ҚАЗАҚ КИНОСЫ

Қазақтың киномотографмя жетістіктерін пайдаланатын көркем өнер шығармашылығы. Қ. к–сы Қазан төңкерісінен кейін пайда болды. Алғашқы киношежіре 1925 ж. түсірілді. 1928 ж. РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан акционерлік «Востокфильм» кино коғамы құрылды. 1929 ж. Алматыда оның өндірістік бөлімі ашылды да, ол Қазақстанның өмір–тұрмысы туралы «Соңғы хабар» атты киножурнал шығарып тұрды. Реж. В. А. Турин ел өміріндегі тарихи оқиғалардың біріне саналатын Түркістан – Сібір т.ж. магистралінің құрылысы жайлы «Түрксіб» атты деректі фильмін қойды. 1934 ж. Алматыда «Кеңестік Қазақстан» киножурналын үзбей шығарып тұратын Респ. киношежіре студиясы құрылды. Осыдан кейін қазақ К–сы жаңа өркендеу жолына түсті. «Ленфильм» студиясының ұжымы қазақтың алғашқы кино қайраткерлерінің қатысуымен «Амангелді» (1938, реж. М.З. Левин) көркем фильмін жасады. Қазақ көркем фильмдерінің тарихы осы туындыдан басталады. 2–дүниежүз. соғыс жылдарында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы Қ. к–сының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, ЦОКС (Біріккен орталық киностудия) деген атпен өзінің қызметін бастады. 1941 ж. Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 ж. ол Алматының көркем және деректі–шежірелік фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм») деп аталды. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100–ден астам көркем фильм және 500–дей деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы жағынан әр алуан. Экранға қазақ халқынын өткен өмірін көрсететін, 2–дүниежүз. соғыс жылдарындағы халық батырлығы туралы, заманауи тақырыпқа арналған картиналар шықты (мыс, «Абай әні» (1946), «Махаббат дастаны» (1954), «Шоқан Уәлиханов» (1957), «Қыз Жібек» (1972), «Ботагөз» (1957), «Атаманның ақыры» (1971), «Орман балладасы» (1972), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957), «Менің атым Қожа» (1963), т.б.). Қазақ к–сын дамытуға реж. Ш.Айманов, Е.Е. Арон, М.Бегалин, О.Әбішев; А.Қарсақбаев, С.Қожықов; актерлер А. Әшімов, Қ.Қуанышпаев, Е.Өмірзақов, Н.Жантөрин, Қ.Байсейітов, С.Қожамқұлов, Қ.Қожабеков, Ә.Өмірзақова; операторлар М.Аранышев, Ф.Әбсәлемов, М.Беркович, т.б. мол үлес қосты. Кеңестік коғамдағы демократиялық жаңартулар Қазақстанның көркем фильмдерінің эстетикасына да әсерін тигізіп, қазақ «жаңа толқыны» өкілдерінің шығуына жол ашты. Осы кезде К. Салықовтың «Балкон» (1988), Р.Нұғмановтың «Ине»(1988), С.Апрымовтың «Қиян» (1989), Т.Теменовтың «Адамдар арасындағы бөлтірік» (1988), А.Әмірқұловтың «Отырардың  күйреуі» (1991), Ә.Қарақұловтың «Әзәзіл қыз» (1991), Е.Шынарбаевтың «Сүр ұшбұрыштағы орын» (1993), С.Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» (1994) фильмдері түсіріліп, ұлттық кино шетелдерге таныла бастады. Халықар. кинофестивальдарда жүлделі орындарға ілікті. Бұл кезеңдегі Қ. к–нда бірнеше көркемдік–стильдік бағыттар айқындалды: әлеум. авторлық фильмдер – С.Апрымов, Д.Өмірбаев; бейнеклиптік эстетика, көпшілік қауымға бет бұру – Р.Нұғманов, А.Қарпықов; ретро фильмдер – С.Нарымбетов; «халықтық кино» – Б.Шөріп, А.Әміркұлов, Т.Теменов, Д.Манабай.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *