Жаз шыға көк көтеріліп, жер отыға бастайды. Осы кезде от, суына тойынған сауын малының да сүті молая бастайды. Сондықтан басы артық сүттерден көптеген тамақ түрлері даярланады. Айран ұйытып, сүзбе жинайды, ірімшік, сары су, құрт қайнатып, май шайқайды.
Ірімшік өзінің дәмді кенеуі мол қасиетімен қоса, басқа тағамдармен бірге дастарханды байытып түрлендіре түседі. Ірімшік даярлау үшін сүтке мәйек салып ұйытады. Содан соң әбден суалғанша қайнатады. Қайнауы жеткен ірімшік қызыл сары түске енеді. Бұдан кейін оны сүзіп алады да, шиге жайып кептіреді. Дайын ірімшікті ыдысқа салып үстіне сары май қосып немесе бір өзін де дастарханға қоя беруге болады. Ірімшік құрғақ күйінде дәмін, құнарын тайдырмай ұзақ сақталады.