қабылдау

а) сезім органдарының рецепторлық сілеміне физикалық тітіркендіргіштердің тікелей әсері кезінде пайда болатын жағдаяттар мен оқиғалардың тұтас бейнесі; ә) заттар мен құбылыстардың мида тұтас бейнелену процесі; б) адам заттардың кеңістіктегі нышандарымен немесе адамдармен қарым–қатынас жағдайға ұшырағанда, олардың сезімдік–көркем бейнесін жасауы және психологиялық танымды қалыптастыруы. Қ. процесі, оның дәлдігі мен үйлестігі адамның ми қызметі мен мамандығына, практикалық іс–әрекет пен ғылыми ізденіске араласуына тікелей қатысты.

Қ–да заттардың түсі, дыбысы, исі, дәмі, түрі және т.б. қасиеттері тұтас күйінде, кейде іріктеле қабылданады. Қ – ми қабығының күрделі анализдік қызметінің нәтижесі, адам миында болатын түйсіну, сезіну процесі. Қ–ң физиологиялық негізінде бірнеше тітіркендіргіштердің жиынтығы мен олардың өзара әрекетінен пайда болған уақытша байланыс жатады.  Қ. шындыққа жақындататын сезімдік танымның қажетті сатысы. Көрнекі Қ–у мотивациямен бағытталса, онда ол танымдық ықыластың жоғарғы түрлері – ойлаумен, еспен, зерде–зейінмен азды–көпті байланыста болады, тіпті белгілі бір аффектілік–эмоциялық реңкке бөленеді. Бұл талап орындалмай бұрмаланғанда Қ. иллюзияға, жалғандыққа итермелейді. Сондықтан перцептивті бейнені тексеру мен түзетудің, Қ–ды практикалық қарым–қатынас пен ғылыми–педагогикалық процестерге енгізіп қарастырудың маңызы зор. Ондайда Қ–ң дамыған түрлері мен деңгейлері субъектінің алдына қойған мақсатымен қадағаланады. Сезімталдықтың қарқынды, бағдарлы сипаты Қ–ды перцептивті әрекеттер санатында қарастыруға мүмкіндік ашады. Қ. лездік әсерді енжар көшіру немесе соған көз жұма еліктеу емес, ол танымның заттық негіздегі ширақ, өтімді, шығармашыл арнасы.  Қазіргі уақытта Қ. психологияда, физиологияда, кибернетикада, өнерде және басқа да ғылым, дін салаларында зерттеледі. Қ–ң функциясы, құрылымы мен дамуы туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерді жасағанда, техникалық эстетикада, көркемдік конструкциялауда, жарнамада, педагогикада, өнерде, спортта және т.б. салаларда қолданылады.

Қ–дың синонимдері – аңғару, ұғу. Қ. функциясы мен құрылымы туралы тұтас көзқарастың қалыптасуына психиканың рефлекторлық теориясы (И. М. Сеченов),  перцептивті жүйені субъектінің сипатына жақындату моделі (А.В. Запорожец, А.Н. Леонтьев), Қ өнері (Выготский), перцепция заңдылығы (Н.Н.Ланге) сияқты тұжырымдар шешуші ықпал етті. Қ. образды жетілдіріп, оны ойлану процесіне жақындатады, таным процесін серпілтіп, дұрыс шешім таңдауға мүмкіндікті арттырады. Халқымыздың, мың рет есіткенше, бір рет көргенге не жетсін, деуінің астары осында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *