданылған. Қ–да адам ақылын — «калб көзі» (көңілдің көзі), Алланың жеке мәндік аяны (ал–уаһи–ул–жузи) ретінде, ал Қ–ды — объективтік аян, әлемді — Алланың танымдық кітабы, универсалдық аян ретінде танытады. Қ–да имандылық адамгершіліктің тұтқасы, негізгі көзі ретінде түсіндірілген. Имандылықтан туатын құндылықтарды әділеттілік, турашылдық, ар–ұят, намыс, сабыр, төзімділік, жомарттық, шыншылдық, мейірімділік, ата–анаға құрмет, отансүйгіштік, қанағатшылдық, тазалық, махаббат, адамды сүю, жүректілік деп тізіп, жалпы парасат (фазилат) құндылықтарына, ал имансыздықтан туындаған зұлымдық, жалғандық, екіжүзділік, опасыздық, менмендік, қорқақтык, сияқты жаман қылықтарды масқаралық (разилат) сипатына жатқызып, бұлардан аулақ болуды ескертеді. Қ. адамның бағынышты болуы қиын әлем екендігін, оны тек табиғи жолмен, ерікті сұхбат арқылы тәрбиелеуді, оны дінге шақыруда да ешқандай зорлық немесе қысым жасауға болмайтындығын ескертеді. Қорыта айтқанда, Қ–да адамның қандай болмыс екендігі, өмір сүру ортасы мен тіршілігінің мәні, әлемдегі орны мен мақсаты туралы оның болмысын нақтылайтын тиянақты жауаптар айтылған. Бұл жауаптардың барлығы адамның рухы мен көңіліне қатысты психологиялық құбылыстар мен қуаттарды ескеріп түсінікті әрі қарапайым тілмен берген. Қ–ның үндеуі адам санасына, рухы мен ақылына арналған.