КӨҢІЛ

айналадағы қоршаған ортаға, ғаламға, ақиқатқа, дүниеге назар салумен, олармен өзара үйлесім табуы нәтижесінде  туындайтын адам жанының сырлы әлемін білдіретін философиялық категория. К. жеке адамның аксиологиялық тұрғыдағы табиғатымен тікелей байланыста бола тұра, адамның құндылықтық пайымдарын қайталай парықтап пайдаланады. К. – адамның жаны мен тәні арасындағы тұрақты қарама–қайшылықты мәмілеге келуін және қайшылыққа түсуін белгілейтін ұғым. Адамның көңілі тоймай, жалғанды бүтіндей қамтығысы келіп, дүниенің толық иегеріндей күй кешеді. Қиянат қылмаған К. – адам өміріндегі аса маңызды моральдық сапа. Хадис бойынша, дүниенің бекзаттығы К–дің байлығында, ақыреттің бекзаттығы тақуалықта болып табылады. К. абстрактілі ұғым, сондықтан да К–дің сан алуан күйін және тұрпатын айқындай түсетін ұғымдар бейнелі ойлаумен ұштас меңзеу тіркестермен беріледі. К–дің әсршілдік және танымдық мүмкіндігі шексіз. Ғалам ғажайыбынан, сазды әуезден, сөз өнерінің құдіретінен эстетикалық ләззат алып, олардың “көңілге түрлі ой салар” қуатымен ғибраттанып, хақтықтың шапағатын иеленетін де осы К. Мыс. “Адам ата мен Хауа ана” қиссасында Алла тағала адам денесін жаратқан төрт затының бірі судан адамның төрт қасиетінің бірі – К–дің жаратылғаны айтылады.

Көңіл–күй – индивидтің психикалық өмірінде құптарлық немесе құптамайтын эмоциялық толқын  немесе әлсіз сапада көрінетін біршама ұзақ, орнықты психологиялық  күй. Ол адамның аңсары мен арманын, шындықтың болмысын, қайғы–қасіретін, ренішін, қуанышын, мұңы мен тілегін, күнделікті тіршілік тұрмысын тұтас, түгел қамтиды. К.–.к–ң ахуалдық эмоциядан немесе аффектіден айырмашылығы – ол белгілі бір оқиғалардың тікелей салдары емес, адам үшін оның жалпы өмірлік жоспарлары, мүдделері мен күтулерінен тұрақты туындап жататын, олардың мән–мағынасына қатысты қобалжуға толы эмоциялық реакциясы болып табылады. К. адамның өмірге жалпылама да, нақты  өміршең көзқарасын жеткізеді. Қалыптасқан К., өз кезегінде болып жатқан оқиғаларға қатысты тікелей эмоциялық реакцияға бірде оң (көтеріңкі, қуатты, демей),бірде теріс (үрейлендіре, жабырқата, зарықтыра) әсер етіп, осыған орай адамның  қабылдау және мінез–құлқы бағытын өзгерте алады.  К.–ң белгілі бір аңғырт күйін тудыратын себептерді ұғу, әйтпесе ұғыну дәрежесіне байланысты ол жалпы сезімталдық  рай ретінде (көтеріңкі, беймәлім пәс) немесе анық сәйкестендірілген күй (сергіту, мұң, сағыныш, керісінше, қызығу, қуаныш, асу, лепіру т.б.) ретінде өтеді. Өзінің көңіл–күйін бақылай алу, оны саналы түрде жөнге келтіру адамның өзін–өзі ұстай білудің, өзін–өзі тәрбиелеудің түріне жатады. Жақсы, жағымды көңілді сақтайтын әрі жаман, жеңіл күйден өзін сақтандыратын тәсілдерді іріктеу және меңгеру – адамның өз мәртебесі мен сенімін көтерудің кепілдігі. Көңіл–күйді іріктеу және үйлестіру адамның мінез–құлқында байқалатын көтеріңкі сезімдік әрі жалпы эмоциялық жағдай. Жағымды эмоция тұрақтанбай көңіл күйдің себепсіз ауытқып тұруы, индивидтік үрейшілдік, орнықсыздық, теріс эмоциялылық қаиеттермен астасып, тіпті патологиялық күйге айналып кетуі де ықтимал. Күйдің бір түрінен басқа түріне алмасуын лезде сезбей де қаламыз. Расында, адамның мұң–мұқтажы мен қобалжу қарқынын пайымдай алмағанда, осындай біржақтылық көңілді жиі билеп алады.  Халқымыз адамдардың көңіл–күйіне қарап, оларды шат, жайдары, жылы жүзді, жарқын мінезді деп мадақтап, ақтап  немесе түсі суық, ызалы, тұйық деп сақтандырып жатады. Сонқтан көңіл көтеретін қасиеттер мен қылықтарды – ойын–сауықты, қалжың күлкіні, «сіз–біз» сыйластықты, өзара жақындасу тілектерін әрдайым, ашық қолдап отырған. Көтеріңкі көңіл–күй адамның өзін өзімен жарастыратын, өзгемен таныстыратын және табыстыратын қуат көзі. Адамның көңіл–күйі кейде өмірге деген жалпы қатынасын сипаттайды. Үйткені көңіл–күй сыртқы ортадан туындайды. Мысалы, адамның әл–ауқаты тиянақты, қызметі жақсы, ұжымы ынтымақты, отбасы жарасымды болса, онда оның көңіл–күйі көтеріңкі, серпілісті, сергек болады. Денісаудың көңілі қуатты, тартымды.  Ісін дұрыс  орындағанадам  шат–шадыманширақ күйге түседі,сеніммен күшейеді. Керісінше, тұрмысында қысылып еркін жүре алмаған әрекетінде сәтсіздікке ұшырайды, көздеген мақсатына жете алмайды. Содан үнемі қиналып, назасыздыққа ұшырайды. Адамға ықыласпен, құрмет тұта қарау, оның бойындағы жақсы бастауларды демеу, оны жамандықтан сақтандыру әрі ізгілікке тәрбиелеу көтеріңкі К. күйін сыйлап, адамның қабілет–қасиетін ширатудың бірден–бір еміәрі оның ішкі өтімді мотиві.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *