«ҚАЗАҚКОНЦЕРТ»

Қазақ мемлекеттік гастрольдік–концерттік бірлестігі – мәдени–концерттік мекеме. 1960 жылы Жамбыл атындағы филармонияның эстрада секторы негізінде, қазақ халқының музыка мәдениеті мен мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Сол жылы Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен «Қ.» филармониядан бөлініп шықты. «Қ–тің» алғашқы құрамына Ш. Жиенқұлова, М. Ержанов, Ж. Омарова, Ж. Елебеков, Г. Баязитова, Р. Есімжанова, Ү. Тұрдықұлова, Н. Тапалова, Р. Бағланова, М. Хамзин секілді Қазақстанның халық артистері т.б. кірді. Олардың келесі тобын С. Тыныштығұлова, Ә. Есқалиев, С. Шүкіров, Г. Талпақова секілді халық артистері, «Дос–Мұқасан» вокалдық–аспаптық ансамблі, «Жалын», «Балбырауын» музыкалық ансамбльдері құрады. Бұларға қоса ұжымға М. Қойшыбаев, Е. Рахмадиев, А. Тоқпанов, М. Абдуллин, Ш. Смаханұлы, Б. Ысқақов, Д. Әбіров сияқты көркемдiк жетекшiлер, режиссерлер, редакторлар, балетмейстерлер, концертмейстерлер және өз ісіне жетік көптеген қызметкерлер жұмысқа алынды. Бүгінде концерттік бірлестікте Қазақстанның халық артистері – Р. Рымбаева, М. Жүнісова, еңбек сіңірген артистер – Р. Стамғазиев, Б. Сәмединова, халықаралық байқаулардың лауреаттары – М. Дәулетбақова, Қ. Мақанов, С. Қаниева, П. Омарбекова т.б. жұмыс істейді.
«Қ». кезіндегі кеңестік ірі мәдени ошақтар – «Росконцерт», Москонцерт, «Укрконцерт» сияқты үлкен ордалардың бірі болып, халыққа қалтқысыз мәдени қызмет етті. Алғашқы жылдары дәстүрлі музыка кештері мен эстрадалық жанрда концерттер ұйымдастырып, драмалық қойылымдар көрсете бастаған «Қ». республикамыздың облыс филармонияларына да Бас концерттiк мекеме болып, елімізді ән мен күйге бөлеп, төл өнерімізді насихаттай алды. «Қ» бiрлестiгiнiң бірінші директорлығына Г. И. Вайсман тағайындалды.
Концерттік мекеменің атын шығарған сахна иелерінің саны да республикамыздағы басқа мәдени мекемелерге қарағанда едәуір жоғары. Атап айтсақ, 2 КСРО халық артисі, 1 Халық Қаһарманы, 7 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 28 Қазақстанның халық артисі, 20 шақты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,30–дан аса Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 17 Мәдениет қайраткері, 50–ге жуық әр түрлі байқаулардың лауреаттары еңбек еткен. Бұған шығармашылық өмірін ауыл жұртшылығына арнап, тек жергілікті жердің алғыс қағаздарымен ғана шектелген 20 шақты концерттік бригадалардағы және эстрадалы ансамбльдердегі еңбек ардагерлерін қоса айтуға болады. «Қ.» бірлестігінің республикамыздың облыс филармонияларына да Бас концерттiк мекеме болғандығының арқасында Қазақстан халқы Ресейдің Үлкен және Кіші театрын, Хореографиялық «Березка» ансамблін, С. Образцовтың қуыршақ театрын, Өзбекстанның «Ялласының» және т.б. да мәдени шаралардың куәсі болып, шетел өнерін тамашалай алды.
2006 жылдан бастап «Қазақ әуендері» АҚ–ның қамқорлығына өтіп, «Қазаққонцерт» Концерттік бірлестігі болып өзгертілді. 50 жыл ішінде республикамыздың және ТМД–ның барлық аймақтарын әуенге бөлеп, өркениетті 50 елдің алдында өнер көрсеткен үлкен ұжым 2010 жылдың 12–қарашасында «Қ.–ке 50 жыл» мерейтойын атап өтті және үн таспасы мен кітабі жарық көрді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *